Жаңалықтар

Ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтеріледі

Медицина саласын дамытуға 460 млрд теңге жоспарланды. Оның 40 %-ы ауыл-аймақтарға бөлінеді
Ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтеріледі
Фото: El.kz 24.11.2022 12:40 1960

Орталықтан шалғай орналасқан елді мекендерде аурухана түгілі стационар да жоқ. Кейбірінде дәріхана табудың өзі қиынға соғады. Денсаулық сақтау министрі де өңірлердегі мүшкіл жағдайды жоққа шығармайды. Елді мекендерде дәрі де, дәрігер де тапшы, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттің басты күші – халық. Елдің алға қарай жылжуы да тікелей адамға қатысты. Қоғамның әл-ауқаты, білімі мен денсаулығы бірінші назарда болу қажеттілігі мәселелер тізбегінің алдыңғы қатарынан түспегені мәлім. Демографияның өсуі аталған мәселелерді көпке созбай шешуді талап ететіндігін көрсетеді.

Денсаулық сақтау министрінің соңғы мәлімдемесі бойынша, 650 елді мекенде емдеу орталықтары жоқ. Ендігі екі жылда бұл ауылдарда медициналық бөлімшелер салынып, қажетті құралдармен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Бұл – Президенттің жарлығынан кейін қабылданған шешім. Ал кейбір аймақтардағы жұмыс жасап тұрған ауруханаларды көпбейін етіп жабдықтап, жаңа бөлімдер ашу арқылы төрт миллионнан астам адамға қызмет сапасы артады.

Ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымның тозуы халықты алаңдатуда. Республика бойынша жүргізілген медициналық объектілерді тексеру қорытындысына сәйкес 200-ден астам тұрғылықты жерде медициналық көмек беретін мекеме жоқ, 400-ге жуық объекті жалға алынған, кейбірі авариялық ғимаратта шоғырланған. Осы ретте жаңадан қабылданған ұлттық жобаның жоспарында 32 аудандық аурухананы жаңартып, көпбейінді мекемелерге айналдырмақ. Оның ішінде ұйымдастыру жұмыс істеп тұрған 12 аурухананы жаңғыртуды және 20 жаңа аурухананы ұйымдастыруды көздейді.

«Медицина саласын дамытуға 460 млрд теңге жоспарланды. Оның 40 пайызы ауыл-аймақтарға бөлінеді. Сондай-ақ ауылдағы ауруханаларға әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің көлемі аясында 300 млрд теңгеге жуық шығыстар қарастырылған. Сонда ауылға 500 млрд теңгеден астам инвестиция салынады», – дейді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова.

Ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтеріледі

Ендігі жобаның жоспары бойынша ауылдық мекендерде хирургия, оңалту, инсульттен емдеу медициналық қызметтер жұмыс жасайтын болады. Оларды заманауи медициналық жабдықтармен де қамтамасыз ету жоспарлары көзделді. Бұл бағытта қазірдің өзінде нәтижелер бар. Шілде айынан бастап 230 аймақта 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды.  Бұл аймақтардың кейбірінде жедел-жәрдем пунктері болмағандықтан фельдшер маман науқасқа рецепт жазуға құқылы.

Денсаулық сақтау обьектілері жоқ шет ауыл-аймақтарды айтпағанда, елорда іргесінде орналасқан Қосшы қаласында мекеме болғанымен, толық ем алуға мүмкіндік жоқ.

«Жағдай толық жасалмаған. Жалдамалы мекемелерді жұмыс жасап тұрған екі аурухананың жай-күйі айтарлықтай мәз емес. Маман жетіспеушілігі бірден байқалады. Қосшы қаласы статусын алғанмен де, әзірге Астана қаласына барып қаралып жүрміз», – дейді тұрғындар.

Ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтеріледі

Ауылдық жерлерге қызмет етуге барған денсаулық сақтау қызметкерлеріне арнайы жәрдемақылар қарастылырылған. Алайда кейбір ауыл аймақтарда мүлдем берілмейді деген қауөсеттер бар. Кадр тапшылығы алаңдатарлық мәселе. Дегенмен сапалы жағдай жасалса, жұмыс істеуден қашатын маман болмайды деп ойлаймыз. Қазірдің өзінде шет аймақтардағы мекемелерге 1700 маман қажеттілігі туындауда.

Ұлттық жобада кадр қажеттілігін толық қамту үшін алғашқы көмек ұйымдары үшін 307 және көп бейінді аудандық орталық ауруханалар үшін 793 медицина қызметкерін құрайды.

«Әкімдіктермен бірлесіп бұл мәселе медицина кадрларын әлеуметтік қолдау және қайта даярлау шеңберінде шешілетін болады. Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 МСАК объектісін салу бойынша дайындық жұмыстары басталды, оның ішінде 253 - медициналық пункт, 160 - дәрігерлік амбулатория және 242 - фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады», – дейді денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтар – ангиограф, сараптамалық кластағы ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, реанимациялық, медициналық оңалтуға арналған  жарақтар және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға