Жаңалықтар

Баспа дизайны – өте күрделі тақырып

Суретші-дизайнер, баспагер, ұстаз Бейсен Серікбаймен сұхбат
Баспа дизайны – өте күрделі тақырып
Фото: qazaquni.kz 13.11.2022 14:00 4835

Суретші-дизайнер, баспагер, ұстаз Бейсен Серікбаймен бүгінгі таңда қоғамда көп талқыланып отырған мәселелердің бірі рәміздер, логотиптер және баспа дизайны туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Бейсен Фуатұлы Серікбай - 1984 жылдан бері Алматы қаласындағы «Тұскиіз» фабрикасында бас суретші, 1987 жылдан бері  «Қазақстан», «Өнер», «Ана тілі», «Арыс», «Елорда», «Раритет», «Мектеп», «Аруна», «АнАрыс», «Қазығұрт», «Глобус», «Баянжүрек», «ОлЖас», «Алаш», «Атажұрт», «Балауса», «Білім», «Баспалар үйі», «Бастау», «Дәстүр» сынды баспа және журналдарда штаттан тыс суретші, «Жазушы» баспасында 25 жыл суретші-дизайнер қызметін атқарған. 

2011 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы. 

Дүниежүзі қазақтары құрылтайы және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы таңбаларының (логотип), Халықаралық «Алаш» сыйлығының, Республикалық «Тұлпар» сыйлығы медальдерінің дизайн авторы.

«Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» (2006), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2020), Еуразиялық Дизайнерлер Одағының «Дизайн саласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2020) марапатталған. 

– Бейсен Фуатұлы, алғашқы сауалды геральдикалық рәміздерден бастасақ. Геральдикалық рәміздер дегенге түсінік бере кетсеңіз? 

– Ерте заманнан қолданыста бар сан түрлі нышандар мен рәміздер, геральдикалық белгілер мен таңбалар ХІ-ХІІ ғасырларда Батыс Еуропа елдерінде гербтерге айналғанын білеміз. Корольдердің сарайларында гербтерді жасап, оның кімге тиесілі екенін анықтайтын, тіркейтін, жүйелейтін және геральдикалық белгілер мен сан түрлі-түсті бояуды дайындайтын мамандарды «герольдтар» деп атаған. Соңынан  геральдика мәселелерімен айналысатын «Геральдия» мекемелеріне біріктірілгенінен хабардармыз.

– Геральдикалық гильдия дейді, Ресейде. Бізде де осыған ұқсас осы саладағы ұйым бар ма?

– Ресейде геральдика ұғымы ХVІІІ ғасырдан бері бар. Ал бізде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Архив істері және құжаттандыру комитетінің Геральдика басқармасы және геральдикамен айналысатын Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия, сараптама кеңесі, геральдикалық зерттеу орталығы және ұлттық орталық бар.  

– Әлеуметтік желілерде, әсіресе фейсбукта қалалар мен облыстардың гербтері мен логотиптеріне қатысты жиі пікірталас болып жатады. Жалпы қала гербі мен логотиптердің қандай ұқсастығы мен айырмашылығы бар?   

– Ең өкініштісі, көп жағдайларда герб (таңба) пен логотипті (белгі) ажырата бермейміз. Герб – өте ауқымды ақпараттарды қамтитын таңба. Мысалы мемлекеттік гербті – мемлекеттік елтаңба дейміз.

Ал логотип қысқа да нұсқа, әрі минимализм бағытындағы белгілерден жасалатын дүние. Ол бірыңғай қаріптерден немесе тек бейнелі суреттерден, кей кездері екеуі бірігіп жазу мен суреттен құралған болуы да мүмкін. Кейінгі кездері заманауи тілмен айтқанда бірыңғай қаріптерден құралған логотиптер (брендтер) трендте. 

Дәл қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында дизайн мамандығында оқып жатқан шәкірттеріміз де логотип жасау үстінде көбінесе қаріптерден құралған жобаларын жиі ұсынып жатады. Осыдан 5-6 жыл бұрын әсем қаламыз Алматының логотипі жаңарғанын жақсы білесіздер. Сол логотипті біздің заңғар Алатаудың баурайындағы, еліміздің ең ірі шаһарының белгісі деуге мүлдем келіспейтінін көгілдір экраннан да айтқан едім. Бізде көбінесе, көретін көз, еститін құлақ табылмай жатады. Жақында ғана жаңадан құрылған Абай облысының логотипін көріп, тағы да таңдай қақтық. Минимализм деген осы екен деп, Абайға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жұмбақ жазуды көрген жұрт, кроссворд шешкеннен арман қиналғаны бар.

– Идея ұрлау деген қазір өте өршіп тұр. Интернеттен дайын суреттерді ала салып өзінің жобасы ретінде жариялай беретін болды. Осыған Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Бұны кейде мен «қанға сіңген індет пе?» деп те қаламын. Басқаны қойып биыл ғана мәртебесін қайта алған еліміздің ең маңызды мерекесі - Республика күніне арналып дайындалған логотипті әлеуметтік желіден аңғара сала: «Мына логотиптегі құс қазаққа тән қыран-бүркітке ұқсамайды және көшірілген сияқты» деп, жазғаным сол екен, сол арада, расында еш өзгеріссіз ұрланғанын дәлелдейтін, егіз қозыдай бір-бірінен аумайтын логотипттерді көріп айтарға сөз таппай қалдық. Бұл енді ұят тірлік. Елімізде логотип жасайтын дизайнерлер жоқ емес бар ғой. Алдағы уақытта идеологияға жауап беретін басшылар осындайда қырағы болса екен деген тілек бар.                                                                                          

– «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» атты сіздің әйгілі логотипіңізді біреулер орынсыз пайдаланып жүр дедіңіз. Осы мәселе жайлы тарқатып айтып беріңізші. Не болды. Қашан болды, соңы немен аяқталды?

– 1992 жылғы қыркүйек айының 28 мен 4-қазан аралығында елімізде тұңғыш рет «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» өткенін баршаңыз білесіздер. Бұл Құрылтайды өткізудің басты идеясын ортаға салып, бүкіл ұйымдастыру шаруаларын атқарған халқымыздың біртуар азаматы, қарымды қаламгер, аса ірі қоғам қайраткері – Қалдарбек Найманбайұлы ағамыз еді. Құрылтай логотипін жобалауға бірнеше суретші атсалысқан болатын (ол кезде дизайнер деген атау жоқ еді). Бұрын мұндай маңызды мәселелер қазіргідей бір басшының шешімен қабылдана салмайтын, Көркемдік кеңес деген ауқымды топтың қалауы білетін еді. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, бәрін қолмен жасауға тура келді. Құрылтай таңбасын таңдауға 19 адамнан құралған арнайы Көркемдік кеңес айлап жұмыс атқарды. Сол Кеңестің құрамында күні кеше ел бойынша 90 жылдық мерейтойын атап өткен Шерхан Мұртаза ағамыз да бар еді. Шерағаң кеңестің бір отырысында өзінің шыншыл да, тура айтар мінезіне тән маған қаратып: - «Әй, бала, сен «Қазақтың киіз үйі» дегенді көрген бе едің? Көрсең, білсең, тіпті оның ішінде тұрған болсаң, жаман ырымды бастап шаңырақты неге сындырдың?» дегені. «Шаңырақ сынбаса неге Құрылтай өткізгелі жатырмыз» деуге оқталғанымда, сұңғақ бойлы Қалағаң (авт. Қалдарбек Найманбайұлы) алыстан қолымен «отыр» деген ишарат білдірді де, Кеңес мүшелеріне қаратып: - Мына шаңырақ әдеттегідей шеңбер тәрізді емес, доғал екенін, яғни, «жолымыз оң болсын!» деген мақсатта оңға қарай бағытталғанын, шаңырақтан шығып жатқан түтін іспеттес, қолмен жазылған «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» деген жазудың «түтініміз ешқашан сөнбесін!» деген мағынада ойластырылғанын, түстері Алаштың ала туының негізінде екенін, барлық Көркемдік кеңес мүшелеріне мәнерлеп жеткізді. Содан соң ғана, Шерағаның ашуы басылғандай болған сәт күні бүгінгідей көз алдымда. Шаңырақтың сынған бұрышы тура 30% жуық, бұл шетелдегі ағайынның орны. Құрылтайдың мақсаты сол орынды толтыру деп санадым. Содан бері міне тура 30 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдары аталмыш белгінің аясында 5 құрылтай өтті. Ең соңғы «Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайы» Астана қаласында ЭКСПО-мен қатар ай мен күні бірдей уақытта өтті. 

Құрылтайдың өткеніне небәрі 3 айдан соң, «Лениншіл жас» газетінің 1993 жылғы алғашқы саны осы құрылтайдың логотипімен шыққанын көріп, аң-таң болғанбыз. Шаңырақты еш өзгеріссіз қалдырып «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» дегенді алып тастап, орнына «Лениншіл жас» деп бадырайтып жазып шығарыпты. Содан газеттің редакциясына барып шағым айтқанымда: - «Бар қазаққа ортақ шаңырақ қой, онда тұрған не бар» деп, одан арман таңданбасқа амал қалмаған кездер де болған. Ақыры ешқандай дау-дамай, от-сотсыз ары қарай қолданбауға уәделесіп қайттық. Бұдан кейін де дәл сол Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жеке кәсіпкерлер өз мекемелерін күн сайын тіркеп, логотиптерін бекітіп жатқан сәт еді. Бұл уақытта да Құрылтай белгісі талай ұрлықтың құрбаны болды. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ, жаңалықтарды тек қана көгілдір экраннан, көшеден, басылымдардан ғана көре алатынбыз. 

Ал, енді қазіргі технологияның дамыған шағында да, сол баяғы ұрлық әлі тоқтар емес. Көбінесе шаңырақты адам көргісіз қисайтып, «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» немесе құрылтайдан кейін ашылған «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» атты қоғамдық ұйымның логотиптеріндегі жазуларды түпнұсқадағыдай қолмен жазылғанын емес, көп жағдайда компьютерде тере салатын тұстары да болды. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» бұрын Алматы қаласында еді, ол кездерде күнделікті қарым-қатынаста болдық, ондай келеңсіздіктер орын алмайтын. Қазір ол мекеме Астана қаласында ауысқандықтан бұрынғыдай байланыс жоқ. Кей кездері тіпті, басқаны қойып, осы Қауымдастықтың өзі, өз таңбасын соңғы 5 жыл көлемінде талай рет өзгерістерге ұшыратқан сәттері де бар, амалсыздан әлеуметтік желінің көмегімен талай рет ескерту жасап түзеттірген күндер де болды. 

– 2011 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дизайн мамандығын және 2018 жылы «Дизайн» мамандығы бойынша магистратура ашуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мұндағы мақсатыңыз баспа саласында қызмет ететін дизайнер шәкірт дайындау болды ма. Себебі әр баспаның безендірілуі әртүрлі болып келеді ғой. Қазіргі баспа дизайны туралы не айтасыз?

– Иә, әрине. Баспа дизайны – өте күрделі тақырып. Мен бұл салаға 1987 жылы келдім. Содан «Жазушы» баспасында тапжылжымай тура 25 жыл еңбек еттім. Сол уақыттың тілімен айтқанда, кіші көркемдеуші редактор, көркемдеуші редактор, бас суретші қызметтерінде болдым. Ол кезде баспа дизайны министрлік арқылы басқарылып, бас суретшінің қадағалауында, ай сайын кем дегенде 2 рет республикалық Көркемдік кеңес арқылы әр басылымның безендірілуі, қазіргі тілмен айтқанда дизайны талқыға түсу арқылы өндіріске жіберілетін. Бұрынғы Кеңестер одағының барлық Ресубликаларының арасында аса ірі деңгейде кітап безендіру саласының байқаулары жыл сайын кезекпен өтіп тұратын. Кітап суретшілері үшін бұдан үлкен мереке болмаған. Бір-біріміздің еңбектерімізді тірідей қолмен ұстап, көзбен көріп бағалап қайтатын кездер еді. 

Қазіргі жағдай мүлдем басқа, әрине баршаға топырақ шашудан аулақпын, бірақ көбінесе әр баспа өз білгенін істейтін уақытқа тап болдық. Бір байқағаным кейбір баспалар сапалы өнім шығарудың орнына, қаражатты қатты үнемдейміз - деп кітап, газет-журнал, тіпті қазіргі сайттар дизайнына да немқұрайдылық танытуда.

– Елімізде баспа дизайнының тарихы бар ма. Кәсіби түрде айналысып жүрген кімдерді айта аласыз? 

– Болғанда қандай, өткен ғасырдың 60-80 жылдары басқа салалармен қатар кітап графикасына да «сен тұр мен атайын» дейтіндей аса ірі дарын иелерінің үлкен легі келген болатын. Сол кездегі аттарынан ат үркетін кітап графикасының суретшілері: Әлімхан Смағұлов, Мақұм Қисамединов, Исатай Исабаев, Әділ Рақманов, Евгений Сидоркин, Альберт Гурьев, Кәрім Бекенов, Балтабай Табылдиев, Бақыт Машрапов, Темір Ордабеков, Нағым Нұрмұхамедов, Хасен Абаев, Табылды Мұқатов, Қадырбек Каметов, Қансейіт Төреқұлов, Ғани Баянов, Байзақ Жапаров, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Бейсебек Ақанаев, Азат Байсеркеев, Александр Ерискин, Хасан Баймұратов, Александр Тіленшиев, Леонид Тетенко, Слава Ким, Нэлли Бубэ, Балтас Оспан, Ерлан Қожабаев, Шайзада Байкенова, Виктор Логинов, Сағи Ахтанов,  Жұмабай Болатаев, Өмірбек Тілеулиев, Роза Қойшыманова, Бекен Жапаров, Нұрмұхамед Наурызбаев, Нұран Айымбетов, Светлана Макаренко, т.б. Міне осы тұлғалардың әрқайсысы баспа дизайнының таусылмас тарихы. Әттең, қазір бұл шеберлердің көбі арамызда жоқ, біразы тіпті ұмыт бола бастады. Арасында әрқайсысына арнап кітап жазып немесе диплом тақырыбына арқау етіп шығармашылықтарын зерттеуге сұранып тұрғандары қаншама. 

– Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесісіз, ол ұйым қазір немен айналысып жүр?

– Иә, 1992 жылдан Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесімін. шындығын айтар болсақ, жалғыз бұл Одақ емес, мен білетін Суретшілер, Сәулетшілер одақтарына да мемлекет тарапынан ешқандай көңіл аударылмайды. Қазақстан Дизайнерлер одағының басында баспана да жоқ, қазір басқаның босағасын паналап отыр. Яғни, Қазақстан Жазушылар одағы сияқты өз алдына иеленген ғимараты жоқ. Алдағы сайлаудан кейін егер шынымен «Әділетті Қазақстан» құратын болсақ, соның басты жоспарларын жүзеге асыратын Дизайнерлер одағына жайлы орын табылар деген сенімдемін. Қазақстан Жазушылар одағының әйгілі де, әдемі ғимаратын бұл ұйымға кезінде халқымыздың біртуар тұлғасы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атамыз тікелей өз пәрменімен бергізген екен. Енді мұндайда тек қазақи дәстүрмен «алдағы сайланатын мемлекет басшысының құлағына алтын сырға» демекпін.

– Өзіңіз қазір немен айналысып жүрсіз. Шығармашылығыңыз туралы айта отырсаңыз. Алдағы уақытта қандай сүбелі жобаңызды көре аламыз?

– Қазір кейінгі 10 жыл көлемінде өзіңіз білетіндей әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасындағы дизайн мамандығы бойынша шәкірттер тәрбиелеудемін. Әсіресе, ХХІ ғасырдағы графикалық дизайн саласының маманы заманауи технологияны жетік меңгеруі тиіс деп білемін. Сондықтан студенттерге 1-курстан бастап ең алдымен компьютердің құлағында ойнау керектігін құйып, соны сіңіруге тырысамын.

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойлары өтуде. Осы ғұламалардың әрқайсысының 5 томдық шығармалар жинақтары жарық көрмек. Маған осы басылымдардың сыртқы, ішкі дизайнын жасап шығу тапсырылған, қазір аяқтау сатысына жетіп, енді өндіріске дайындау үстіндемін.

Былтыр Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Almaty gallery залында 1-ші халықаралық плакат көрмесі өтті,  соған 4 шәкіртіммен бірге қатыстық. Ендігі плакат көрмесі Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында өтеді деп жоспарлануда, оған да қатысу ойда бар.

Күні кеше ғана Республикамыздың ең ірі мәдени орталығы Алматы қаласындағы орталық мұражайынан үлкен ұсыныс түсті. Қазір бұл мұражай аса ауқымды күрделі жөндеуден өтіп жатқан көрінеді. Бізге ғимараттың кіре берісінен бастап ішкі дизайнын жобалау жүктеліп отыр, сәтін салса алдағы уақытта осы ірі жобаны қолға алмақпыз, жұмыс өте ауқымды болатын сияқты, бәріміз соның нәтижесін бірге көрейік.

– Дизайн саласына қатысты қазақ тіліндегі оқулықтар шығару мәселесін қозғамай өте алмаймын. Бұған Сіз қандай үлес қосып жатырсыз?

– Бізде қай сала болмасын қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Ал, дизайн саласына келетін болсақ, басқалармен салыстырғанда орыс, ағылшын тағы басқа тілдерде шыққан оқулықтар жетіп артылады. Дәл дизайн мамандығы бойынша қазақ тілінде оқулықтардың жоқ болуының бірден-бір себебі ертеректе, біз оқыған тұста «дизайн» деген ұғым болмаған, соның да әсері бар болуы мүмкін. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы алғашында 1978 жылы Театр және көркемсурет институты деп ашылған. Қазіргі дизайн мамандығы ол кезде «өнеркәсіп графикасы және орау» (промышленная графика и упаковка) деп аталды. Көп жылдар өте келе ғана дизайн атауына ауысты.

Оқулық жазу ісі көп ізденісті қажет ететін, аса жауапкершілігі мол, қыруар уақытты талап ететін шаруа. Өздеріңіз білесіздер, қазір дәл осы графикалық дизайн саласын жетік меңгерген оқытушылар өте аз, ал білікті өндірісте жүрген мамандар жеткілікті. Бірақ, бір кедергі болатын жері олардың арнайы оқыған ғылыми дәрежелері жоқ, сондықтан бекітілген заңдарға сәйкес ұстаздық қызмет атқаруға рұқсат етілмейді. Әйтпесе сол кәсіби дәрежелері әлем деңгейіне теңдесетін мамандар дәріс беретін болса, олардың әрқайсысы тұла бойы толған тірі оқулық болары сөзсіз еді.

Қазір бізде соңғы 3-4 жыл көлемінде дизайн мамандығында оқып бітірген магистранттар бар. Сол түлектерге магистрлік жұмыс ретінде оқулық жазу мәселесі алға қойылып, қорғап шығатын болса, осы мәселеде бір қадам болса да алға жылжуға болар еді деген ұсыныс айтар едім.

Ал енді алдағы уақытта кафедрамызда докторантура ашу да жоспарда бар, ол кезде әр докторантқа кем дегенде бір оқулық жазу тапсырылса, құба-құп болар еді.

Сырлы сұхбатыңызға көп рахмет. Шығармашылық шабыт тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға