Жаңалықтар

Ежелгі Тараз ескерткіштерінің құпиясы

Кесенелер тарихымен таныссыз ба?
Ежелгі Тараз ескерткіштерінің құпиясы
Фото: © El.kz 12.02.2021 16:52 22619

 

Екі мың жылдан астам уақыт бұрын құрылған Тараз Ұлы Жібек жолының ең маңызды қаласы еді. Сонымен қатар ірі сауда орталығы болғандықтан «көпестер қаласы», замандастарын сәулетімен және мәдени дамуымен таңдандырғандықтан «Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны» атанды. Ортағасырлық географтар, тарихшылар мен саяхатшылар әрдайым қала туралы мақтанышпен айтатын.

 

Қаланың өркендеу дәуірі XIII ғасырда аяқталды, соғыстар мен шайқастар кезінде Таразды көшпелі тайпалар талан-таражға салды, содан кейін 1220 жылы қала Шыңғысхан әскерлерінің қоршауында қалып, жермен-жексен болды. Көптеген жыл бойы қала мен оның тарихи құндылығы ұмытылып, ол өте баяу қалпына келтірілді. Тек қазіргі уақытта ғана ғалымдар мен археологтар Тараздың бірегей ежелгі ескерткіштерін: мешіттер мен кесенелерді, сарайларды сақтау үшін ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ ежелгі қоныстың орнында археологиялық қазбалар жүргізіліп, ұдайы жаңа жәдігерлермен толықтырылып отыратын музей ашылды. Бүгін біз ежелгі қаланың түрлі аңызына арқау болған кесенелер туралы сыр шертеміз.

 

Хәкімнің қызы Айша бибі

 

Қазақстанның ежелгі қаласының бірі – Тараздан алыс емес жерде Айша бибі деп аталатын шағын ауыл бар. Бұл жерде ең әдемі кесене – Айша бибі мазары орналасқан. Аталған республикалық маңызы бар сәулет туындысы тарихи-архитектуралық кесенелермен бірге ортағасырлық қала аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейіне кіреді.

 

Мазар тоғыз ғасыр бұрын, біздің заманымыздың XI-XII ғасырында салынған. Өкінішке қарай Айша бибі кесенесінің құрылысы, оның сәулетшісі мен жобалаушысы туралы ешқандай ақпарат сақталмапты.

 

Осыған қарамастан махаббат пен өлім туралы ескі дала аңызы кесенемен тығыз байланысты. Деректерге сүйенсек Айша бибі есімді қыз үйінен Қарахан атты сүйіктісіне қашып кетеді. Екі жақты сезім болса да, олардың бірге болуына тыйым салынады. Өйткені бойжеткен XI ғасырдағы ғалымдар отбасынан шықса, жас жігіт Тараздың ұлы билеушісі еді. Кей зерттеушілер Айшаны хәкім Сүлеймен Бақырғанидың қызы дейді. Екі жас қанша талпынғанмен, қайта кездесу, бірге болу тағдыры оларға бұйырмапты. Айша бибіні жылан шағып, бойжеткен қапыда мерт болады. Сүйіктісінен айырылған Қарахан қатты қайғырып, оның құрметіне зәулім кесене тұрғызады. Билеуші ақтық демі қалғанша Айша бибі кесенесін күтіп-бағып өмірден өтеді. Қайтыс болғаннан кейін Айша бибі кесенесінің қасынан, яғни Тараз қаласында өзінің кесенесін тұрғызуды өсиет етіп қалдырады.

 

Бұл әдемі аңыз көптеген құпияларға толы. Ел арасында аталған аңыздың бірнеше нұсқасы тараған. Олардың әрқайсысы драмаға, көркемдік бейнелерге бай. Ауыз әдебиетінде Айша бибінің өлімі айтылғанмен, іс жүзінде оған не болғанын ешкім нақты білмейді.

 

Жергілікті наным-сенімге сәйкес, үйлену күні бұл кесенеге келген жұп өте берік және бұзылмайтын отбасын құрады. Сондықтан Тараз қаласы мен жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының барлығы дерлік үйлену тойларында осы тарихи жерлерге – Қарахан кесенесі мен Айша бибі мазарына баруға уақыт табады.

 

1893 жылы Айша бибі кесенесін алғаш рет әйгілі археолог Василий Бартольд зерттеп, сипаттама жасаса, кейіннен төрт жыл өткен соң жұмысты Василий Каллаур жалғастырған. 1938-1939 жылдары бұл жерге КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының Тарих және мәдениет институтынан, ал 15 жылдан кейін – Қазақстан Ғылым академиясынан экспедиция жіберілді. 1953 жылы Пацевич, 1962 жылы Зябко Айша бибі кесенесінің аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде археологтар құрылысты салуға арналған кірпіштер, сондай-ақ әртүрлі сәндік бөліктердің қай уақытта жасалғанын анықтады.

 

1960 жылы кесене ғимаратын сақтау үшін арнайы шыны күмбез орнатылды. Кейінірек зерттеушілер оны әртүрлі туристік мақсаттарда, сонымен қатар білім беру мақсаттарында қолдана бастады. 2002 жылы кесене маңын жақсарту үшін елдің тарихы мен мәдениетін, сонымен қатар Қазақстанның дәстүрлі архитектуралық ерекшеліктерін жетік білетін сәулетші Нышан Рәметов жұмысқа кірісті. Ол Айша бибі кесенесін қалпына келтіруге және ғимараттың айналасына әдемі саябақ салуға үлкен үлес қосты. 2002-2005 жылдары тарихи көрнекі орын өзінің бастапқы келбетін сақтап, толық қалпына келтірілді.

 

Терракоталық оюлармен безендірілген кесене

 

Айша бибі кесенесі әр жағының өлшемі 7,6 метрлік текше түрінде жасалған. Оның барлық бұрышында ширек үш баған бар. Ғимараттың сырты кішігірім текшелермен, үшкіл доғалармен, алпыс түрлі өрнегі бар терракота плиткаларымен безендірілген. Әртүрлі кішігірім бағандар құрылыстың бүкіл периметрі бойынша орналасқан. Кесене қабырғаларының қалыңдығы шамамен сексен сантиметрге жетеді, сондай-ақ кесене ішінен күйдірілген кірпіштер, сыртынан ойылған тақталар және олардың арасында саз балшықпен араласқан плитка сынықтары тәрізді үш қабаттан тұрады. Ғимараттың қабырғаларын нығайту үшін оның периметрі бойынша арнайы ағаш бөренелер төселген.

 

Кесене кіреберісі ғимараттың шығыс жақ бетіне қарайды. Ішінің дәл ортасында өлшемі шамамен үш те бір жарым метрлі құлпытас орналасқан.

 

Сондай-ақ сәулет туындысы Қазақстанның ежелгі тайпалары үшін мән-маңызға ие күрделі ою-өрнекті тақтайшалармен безендірілген. Сызықтардың сымбаттылығы мен әсемдігі әйелге тән нәзіктікті бейнелейді. Ою-өрнектерде андронов және сақ тайпаларынан бастау алатын зооморфтық және күн бедерлері бар. Атап айтқанда «қошқар мүйізді» және алтыбұрышты жұлдыздармен байланысқан ромбтарды және гүл өрнегін көруге болады.

 

Кесененің бүйірлерінде жоғары қарай шоғырланған және сыртқы түрі құмыраға ұқсайтын жартылай бағандар бар. Үлкен бұрыштық бағаналар жоғарғы жағына қарай жіңішкеріп барып шұңқырмен аяқталатын әдемі гүл өрнегі салынған. Сонымен бірге тас қалауының он сегізінші деңгейіне сәйкес келетін, шамамен 3,5 метр биіктікте «Күз ... Бұлттар ... Жер әдемі ...» деп аударылатын араб тіліндегі жазуларды оқуға болады.

 

Өкінішке қарай біздің заманымызға дейін Айша бибі кесенесінің бір ғана қабырғасы – оның батыс қасбеті сақталған. Өзге қабырғалар қирап, тек сынықтары қалған. Сәулет туындысыны қазіргі бейнесіне 2002-2005 жылдары толықтай қалпына келтірілгеннен кейін ие болды.

 

Ұлы билеуші Қарахан кесенесі

 

Қарахан немесе Әулие ата кесенесі – біздің заманымыздың XI ғасырында салынған Тараздағы әйгілі тарихи-сәулет ескерткіші. Ғимарат алғашқы хан –Қарахан әулетінің өкілі жерленген жердің үстінде тұрғызылған. Қарахан кесенесі қаланың басқа әйгілі ғимараттары – Айша бибі кесенесі мен Бабаджа қатын кесенесімен бірге ортағасырлық қоныстың аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейіне кіреді.

 

Қараханидтер атанған түркі әулеті Қарахан мемлекетін ұзақ уақыт басқарды. Бұл уақытта Тараз өте бай қалаға айналған еді. Олардың басқаруы тұсында қала тұрғындары алдымен ислам дінін қабылдады, ал XIII ғасырда елдімекендерді Шыңғысхан әскері басып алды. Қарахан кесенесі бұл әулеттің билік еткенін еске салып тұратын бірден-бір ескерткіш. Кейбір тарихшылардың дерегіне сүйенсек, кесенеде әулеттің белгілі билеушісі Шах-Махмұд Боғра ханның қабірі орналасқан делінеді. Бірақ бұл ақпарат дәленденбеген, тек – ол біздің дәуіріміздің X-XII ғасырлары тақта отырған Қарахан әулетінің билеушісі екені белгілі.

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кесене Қарахан мен Айша бибінің махаббаты жайындағы аңызбен байланысты. Оның тағы бір нұсқасында ғашықтардың қосыла алмауына екі әулеттің жауласуы себеп болған екен. Содан кейін Қарахан сүйіктісін алып қашып кетеді, алайда иен далада Айшаны жылан шағып көз жұмады. Қарахан оның құрметіне кесене салады, содан кейін оның дәл жанынан көрінетін етіп өз кесенесін тұрғызуға серт береді.

 

Қарахан кесенесі қатты қирағандықтан 1906 жылы толықтай қалпына келтірілді. Осы себепті ғимарат қазіргідей заманауи келбетке ие болды. Сәулетшілер тарихи орынның бастапқы қалпын сақтауға қанша тырысқанымен орындай алмады. Сол кезде сәулет өнері ескерткішін қалпына келтіруге Ташкент қаласының ишаны Саид Бақханов қаржылай көмек көрсеткен екен.

 

Ал 1982 жылы кесене мемлекеттік қорғауға алынып, Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш нысандарының тізіміне енгізілді. Сөйтіп 2002 жылы Тараз қаласының екімыңжылдық мерейтойына орай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

 

Күмбезді сәулет өнері

 

Кесененің сыртқы және ішкі көрінісін мәдениет зерттеушісі Борис Денике өзінің «Орталық Азияның сәулеттік ою-өрнегі» атты еңбегінде егжей-тегжейлі сипаттаған. Құрылыс күмбез тәрізді пішінге ие, сондай-ақ жоғарыдан қараған кезде төртбұрыш іспеттес болады. Сыртында шатырға шығатын баспалдақ сияқты қызықты элементтер кездеседі.

 

Ішінде Қарахан кесенесінің негізгі залы және құрылымның үш бұрышында хужра деп аталатын шағын бөлмелері, төртінші бұрышта ғимараттың шатырына шығатын баспалдақ және Қарахан әулеті кезінен бері сақталған құлпытас бар. Ғимараттың оңтүстікке қараған алдыңғы қабырғасын екі жақты мұнара қоршаған. Кесене кіреберісінің үстінен «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген араб тілінде жазылған дәстүрлі мұсылмандық сөйлемді көруге болады.

 

Қалам мен қылыштың иесі атанған Дәуітбек

 

Дәуітбек (Шамансұр) кесенесі – Тараздағы көрікті жерлердің бірі. Бүгінде ғимарат «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ішіне кіреді. Ол заманауи қала орталығындағы саябақта орналасқан. Бірақ кесене салынған уақытта қаланың бұл бөлігі Тараздың маңындағы ең жақын сауда және қолөнер қалашығы – рабад деп аталды.

 

Кесене ХІІІ ғасырдың аяғында моңғол кеңесшілерінің бірі, халық көтерілісі кезінде қаза тапқан Қарахан әскерінің бас қолбасшысы Ұлық-Білге-Икбалхан-Дәуітбек-Шамансұр қабірінің үстінде тұрғызылған. Өкінішке қарай оның салыну тарихы мен сәулетшілер, қолөнер шеберлерінің есімдері бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Тек деректерде кесене серіктесінің қазасына қатты қайғырған Шыңғысханның шешімімен салынды делінеді.

 

Дәуітбек кесенесінің дәл батысында Қарахан кесенесі көрінеді. Аңыз бойынша Дәуітбек Қарахан мемлекетінің көсемі Шах-Махмұд Боғра ханның күйеу баласы, сондықтан олардың қабірлері бір-бірінен алыс емес жерде орналасқан екен. Дәуітбек пен Қарахан кесенелері Қазақстандағы осындай нұсқадағы ежелгі діни ғимараттардың бірі және зиярат ету орнына айналған.

 

Кесене 1982 жылы толық жөндеуден өтіп, сол жылы республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі аясында мемлекеттік қорғауға алынды. Ал 2008 жылы бұл тізімде көрнекті орын және жеке маңызды объект ретінде атап көрсетілді.

 

Тас сатылы пирамидасы бар мазар

 

Бастапқыда кесене күмбез тұрған жартылай дөңгелек төрт доғалы құрылыс түрінде болған. Кейіннен XIX ғасырдың соңында өзгертіліп, доғалы өтпелер кірпішпен толтырылды, ал оңтүстік бөлігіне екі кіші мұнаралар салынды.

 

Бүгінде Дәуітбек кесенесі төртбұрышты пішіндегі порталды-күмбезді құрылыс болып саналады. Күмбездің негізі – кесененің доғалары мен қабырғалары. Портал күмбез бөлігіне жақын орналасқан. Ал кесене есіктері ою-өрнектермен безендірілген.

 

Ішкі бөлменің ортасында тас сатылы пирамида түріндегі қабір орналасқан. Оған жерленген адамның аты мен оның қайтыс болған күні араб тілінде жазылған. Эпитаф ұрпақтарына 1262 жылы 31 наурызда қайтыс болған түркі әскери қолбасшысы, «қалам мен қылыштың иесі», «ислам мен діндарлардың қорғаушысы» жерленгенін айтады.

 

Адалдықтың белгісі ретінде салынған кесене

 

Бабаджа қатын кесенесі –Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында, еліміздің ең көне қаласы Тараздан он сегіз шақырым жерде орналасқан, тарихы екі мың жылдан асатын көрнекті орын.

 

Сәулет ескерткіші Қазақстан аумағындағы ерте ортағасырлық кесенелердің бірі ретінде үлкен тарихи құндылыққа ие. Ерекше шатыр күмбезімен танымал кесене ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына кіреді, сонымен қатар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің бір бөлігі ретінде 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауында.

 

Әртүрлі дереккөздер кесененің салынған уақытын XI-XII ғасырға жатқызады. Өкінішке қарай, кесене тұрғызған сәулетшілер мен қолөнершілердің есімі тарихта сақталмаған.

 

Аталған сәулет құрылысы Тараз билеушісі Қарахан мен Айша бибі атты арудың махаббат аңызымен тығыз байланысты. Аңыз бойынша Бабаджа қатын Айша бибінің күтушісі әрі адал досы болған.

 

Айша қайтыс болғаннан кейін, қайғылы сапарға бірге шыққан күтуші Бабаджа қатын оның мазары жанына қоныстанып, шырақшысына айналады. Ол дүниеден өткен соң Қарахан ризашылық пен адалдық белгісі ретінде Айша бибі кесенесінің жанына Бабаджа қатынға арналған күмбез орнатуды бұйырады.

 

Бүгінде кесене Тараздағы маңызды архитектуралық-тарихи нысан және мұсылмандар зиярат ететін орын болып саналады.

 

Он алты жақ шатырлы күмбезімен ерекше

 

Бабаджа қатын кесенесі өзінің қарапайымдылығымен, пішінінің көркемдігімен, құрылымының үйлесімділігімен және сәулеттік бедерінің ықшамдылығымен ерекшеленеді. Оның қабырғаларды сәндік безендірусіз күйдірілген кірпіштен салынған. Құрылыс өзінің он алты жақ беті бар шатырлы күмбезінің арқасында танымал болды. Өйткені ежелгі Орта Азия сәулетінде мұндай ерекшелік бұрын кездеспеген еді.

 

Үш қасбет қабырғасының жазықтықтары доғалы терезелер мен жерге арналған тауашалармен бірдей безендірілген. Батыс қасбеті тегіс қалса, негізгі қасбеттің шығысқа қараған ортасында кесене кіреберісі орналасқан. Онда араб тіліндегі «... Бабаджа қатын моласы ... Оны салушы ...» деген жазу жартылай ғана сақталған. Кесене 1953 және 2002 жылдары қалпына келтірілді.

 

Бүгін біз сөз еткен Қарахан, Айша бибі, Бабаджа қатын, Дәуітбек кесенелері тек бір ғана аңызға арқау болып отыр. Екімыңжылдық тарихы бар ежелгі қаланың сәулет ескерткіштері мұнымен бітпек емес.

 

 

Бөлісу:
(Суреттер ашық интернет көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға