Ішек жұмысы бұзылысының 6 залалы

Ішек аурулары ағзаға қалай әсер етеді?


Адам организмі бір-бірімен тығыз байланысты. Кейбір сырқаттар басқа ағзаға кері әсерін беріп жатады. Мәселен, ішекте адам тәніндегі барлық мүшелермен әрекеттесетін триллион бактерия өмір сүреді. Соңғы жылдары ғалымдар ішектердің адамның көңіл-күйіне қалай әсер ететінін анықтаған секілді. Бір қызығы, ас қорыту жүйесі теріден бастап бүйрекке дейін көптеген ағзалармен тығыз байланыста. Мәселенің бәрі – бактерияда болар...

Кей факторлар (генетикалық бейімділік) адамға еш қатысы жоқ дегеннің өзінде де тамақтану мен өмір салты өз қолымызда. Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, дамыған елдердің 90% тұрғындары ас қорыту жүйесіндегі аурулармен бетпе-бет келеді екен. Мысалы, ішек аурулары, оның ішінде Корен ауруы мен ойық жаралар колиті тексерілген 100 мың адамның екі жүзінде табылған. Өкініштісі, олардың көбі жастар. Әйелдер мен ерлер бұл сырқатқа брдей шалдыға береді, яғни ауру жынысқа бөлінбейді. Ішек аурулары кездескен науқастардың біразы ішек тітіркену синдромына ұшыраған. Оның әлемдегі пайыздық көрсеткіші 20%-ды құрайды. Статистика бұл дертке әйелдер ерлер қауымына қарағанда 2-4 есе көп шалдығатынын айтады. Сол сияқты олардың орта жасы 30-40-ты құрайтын болып шықты.

Тоқ және аш ішек ауруының белгілері

Дәрігер-терапевт Таңшолпан Қуатбекова ішек дертінің барлық симптомдарын бірнеше топқа бөліп қарастыруға болатынын айтады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы  – аурсыну синдромы мен нәжістің бұзылуы (диарея, іштің қатуы). Сонымен қатар патология белгілерінің ішінде метеоризм, тәбеттің бұзылуы, нәжістегі патологиялық қосындының болуы (қан, шырыш), салмақтың азаюы мен алмасу процессінің бұзылысын қосуға болады. Бұл симптомдар ішектің барлық бөлігіне әсер етіп, түрлі белгілер арқылы көрінуі мүмкін.

Іштің ауруы

Ішек патологиясындағы ауырсыну синдромына түрлі нәрселер әсер етеді. Олардың қатарына ішке түскен тамақ пен  дефекацияны қосуға болады. Ал аш ішектің дертін кіндіктің айналасы ауырғанынан байқаймыз. Ол кезде науқастардың кіндігінің айналасы шаншып белгі береді. Ал тоқ ішек сырқатының ауру сезімі бүйірге қарай өтеді. Олар дефекациядан кейін немесе іштегі желді шығарған соң басылуы мүмкін.

Диарея

Бұл іштің өтуі белгісімен көрінеді. Яғни, тәулігіне үш реттен артық сұйықтық нәжіс ретінде пайда болатын синдром. Көп жағдайда іштің ауруы, дене қызуы, құсу секілді белгілермен қоса жүреді. Диареяның өткір және созылмалы түрі бар. Созылмалы диареяға ішектің тітіркену синдромы, ойық жара колиті, Крон ауруы, тоқ ішек рагы секілді себептер әсер етіп жатады. Іш өту екі тәуліктің ішінде қайтады. Бұл күндері дұрыс тамақтанып, бастысы ағзаны қатты құрғатып алмау керек.

Іштің қатуы

Ұзақ уақыт нәжістің сыртқа шықпауы тоқ ішектегі проблемамен байланысты болады. Көбінесе ол диареямен аяқталып жатады. Айтпақшы, іштің қатуы әрдайым ішектің ауруымен байланысты бола бермейді. Ол дені сау адамдарда тамақтанудың бұзылысынан, аз қозғалысты өмір салтынан, кей препараттың жанама әсерінен туындап жатады. Оған қоса, жүйке және эндокриндік жүйесі арқылы белгі береді.

Іштің кебуі

Ауаның жиналуы ішектің барлық бөлігінде туындай береді. Ол кейде ішектің  тітіркену синдромымен де байланысты болып жатады. Симптом көбінесе кешкілік уақытта мазалайды. Түн ауа бұл ауырсыну сезімі басылады екен.  

Зат алмасудың бұзылысы

Дене салмағының азаюы, анемия, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеуі (ауыз жиектерінің жарылуы, тері құрғауы, нүктелі қан құйылу) – аш ішектің көп таралған ауруларының белгілері. Зат алмасудың бұзылуы сіңіру қызметінің бұзылумен байланысты болып келеді. Әйелдерде аш ішектің бұзылысы етеккірге де қатысы бар.

Терапевт ішек дерті басқа ағзаларға қалай әсер ететінін айтты

Ішек теріні бұзуы мүмкін

Бөртпе, құрғақ, қабыршақтану теріге әсер етіп, адамның сыртқы келбетін бұзуы мүмкін. Бұл проблема ас қорыту жүйесімен тікелей байланысты. Тері басқа ағзалар секілді ішектегі кемшілікке бірден жауап береді. Бөртпе – ең кең таралған реакцияның түрі болып табылады. Мәселе қайда жатыр? Экзема, қызару, бөртпе – ішекке жеткен затқа иммунитеттің жауабы. Көп жағдайда мұндай аллергиялық жауап кейбір тағамдарға орай туындайды. Бастысы, қай тағамдар екенін анықтап, оны рационнан сызып тастаса болғаны...

Ішек пен ми жұмысы арасындағы тығыз қарым-қатынас

Бір қарағанда миға ішектің жұмысының еш қатысы жоқтай көрінеді. Бірақ, олар бір-бірімен тығыз әрекеттесетін болып шықты. Ішек жасушалары көптеген процестерге, әсіресе көңіл-күйге жауап беретін серотонин гормонын өндіреді. Ішек микрофлорасы иммунды жүйенің ақуызы боп саналатын, өз кезегінде миға әсер ететін цитокининнің өндірісіне қатысады. Ішектегі микробтар гематоэнцефалдық тосқауылға әсер ететін затты өндіреді. Анығын айтқанда, бұл миды қандағы түрлі зиянды нәрселерден сақтайтын ми мен қантамыр жүйесінің арасындағы сүзгі. Қазірде ішек микробтары жүйке жүйесіне қалай әсер ететіні жөнінде зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл қиын процесс болғандықтан, әлі нақты жауап шыға қойған жоқ. Десе де, бір нәрсе анық: адамға сау ішек ауадай қажет. Әзірге ғалымдар адам денсаулығына ішектің жұмысы тағы қалай әсер етенін анықтап жатқанда, біз күн сайын рационымызға көкөністерді қосу арқылы ішектің жұмысына көмек бере аламыз.

Ішектің иммунитетке ықпалы зор

Күнделікті тамақ арқылы бізге жат ақуыз бен патогендердің көптеген саны түсіп жатыр. Олар түрлі аурулар тудыруы мүмкін. Сондықтан ішек тезірек ол заттарды бейтараптандырып, ағзаға зиянын тигізбеуді ойлайды. Осы үшін ішекте микрофлоралар өмір сүреді. Иммунды жүйенің көп бөлігі сол ішекте орналасқандықтан, оның барлық ағзаға әсері заңдылық боп есептеледі. Ішек жұмысының бұзылысы демікпе, бас сақинасының ауруы, аллергия, мен аутоиммунды сырқаттарға (бұл иммунды жүйенің жасушалары өз ағзасына шабуыл жасайтын дерт) алып келуі ықтимал.

Ішек бүйрекке де әсерін тигізеді

Бүйрек пен тоқ ішек организмдегі су-тұз теңгерімін реттеуге көмектеседі. Сонымен қатар бүйрек қан арқылы ішекке немесе асқазан-ішек жолдарында өмір сүруге бейімделген бактериялар арқылы түсіп кетуі мүмкін ағзадағы суда ерігіш токсиндерді тазалаумен айналысады. Сол себепті, ішектің шырышты қабығының бұзылысы бүйрекке кері әсерін тигізіп жатады. Бұл жағдай ішек тітіркенгіш синдромы кезінде кейбір антибиотиктерді қабылдағанда туындайды. Шырышты қабық нашар жұмыс істегенде ішектен қанға түсетін зиянды заттар көбейетіндіктен, иммунды жауап та күшейе түседі. Мұның барлығы жүйелік ісіп-қызару процесіне әкеліп, бүйрекке қиын соғады. Соңында тіпті созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне дейін жеткізіп жатады.

Бауырдың саулығына да ішек жауапты

Бүйрек секілді бауыр да организмді тазалауға көмектеседі. Ішек арқылы қанға түскен заттардың барлығы бауырға келіп жетеді. Барлық заттар, гормондар, токсиндер, медикаменттер мен тағамдардың ыдырауы бауыр арқылы өтіп, өтпен бірге ішекке жетеді. Ал ішекте оларды жою оңайға соғады. Ішектің қалыпты жұмысының өзгерісі немесе ішек қабығының бұзылысы бауырдың созылмалы дертіне шалдықтыруы әбден мүмкін. Тіпті қиын жағдайда оның құрылымына да әсер беріп, қалыпты ағза тіні жұмыс істемейтін тінге ауысып фиброзды дамытады.

Біздің салмағымыз ішекке байланысты

Біздің салмағымыз қалай тамақтанғанымызға байланысты болатыны белгілі. Алайда, кейде ішектегі бактерияларға да байланысты өзгерістер орын алады екен. Салмақ қосу үшін қоректік заттарды көбірек пайдалануға тура келеді. Осы жердегі мына бір қызыққа назар салыңыз:  ішекте өмір сүретін кей бактериялар (пробиотик) біз қабылдаған тамақпен күн көреді. Яки бізге өзімізді ғана емес, бактерияларды да қоректендіруге тура келеді.

Ішекке қалай көмек бере аламыз?

Біздің ішегімізде қажетті мөлшерде өмір сүріп жатқан пробиотиктер – тірі микроағзалар, пайдалы бактериялар. Алайда, олар жақсы жұмыс істеу үшін ілгеріде айтқандай «тамақтандырып» тұру керек. Пробиотиктарға жағдай жасау үшін дәріханаға жүгірудің қажеті шамалы. Тек арнайы диета ұстанып, қажетті азық-түлікпен қоректенсеңіз жеткілікті.

Ол үшін біз ұсынған тізімге көз жүгіртіп шығыңыз:

- Нан және нан-бөлішке өнімдері: бидай наны, кешегі нан, құрғақ бисквит, құрғақ печенье, іш жүрмей қалғанда кебек наны, қарабидай наны;

- Сорпалар: майлылығы аз етпен немесе жарма, вермишель және көкөністен әзірленген балық сорпасы;

- Балық және еттен дайындалған тағам: майсыз ет және пісірілген балық;

- Көкөністі тағам немесе гарнир: картоп, кәді, сәбіз, асқабақ, түрлі-түсті орамжапырақ;

- Жармадан, макароннан әзірленген тағам: суда пісірілген, аз сүт қосылған түрлі ботқалар, буға дайындалған пудинг, суда қайнатылған вермишель;

-  Жұмыртқадан дайындалған тағам: шала пісірілген жұмыртқа, буда әзірленген омлет;

- Тәтті тағамдар: жеміс-жидек, кисель, компот, желе, мусс, тәтті жеміс-жидектен дайындалған суфле, піскен алма мен алмұрт, балғын мандарин мен апельсин және тәтті жеміс-жидектен дайындалған шырындар;

- Сүт және сүт өнімдері: қышқылсүт өнімдері, ащы емес сыр, балғын сүзбе;

- Сусындар: итмұрын қайнатпасы, қатты ащы емес шай мен кофе;

- Майлар: кілегейлі май тек дайын тамаққа қосылуы керек және маймен қоса дайындалған бутербродтарды жеуге болады.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)


Ұқсас материалдар