Жаңалықтар

Қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелері жайындағы ғылыми-теориялық конференцияда М.О. Әуезовтің сөй

Қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелері жайындағы ғылыми-теориялық конференцияда М.О. Әуезовтің сөйлеген сөзі
30.10.2014 13:05 13271

Қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелері жайындағы ғылыми-теориялық конференцияда М.О. Әуезовтің

сөйлеген сөзі

 Қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелері жайындағы ғылыми-теориялық конференцияда М.О. Әуезовтің сөй

(Қорытынды сөз)

 

Жолдастар!

 

Өткен төрт күн, бүгін, міне, бесінші күн бойында біздің мәжілісіміз қазақ әдебиет ғылымының табыстарына, ізденулеріне, алдағы міндеттеріне арналған мол мәселелермен шұғылданды. Бұл жайларға үлкен бейіл мен көп көңіл бөлінді. Зор күш салып, еңбек еткен ғылымдық конференция бүгін, міне, осы мәжілісімізде бар жайды аяқтай баяндап, түйіндеу кезеңіне жетті. Бұл үлкен жиналысқа біздің барлық мәдениет майданындағы басшы жұртшылығымыз ойдағыдай аса жақсы көңіл бөлді.

 

Соның айғағына осы жиналысқа қатысқан қадірлі қауым топтарының қатарын санап өтсек те жетерлік. Мәжілісімізге ұдайы қатысқан Қазақстан Ғылым академиясы қайраткерлерінің мол қатары болды. Республикадағы жазушы әдебиетшілер топтары, қазақ тілін зерттеуші ғалымдар, әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар мәжіліске ұдайы атсалысумен болды. Бұлардан бөлек әлеуметтік ғылымдар саласындағы қайраткер, көрнекті академиктер тегіс араласты.

 

Республикамыздағы ғылым-мәдениет, ғылым-тәрбие орындарының, жалпы ағарту басшы орындарының ірі қайраткерлері және атақты ғылым ошақтары: университет, пединституттар, әйелдер педагогикалық институты оқытушылары да конференция ісіне толық қатысты.

 

Қазақстан Жазушылар одағынан хатшы-басшы, аға жазушылар бұл конференцияға бастан-аяқ атсалысқан ойларымен, ақыл қосқан пікірлерімен ұдайы араласты. Барлық осы саналған кең көлемді мәдениет майданының азаматтары, құрметті өкілдері әдебиет мәселелерінің көбіне өз көзқарас, ой-пікірлерін айтумен елеулі үлес қосты.

 

Конференцияның алдында тұрған проблемалық көп мәселелерге қалың жұртшылығымыздың көңіл бөліп, бейіл беруі осындайдан бір көрінсе, сонымен қатар айрықша атап, алғыспен айтып өтетін тағы бір жай бар. Ол - осы мәселелерімізге Қазақстан Орталық партия Комитетінің ерекше мән беруінде.

 

Конференция мәжілістеріне Москвадан, одақтық республикалардан, облыстық білім-тәрбие орындарынан келген қонақтар қатысты. Қазақ әдебиеті жайынан елеулі пікірлер айтып жүрген одақтық Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының көрнекті өкілдері де өз пікірлерін ортаға салып, жақсы көмек етісті. Осылар қатарында туысқан республикалардан келген бірнеше қадірлі қонақтарымыздың да пайдалы пікірлерін еске аламыз.

 

Қатарларын осылай атап өткен жеке қайраткерлер мен арнаулы топтардың конференция жұмысына көрсеткен көмектері үшін осы мәжіліс атынан алғыс бейіл білдіреміз.

 

Біздің конференциямызда күн тәртібі бойынша негізгі жеті баяндама, қосымша тоғыз баяндама тыңдалып өтті. Жарыссөзге жиырма сегіз адам қатысты. Осынша жұрттың қосылып еткен еңбегін жалпы қорыта айтқанда, ол ойдағыдай, жоғары дәрежеде, жақсы өтті деп айта аламыз. Конференция кезегі жеткен келелі мәселелерді дер кезінде ғылымдық сын, ғылымдық-теориялық қалыпта орнымен қоя білді. Бұдан былайғы шақтарда көп жайларды жауапты шешудің бет-бағдарын анықтады.

 

Өткеннің мұраларына, ғылымдық еңбектерге қорытынды боларлық сынау, байлау пікірлер де аз айтылған жоқ. Осы белгілерге қарап та конференцияның ғылымдық дәрежесі жоғары сапада болды деп айта аламыз. Бұл конференцияның осылай болып өтуіне алдын ала негізгі бет нұсқап, идеялық басшылық міндеттер артқан және сол жөнде ұдайы көмектескен Қазақстан Орталық партия Комитетінің айрықша еңбегі болды.

 

Конференциядағы сыншылық, ғылымдық жүйелік, әдебиет тарихтық мәселелерді алға қойғанда баяндамашылар да, жарыссөзге шығушылар да бір үлкен, зор тұрғыдан тарайтын пікірлер қозғады. Бұл нысана тұрғы КПСС-тің XX және XXI съездерінің қаулы-қарарларына, ғылымдық-жүйелік негізгі нұсқауларына сүйенген негіздер болатын. Сол съездерде Ленин партиясының барлық ғылым саласында арнаған терең қорытынды байлаулары біздің де ғылымдық ізденулеріміздің өзекті арқауы, кең арнасы болды. Енді конференцияның нақтылы дәл деректі істерін еске ала келе, ең әуелі мынадай бір қорытынды айтар едік. Шақ шындық болса да, естіген мен білгенді жинақтай келе айтқанда, біз бұл бес күн ішінде ғасырлар бойына созылған қазақ әдебиеті тарихының үлкен көлін кезіп-кешіп өттік. Есте жоқ ескі, сонау арғы жырақ, жағасынан бүгінгі жақын жағасындағы жиегіне дейін мәжіліс кемесі жүзіп өтті дер едім.

 

Бүкіл әдебиет тарихының ұзын өлке бойын алсақ, арғы бір жағасы "Қара Қыпшақ Қобыланды" болса, бергі шегі Ғ. Қайырбековке дейін бір жол тарттық. Және бір арғы жиегі ескі аңыз болса, бергі беті Т. Ахтанов пен Әбдіжәмілден аяқтадық. Осындай көл-дариядай ен дүниені бүкіл мәжіліс боп аралап, бойлап өткен жайымыз бар. Терең жәй болмаса да, қорытынды есебінде айта кетер осындай да бір шындық бары рас. Сондайлық мол мұхиттай әдебиет әлеміне, енді міне, қорытынды жасай қою да, әлбетте, оңай емес. Осы міндетті мен мойныма алсам да, қолымнан келе қояды деп анық сеніп, кірісіп тұрғам жоқ. Көңілдегі заңды күдік-қобалжумен кіріскелі тұрмын.

 

Сол жөнде ең алдымен айта кетерім: конференцияда қаралған бар мәселе жөнінде және бар баяндамашылар мен жарыссөзде сөйлеушілердің ойларына тегіс түйін түйе сөйлеу мүмкін де емес екенін еске сала кетейін. Әрине, тек жалпы жайларды ғана қопсыта қозғап, желе жортып, көктей өтіп кетемін деп те тұрғаным жоқ.

 

Тек алдын ала айтар бір өтініш: баяндамашылардың бәрінде болған орынды, дұрыс, даусыз жайларына тоқталмауға рұқсат етіңіздер. Олардың кемшіл соққан, олқы қалдырған немесе дұрыс айта алмаған жайларына ғана тоқтап өтуге тура келеді.

 

Негізгі жеті баяндаманы алсақ, менің ойымша, бұлардың барлығы да жарамды еңбектер болды. Қазақ әдебиет тарихының арғы-бергі дәуірлерін зерттеу жолында барлығы да әрі оқытушы боп, әрі монографиялық еңбектер жазып жүрген жолдастар болғандықтан, баяндамаларында да өскелең еңбек етісті. Мысалы, советтік ғылым алдында тұрған міндеттер жайында Е. Ысмайыловтың баяндамасы көп күрделі жайларды жарамды түрде салмақты етіп қоя білді. Қанағаттанарлық түрде шешулер де айтты. Сол сияқты Қажым Жұмалиевтің де баяндамасы оның көп ойланып, көп толғанған тақырыптарға жауапты түрде талдау жасап жүргенін танытты. Қажым баяндамасының кейбір тұстары даулырақ болып, дәлелдеуді молырақ керек ететін жайлар болса, ол Есмағамбет баяндамасында да бар еді де, заңды жайлар еді.

 

Н.С. Смирнова баяндамасы — ол кісімен екеуміздің академияда, фольклор бөлімінде бірге істеуімізге байланысты, менің де тікелей қатысым бар баяндама болатын. Бұл баяндама фольклор саласында, ғылым жолымен істеліп жүрген және істелейін деп отырған істердің программалық жайларын дұрыс таратып, дәл баяндап өтті деп ойлаймын.

 

Көпшілікке ұнаған баяндаманың бірі — Бейсенбай Кенжебаев жолдастың баяндамасы болды. Ол баяндаманың өзіне тән, көбімізге соны, ерекше бір қорытындылары болғандықтан, сол тұсына аз тоқтап кетейін. Біздің әдебиет сияқты, көп туысқан әдебиеттердің жүріп өткен жолдарын, өну-даму әдістерін алғанда, орыс классик әдебиетінің өрісімен салғастыруға келмейтін, олқы, кемшіл жақтары мол екені мәлім ғой.

 

Сол қатарда орыс әдебиетінің үздік бір ерекшелігін еске алайық. Профессор Благойдың1 "Орыс әдебиетінің ұлттық ерекшелігі" деген мақаласы шықты. Сонда революцияға дейін болған ерекшеліктер де мол саналады. Дүниежүзі әдебиетінің академиясы дерлік - орыс классик әдебиетінің зор бір қасиеті: XVIII ғасыр жарымынан бастап, бүкіл ХІХ ғасыр және XX ғасырдың басында ол — Россиядағы патшалық құрылысқа, абсолютизмге ұдайы оппозицияда болып келген.

 

Сол классикалық әдебиеттің кейбір ірі өлшеуі мен мөлшерін атасақ, төрт қасиеті айқын аңғарылады. Ол әдебиет ең алдымен — халықтық, екінші — демократтық, үшінші - революцияшылдық, төртінші - реалистік сипаттарға ие болған.

 

Бұл әдебиеттің осы аңғарын ойлай отыра қазақ әдебиетін шолсақ, әрине, бұнда Октябрь революциясына дейінгі шығармалардан революцияшылдық қасиетті көре алмаймыз. Әсіресе XX ғасырдың басында біздің әдебиет, Бейсенбай айтқанындай, революцияшылдық дәрежеге шынында да көтеріле алмаған. Бұл ретте Абайдан кейінгі дәуірдегі даму-өрлеу Шоқан, Ыбырай, Абай тұсындағы қазақ әдебиетінің жеткен өресіне жете қоймаған деуге болады. Әрине, бұл сынды шартты түрде айтамыз. Шоқан алпысыншы жылдардағы орыс әдебиетінің алдыңғы озғын, халықтық-демократиялық ой-өрісіне жеткен еді.

 

Ыбырай мен Абай да өз дәуірлеріндегі орыс әдебиетіндегі демократияшыл халықтық озғын сана-эстетикаға молынан қол артқан болатын.

 

Ал Торайғыров, Дөнентаев, Көбеев мұраларында бұлардың өз дәуіріндегі озғын ой-сананың үлкен сипаты — революцияшылдық қасиеттер табыла қоймайды. Россиядағы екі революцияның аралығында еңбек етсе де, Ұлы Октябрь революциясының туар шағына шендес тірлік-еңбек етіп жүрсе де, бұларда революция сарыны өз орнын таппады.

 

Ал осы кездердегі Украина, Грузия, Армения, Латвия, Татар әдебиеттерінде таптық революцияшылдық ағымдар қазақ әдебиетінен әлдеқайда озғын еді. "Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар" дейтін өзімшілдіктен аулақ болу шарт. "Квасной патриотизм" дейтін шалағай патриотизмнің де орны жоқ. Біздегінің де "бәрі жақсы, ойдағыдай" дей салу, тек шығарып салу, қанағат емес.

 

XX ғасыр басындағы қазақ әдебиет шығармаларын көп зер салып, ізерлеп жүрген Бейсенбайдың баяндамасындағы қорытынды, жаңағыдай сын пікір өте орынды, дұрыс айтылған ой деп білемін. Бірақ Бейсенбай Қажым зерттеген дәуір турасында онымен дауласуда дұрыс пікір айта алған жоқ. Ол жөнде Қажым пікірлері әлдеқайда орындырақ.

 

Ысқақ Дүйсенбаев өз баяндамасын "Қазақ ССР тарихына" сәйкестеп, көп сын мен талдау, баға беру мәселелерін дұрыс түйген сияқты. "Қазақ ССР тарихының" соңғы редакциясында XIX ғасырдың екінші жарымындағы көп күдікті адамдар — ақындар жөнінде тұжырымды, дәлелді сын бағалар айтылған еді. Ысқақ сол пікірлерді кеңейтіп, дәлелдей түсіп, болашақ зерттеулерге дұрыс бағыт сілтеді.

 

Абайдан кейінгі дәуір жайында М.С. Сильченко баяндамасы да орынды, бағалы сөз болды. Зерттеушілерге көп көмек берерлік, ой саларлық сөз.

 

Қазақ совет әдебиетіндегі жаңалық дәстүр жайындағы Мүсілім Базарбаевтың баяндамасы жалпы негіз жағынан жақсы зерттеу болып шықты. Тек мазмұн, идея жағына көңілді көбірек бөліп, өзі зерттеген дәуір шығармаларының көркемдік сипаттары жайынан аз талдау жасады. Жаңалық, дәстүр, түрде де мазмұнға сай неше алуан стильдік көркем ерекшеліктер, тың табыстар қосқан кездерді айқындап аша түсу керек еді.

 

Бұл ретте республикалардағы съездерде және одақтық III съезде көп ірі жазушылар аузымен айтылған іргелі талаптарға көңіл бөлмеуге жол жоқ. Идеялық жаңалық пен көркемдік шеберлік жаңалығы қос өрімдей, біте қайнасқан түрде қатар бағалансын, ескерілсін дейді. Міне, осы жағынан алғанда М. Базарбаев баяндамасы кей тұстарында бір жақтылау болып шықты.

 

Конференцияда біз бір топ қосымша баяндамалар тыңдадық. Бұлардың да көпшілігі дұрыс бағыттағы маңызды, пайдалы, келелі баяндамалар болды. Сонымен қатар осы баяндамалардың кейбіреулері едәуір кемшін, олқылық байқатты. Кейбірі біз өтіп кеткен, күйкі кейінгіге қарай қайта мегзеді, ескі аңызды қайталағандай болды.

 

Қосымша баяндамалар ішінде жақсы шыққан баяндаманың бірі — Мырзабек Дүйсеновтің әдебиеттің теориялық мәселелеріне арналған сөзі. Бұнда тек қазақ әдебиеті емес, бүкіл одақтық туысқан әдебиеттер көлеміндегі жалпы жүйелік жайлар көбінше орынды, дұрыс талқыланды. "Дружба народов" журналында 1957 жылы бір жыл ұдайы талқыланған мәселе социалистік мазмұнға байланысты ұлттық түр жайлары еді. Бұның негізі біздің әдебиеттегі шеберлік жөніндегі талаптарға да саяды.

 

Мырзабек Дүйсенов осы жөндерде көбінше дәл деректер келтіріп, ұтымды, қонымды сындар айтумен жүйелік мәселелердің кейбір негіздерін тап басып, дәл шешуге жақын келді.

 

Тағы бір бағалы баяндама Мұхамеджан Қаратаев баяндамасы болды. Жалпы Мұхамеджанның зерттеулерінде орысша, қазақша тілде бірдей көңілдегідей салмақты, орнықты шығатын сыншыл алғырлық болады. Әрдайым алған тақырыбына оның терең бойлай тексере білетінін байқаймыз. Сол сияқты қазіргі баяндамасында да таразысы әділ, талабы батыл. Әрбір өлшеу-мөлшері орнықты, салмақты шыққан ой түйіндерін байқадық. Бұл сыншыл ойы өскен-піскен және сол ойын орамды тілмен, орынды бояумен сай етіп қалыптаған жақсы баяндама жасады.

 

Отан соғысы кезіндегі қазақ поэзиясы жайында жайшылықта айтылып жүрген жайлардан гөрі соны, тың ойлар мен сындар қосып, Сағынғали Сейітов те бағалы баяндама жасады.

 

Зәки Ахметовтың Шәңгерей мұрасы туралы жасаған зерттеуінде жан-жақты, кең көлемді, байыпты сын бар. Ақын мұрасының қайшылық қос қыртысы, екі қатар дүниесі кеңінен дәлелді, деректі боп ашылған да, сынмен қонымды болып талданған.

 

Осы конференцияның жұмысына едәуір үлес қосқан бір баяндамашы Н. Қарашева2 деп айтуға болады. Тіл ғылымының маманы есебінде жақсы өсіп келе жатқан жас ғалымның бірі Н. Қарашева жолдас бұл күнге дейін толық айтылмай, ашылмай жүрген біраз бағалы жаңалықтар айтып берді. Рас, бұл баяндаманың тақырыбы "Айқап" журналы мен М. Сералин туралы болғандықтан, Нүсіпбеков Ақай жолдастың осы конференцияда айтып өткен аса орынды, салмақты ескертулерін бұдан кейінгі зерттеулерде ескермеуге болмайды.

 

Менің көңіліме және көпшілікке де көп жайлары даулы көрінген ендігі бір үш қосымша баяндама болды. Бұлар: Шортанбай жайындағы Сәйділ Талжановтың3, Дулат жайындағы Ханғали Сүйіншәлиевтің4, Мәшһүр Жүсіп жайындағы Ісләм Жарылғаповтың5 баяндамалары. Осы сөздерге арналған ой-пікірлерді мен сәл кейінірек айтамын. Әзірше жарыссөзге қатысқан жолдастардың пікірлеріне тоқтап өтейік.

 

Жарыссөзге шыққандар қатарында шынымен мазмұнды, маңызды ойлар таратып, конференцияның ісіне пайдалы көмегін тигізген, кейбір ғылымдық түйінді жайларды орынды түрде толықтыра түскен сөз — Мәлік Ғабдуллиннің сөзі болды. Мәлік көп уақыттан бері қазақ эпосын арнайы зерттеп және қазақтың ауызша әдебиет мұралары туралы жоғары дәрежелі мектепке арнап докторлық еңбек жазған. Ол — көп дайындығы бар зерттеушіміз. Сол тәжірибелері, зерттеу ойлары бүгінгі сөзінен жақсы көрінді. Ауыз әдебиетін зерттеу жөніне Мәлік ғылымдық жүйелік пайдалы ойлар, елеулі үлестер қосты.

 

Экономика ғылымының көрнекті өкілі болудың үстіне, қазақ тілі мен әдебиетін арнаулы маман филологтан кем білмейтін Серғали Толыбеков6 сөзі де конференцияға көмек етерлік бағалы сөз болды деп білемін.

 

Қазақ романдарына көптен сыншы ғалым есебінде көңіл бөліп жүрген, қазақ прозасы туралы диссертация қорғаған, қазақ әдебиетінің бұл жанрдағы жаңалықтарына әрдайым мазмұнды зерттеулер жасап жүрген Е.В. Лизунова жолдастың сөзі де конференция үшін аса бағалы сөздің бірі болды.

 

Қазақ совет әдебиетінің ең алғашқы адымын, ұлтшылдықпен алысқан дәуірін лениндік эстетика жолымен зерттеп жүрген Т. Кәкішев7 жолдастың сөзі де әдебиет тарихын зерттеу жөніндегі бағалы, елеулі еңбек деп санаймын.

 

Баяндамалардың кемшілік жақтарын сынап, кейбір олқылықтарын түзей толықтырған орынды пікірлерді Манап Хасенов8 айтты. Ауыз әдебиетіндегі "Шешендік сөздер" деп аталатын арнаулы бөлімді өзі зерттеп, нақтылы еңбектер жазып жүрген Балтабай Адамбаевтың9 осы жөндегі сөзін де керекті, дұрыс сөз деп санауға болады.

 

Әдебиет — тілмен әдебиет. Сол тіл стиль түрінде әдебиет жүйесі мен тарихы көлемінде тексерілсе, осымен қатар тілдің бар заңы бойынша тіл ғылымының оқымыстылары зерттейтін дүние екені және мәлім. Біздегі тіл ғалымдарымыз қазақ әдебиетінің арғы-бергі мұраларын, үлгілерін ұдайы ізерлеп, зерттеумен өз ғылымдарының өрісін ұлғайта дамытып келеді. Сол еңбектерімен олар біздің егіз-қатар серігіміз дейміз. Әрдайым нық сүйесе, тізе қоса өсетін еңбектес сыңарымыз. Осы құрметті достарымыз — тілшілер қатарынан конференция үстінде екі адамның атын арнайы атап өтейік.

 

Бұның бірі — барлық Қазақстандағы тіл ғалымдарының ағасы, үлкен ұстазы Ісмет Кеңесбаев, екіншісі — Абай "Қара сөздерінің" тіл ерекшеліктерін зерттеп, кандидаттық диссертация қорғағалы жүрген Рәбиға Сыздықова10 жолдас.

 

Ісмет Кеңесбаевтың кешегі мәжіліс соңында едәуір күрделі мәселелерді тіл ғылыми тұрғысынан қорыта айтқан сөзі өте деректі, көп мәнді және қазақ әдебиетшілері үшін аса пайдалы, қымбат сөздер болды.

 

Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты. Әрдайым қазақша, орысша сөйлейтін, ғылымдық зерттеу пікірлерінде өскен, піскен әйел ғалым бейнесін аңғарамыз. Филология ғылымында жүрген бірнеше елеулі, өскелең, анық ғалым аталатын әйел жолдастардың ішіндегі көрнекті қайраткеріміздің бірі — осы Рәбиға екендігі бұл конференция үстінде де айқын аңғарылды.

 

Конференция басталар сәтте ең тұңғыш, кіріспе сөзді Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті Сақтаған Бәйішев жолдас бастаған еді. Мәжілістеріміздің алдында тұрған ғылымдық, жалпы идеялық негізді үлкен жайлар жөнінде сол кіріспе сөзде бағалы ескертулер жасалды. Әрқайсымызды конференция ісіне үлкен жауаптылықпен, ылғалды оймен қатысуға шақырып, мәні зор, өте бағалы жетекші көмек пікірлер айтты.

 

Жалпы осы мәжіліс ісіне бастан-аяқ белсене қатысқан және кенеулі ойларын мезгілді көмек ретінде сарапқа салған қадірлі қонақтарымыз болды. Бұл жолдастардың сөздерінде тек көңілқостық-тілектестік пен жалпылаған жайлар ғана қозғалған жоқ. Конференция шешкелі отырған күрделі түйіндерге бұл жолдастар кәміл бойлап, мейлінше батыл араласты. Қиын күйлерді қоса талқыласып, әр мәселенің ішіне қанық адамдар қалпында кіре сөйледі.

 

Мысалы, фольклор жөнінде Н.С. Смирнова жасаған баяндамаға профессор В.М. Сидельниковтың қосып айтқан нақтылы кеңес-мәслихаттары, ғылымдық зерттеушілік әдіс жолдары өте орынды болды. Бұл жөнінде ол кісі айтқан кеңестің бірқатары Горький атындағы Дүниежүзі әдебиет институтының ғылымдық іс тәжірибесінен туған, біздегі фольклор жайын зерттеу үшін аса керекті деректер болатын. Бұл сияқты кеңес-көмектің біздің тәжірибемізде программалық пайдасы бар бағалы жайлар.

 

Қазақ совет әдебиетінің әр кездегі айнымас досы, әрі аударушы, әрі сыншы Зоя Сергеевна Кедринаның сөйлеген сөзінде де үлкен бағалы көмек ойлар болды. Қазақ әдебиетінің барлық мәселелеріне үлкен дос бейілмен тереңдей араласатын бұл жолдас, өз сөзінде жүйелік көп мәселелерді де еске жақсы салды. Әдебиеттік тарих мәселелерін де нақтылы таратты. Әсіресе біздің қазақ совет әдебиетінің табыстарын зерттеуде үлкен мүдделерін мәдениетті түрде тереңдеп сынай ұғынуда, Кедринаның таратып айтқан пікірлерінің өте бағалы мәндері мол.

 

Осы қатарда қазақ әдебиетіне сіңіріп жүрген бағалы еңбегін арнай атап өтетін адамның бірі — біздің конференцияда ұзақ жақсы сөз сөйлеп шыққан профессор Михаил Иванович Фетисов. Бұл кісі өзінің докторлық диссертациясын да қазақ пен орыс арасындағы тарихтық, мәдениеттік қатынас-байланыс жөніне арнап қорғаған болатын. Сол тақырыптың ішінде Шоқанның орыс мәдениет-әдебиетіне қатынасын кең таратып зерттеген. Дүниежүзі әдебиеті институтының ұлттар әдебиеті бөлімінде қазірде де зор жауапты, кең көлемді ғылымдық қызмет атқаратын көрнекті зерттеушінің бірі — Фетисов жолдас. Ол бүкілодақтық әдебиеттер арасындағы қатынас-жалғасты да мол деректермен зерттеп жинап, жақсы таныған адам. Бұл кісінің біздің конференцияда айтқан пікірлерінде бүгінгі партиялық талапқа сай КПСС XXI съезі қойған, Н.С. Хрущев жолдастың жазушылар алдына қойған ірі тарихтық талаптарынан туатын нақтылы жайлар аталды. Және сол проблемалар қазақ әдебиеті тарихын зерттеу жөніндегі бүгінгі конференцияның міндетіне байланысты өте орынды, ғылымдық-жүйелік түрде танытылды. Бұл үшін біз Фетисов жолдасқа айрықша алғыс айтамыз.

 

Туысқан республикалардан келген З. Мамытбеков, А. Сайфуллаев12 жолдастардың пікірлерінде де біздің әдебиет зерттеушілері қатты ескеретін бағалы жайлар болды. Мысалы, Қырғызстан Тіл-әдебиет институтының тәжірибелерін еске ала отырып, Мамытбеков жолдас біздің зерттеушілерге бағалы кеңес берді. Қазақ әдебиетіндегі Шортанбай тәрізді Қырғызстанда Молда Қылыш мұрасы да аса даулы мәселе болған. Осыдан екі-үш жыл бұрын Молда Қылыш мұрасын зерттеп, сынап бағалауға арналған айрықша ғылымдық кеңестер болған. Шортанбаймен салыстыра тексеруге ұқсас келетін Молда Қылыштың өте үйлес сипатты жырлары бар. Сол қатарда "Зар заман" атты көп жырларын және "Зилзала" деген еңбегін атауға болады. Соңғы шығармасы 1911 жылы баспаға шыққан дидактикалық поэма болатын. Ол Жетісуда сол жылы болған апат — жер сілкінуге арналған мистикалық, діншілдік сарындағы шығарма.

 

Молда Қылыштың бұлардан басқа "Чуй Баяны" деген бір мол шығармасы — Шу өзені бойында отырықшы болып еңбек еткен елдердің өнерлерін баяндаған пайдалы мұра. Одан басқа тамаша бағалы екі поэмасы: "Бүркіттің тойы", "Қанаттулар" деген шығармалар еді. Бұл соңғылары мықты мысқыл, сатира сарынында жазылған, шын бағалы мұралар болатын.

 

Қырғызстандағы мәжілістерде Молда Қылыш мұрасынан жоғарыдағы "Зилзала" мен "Зар заман" атты шығармалардың көп қайшылықтарын ескеріп, кертартпалық мән-мүдделерін мінеп талдай келіп, ғылымдық кеңестер жарыққа шығармау керек деп қорытқан.

 

А. Сайфуллаев жолдас шығыс классиктерінің көпшілігін бұрынғы біздің зерттеулерімізде тек "Шығыс" дейтін жалпылаған дерексіз, адрессіз санай беретіндікті сынады. Сондықтан жақын шығыс, соның ішінде өзіміздің туысқан тәжік әдебиетінің классиктері Рудаки, Фирдоуси, Хафиз, Саади, Насри-Хисроу мұраларын әр бөлек, өзіндік қасиеттерімен тану керек екенін дұрыс атап өтті. Бұл тұстан тек Гетенің ғана айтқанын еске алмай болмайды. Ол: "Фарсы тілінде жазған жеті ұлы ақын бар, соның ең нашары менен артық" демеп пе еді.

 

Мүсілім Базарбаевтың сөзінде шығыс ақындарының өлең мұрасында кестешілдік көбірек делінген еді. Соған А. Сайфуллаев жолдас орынды жауап бере кетті. Тегінде, көп аузы үйренген жалпы шығыс әдебиетінің классиктеріне жаппай тарата айтылып жүрген "сын сөздерді" енді бұрынғыша жалпылай айта салуға болмайды.

 

Туысқан тәжік поэзиясының совет дәуіріндегі өрлеу, даму жолдарын алып қарасақ, Лахутидің ізденулері өзіне бөлек. Көне жырлардың бейнелеу, өлшеу, ырғақ жағын өзгерте жүріп, ұлы дәстүрлерді, біздің заманның жаңалықтарын қосып, жаңғырта байыту жолында Мырза Тұрсын-заденің де көп табыстары бар. Сол жайларды біз мейлінше бағалаймыз. Олардың іздену тәжірибелерін тереңдеп тани түсіп, өз іздену жолымызда көмекке алып, керекке жаратамыз.

 

Бұл қатарда және де қырғыз әдебиет тарихындағы тәрізді, тәжік әдебиетінің де табыстарын жалпы ортақ ұстазымыз орыс совет әдебиетінің табыстарымен тегіс салыстыра, талдай танитын боламыз. Осы тұрғыдан қарағанда, қонақ достарымыздың советтік шығыстағы әдебиеттерімізді ұдайы салыстыра, салғастыра тексерейік деген ұсыныстарын құп қабылдауымыз керек.

 

Енді жоғарыда атап өткен кемшілік жайлары басымдау болды деген үш қосымша баяндамаға қайта оралайық. Шортанбай жайында С. Талжанов жолдас өрнек жағынан шешен тілді, орамды түрде талдау жасай алатынын байқатты. Оның баяндамасы, сыртқы стильдік сипатын алғанда, шешен тілмен жасалған баяндама. Бірақ сол баяндаманың негізгі мазмұнына қарағанда Шортанбайдың "мұрасын дұрыс бағалады, толық әділ сын берді" деп айта алмаймын. Бұл баяндама Шортанбайдың көпке мәлім кертартпа, қайшылығы мол мұраларын, сол қайшылықтарды атай отырып, ақтау жағына бейім болды. Әрбір сыннан арашалап, аршып алу жағы баса сөйленді. Ал анығында, Шортанбайдың бар көзқарасының бір ғана шыны бар емес пе еді. Ол — діншілдік, кертартпалық сарынға соғатын. Шортанбайлық көзқарастың түп қазығы, сарқып құяр сағасы қайсы десек, ол: "заман азды, бұл ақырзаман ғаламаты" дегенге саятын.

 

Осы сияқты Ханғали Сүйіншәлиевтің Дулат турасындағы тексеруі де сыңаржақ боп шықты. Дулаттың идеялық тарихтық кертартпалығы, мін деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. Көпке мәлім даулы, күдікті жерлердің бәрін де "әрі итеріп, бері жығып" дегендей бұлдырға соға берді. Айналып келіп Дулаттың құлап жатқан жерлерінде де құлағынан тартып, көтере беруге бой ұрды. Баяндамашының дәл осы жайын жарыссөзге шығып сөйлеген жолдастардың кейбірі әділ сынап өтті. Ол сындардың ішінде, әрине, кейде асыра кеткен, өзі де даулы жайлары болса да, жалпы баяндаманың негізгі арна нысанасын сынауы орынды болды деп білемін.

 

Ханғали Сүйіншәлиевтің баяндамасы зерттеушінің баяндамасынан гөрі Дулат мұраларын баспаға ұсынып отырған баспасөздің авторы — комментатордың сөзіне ұқсады. Сыншылық жағынан гөрі "ұғындырушылық" жағы басым болған кезде осылай шықпасқа амал жоқ. Баптап, ептеп "өткізу" бұл конференцияның мақсаты емес, қайта сондай болған, бұрынғы жалпылама әдістермен алысу емес пе еді? Дәл осыған ұқсас жай Мәшһүр Жүсіп жөнінде сөйлеген Ісләм Жарылғаповтың баяндамасында да тап болды. Өзге жағын қоя тұрып, бәрінен де оқшау, одағай тұрған бір пікірге қарсы айтпасқа болмайды. Баяндамашының ол пікірі бойынша, Мәшһүр Жүсіп Россияға Қазақстанның еркімен қосылуын мақұлдап жырлаған тәрізді. Баяндамашының тағы бір оқшау, даулы ойы бойынша, Мәшһүр шығармаларында интернационалисттік сарын бар болып шықты. Солармен қатар, пантюркистік, панисламистік, діншілдік дегендердің ізі де жоқ тәрізді.

 

"Орыс" деген сөзді Мәшһүр шығармасында "патша" деп қана ұғыну керек деп мәслихат бергісі келді. Жалпы орысқа қарсылық Мәшһүр мұрасында мүлде жоқ деп танытқысы келді. Осылай етіп, тарих тұрғысынан қарағанда, айқын мінді болатын жайларды ақтау, жеңілейте талдаудың түбі, баяндамашының ұғымы бойынша, Мәшһүрді түгел, тұтас демократияшылдық бағыттағы жазушы етіп шығарғандай.

 

Мәшһүр мұрасында да патшалықтың отаршылдық саясатына байланысты сын наразылық сарындар болғанмен, оны бар басқа міндерінен ақтап алу, мақтап кіргізу конференцияның мақсатына үйлеспейді. Жалпы маркстік-лениндік әдебиеттану ғылымының қазақстандық зерттеушілерінің қазіргі талабы бұндай көзқарасты құптамайды. Біздің халық та, Отан да партиялық талапқа сай шынайы ғылымдық зерттеу жасауды біздің бәрімізге де шарт етеді. Мысалға Мәшһүрдегі пантюркистік дегеннің өзін алайық. Россиядағы мұсылман атаулыға пантюркистік үгітін таратқан Смағұл Гаспринскийдің "Таржиман" газетін үзбей оқитын ұдайы көп жылғы оқушысының бірі Мәшһүр болған. Ісләм "әпенді" деген сөзді дәлел еткісі келді. Мәшһүрдің айтып отырған әпендісін жас күнімде, бала кезімде мен де көргенмін. "Әпенді" деп қазақ ортасында бастарына сәлде орап, төрттен-бестен қосылып, күйлі ат, бүтін киім киіп, жайлаудан-жайлау, елден-ел аралап ақтап жүретін өзінше бір тоқ тіленші, жүргінші-қайыршыларды атайтын. Олар Ираннан, Ауғаннан, кейде Бұхар-Хиуадан, сол қатарда түріктен де келіп жүрген әншейін бір, елеусіз кезгендер болатын. Ел іші "әпенді" деген сөзді біреуді "жарымес", "жынды сүрей", "нақұрыс" деген мағынада мазақ, сықақ түрінде қолданатын. Мәшһүр жырындағы әпенді — тап осылар. Онда пантюркистікке қарсы, не соны сынаған негізгі көзқарасқа байланысты ешнәрсе жоқ.

 

Мәшһүрде іздесең пантюркистікті де, панисламистікті де табуға болады. Бірақ ол жайлар бұнда Гаспринский тәрізді пантюркистерден програмдық бағыт, өріс алған ойлар емес десе бір сәрі.

 

Ендігі бір өрескел сөз Мәшһүрге байланысты сөйлеген Әуелбек Қоңыратбаев13 сөзінен туды. Ол Ісләм Жарылғаповтың Мәшһүрдегі "орыс" деген сөз "патша" дегені деп айтылған ұшқары "комментарийге" одан да бетер, өрескел бір ұшқарылықты жалғады. "Бұдан былай "орыс" деген сөз келген өлең жолдарына "патша" деген сөз қойып, қолдан түзеп жіберейік" — дегенді айтты.

 

Бұл не деген ұсыныс? Бұндай да ғылым сымақ бола ма екен? Осындай әсіре, асыра айтылған оқшау пікірлер, өте теріс ойлар, сөздер елемей, сынамай қоярлық жайлар емес. Өзі оқу құралдарын жазып жүрген ойлы сыншы адамымыздың бірі Кәрібаев Шайқы жолдастың да Мәшһүрді түгелдей ақтай сөйлеуі — мақтарлық емес. Ісләм мен Шайқы екеуіне де қатар айтылатын бір кінәміз бар. Бұлар осында Мәшһүрдің сыпайы қауым алдында ауызға алуға болмайтын нелер тұрпайы сөздерін мысалға келтірісіп, мәжілісті наразы етерлік мінездер көрсетті. Мәшһүрдің жазбаларына қарасаң, ол көп кезде кәдімгі бейпіл ауыз, тілі тәйтік, циник адам. Ал соның былапыт сөздерін осы конференцияда, осы трибунадан цитата түрінде келтіруде не қажеттік бар еді? Ол натурализмді "нәтурә" қалпында (Ісмет Кеңесбаевичтің тілімен айтқанда), "нә тура" күйінде қолдану - сол "нә тураның" өзі боп шықты.

 

Алдымызда мынау отырған мәжіліс, осы өнерлі, мәдениетті асыл қауым қандай қадірлі, қандай сыпайы жұртшылығымыз! Осындай тыңдаушыларымыз алдында жаңағыдай жайларды бадырайтып, баттитып ауызға алу әдеттерін, тегі қатты сынауымыз керек, мүлде мансұқ етуіміз шарт.

 

Менің талай байқағаным бар. Студенттер алдында лекция оқып тұрғанда Абайдан цитатта келтірсек, сонда Абай заманында онша тұрпайы көрінбеген "қатын" деген сөзді Абай өлеңдерінің қатарынан оқысақ, студенткалардың қызарып, қысылып төмен қарағанын көреміз. Соны байқағанда, жаңағы өлеңді оқығанымыз үшін өзіміз де қысыламыз. Жиналыстың "қыбын тауып, қышуын қандырамын" дегендей боп, өрескел сөздерді ынтыға, өршелене қолданудың ешбір жөні жоқ еді.

 

Кейбір пікірлері оғаштау шыққан кісінің бірі - менің коллегам, өзім сияқты зерттеуші Белгібай Шалабаев14 жолдас. Ол әсіресе Ақылбекті қатарға қосамын деп қара терге түсуде оғат істеді. Және көршілес, туысқан шығыс елдерінің "халықтық дастан" аталатын "Сейфіл — Мәлік", "Таһир — Зуһра", "Шәкір — Шәкірат", "Жүсіп — Зылиха" тәрізді жырларының қатарына "Сал — Салды" қосуы да орынсыз болды. Бұл жыр — Мұхаммед пайғамбар мен оның шариярларының ісләм дінін тарату жолындағы барынша агрессивтік қантөгіс, діншіл озбырлық аңыздарды дәріптейтін шығарма. "Сал — Салды" халықтық дастандармен қатар атау ол дастандарға жаңылыс, жаңсақ бояу жағумен тең.

 

Қожа Ахмет Йассауи туралы сөйлеген Оразалиев жолдастың сөзіне жауап ретінде айтарымыз: Йассауи сияқты адамдарды кітаби жазушылардың да қатарына кіргізуге мүлде болмайды. Йассауи ескі шағатай тілі деп аталатын, беріде, қазірде көне өзбек тілі деп аталып жүрген тілде жазған. Ол тарихқа кірсе, тек өзбек әдебиет тарихына кірер еді. Бірақ мұрасының залалды мистикалық діншілдік, кертартпалық санасы себепті өзбек тарихынан да шығарып тасталған. Бір кезде оны өзбек ұлтшылдары әдебиет тарихына кіргізе бастаса да, кейінгі маркстік-лениндік әдебиеттану негізі бойынша өзбек ғалымдары Йассауиді, жоғарыда айтқандай, әдебиет тарихынан мүлде өшірген. Бірақ сіздің жаңағы айтқаныңыздан бізге керекті бір жай Шортанбай турасынан еске келеді. Тегі, Шортанбайдың түп-тамырын сіз анық нұсқағандайсыз. Ол шынында да сол Йассауиден бері қарай шұбыра келетін "ақырзаманшылар" әулетінен болатын. Зар заманшыл Молда Қылыш қалдырған кейбір шығармалар Кердері Әубәкірдің көп "зарнамасы", беріректе Софы Аллаяр, әріректе Сүлеймен Бақырғани, Мәшірап болып отырып, сатылап сонау XIII ғасырда өлген, кейін "Әзірет сұлтан" аталатын Қожахмет Йассауиге барып тірелетін.

 

Сөйтіп, қорыта келгенде, жарыссөзде сөйлеушілердің біразының сөзінде әдебиет тарихында болған адамдардың, мұралардың дәл бағасын партиялық-лениндік тұрғыдан қатал сынап, дәл берудің орнына, қорғаштау сияқты мінездер көрініп қалды. Кей жерлердің кемшіліктерін жетілту, жетімсізін бүркеуге дейін тақаған кісілер болды. Сол не үшін қажет еді, жолдастар?! Біздің бүгінгі конференциямыз баяғы молдалар айтатын "мақшар таразысы" ма еді? "Айтылды — шешілді, кесілді — өлді" дегендей жан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға