Жаңалықтар

«Қаратаудың қаһарын» оқығаннан кейінгі ой

Шағын туындыда адамдардың әлеуметтік психологиясы, жүріс-тұрысы, әдет-дағдысы туралы да жақсы бере білген
«Қаратаудың қаһарын» оқығаннан кейінгі ой
08.11.2022 12:05 1816

Интелектуалды ұлт қалыптастыру аса маңызды. Олсыз өркендеудің өрісін табу қиын. Ал адамның білім көкжиегін кеңейтуде кітап оқу мәдениетін дамыту керек. Бұл – білім беру саласы мамандарының ғана емес, қаламгерлерінің ортақ міндеті. Жазушы Жолтай Әлмаштың қысқа романдарын оқып, оқылымды кітап жазудың маңызын түсіне түстік.

Көз алдыңа не келеді? Өз басым биік тастың үстінде тұрған қасқырдың сұлбасын көремін. Рас, Қаратауға барған сайын тастың биік төбесінен көкке ұлып тұрған бөріні көргендей күй кешемін. Ішкі дауысым солай сыбырлайды. Иә, солай! Солай!

Мен үшін Қаратау мен қасқыр егіз ұғымдай.

Ал ғалым, жазушы Жолтай Әлмашұлы: «Қаратаудың мұнарлы биік шыңының бір иеніндегі кезеңге көкжал қасқыр келіп тоқтағалы біраз уақыт: ол селт етіп бір орнынан қозғалар емес; бар дүние қызығын бір сәтке тәрк еткен өлі қалып! Бәлкім, тас мүсін бе екен? Жоқ! Кенет қарт көкжал басын зеңгір аспанға қарай кекжите көтеріп алды да, ащы дауысымен ұлысын кеп! Сол зарлы үн аспанды жаңғырықтырды, тіпті ауыл үстінде де біршама уақыт күңіреніп тұрып алып еді».

Жолтай ағам да мен көрген қасқырды көрді ме екен! Жоқ! Жөкеңдікі – қарт, менікі – жас бөрі!

Бірақ екеуміз де Қаратаудан қасқырды көретініміз анық! Иә, көкжал арқылы бүгінгі әлсіреген болмысты қамшылауға, бөрінің мінезін дәріптеу арқылы адамдарды ерлікке, елдікке шақырады.

«Қаратаудың қаһары» кітабына өзі «Күнің де, жолың да нұрлы бола берсін» деп қолтаңбасын қойып жібергелі бас алмай, бір беттен екінші бетке өткенше асығып, көңілді бұрдық.

Содан романнан не түйдік?

Қыраш – Қаратаудың етегіндегі бір бұлақтан нәр алған шағын ғана ауыл. Жолтай Әлмашұлының кіндігі сонда кесілді.

Елді мекен тұрғындары – шетінен бәрі айтқыш! Қиыннан қиыстырып сөйлеген ділмарлық, тастың тамырын толқытып жіберердей отты сөзді сол ауылдан естисіз.

Жөкең жастайынан қоныс үлкендерінің әңгімесіне әуес болып, құлағын түре жүріп, ақсақалдардың арасынан табылуға тырасады. Шежірелі шалдар елдің жайымен қатар, Қаратаудың сырын жақсы біледі. Таудың тарихымен байланысты есті сөздерді жиі айтады. Ол сол әңгімелерді көңіліне түйіп, санасына сіңіруге тырысады.

Сөйтіп, ес біліп, ел танығалы таудың тас-тасына секіріп, әсерлі, бедерлі тастарын жинап, керек кезде достарына сыйға тартып, тау-тастың сырын ұғуға, тыңын тыңдап, тарихын білуге құмартып өскен-ді. Осы түйген-білгеніңді, оқыған-тоқығаныңды шығарма арқауына айналдырып, өр бөріні бейнелі образ ретінде әспеттеп, адамдарға адамдықтың, адалдықтың парқын түсіндіру, түсіндіріп қана қоймай, нақты бағдар, айқын бағыт көрсету маңызды міндет болса керек-ті. Міне, «Қаратаудың қаһары» осы тұрғыдан құнды.

Көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов сөз өнерінің ішінде ең қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет деп бағасын бергені белгілі. Осы асыл өнерді ауыл ақсақалдарының сөзтанымынан танып, зердесіне құйып, елдің киесін, жердің қасиетін жете түсініп өсті. Оның «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ» еңбектерінен осындай зеректікті танып, адамның болмыс-бітімін терең суреттеп, заманның өрісін дәл тапқанын санаға түйесіз.

Енді оқырман ретінде айтар болсақ, шағын-шағын ой-толғамдарды көп жұлдызбен бөліп, бүгінгі еріншек оқырманды кітап оқуға шақырып, танымды тағылымды үйлестіреді.

Бір әңгіме екінші әңгіменің идеясын ашып, мән-мағынасын түрлендіріп, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді терең қаузап, бір түйінге ұйыстырып, романның маңызын арттыра түседі. Романның жалпы түйінін сәл кейіндеу тоқталып, алдымен жазушының суреткерлік шеберлігі мен бүгінгі қоғамдық өмірдің шындығын ашқан әңгіменің желісіне тоқталсақ.

«Жаңбыр жауды. Төпелеп, тоқтамай ұзақ-қ жауып, жер төсіне инесін аямай тыққылап тұрып алды. Аспан әлденеше рет күркіреп-ақырып, зәре-құтыңды алатын алапат дауыспен жерді сілкіндіріп-сілкіндіріп жіберген».

Осы жердегі «жер төсіне инесін аямай тыққылап тұрып алды» деген теңеуі қандай әсерлі, қандай ұтымды шыққан! Жаңбырды инеге теңеп, жерді жібекке баласа, жібектен көркем де көрікті киім дайындау иненің міндеті десек, жаңбыр да жер бетін көк шалғынға орап, гүлмен көмкеретін күшке ие емес пе?! Бір ғана ойдан осындай кең мағына тарқатуға болады.

«Аспан ашуы» атты шағын әңгімеде табиғаттың тосын мінезін әспеттегенімен, негізгі мәні желтоқсаншы азаматтың қоғамдағы қиын да күрделі өмірін баяндайды.

Шағын туындыда адамдардың әлеуметтік психологиясы, жүріс-тұрысы, әдет-дағдысы туралы да жақсы бере білген.

«Қызметі жоғары ағалардың әйелдері неліктен талтаңдап, жүре алмай қалады? Әй, семіздікті де қой көтеретіні рас-ау!» деп жаңбырлы күні вокзалға беттеген әйелдің мінезін суреттейді. Солай ғой, қызметі өскеннің көкірегі керіліп, көкте жүргенде кербезденіп, жердегі адамдармен маңғаз сөйлесетінін көріп те, біліп те жүрміз!

Жасан ауылда бір қызды жүкті етіп, Алматыға із суытып, жиен ағасы Жекеңді паналап, ақыры кірпіш зауытына жұмысқа орналасқаны, онда желтоқсаншы Есімбекпен танысып, өмірге деген көзқарасы өзгергені суреттеліп, Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын кейіпкерлерінің аузына салады.

Жақсы шығарма үшін: бірінші – шабыт, екінші – сезім, үшінші – қиял, төртінші – шеберлік, бесінші – өмірдің ақиқаты керек десек, «Қаратаудың қаһары» осындай жазушылық талаптың жемісі екені анық.

Мәселен, «Пәтер мен қатерді» оқып, Алматы қаласындағы «лақтырып кеткіш» құрылыс компаниялары туралы оқып, осыдан 5-6 жыл бұрынғы оқиғалар көз алдыңа келеді. Мұнда шығыстың тумасы Өсер, батыстың азаматы Өмен және Хасанның басынан өткен оқиға өріледі. Шағын бөлмеде тұратын бұл үшеуі баспаналы болуды армандайды...

«Желқайық» құрылыс компаниясының басшысы Тоқан Шелпеков салымшылардың ақшасын қалтасына басып, шетелге тайып тұрады. Автор шен-шекпенділер елдің бақ-ырысын сүліктей сорып, шет елге тасығанын ашық жазады.

«Қаратау көкжалымен қоштасу» алды үміт, арты өкініш алдамшы өмірді суреттеген шығармасында Қоңыр-Бегім ананың бейнетті өмірі, етжақындары арасындағы алауыздық, дүниеге таласы жан-жақты жазылады. Қайтыс болған адамды жөнелтудегі жөн-жоралғылар мен қаралы күндегі туыстары мен ауылдастарының көңіл күйі, мінез-құлқын тануға болады. Қызметке талас, тартыс, адамдардың тұрақсыздығы және т. б. туралы оқисыз...

Сөз халықтың қазынасы, тіпті халықты ерекшелейтін құбылыс деуге негіз бар. Ал осы сөздің кені саналатын жазушының зерде-қоры мейлінше бай, шұрайлы болуы тиіс. Содан болар, Жолтай аға жиі-жиі сөз мырзамен тілдесіп, заманның сыры туралы сыр шертіп тұрады. Жазушы секілді Алғашбек те жансыз жатқан анасы салынған табытпен тілдесіп, «Анамның жаны ауырмасыншы! Жүрегі қысылмасыншы! Әлдилеші, әлдилеп алып ұшшы!» деп жазады.

Ұлы Алашбектің қызметтегі кейбір сәттері, әсіресе перзенттік сезімін анасы тастап кеткен түйіншекті ашқан кезде әсерлі жеткізеді.

– Түйіншек бес рет байланыпты: оның шешуін ағытып болғанша, бұл да асығыс кетті; ішіндегіні көргенше ынтық...

Әуелі ер кісінің белдігі шықты. Белдіктің ұзына бойы күміспен қапталыпты. Сол апталған күміс қаусырмада жазу бар: «Қолым жетті деп аспандама – Алла көріп тұр!» деген жазуды алдымен оқыды. Содан соң тағы да жазылыпты: «Қор болдым деп қорланба – Жаратқан ие оны да көріп тұр!..». Тағы бір жазуды оқыды: «Сен де Алланың құлысың, қамыңды бір Алла жейді...».

Көзіне жас іркіліп қалып, онысын байқатқысы келмей:

– Бұл белдік туралы айтпады ма? – деп сұраған.

– Айтты.

– Не деді?

– Бұны өзінің әкесі – атақты Шарай байдан қалған мұра екен. Анасы үзілер сәтте ұсынып тұрып: «ең жақсы көретін балаңа сыйлап кетерсің» деп тапсырыпты.

Одан бетер көңілі босай түскен. Енді ұятты қойып, көз жасын қайта-қайта сүрткіледі.

– Қайран, апатай-й...

Майра түйіншектің түбіндегі тағы бір затты шығарды.

– Бұл не?

– Бұл – жайнамаз.

– Мұны не істеймін?

– Анам айтты: егер балам Алла жолына түсіп, намазға жығылуға ниеттенсе, осы жайнамазды берерсің деген...

Алашбек жайнамазды қолына ұстап, бетіне басып, көңілі алабұртып, ұзақ-қ отырып қалған-ды, – деп кейіпкерінің жан-күйін әспеттейді.

Жолтай Әлмашұлы ақыл-парасаты кемелденіп, өмір мен адамды тануы тағылымданған кезде Алланың бірлігі мен сипатын өте әсерлі жеткізіп, оқырманына астамшылыққа барма, тәкәппар болма деген ой тастайды.

Жеке-жеке тақырыптар берілген шағын әңгімелер бір-бірінің идеясын ашып, үйлесім тауып, аяғында бір түйінді ойға қызмет етеді. Ол – бүгінгі замандағы абыздықтың қадірі қашып, кім көрінген өзінікін дұрыс дейтін керімінездіктің белең алуы, қария уәжінің қадірі кеткенін қаламына арқау етеді. Көненің көзін көрген, кешегі ақсақалдар институтының пәрмені кетіп, «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұлағатының ұмытыла бастағанын жазады.

Бір кітаптағы екінші роман бүгінгі кейуана бейнесін ашуға арналған. Кейуана мен келіндердің қазіргі кикілжіңі арқылы жалпы қоғам дертін баяндайды.

Қарт Қаратаудың көкжалын символдық бейне ретінде әспеттеп, бөрінің өр мінезін бүгінгі ұзақталған адамдармен салыстыра сабақтайды. Міне, романның «Қаратау қаһары» деп аталуында осындай мән бар!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға