Жаңалықтар

Табиғаттың барын ала бермей, аялау қажет

Эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлымен сұхбат
Табиғаттың барын ала бермей, аялау қажет
Фото: © El.kz 17.02.2021 12:32 3753

 

Экология саласына қатысты өзекті мәселелер талқыға түскенде, болмаса Арал тағдыры туралы әңгіме өрбігенде, алдымен Сайлаубай Жұбатырұлының есімі аталады. Табиғат сәл тосын мінез танытса журналистер ең бірінші осы кісіні іздейді. Себебі мәселенің мән-жайын, майдан қыл суырғандай түсінікті етіп айтып, түсіндіріп, дәлелдеп, зерттеп, зерделеп беретін бірден-бір маман. Мамандығы журналист болса да, көпшілік Сайлаубай Жұбатырұлын эколог ретінде таниды, пікіріне құлақ асады.

 

Арал мәселесіне қатысты алғаш үн қатқан публицист

Сайлаубай Жұбатырұлы – эколог-жазушы. Қызылорда облысындағы Арал ауданының Бөген ауылында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, «Қазақфильм» киностудиясында жауапты қызметтер атқарған. Тұңғыш рет 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» атты проблемалық мақаласымен, «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған «Боз айғыр» әңгімесімен танылды. 1971 жылы жастарға арналған шығармалардың жабық бәйгесінде «Алыстағы аралдар» повесімен екінші орын иеленді. «Отты өткел», «Бумеранг» повестері, бірсыпыра әңгіме-новеллалары «Жасыл сағым», «Алыстағы аралдар», орыс тіліндегі «Зеленый мираж» жинақтарында және бірнеше ұжымдық жинақтарда жарық көрді. «Алақандағы ұя» әңгімесі әлемнің бес тілінде жарияланды. Автор 2007 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. 2008 жылғы әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері.

 

Сайлаубай Жұбатырұлына экология таңсық тақырып емес. Аралдың тумасы өз жерінің қыр-сырын жетік біліп қана қоймай, ондағы қордаланған мәселе, көзге көрініп тұрған дүниелер, іштей кеудесін тырнаған мәселелерден айналып өте алмады. Ішкі ойын, пікірін бұғып қала алмады. Кеңестік саясаттың салқыны соғып тұрса да, батылдық танытып, алғашқы мақаласын Арал тағдырына арнады. «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласында өткір мәселелер көтерілді. Сол кездегі саясатқа байланысты мұндай күрделі тақырыптарды талқыға салу мүмкін емес еді. Редакция сол материалдың тігісін жатқызып, жұмсартып беруге тырысты. Десе де, негізгі қаңқасы, мақаланың мәйегі сол күйінде сақталды. Бұл мақаласынан кейін Сайлаубай Жұбатырұлын көпшілік эколог ретінде тани бастады. Елге жанашыр азаматты осылайша, қазақ баспасөзінде Арал мәселесі туралы алғаш үн қатқан публицист десек орынды.

 

Өткен ғасырда қазақ халқы өз жер қойнауы туралы көп дерек біле бермегеніне сол кезде жүргізілген саясат та әсер еткені анық. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін экология саласы жаңа серпін алды. Кейіпкеріміздің айтуынша, ауылда өскен, елде өскен әрбір қазақ баласы жанымен эколог. Күнделікті өмірде көзімен көріп, бойымен сезінген құбылыстар оның өмір бойы жадынан өшпейді. Ол да өзінің бір кездері бала болғанын, теңіздің жағасында өскенін сағына еске алады.

 

Ағамыздың шығармашылығынан туған соңғы еңбегі – «Абыржы» триологиясы. Табаны күректей үш кітап. Мұнда Аралға тағдыры байланған адам өмірі баяндалып, ондағы кеңестік өктемшіл саясаттың құрбаны болған жағдайлар суреттеліп, экология тақырыбы әңгіменің бедері болып бірге жүріп отырады. Автор бұл көлемді туындыны ел-жер жолындағы көп жылдық экологиялық-әлеуметтік ізденістер соңында дүниеге әкелді. Роман алып империя күйреп, тәуелсіз ел тұңғыш қадамдар жасап, формациялар қинала ауысып жатқан күрделі кезеңдегі ойлы адамның жан-дүниесін, өтпелі кезең шындықтарын қамтиды. «Абыржы» атауының өзі – осындай өліара сәттің жәдігер сөзі.

 

Шекара елдігіміздің кепілі болса, су – тіршілігіміздің кепілі

 

Сайлаубай Жұбатырұлының еңбектері нақты дәлелге, фактіге құрылған. Негізсіз сөз айтылмайды. Мәні бар дүние болғандықтан, әрдайым маңызға ие. Осыдан 31 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне Шерхан Мұртаза редакторлық етіп тұрған тұста, Сайлаубай Жұбатырұлының «Кіші Арал: үміттер ізденісі» атты мақаласы жарияланды. Мақалада көптеген ұсыныстар жазылған. Аталған материал 2000 жылдары Кіші Арал мәселесінің қайта қолға алынуына негіз болды. Бұл – халықтың сұранысымен келген идея, мұны демократиялық қоғамның сұранысы деп бағалауға болады. Бүгінде Кіші Арал жобасы жүзеге асып жатыр, алайда жартыкеш күйде. Сайлаубай Жұбатырұлы Көкаралдың бөгетінің салынғанына он алты жыл болса да, екінші кезеңдік жұмыстар орындалмай, сөзбұйдаға салынып, халықты шаршатқанын алға тартады. Кейіпкеріміздің дипломы бар су маманы еместігін қарсыластары өз пайдасына шешкісі келетін көрінеді, алайда теңіздің жағасында өскен, судың жағдайын, бағытын білетін, одан кейін түбегейлі зерттеу жасаған адамның сөзінен асып кету де қате.

 

«Сырдың суы сирағынан келмеу» деген сөз бүгінде тура мағынасында да шындыққа айналды. Сырдария өзеніндегі су деңгейі көңіл көншітпейді. Осы мәселеге де кейіпкеріміздің өз айтары бар.

 

– Қазір Сырдарияның суын көбейтуге әрекет жасап жатырмыз,- дейді Сайлаубай Жұбатырұлы. – Өзбекстаннан заңды суымызды, қырғыздардан өз үлесімізді алайық. Сол мәселелер заңдасса, біз оны ешкімге жалынбай-ақ, өзіміз үнемдеп жеткізіп, шаруашылықты реттеуге болар еді. Бізде Су шаруашылығы министрлігі жоқ. Ал өзге елдерде бар. Олармен тең дәрежеде сөйлесу үшін біздің де министрлігіміз болуы керек. Заңдық тұрғыдан реттеуге кедергі болатын, халықаралық, еларалық мәселелер өте күрделі. Шардарадан төмен қарай бізге 12 текше километр су ағады. Бір жыл жауын-шашынды болады, бір жыл таудағы мұздақ жақсы болады. Бір жыл былтырғыдай кебіңкіреп қалады. Дәстүрлі он екілік жыл қайырымында ылғалды жылдар бар, құрғақ жылдар бар. Бұл енді табиғи цикл. Сол 12 текше километр бөлініс тәуелсіздік алғаннан кейінгі емес, кезінде Кеңестер одағының күріштікке, мақталыққа деп бөлгені. Сыр бассейндегі су осыдан 30 жыл бұрынғы бөлініспен келе жатыр. Осы мәселені көтеру керек болып жүр. Біз еліміздің шекарасын бекітіп алдық. Бұл – елдігіміздің кепілі. Ал тіршілігіміздің кепілі – су. Сол себепті трансшекаралық, бір елден бір елге өтіп жатқан дариямыздың суын заңдастыру өте өзекті жұмыс. Мен осыған дейін мән бермей отырғанымызға алаңдаймын. Тақыр жерді тырналап қалмас үшін ертерек қамдануымыз керек.

 

Арал – планета байлығы

 

Сонымен қатар Сайлаубай Жұбатырұлы күріш алқаптарын азайтып, шаруашылықты әртараптандыру керек деген пікірде. Себебі суды сүйетін күріш Сыр суының азаюына да өзінің әсерін тигізеді екен. Табиғаттың барын ала бермей, аялау қажеттігін де қаперге салды.

 

– Былтыр 400 гектардай күріш алқабы күйіп кетті,- дейді кейіпкеріміз. – Алдағы жағдай қалай болатынын күтіп отырмыз. Қазір су қоймалары толып, дарияға су келіп жатыр. Оның өзіндік кепілді көлемі болуы керек. 1993 жылы Арал мәселесімен Қызылорда саммитінде бес елдің басшылары Арал алабындағы дақылдарды азайту, тежеу керек деген пікір айтты. Күріштен шектен тыс мол өнім алу – кеңестік кезеңдегі таңып берген зорлық саясат. Қазір күрішке қарап қалған күніміз жоқ. Басқа да дақылдарды, шаруашылықтарды әртараптандыру саясатын жүргізу қажет. 60-70 мың га күрішті қазір 89500 га күрішке жеткізді. Бұл дұрыс емес. Бәріне күріш керек екен деп, жағдайды ескермей, күрішті еге беріп, дарияға обал жасамау керек. Трагедия болады. Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» дейді. Аралдың қурап жатқан жағдайында, бұлай дарияның мазасын алуға болмайды. Оның орнына мал бағып, қауын-қарбыз, қызанақ еккен жөн. Күріштің бір гектарына 35 мың километр су кетеді. 60-70 центнер күрішке 35 тонна су қажет. Сол себепті экологиялық мәдениетті көтеру керек. Ала беру, қинай беру емес, сондай-ақ, өзге шаруашылыққа бейімделуге де ыңғайланған дұрыс.

 

Сайлаубай Жұбатырұлы бір сұхбатында «Арал мәселесін Орта Азиядағы бес ел саясат тұрғысынан емес, экологиялық тұрғыдан қарастыру керек және Қазақстанның атынан ұсынылып жүрген Ортаазиялық су-энергетикалық консорциум идеясы бар. Осы консорциумның ұстындарымен толық таныса алмағаныммен, бірақ жалпы идеясы, бағыты өте дұрыс. Энергетика көздерін әділетті түрде қарастыру керек. Мәселен, Арал объектісінде Ауғанстанның да заңды мүддесі бар» деген пікір айтқан. Бұл ұсыныс одан кейін іске асты ма, әлде сол күйі қалды ма деген мәселені ағамыздан сұраған едік.

 

– Су бөлінісінен кепілсіздік жағдайы орын алды,- дейді эколог. – Сардоба су қоймасының жарылып кетуі де соған байланысты. Ортақ дариямызды бірге бөлейік деген ұсыныс айтып жүр. Ұтымды ұсыныс. Алайда шешімін таппай жүр. Қырғызстан мен Тәжікстан энергетика көздерін бізге бермей-ақ қойсын. Бізге басты құндылық және ең керегі – су. БҰҰ-ның бір жиынында Әмудария өзенінің жағдайы талқыланды. Маңдайы соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстанның жиырма миллионнан астам халқы бар. Олардың да Әмударияда үлесті суы бар. Бірақ олар қазір бұл мәселеге мойын бұра алмай, әбден титығы жеткен халық. Кейін олар да Әмударияға көз тігеді.

Ал Арал – планета байлығы. Аралдың тартылуы себебінен талай аурулар көбейіп жатыр. Шаң басып, мұздықтар еріп жатыр. Сондықтан Аралдың үлесін тез арада заңдастырмасақ болмайды.

 

 

Арал теңізі қалпына келсе, туризмді дамытуға болады

 

Белгілі бір мемлекеттер Аралға табиғи байлық тұрғысынан қарайды. «Егер де Арал қайта қалпына келсе, қандай өзгерістер болмақ?» деген сауалымызға эколог былай жауап берді:

 

- Арал теңізі қалпына келсе, туризмді дамытуға болады. Бізге Ыстықкөлдің де, Қара теңіздің де қажеті жоқ. Аралдың бойынан курорт кешендерін салып, келушілерді қымызбен, шұбатпен емдеу қолға алынатын еді.

Мұның экономикалық қайтарымы қандай? Арал теңізінен үмітімізді үзбеуіміз керек. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасымен Кіші Аралға қолдау көрсету – Аралды сақтап қалудың жалғыз амалы. Флорасы, фаунасы бар. Аралдың жәдігерін өлтірмеуіміз қажет. Солтүстік Аралдың мүмкіндігі зор. Қазір дүниежүзілік технология деген даму үстінде. Аспаннан жаңбыр жаудырам десе де қолынан келеді.

Аралдың экономикалық қайтарымын кеңестің ғалымдары кезінде 90 млрд. рубль деп бағалаған. Қазір аралдықтар ата кәсібі – балық шаруашылығымен табысты. Әлемді алаңдатқан ғаламдық жылынуға Арал тұзының үлкен әсері бар.

 

 

 

Бір кездері Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасы мәселесіне қатысты біршама қарама-қайшы пікірталастар жүрді. Қазіргі уақытта Сыр өңірінде су қоймасының айналасында өрбіген бұл жағдай біржақты болды деп айта аламыз ба?

 

- Көксарай талай апатты мәселеден құтқарды. Бірақ дарияда мынадай қасиет бар. Тасиын десе, сең буады да, суы бес-алты метрге көтеріледі. Сол үшін «екі өкпесін қыспай», құрылысты да дариядан алыс салып, арнасына тимеу керек. Көксарайдың міндеті – апатты жағдайда көмек көрсету. Апат болмаған кезде дарияға қатысы болмай, су төмен қарай кете береді. Қазір ол екінші Шардараға айналып бара жатыр. Көксарай су қоймасы емес, суды реттейтін орын.

 

Діни сауаттылық, құқықтық сауаттылық, саяси сауаттылық дейміз. Бүгінде бізге бірінші орында осы экологиялық сауаттылықты да қолға алу керек. Бұл ретте кейіпкеріміз Сыр халқының экологиялық мәдениетінің төмен екендігіне қынжылады. Өйткені жергілікті халық дарияның суын төрт түлік мал ішетіндігін ескермей, жаз мезгілінде көліктерін жуады екен. Сондай-ақ эколог Қазақстанның нарығын 90 пайыз күрішпен қамтамасыз ету мақтаныш емес, нағыз трагедия деп санайды. Дәл сондай өнім алуға Балқаш маңы халқының да құдіреті жететінін, алайда олар экологиялық мәдениетті сақтап отырғандығын жасырмай айтты.

 

Сайлаубай Жұбатырұлы сөз соңында шығармашылыққа көңіл бөлуге уақыт тапшы екенін айтты. Оған себеп түрлі экологиялық сипаттағы мәселелерге қатысты пікір білдіретіндіктен, демалыс күндері де босамайтын көрінеді. Дегенмен өзін толғандырған әдеби туындыларға кезек беретін күнді асыға күтіп жүр.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға