Жаңалықтар

24 мамыр кинопремьералары

Аптаның үздік кинопремьералары
24 мамыр кинопремьералары
24.05.2018 11:09 3277

«Жұлдызды соғыстардың» спин-оффы, ата-ана мен мектеп бітірген қыздардың проблемасына арналған комедия, сырбаз ханзада туралы және орыс ертегісіне негізделген мультфильмдер, сектанттар туралы хоррор және Ресей жазушысы Сергей Лукьяненконың шығармасына сүйенген фэнтези.

«Хан Соло. Звёздные войны: Истории» (Solo: A Star Wars Story) – ғылыми опера және ғылыми вестер стилінде түсірілген қызық оқиғалы эпикалық фильм. Бұл әйгілі «Star Wars» сагасының осымен екінші спин-оффы. Фильмнің негізгі оқиғасы франшизаның үшінші эпизоды мен «Изгой-один» спин-оффындағы сюжеттердің аралығында өтеді.

Фильмді бастапқы кезде Фил Лорд пен Кристофер Миллер бастап түсіріп, олар продюсерлермен келіспей қалады да, олардың орнына Рон Ховард келеді. Сөйтіп «Игры разума» фильмі үшін екі «Оскар» алған атақты режиссер жобаның жұмысын аяқтап берді.

Сюжетте контрабандашы Хан Солоның жас кезі, Чубаккамен қалай танысқаны және "Мыңжылдық қыраны" ғарыш кемесіне қалай қол жеткізгені айтылады. Соло рөлінде Олден Эренрайк.

«Секса не будет!!!» (Blockers) - «Идеальный голос» музыкалық фильмінің сценарий авторы түсірген америкалық комедия. Бұл оның алғашқы режиссерлік жұмысы.

Мектеп бітіру кешінің қарсаңында үш құрбы осы мейрам кезінде қыздықпен қоштасуға серттеседі. Алайда олардың ата-аналары бұл құпияны біліп қалады. Ересектер бірігіп, қыздардың бұл әрекетіне тосқауыл болуға келіседі. 

«Распрекрасный принц» (Charming) – нағыз махаббатты іздеуге арналған музыкалық анимациялық комедия. Фильмде Sia, Аврил Лавин, Деми Ловато, Эшли Тисдейл, G.E.M. секілді атақты орындаушылардың әндері ойнайды.

Филипп есімді сырбаз ханзада туралы оқиға. Кішкентай кезінде алған қарғыстың кесірінен өміріне серік болар сүйгенін таба алмайды. Алайда оған ғашық сұлулар жетерлік. Әкесі оған талап қояды: 21 жасқа толғанша әйел таппаса тақ мұрагері деген атақтан айырылады.

Мультфильм Ақшақар, Ұйқыдағы ару және Күлшеқыз туралы ертегілерде Филипп ханзадамен байланысты болған, бұрын айтылмаған оқиғаларды баяндайды.

«Круги дьявола» (Jackals) – «Пила» франшизасының алтыншы және жетінші бөлімін түсірген Кевин Гротерттің жаңа хорроры.

Сюжет бойынша қатыгез сектаға кіріп кеткен ұлын шығарып алу үшін бір отбасы оккульттік ғылым маманынан көмек сұрайды. Алайда мүшесінен айырылғысы келмеген сектанттар отбасының соңына түседі.

«Садко» ‒ Ресейдің «Мельница» студиясы жасаған, орыс аңызына сүйенген анимациялық комедия.

Басты кейіпкер – Садко, түрі келісті, батыл, ер тұлғалы және даусы жағымды. Оның гуслиде ойнап, тыңдармандарын елітіп әкететін құдыреті бар. Ол махаббатын табу үшін теңіз түбіне қауіпті саяхатқа аттанады.

«Черновик» - Сергей Лукьяненконың аттас романына негізделген ресейлік фантастикалық фильм. Картинаның премьерасы 25 мамырда.

Сюжетте компьютерлік ойындардың дизайнері болып істейтін дарынды мәскеулік жігіт туралы баяндалады. Бір күні ол бәрінің назарынан тыс қалады, оны ешкім танымайды, оның есімі бұл өмірден өшірілген болып шығады. Кейіпкер біздің әлем мен басқа да параллель әлемдердің шекарасында қалғанын біледі. Тағдыр оған жаңа миссия әзірлеп қойған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға