Жаңалықтар

Елорда жаршысы

Астанамен бірге дамыған басылым
Елорда жаршысы
10.09.2017 10:30 3770

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақстандық баспасөзде мәдениет, рухани тақырыбы ерекше қарқынмен, жаңа леппен жазыла бастады. Тақырып аясы кеңейді, зерттеу нысандары жаңарды. Мәдениет саласындағы проблемаларды батыл қозғау үрдісі қалыптасты. Бұл үрдіс тарихы еліміздің тарихымен қатар өрбіген «Астана ақшамы» газетінде де айқын байқалады.

Мәдениет тақырыбының барынша жан-жақты, тереңдетіліп жазылуы басылымның таралымы көбейіп, танымалдығының артуына әсер еткен оң факторлардың бірі болғаны сөзсіз. Әсіресе, жазушы, ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, мәдениет тақырыбындағы көптеген публицистикалық дүниелердің авторы, журналист Жанболат Әлиханұлы, жазушы Дидахмет Әшімханұлы, белгілі журналист, ғалым Бауыржан Омаров, «Айқын» газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп сынды республикаға танымал тұлғалар басшылық жасаған жылдарда «Астана ақшамы» газеті қазақ мәдениетінің, салт-дәстүрінің, әдебиетінің жоқтаушысына, өңірдегі бірден-бір насихатшысына айналды. Мәдениет пен руханият саласының өкілдері саналатын аталған азаматтар басылым бетінде өздерінің қолтаңбасын қалдырып қана қоймай, «Астана ақшамының» да өзіндік қолтаңбасының қалыптасуына үлес қосты. Осы игі үрдіс күні бүгінге дейін сақталып келе жатыр.

«Астана ақшамы» газетінде жазылатын мәдениет тақырыбындағы материалдар негізінен мына тақырыптарды қамтитынын байқадық: театр өнері, кино өнері, бейнелеу және мүсін өнері, ұлттық әдебиет, Алаш идеясы, заманауи музыка өнері, әлемдік мәдениет, мемлекеттік тіл...

Қамтылатын тақырыптың аясы айтарлықтай кең. Жанрлық жағынан да әркелкілікке көңіл бөлінеді. Сұхбат жанрындағы, оның ішінде диалог сұхбат, портреттік сұхбат, жедел сұхбат, ақпараттық сұхбат, ұжымдық сұхбаттар жиі кездеседі. Басылымның әр нөміріне жуығында мұндай дүниелер бар. Монолог сұхбаттар сирек екенін де айта кету керек.

Басылым бетінде танымал әншілермен қатар, дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген журналистер бар. Бұл орайда, Асхат Райқұл, Қымбат Тоқтамұрат, Нәзира Байырбек, Аманғали Қалжан сынды журналистердің шығармашылығы жарқын мысал бола алады. Мәдениетті тек эстрада әншілерімен сұхбаттасу, солардың өмірбаяны мен ойларын айту деп түсінетіндер көбейген қазіргі қоғамда аталған журналистердің қаламынан туған сүбелі сұхбаттар, ой-толғаныстар мақтауға тұрарлық. «Астана ақшамындағы» осы тектес сұхбаттар әншілердің жалаң өмірбаянынан немесе алдағы жоспарларынан тұрмайды. Онда әнші мен әннің тарихы, өнер иелерінің мұң-мұқтажы, жұртшылық санасында орын алған үлкен туындылардың шығу тарихы, танымал тұлғалар мен қоғамның арасындағы қайшылықтар сынды маңызды деректерді кезіктіруге болады. 

Бұдан өзге театрлардағы премьераларға және кинопремьераларға, жаңа кітаптарға жазылған рецензиялар да айтарлықтай жиі жарияланады. Кейбір рецензияларда жанрға тән ерекшеліктер ескерілмейді, мазмұны ағынан байыта түсуді қажет етеді. Автор туындыға көпшіліктің атынан баға беріп, өзіндік субъективті пікірін қалың елдің атынан айтатын жерлері де бар. Бұл «Астана ақшамы» журналистеріне ғана емес, жалпы қазақ баспасөзіндегі мәдениет тақырыбында жазып жүрген журалистердің көпшілігіне тән деген пікірдеміз. Оның түпкі себебін салалық журналистиканың қалыптаспауынан іздеген жөн. Басылымдағы рецензиялардың сапалық, мазмұндық ерекшеліктеріне осы дипломдық жұмыста шолу жасауға тырыстық.

«Астана ақшамы» газетінде мәдени ақпарат ұсынумен қатар, тұсауы кесілген өнер туындысының, не болмаса шараның мақсатын, сапасын, қоғам өміріндегі алатын маңызын сараптайтын дүниелердің жиі жариялануы көз қуантады. Бұл мәдени тақырыпты қаузап жүрген журналистің шығармашылық біліктілігін көрсететін белгілердің бірі.

Басылымда очерк, жолжазба жанрындағы дүниелер сиректеу кездеседі. Фелетон, памфлеттер жоққа тән. Есесіне сапалы әрі жанрға бай музыка, көркем әдебиет, мүсін, кескіндеме, кино, би, көркем әдебиетке қатысты материалдар мол. Мәдениет саласын дамытудағы мәселелерді ашып көрсеткен, мәдениет пен әлеуметтік мәселелер ұштастыра жазылған проблемалық мақалаларды ерекше атап өткен жөн.

Қалалық газет ретінде елорданың мәдени, рухани тыныс-тіршілігі басылым бетінде тұрақты түрде көрініс тауып келеді. Бас қалада өтетін республикалық, тіпті, халықаралық маңызы бар шаралар бір материалмен шектелмей, кешенді түрде насихатталады. Мұндай айтулы оқиғаларды насихаттау науқанында ақпараттық хабарлар алдыңғы орынға шығады. Ақпараттық хабарламалардың қарапайым халық үшін анықтамалық маңызы зор деп білеміз. Астана әкімдігінің мәдениетке қатысты сұхбаттарын, мақалаларын тұрақты түрде жариялап тұру үрдісі байқалады.

Басылым ақпаратты дер уақытында жылдам тарату үрдісінен қалыспайды. Дегенмен, газеттің ғаламтордағы нұсқасы басылым жарыққа шыққаннан кейін ғана жаңарады. Газеттен тыс, мәдениет тақырыбындағы өзге материалдар интернеттегі нұсқада жоқ. Ақпаратты жылдам ұсыну басты талапқа айналған қазіргі үрдісте бұл басылымның оқырмандар санын көбейтуіне айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз. Дегенмен, кешігіп жарияланса да, сапалы контенттердің көп екендігін атап өткіміз келеді. Себебі, контент қалыптастыруға редакцияның кәсіби журналистерден жасақталған ұжымы жұмыс істейді.

Біз сөз етіп отырған тақырып бойынша материалдар газет бетіндегі «Мәдениет» атты арнайы айдарда жарияланады. Сонымен қатар, газеттегі «Руханият» айдарында, ондағы «Алқоңыр», «Таным» сынды шағын айдарлармен  көбіне-көп музей, аса құнды ұлттық жәдігерлер, ежелгі жазбалар сынды салмақты тақырыптағы материалдар беріледі. Осы аталғандардың да ұлт мәдениетіне ұштасып жатқаны сөзсіз.

Мемлекеттік тілді дамыту, үш тұғырлы тіл идеясы, зияткерлік ұлт қалыптастыру, мәдени мұра бағдарламасы, Астана идеясы, елордадағы әлемдік діндер көшбасшыларының съезі, толеранттылық, көпұлттылық, еуразияшылдық идеясы, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу, тағы да басқа Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылып отырған идеяларды оқырманға жеткізу «Астана ақшамы» газетінде жарияланатын материалдардың негізгі өзегі болып табылады. Газет бетіндегі соңғы бірнеше жылдың бедерінде жарияланған мәдениет тақырыбындағы материалдарды сараптай келе, басылым осы міндетті өз дәрежесінде атқарып келеді деген қорытындыға келдік.

Мәдениет тақырыбын жазатын журналистердің иығындағы жауапкершілік жүгі де зор. Мәдениет туралы жазу – салт-дәстүр, өнердің барлық түрлерін, әдеби мұраларды насихаттауды, мәдениетті ежелгі дәуірден бастап күні бүгінге дейінгі тарих ұштастырып зерттеуді қажет етеді.

Аптасына үш рет жарыққа шығатын «Астана ақшамы» газетін тұрақты ақпаратпен қамтамасыз етудің өзі кәсіби біліктілікпен қатар, журналистік этиканың сақталуын талап ететіні сөзсі. Халықтың мәдени санасын жетілдіруде бұл басылымның атқарып отырған жұмысы ерекше зор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға