Жаңалықтар

Ғалымдар уақыттың жылдам өтуінің сырын анықтады

2020 жылы біздің Жер ғаламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қарқын қосқаны анықталған болатын.
Ғалымдар уақыттың жылдам өтуінің сырын анықтады
Фото: azertag.az 27.10.2022 14:35 6809

«Уақыт жетпейді»... таңның атысынан күннің батысына дейін арлы-берлі жөңкілген халықтың айтатыны осы сөз. Жеке меншігіміздегі уақыттың жетпеуін біреулер ғылыммен негіздеп, тәуліктің қысқарғанын алға тартса, енді біреулер мұны ақырзаманның таяп қалуымен байланыстырмақ болады. Шын мәнінде, уақыт неге жетпейді? Бұл туралы ойланып көрдіңіз бе? Уақыттың неге жетпейтінін, оның қаншалықты қысқарғанын және не үшін қысқарғанын төмендегі материалдан біле аласыз.

Ғаламшар қайда асығып барады?

Біле білсеңіз, әлемде жердің айналуын зерттеумен айналысатын Халықаралық Жер қозғалысы қызметі (IERS)  бар. Міне, осы мекеме 2020 жылы біздің Жер ғаламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қарқын қосқанын мәлімдеген болатын. Жердің жылдамдығының артуының салдарынан жер бетіндегі күндізгі уақыт 0,5 секундқа қысқара түсті. Ғалымдар жер қозғалысын бақылауда ұстап отырған уақыт аумағында мұндай тосындықтың бұрын-соңды болмағанын айтып, өздері де мұны таңырқай қабылдады.

Сонымен Жердің өз осінен айналу уақыты – 24 сағат, яғни бір тәулік екендігі әмбеге аян ақиқат. Толық айналу уақыты тең бөліктерге, яғни сағатқа, минутқа және секундқа бөлінген. Ғалымдардың есептеуінше және жалпы математикалық логикаға сүйенсек, бір тәулікте нақты 86 400 секунд бар. Алайда, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын дәлдігі аса жоғары атом сағаты ойлап табылды, және оның Жердің жылдамдығына қатысты ашқан жаңалығы ғалымдарды таңқалдырмай қоймады. Сөйтсек, Жердің өз осінде қозғалу жылдамдығының нақты бір тұрақты уақыты жоқ. Егер астрология ғылымын зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, жер барған сайын күнді тезірек айналып келеді, ал өз осінен айналу жылдамдығы керісінше баяулап кеткен болатын. Осыдан 440 миллион жыл бұрын жердің күнді бір мәрте айналып шығуына бақандай 412 күн кететін болған. Яғни біздің қазіргі жылсанауымызға салып салыстырар болсақ, бұл бір жылда 412 күн болды деген сөз. Содан кейін ше? Осыдан 370 миллион жыл бұрын жер күнді 398 күнде айналған. Егер жер мен айдың арасындағы қашықтықтың қысқармағанын ескерсек, ендеше бұл жердің күнді айналу жылдамдығының артып келе жатқанын аңғартатын ақиқат. Осылайша, қысқара келе, біздің алдымыздағы 65 милилион жыл бұрын жердің қарқын қосқаны соншалық, күнді айналуға жұмсалатын уақыт үш жүз жетпіс алты күнге дейін қысқарды.

Ал қазір енді жердің күн жүйесін қанша уақытта айналатынын өздеріңіз де білесіздер. Бір жылда 365 күн бар деп есептеледі. Ал шынтуайтына келгенде, жердің күнді айналу уақыты 365,25 күнді құрайды. Нақтырақ айтар болсақ, 365 тәулік 5 сағат, 48 минут және 46 секунд шамасы. Міне, 365 тәулікке сыймайтын сағаттар, минуттар мен секундтар жинақтала келе, төрт жыл сайын бір күнді құрайды. Яғни әр жыл сайын 365 тәуліктен артылып отырған сағаттар, минуттар және секундтар жинақталып, адамзаттың жылнамалық күнтізбесінде 29 ақпан болып белгіленген. Үш жылда артылып қалған қалдықтар есебінен жердің күнді айналу уақытының дәлдігіне қатысты жіберілген «қателік» осылайша, төртінші жылы кібісе жылының есебінен түзетіледі деп айтуға болады. Айтпақшы, біздің қазіргі қолданыстағы жылнамамыздағы 365 тәулік пен кібісе жылы тұңғыш рет юлиан күнтізбесінде пайда болған.

Алайда, 2020 жыл ғалымдардың есептеулеріне күтпеген жерден өзгеріс енгізген жыл болды. Жердің өз осінде айналу жылдамдығының артқанына дәлел – 2020 жылдың 19 шілдесі әдеттегі тәуліктік мерзімнен 1,4602 миллисекундқа қысқарақ аяқталған.  Айта кетуіміз керек, атом сағаты ойлап табылған уақыттан бастап жер бетіндегі уақыт миллисекундпен өлшене бастады. Ал желтоқсан айында күннің тәуліктік мерзімінің қысқаруы тағы байқалады, осылайша, олардың жиынтығында 2020 жыл әдеттегі стандартты жылдарға қарағанда 3 минут шамасында қысқа болған.

Ғалымдардың бұл жаңалығын әлбетте, көптеген басылымдар жарыса жазды. Бұдан адамзат құрып кетеді демесе де, қандай да бір жаһандық қауіп күткендер де болды. Бұл ақпарат  «уақыт жетпейді» деген сайын «еее, ақырзаманның белгісі ғой» деп жан-жағындағыларға үрей шақырып отыратындардың қолтығына су бүркігендей болды. Жердің күн жүйесіндегі тартылыс күші азайып барады, жуық уақытта біздің ғаламшарымыз ғарышқа сіңіп жоқ болады-ау деген күдік айтып, уайым жегендер де бар еді. Кейбіреулер тіпті күн мен түннің ауысуында көз ілеспес жылдамдық болады деп те болжады. Алайда, ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жердің қозғалуының жылдамдығына Айдың тартылысының, жыл сайын жер бетіндегі атмосфера қабатына түсетін жауын-шашынның, сондай-ақ, тау жыныстарының мүжілуі, мұздықтардың жиналуы секілді табиғи құбылыстар да ықпал етеді екен-мыс. Ғалымдардың болжауынша, 2020 жылы осы факторлардың бірі өзгеріске ұшыраған болуы керек, соның салдарынан Жер әдеттегіден жылдамырақ қозғала бастады. Механика тұрғысынан қарағанда, Жер бұл бірнеше қабаттардан тұратын жүйе: мантия, литофсера, мұхиттар және атмосфера. Сондықтан егер атмосферада шығыстан соққан жел күшейетін болса, онда батыстан шығысқа қарай атмосфера ағыны баяулайды, ал жер қозғалысы керісінше жеделдеуі мүмкін. 

Ал кейбір ғалымдар мұны жаһандық жылынудың белгісі деп мәлімдеді. Мұздықтар еріп, оның алып бөліктері суды тасытуда, есесіне бұл ғаламшардың қозғалыс физикасына ықпал етуде-мыс. Бұл пікірді жоққа шығарушылар мұздықтардың әлемдік мұхитқа қосылуы жер қозғалысын керісінше бәсеңдетуі керек еді деп есептейді. Сондықтан жердің қозғалысының стандартты жылдарға қарағанда 2020 жылы 3 минутқа тезірек қозғалуына не себеп болды деген сұраққа ғалымдардың ұсынар нақты жауабы жоқ. Сондықтан жоғарыда аты аталған Халықаралық Жер қозғалысы қызметі де бұл мәселеге байланысты тұжырымды түйін айтпады. Кібісе жылдардың онсыз да пәленбай жылдан бергі артылып келе жатқан секундтарын нақты уақыт өлмешім айқындау үшін қайда қосарын білмей, жыл сайын шақшадай басы шарадай болып ғалымдар, 2020 жылы кем шыққан 3 минутты қайдан алып тастарын білмей дал. Ал енді бұл аз десеңіз, биыл 30 маусым әдеттегі стандартты тәуліктен 1,6 миллисекундқа ертерек аяқталды. Жалпы 1962 жылдан бері уақыт атом сағатының көмегімен есептеле бастаған кезден бастап тәуліктің әдеттегі өлшемнен қысқа болуы бұрын-соңды байқалмаған құбылыс. Алайда геофизиктер Жердің қозғалысына аз-аздап қарқын қосуы сонау 2016 жылдардан басталғанын айтады. Арада бір ай уақыт өткеннен кейін, яғни осы жылдың 26 шілдесінде уақыт кестесінде тағы өзгеріс болды, бұл жолы тәулік 1,5 миллисекундқа қысқарақ болды.

Беу, уақыт қайда кетті?

Жас үлкейген сайын, уақыт тез сырғып өтіп барады дейтін болыппыз. «Уақыт ештеңеге жетпейді, таң атса, күн батады» деп бұрқылдап жүретін де сол өзіміз. Шын мәнінде, уақыт неге жетпейді? Әлде расымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, тәуліктік уақыттың қысқаруы, жердің қозғалысының артуы адамдарға да әсер етіп жатыр ма?!

Психолог мамандардың айтуынша, орта жастан кеткен адамдардың бойында немесе санасында уақыт жедел өтіп барады деген сезімнің әлде өкініштің болуы уақытқа қатысты шешуі табылмаған, түйіні тарқатылмаған жұмбақ.  2005 жылы Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф есімді америкалық психологтар 14 жас пен 94 жас аралығындағы 499 адамның арасында уақыт қаншалықты тез немесе баяу өтуде деген сұрау салыпты. Сұрауға қатысушылардың басым бөлігі уақыттың аса тез өтіп жатқанын атап көрсетеді. Алайда, жасы келген қарт адамдар уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен тез өтіп кеткенін айтса, жасы 40-қа таяп қалғандар ойлана келе, бала кездерінде уақыттың өтіп болмағанын, алайда одан кейін жасөспірім шаққа келгенде, уақыттың тез сырғып, ересек өмірге қалай қадам басқандарын байқамай қалғандарын айтады. Психиологтар қарттыққа аяқ басқандардың өмір тез өтіп кетті деуінде мән бар екенін айтады. Адамдар оқиғаға екі түрлі көзқараста баға береді. Перспективті яғни оқиға әлі жалғасып жатқан кезеңде бағалау және ретроспективті, оқиға аяқталғаннан кейін оған баға беру. Бұл жағдайда оқиға деп отырғанымыз біздің сүріп жатқан өміріміз.

Сондай-ақ, уақыттың өтуі біздің уақытымызды қалай өткізуімізге және оны қалай қабылдауымызға да байланысты. Шын мәнінде, біздің көңіліміз көтеріңкі болған кезде уақыттың қалайша тез зымырап өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Ал қиын сәттерде минуттар түгілі секундтардың өзі ауыр қозғалып, аяғын баспайтындай болып көрінеді.

Уақытты тоқтатып қоюдың, мүлдем тоқтатпасақ та баяулатудың бірден-бір жолы интернеттен, теледидардан қол үзіп, тыныштықта өз жанына рахат сыйлайтын сүйікті іспен айналысу. Ең дұрысы, белгілі бір уақыт кезеңіне демалыс алып, алыстағы ауылға барып, интернетсіз өмір сүру. Бірақ, қазір алақандай ауылдың өзінде жоғары жылдамдықтағы интернеттің қолжетімді екенін ескерсек, уақытты ауылға барып аялдатамын деу де құр әурешілік болуы кәдік. Біздің өміріміз ызу-қызуы көп, көшеге шықсаң, әрлі-берлі сан түрлі автокөліктер жүйткіген, аспанға көз тіксең, көкпен таласқан ғимараттардың тасасына күн көзін жасырған, жанында кетіп бара жатқанға сүйене кетсең, асығыспын деп қолын сермелеген, жол сұрасан, «қарап алсаңшы» деп телефонындағы картаңды көзіңе шұқып көрсеткен мегаполисте өтуде. Сондықтан біз уақытты сезінуден қалып барамыз. Себебі, ақпараттар ағыны толассыз жүйткіген жаһанданған дәуірде біздің миымызда бос орын қалмай барады. Бір сәтке болса да, өткенге ойша оралып көріңізші, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын, сіз дүкенде немесе әлдебір медициналық мекемеде кезекте отырған кезіңізде немен айналысушы едіңіз? Жәй ғана миыңыз тынығып демалатынсыз немесе жаныңыздағы адаммен шүйіркелесетінсіз немесе тіпті болмағанда, қолтығыңызға қыса келген газет-журналды парақтайтынсыз. Қазір ше? Қолыңыз қалт ете қалса, үнемі жанқалтаңызда немесе уысыңызда жүретін смарт телефоныңызды ақтара кетесіз. Түрлі әлеуметтік желіге, мобильді қосымшаларға тәуелділік адам уақытын ұрлап қана қоймай, адамның миын қажетті-қажетсіз ақпараттармен толтыруда.

Күннен-күнге адамдардың қажеттілігі де артуда. Ал сол қажеттілікті өтеу үшін нарық заманының талабы сол, қомақты қаражат қажет. Бұл жағдайда адамдар не істейді, әрине, жеке жұмыс жүктемесін арттырады. Кейбіреуі тіпті үш-төрт жұмысқа дейін қатар алып жүруге бар. Оның үстіне коронадағдарыстан кейін ел ішінде қашықтықтан яғни онлайн жұмыс жасаудың танымалдылығы едәуір артқаны да екі қолға бір күрек іздегендердің нәпақасын арттыруда. Есесіне, соның салдарынан уақыт жетпейді.

Оның үстіне біз отбасында бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлі форматтан талапқа сай заманауи форматқа көшіп барамыз. Балаларымыз да жаһан талабына жауап бере алатындай деңгейде коммуникабельді болуы керек. Сондықтан, жалпы білім беру мектебінен әрең сөмкесін сүйреп шығып келе жатқан баланы жолшыбай тамақтандырып, түрлі пәндік, тілдік, тұлғалық, спорттық, өнер қосымшаларына жетектей жөнелеміз. Бала бәсекеге қабілетті болуы керек. Таңертеңнен кешке дейін сабақ оқып, қосымшаға барып, одан қалды телефонға шұқшия кететін балаңыздың да тіпті далаға шығып серуен құруға, аулада ойнауға шамасы да, уақыты да болмайды.

Оның үстіне кезең сайын кәсіби біліктілікті арттырып отыруды талап ететін заманда, жоғары оқу орнын бітірді деген бір жапырақ дипломның құны қосымша куәліктер мен сертификаттарсыз төмендеп кеткені ақиқат. Сондықтан, балаларымен жарысып ата-аналары да білім алуда немесе білімдерін көтеруде. Ол аз десеңіз, телефонға телміріп, әлеуметтік желідегі жылт ете қалған әрбір жаңалықты аңдып отыратын ересектердің түрлі деңгейдегі психологтар, коучтар, кулинарлар, диетологтар, фитнес-тренерлер, нутрицологтар, тағысын тағы, басқалар өткізіп жатқан қысқамерзімді онлайн курстарға да қатысып, жеке тұлғалық түпсаналарын өзгертсем деп жанталасып жататындары тағы бар.

Және ең басты уақытымызды ұрлаушы бұл интернетке тәуелділік екенін естен шығармаған жөн. Әлдебір шаруа арасында, жол үстінде он-он бес минутқа кіріп шығайыншы деп, бір-бір жарым сағатқа дейін бөгеліп қалатын жер де осы күллі әлем ішіне сиып кеткен қара смартфон.

Ал енді уақытым қайда кетті деңізші?! Ғылыми тұрғыда уақыттың табиғи жолмен қаншалықты қысқарғанын айтып өттік, ал өз уақытымызды мәжбүрлі немесе жасанды жолмен қысқарту өз қолымыздағы іс. Уақыт өлшемі біздің бала кезімізде де тәулігіне 24 сағат болатын, қазір де солай. Әрине, ғылымға келсек, жұлдыздық уақытта дәлдік жоқ, ол тұрақсыз. Бірақ, біздің күнделікті өмір сүруіміз үшін есептеліп, келтірілген нақты уақыт -тәулігіне 24 сағат екендігіне дау жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға