Жаңалықтар

Композитор болуға төрт жылдық білім аздық етеді – Серікжан Әбдінұров

Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұровпен сұхбат
Композитор болуға төрт жылдық білім аздық етеді – Серікжан Әбдінұров
Фото: El.kz 23.11.2022 11:52 3686

«Композиция – бұл адам жанының ішкі толғанысы» – деп есептейді композитор Серікжан Әбдінұров. Оның шығармашылық қоржынында музыканың барлық жанрына арналған әндер жинағы бар.

Бүгінде Серікжан Әбдінұров көптеген вокалдық және симфониялық шығармалардың авторы, олардың ішінде «Ұлы дала» – хорға, солистер мен оркестрге арналған, «Қазақ елі» поэмасы сопрано, баритон, хор және үлкен оркестрге арналған туындылары бар.

Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақ өнер университетінің композиция кафедрасының оқытушысы Серікжан Әбдінұровпен тілдесіп, композиция саласының қыр-сыры мен шығармашылығы туралы сұхбаттастық.

Шығармашылық жолыңызды неден бастадыңыз?

– Бала кезімнен музыкаға әуес болдым. Әкем – инженер, анам – дәрігер, дегенмен екеуі де музыкаға жақын жандар. Түрлі аспаптарда ойнады, сүйемелдеп ән айтып жүретін. Қалаға көшіп келген соң, әкем музыкалық мектепке беріп, гармон аспабын сатып алды. Гармонды қолымнан тастамай күні бойы ойнап жүретінмін. Ол кездегі гармондардың да салмағы әжептәуір ауыр болатын.  

Екі қызым бар, бірі Қазақ ұлттық өнер университетінің 2 курс студенті, екіншісі 12 жаста осы ордадағы флейта сабағына қатысады. Әліби есімді інім де композитор, дирижер болып істейді. Оның да ұлы фортепиано және басқа да аспаптардың сабағына қатысады. Жалпы музыка династиясының ордасын құрып жатырмыз.

Композитор болуға төрт жылдық білім аздық етеді – Серікжан Әбдінұров

Өзім музыка саласында 40 жылдан бері қызмет етіп келемін. 23 жыл бойы Қазақ ұлттық өнер университетінің композиция кафедрасының оқытушысы болып, шәкірт тәрбиеледім.

23 жыл ұстаздық жолда тәжірибеңіз бар. Шәкірттеріңіздің қандай қабілетін жоғары бағалайсыз?

– «Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деген жолды ұстанамын. Шәкірттерім қанша жерден қабілетті, тәжірибелі болып тұрса да, олардың еңбектенуден талмағанын ескеремін. Композиторлық бағытында сабақ беремін. Кезінде музыканы 5 жыл оқытатынбыз. Қазіргі кезде оқуды 4 жылға қысқартты. 4 жылдық білім композитор болып шығуға жетпейді. Оған жылдар бойғы еңбек пен ізденіс және тәжірибе керек. Кез келген дүние тәжірибе барысында мықтап қалыптасады. Шығармашылық жолда жүріп, басқа композиторлармен танысқанда, олардың шығармашылығына үңілген кезде өзіңнің өте аз білетініңе көзің жетеді. Сондықтан да көргің, білгің және  іздене бергің келеді.

Композитор болуға төрт жылдық білім аздық етеді – Серікжан Әбдінұров

«Ұстаздан шәкірт озады» деген жақсы сөз бар. Елімізге белгілі, өзіндік орны бар шәкірттеріммен мақтанамын. Атап өтсек, еліміздегі ең белді әрлеушілердің бірі (аранжировка) Нұрлан Мағзумов. Оның жұмыстарын көп жерден байқауға болады. Музыка әрлеушілердің ішіндегі үздігі деп сеніммен айта аламын. Осындай, шәкірттерім өте көп. Олардың біразы шетелде де марапат алып, жүлделі болып жатты. 

Қоржыныңызда қанша композициялық туындыңыз бар?

– Менің шығармашылық қоржынымда 300-ден астам туынды бар. Оның ішінде ән, хор, опера, симфониялық және оркестрге арналған шығармалар да кездеседі. Кәсіби композитор ретінде симфониялық оркестрге музыка жазған жаныма жақын. Біріншіден, мұнда кәсібилігінді ұштайсын, екіншіден симфониялық оркестрдің мүмкіндіктері өте бай. Осы салада көп жылдық тәжірибем болса да, барлық мүмкіндігін пайдаландым деп айта алмаймын. Оркестрге симфониялық музыка, күй, опера тіпті, балет те жазылады. Оркестрді хормен де, жеке орындаушылармен де қоса білуіміз керек. Тіпті, балет болса бишілермен де ілестіріп қосуға болатын мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, «Балапан» арнасымен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Балалар шығармашылығына көңіл бөлемін. Балаларға арналған 3 фортепианолық жинақтарым, 20-дан астам әндерім және флейтошылар, скрипкашылар, виолончелистер ансамбліне арналған шығармаларымыз бар. Сондай-ақ, өңірлердегі музыкалық мектептермен де тығыз байланыста жұмыс істеудеміз.

Композитор болуға төрт жылдық білім аздық етеді – Серікжан Әбдінұров

Қазіргі жас композиторлардан кімнің шығармашылығымен таныссыз? Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі жастардың арасында әнін де, сөзін де, музикалық әрлеуін де өзі жазып, өзі орындайтын әншілер көбейді. Негізі бұл қазақ халқында бар дәстүр. Біз білетін Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ секілді аталарымыз өздері әнін де, сөзін де жазып орындады. Бұл табиғи құбылыс. Қазіргі жас әншілер де барлығын өзі жасайды. Бірақ, олардың жұмысы көңілімнен шықпайды. Себебі, әндеріндегі мәтіндері ақсаңдап жатады, не мағынасы жоқ, не тәрбиелік мәні жоқ. Бұл маманның музыкалық кәсібилігінің және туындысының құрылымы жоқтығын көрсетеді. Сонымен қатар, музыкалық білімі мен біліктілігі жоқ жас композиторлар да бар.

Біздің жастардың арасында еліктеушілік көп. Бұл бір жағына дұрыс. Біз де жас кезімізде басқа композиторларға қарап, солардың шығармашылығын тыңдап, еліктеп өскенбіз. Уақыт өте келе ұстаздарымыздың нұсқауымен өзі жолымызды, бағытымыз таптық.  Еліктеушілік уақытша дүние. Бұл жерде білікті маман ғана жас өнерпазға дұрыс бағдар көрсете алады.

Шетеледегі әріптестеріңізбен қандай байланыстасыз? Қазақстанға шетелден білім алуға келетін студенттер көп пе?

– Моңғолия мен Қытайдан келетін студенттер көп. Дегенмен студенттердің елге келуі саяси қиындықтар туғызып, қазіргі таңда олардың да саны азайды. Басқа салалар бойынша білмеймін, бірақ композиция саласында шетелден келіп оқып жатқан студенттер жоқ.     

Шетелдегі әріптестерімізбен өте жақсы байланыстамыз. АҚШ, Израиль, Қытай және ТМД елдеріндегі әріптестерімізбен шығармашылық байланыс орнатып, туындыларымызды бөлісіп, пікір алмасып отырамыз.

Композитор болуға төрт жылдық білім аздық етеді – Серікжан Әбдінұров

Мен Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы болғандықтан шетелдік мамандармен де тығыз жұмыс істеймін. Олармен бірлесе отырып түрлі іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырамыз. Биыл да сондай жоспарымыз бар.  2022 жылы қазақтың екі ұлы композиторының туған жылы. Бірі, Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығы, екінші Еркеғали Рахмадиевтың 90 жылдығы аталып өтті. Әлі де еліміздің кей өңірлерінде концерттері ұйымдастырылуда. 2023 жылы композитор Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығы жоспарлануда. 2024 жылы Қазақстан Композиторлар одағыны 85 жылдығын атап өтеді. Әрине, осындай үлкен шараларға шетелдің әріптестерімізді де шақырамыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға