Жаңалықтар

Орта Азия мен Батыс сібірдегі тарихи жәдігерлер ғұндардан қалған.

Орта Азия мен Батыс сібірдегі тарихи жәдігерлер ғұндардан қалған.
16.10.2014 08:16 8303

ss

Қазақстан, Орта Азия, Батыс Сібір, Орал мен Еділдің оңтүстік өлкелеріндегі түрлі жәдігерлер және 4 — 5 ғасырда Еуропаға барған ғұндардан қалған қабірлер мен көмбелер жатады. Шығыстағы тарихи ғұн мәдениетінің таза сипаттағы ескерткіштері бұл өлкелерге тән емес. Жергілікті қаңлы, үйсін, сармат, т.б. мәдениеттердің ескерткіштері тараған. Бұларға шығыстық ғұн элементтері қосылып, кей өлкелерде “кеңқол” тәрізді аралас сипаттағы ескерткіштер тобы пайда болған. Жалпы, шығыстық элементтерден, әсіресе, қару-жарақтағы, қыш ыдыстағы, жекелеген бұйым түрлеріндегі ықпалдарды айтуға болады. Жерлеу ғұрпында да өзгерістер байқалады. Оларды А.Бернштам, Ю.Заднепровский, С.Сорокин, К.Ақышев, И.Қожамбердиев, А.Максимова, М.Қадырбаев, Б.Нұрмұханбетов, Л.Левина, В.Могильников, И.Засецкая, М.Мошкова, О.Обельченко, т.б. зерттеді. Кеңқол ескерткіштері Шу мен Таластың жоғ. алқаптарында ашылды, олардың кейбір ықпалдары Оңт. Қазақстандағы Жамантоғай, Шәушіқұм, Бөріжар зираттарынан байқалады. Сонымен қатар, ғұн әсері бар Жетіасар мәдениетінің (Арал маңы), құлажорға (Шығ. Қазақстан), қорғантас (Орт. Қазақстан) кезеңдерінің ескерткіштері зерттелуде. Жетісудағы Қарғалы, Теңдік зираттарынан көптеген сәнді алтын бұйымдар, Ақтастағы қоныс пен зираттан құнды деректер алынған. Батыс өлкелердегі сармат тайпаларының соңғы кезеңдеріндегі ескерткіштерінде шығ. ғұндар ықпалы байқалады. Қазақстаннан бастап Қара т., Дунай, Қарпатқа дейін тараған 4 — 5 ғ-ларға жататын ескерткіштер ерекше топты құрайды. Бұлардың негізгі қару-жарағы мен бағалы бұйымдары көп бекзадалардың, атақты жауынгерлердің қабірлері, жиі кездесетін көмбелері болып табылады. Айрықша белгілері — полихромды стильмен жасалған бағалы бұйымдар. Олар шығ. ғұндарының мәдениетінде жоқ, кейін қалыптасқан дәстүрге жатады. Асыл тастар, түсті шынылар орнату, сіркелеу (зернь), сымкәптеу (скань), бөгетті эмаль және алтын-күмістеу тәсілдерін қолданып жасаған сәнді бұйымдар Қазақстанда (Бурабай, Қарағаш, Қанаттас, Батыр), одан әрі батысқа қарай Еуропа жерлерінен көптеп табылды. Шығ. ғұн ескерткіштері мен Еуропаға барған ғұндарға қатысты ескерткіштердің арасындағы тікелей генет. сабақтастық ғылымда дәлелденбеген. Кейбір байланыстар тек жекелеген бұйымдардан ғана байқалады. Солт. Кавказға, Еуропаға барған тайпалардың мәдени бейнесінде Қазақстан, Еділ бойының жергілікті мәдениеттерінің салмағы басым.

 

Әдеб.: Руденко С.И., Культура хуннов и Ноинулинские курганы, М.—Л., 1962; Коновалов П.Б., Хунну в Забайкалье, Новосиб., 1976; Давыдова А.В., Иволгинский комплекс (городище и могильник) — памятник хунну в Забайкалье, Л., 1985; Засецкая И.П., Культура кочевников южнорусских степей в гуннскую эпоху (ІV — V вв.), СПб., 1994. Қазақ Энциклопедиясы

                                                                                                                               А. Бейсенов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға