Жаңалықтар

БАЙҰЛЫ

БАЙҰЛЫ
28.08.2014 12:58 3557

БАЙҰЛЫ — Қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Кіші жүз құрамына енеді. Б. этнонимі Түркі қағандығының кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Орхон-Енисей жазбаларында Байырқу, ал Таң империясының жылнамаларында Байегу делінеді. Б. алғашында Теле бірлестігінің құрамында болған. Түркі қағандығы оларды бағындырған соң, әуелі 1- Шығ. Түркі қағандығының, кейін 2- Түркі қағандығының құрамына енеді. Қытай деректері олардың Канганьхэ өз-нің бойын мекендегенін айта келіп: “бәрі де ауқатты, 60 мың адамдары бар, 10 000 әскер шығара алады” деп жазады. Билеушілерін “елтебер” деп атаған. 647—48 ж. Б-н елтебер Цюйлиши билепті. Канганьхэ өз-нің қазіргі атауы әлі анықталмаған, шамасы Селенганың жоғарғы аңғары болуы керек. Бірінші Түркі қағандығының құрамында болған сол кездегі 9 ата байырқу (баегу) тайпасын 7 ғ-дың 20-жылдарында қағандық ыдыраған соң, Сейяньто бірлестігі өзіне кіріптар етті. 647 ж. ол бірлестікті талқандаған Таң империясына тәуелді болады да, қытайлар оларды басқаратын орталық ретінде Юлин округін құрады. Бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде қалып, шын мәнінде, байегулер империяға бағыныштылық білдірмейді. Ішкі істеріне қол сұға берген соң, түркі тайпаларының Байегу, сыцзе, пугу, тунло сияқты түркі тайпалары бас қосып, қытайдың Чжан Женьтай басқарған жазалаушы әскерімен 660—61 ж. аралығында үш рет соғысады. Ақыры, қаша ұрыс салған байегулерді қуған Чжан Женьтай әскері 662 жылдың қысындағы боранда Селенга өз-нің маңында қырғынға ұшырайды. Осы қақтығыстар нәтижесінде, Таң империясы түркілерді бодан қылу мақсатынан уақытша болса да бас тартуға мәжбүр болады.

679 ж. Орта Азияны мекендеген түркілердің Таң империясына қарсы көп жылғы күресі нәтижесінде 2-Шығыс Түркі қағандығы құрылады. Көтеріліске қатысқан Байырқу тайпасы жаңа мемлекеттің іргетасын қалауға ат салысады. Алайда, Қытай империясы жансыздарының іріткі саясаты қағандықты іштен ыдыратып, 713 ж. ондағы тайпалар өзді-өздерімен соғыса бастайды. Байырқулар 716 ж. Қапаған қағанды өлтіреді. 8 ғ-дың ортасында Ұйғыр қағандығы құрылып, байырқулар сол мемлекеттің құрамына енеді. 9 ғ-дың ортасында қырғыздар ұйғыр қағандығын құлатқан соң, оның негізгі жұрты Пан-тегінге еріп, қытайға қашады. Таң империясының деректерінде бұл босқындар арасында байегу тайпасы болғандығы айтылмайды. Демек, олар Қытайға ойыспай, байырғы жұртында қалып қойған. Осы кезеңнен Орталық Азиядағы түркі нәсілінің батысқа жылжу кезеңі басталады. 2-Шығыс Түркі қағандығының табанды жұрты болған қыпшақтар, имектер, оғыздар қазақ даласына ойысып, қайтадан бас құрап, жаңа бірлестіктерін қалыптастырады. Бұл кезде байырқу-баегулердің оғыз бірлестігіне енгендері Байауыт аталады. Қыпшақ байауыттар негізінен Ырғыз өз. маңына табан тіреп, Елбөрі қыпшақ тайпалық бірлестігін құрады. Орыс жылнамасындағы ильбури қыпшақтары осылар. Жалал әд-Диннің үзеңгілес жолдасы, Хорезмшаһтар тарихын жазған Несауи әйгілі Теркен-хатунды осы байаут қыпшақтарының қызы еді дейді. Шыңғыс хан империясының тарихшысы Рашид әд-Дин: “моңғол арасындағы байауыттар екіге бөлінеді, біреуін — жадаат (адам — Ә.С.) деп, екіншілерін хэхерин байауыт деп атайды” деп көрсеткен. Олардың Шыңғыс хан жорықтарына қатысқаны туралы деректер бар. Бұлар моңғолдар арасында қалып қойған байырқу-байегулердің бір бөлегі болса керек. Шағатай ұлысы тұсында олар баири есімімен белгілі болып, кейін Байсары атына ие болды. Түркі қағандығы кезінде әлімұлы құрамында болған 9 ата Б. тайпасының бірігу-ыдырау процестерінің салдарынан олардың қаншасының қазақ топырағына табан тірегенін, қаншасының басқа жұрттың арасына шашылып кеткенін анықтау қиын. Дегенмен, байырғы байырқу-баегулердің негізгі бөлігі Қазақстанның батыс аймағын мекендеп, ноғайлы тұсында алшын бірлестігінің құрамында болған. Ал Ноғай ордасы ыдыраған кезде алшын, алтыауыл, жембойылық ноғайлының басты жұртының бірі тамалармен бірге қазақ хандығының құрамына енген Б. жайлы деректер 18 ғ-дың 1-жартысынан бастап орыс әкімшілігінің құжаттарында жиі ұшыраса бастады. Оны 12 ата Б. (қайсыбір тізімдерде 13 ата) деп көрсетеді. Б. құрамына шеркеш, ысық, есентемір, байбақты, беріш, адай, алтын-жаппас, тана, алаша, масқар, таз, қызылқұрт рулары енеді.

Әдеб.: Рашид ад-Дин, Сборник летописей, т. 1, кн. 1, пер. с перс. Л.А. Хетагурова, ред. и прим. А.А. Семенова, М.—Л., 1952; Этнокультурные процессы в юго-восточной Сибири в средние века, Новосибирск, 1989; Ахинжанов С.М., Кипчаки в истории средневекового Казахстана, А., 1995.                   

Ә. Сарай

Қазақстан Энциклопедиясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға