Жаңалықтар

Ғұн дәуірінің ескерткіштері

Ғұн дәуірінің ескерткіштері
16.10.2014 08:22 4673

Ғұн дәуірінің ескерткіштері — Солтүстік Қытай мен Қиыр Шығыстан бастап Дунай, Карпат өлкелеріне дейінгі аралықта ғұндар дәуірінен (б.з.б. 2 ғ. — б.з. 5 ғ.) сақталған қоныстар, обалар, ғұрыптық құрылыстар, металл өндіру орындары және кездейсоқ табылған көмбелер мен жекелеген заттардың ғылымдағы жиынтық атауы. Оларды зерттеу жұмыстарына бір ғасыр бойы Азия мен Еуропаның ондаған ғалымдары қатысты. Алғаш 100-ден астам обаны Байкал сыртында (Бурятия) 19 ғ-дың соңында Ю.Талько-Грынцевич қазды. 1924 — 25 ж. П.Козлов экспедициясы Солт. Моңғолиядағы Ноян-Ола үлкен обаларын зерттегеннен кейін ғұн мәдениеті айқындала түсті. Шығ. ғұндардың негізгі ескерткіштері Ордос, Моңғолия, Бурятияда, ішінара Саян-Алтай, Енисей, Қиыр Шығыс өлкелеріне тараған. Оларды С.Руденко, Л.Кызласов, С.Киселев, П.Коновалов, С.Вайнштейн, А.Мандельштам, А.Давыдова, С.Миняев (Ресей), Х.Пэрлээ, Ц.Доржсурен (Моңғолия) және қытай, жапон, Еуропа ғалымдары зерттеді. Мұндағы ғұн ескерткіштері б.з.б. 2 — б.з. 1 ғ. аралығын қамтиды және “суджа”, “дерестуй” деп екі мерзімдік топқа бөлінеді. 20-ға жуық қоныс, мыңдаған оба тіркелген. Бірнеше қоныс пен 900-ге жуық оба қазылды. Бурятиядағы Селенга өз. бойынан қазылған Иволга қалашығының маңызы зор. Мұнда орташа аум. 54 м, балшық қабырғалы, төбесі екі қанатты ағаш шатырмен жабылған 54 үйдің орны анықталды. Қабірлер ұзынша пішінде қазылған, мүрделер ағаш табытқа салынып, басы солт-ке қаратыла 1 — 2 м тереңдікте жерленген. Ал үлкен обаларда ағаш табыт бөренеден жасалған қима ішіне салынған. Қабірдегі заттар арасында Қытай бұйымдарынан айна мен теңгелер жиі кездеседі және олардың ескерткіштердің уақытын анықтауда үлкен мәні бар. Ноян-Оланың үлкен обалары тас пен топырақтан үйілген. Бұл жерде жерленген ғұн көсемдерінің мүрделері өте терең шұңқыр ішіне орнатылған қос қабатты бөрене қималарға қойылған. Тақтай табыт пен бөрене қималар, қабірдің бас жағына мал бастарының салынуы ғұндар мәдениетінің тұрақты белгілеріне жатады. Темір ұшты жебелерге сүйек ысқырғыштар қондырылған, белдік қапсырмаларына аңшылық сюжеттері мен зооморфты бейнелер тән. Қыш ыдыста толқынды сызықтар түріндегі оюлар жиі кездеседі. Сондай-ақ, ағаш, металл ыдыстар да көптеп қолданылған. Ағаш ерлердің ежелгі түрлері пайдаланылған. “ұұн садағының” ұзынд. 1,5 м. Сүйек пластиналармен мейлінше күшейтілген, күрделі әрі ауыр садақтың осы түрі жебені сақ садағына қарағанда әлдеқайда алысқа атқан. ұұн мәдениетіне тән айрықша үлгілер, негізінен, үлкен обалардан алынды.

Әдеб.: Руденко С.И., Культура хуннов и Ноинулинские курганы, М.—Л., 1962; Коновалов П.Б., Хунну в Забайкалье, Новосиб., 1976; Давыдова А.В., Иволгинский комплекс (городище и могильник) — памятник хунну в Забайкалье, Л., 1985; Засецкая И.П., Культура кочевников южнорусских степей в гуннскую эпоху (ІV — V вв.), СПб., 1994.

А.Бейсенов,  "Қазақ Энциклопедиясы"

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға