Жаңалықтар

Отбасын қолдау орталықтарының тиімділігін арттыру қажет. Түркістанда зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар талқыланды

Отбасын қолдау орталықтарының тиімділігін арттыру қажет. Түркістанда зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар талқыланды
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 17.08.2023 14:27 857

Түркістанда “Балаларға қатысты зорлық-зомбылық” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, халықаралық ұйым сарапшылары мен құқық қорғау орган қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында жазды. Министр қоғамдағы келеңсіз жағдайлар алаңдаушылық тудырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы жуырда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелерін көтеріп, тиісті тапсырма берген еді. Дидары өзгерген дүниеде қазақ қоғамын ілгері жетелейтін замана көшінен қалмай келе жатқан өскелең ұрпақ деп білеміз. Десе де, соңғы уақыттағы келеңсіз жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
Қоғамдағы стигматизация, осындай фактілердің жылы жабылуы, ашық айтылмауына байланысты ресми дерек пен шынайы көрсеткіштің арасы алшақ болуы да ықтимал. Нақты дерек-дәйек анық болмаған соң, мәселемен күресудің механизмдері де тиімді болмайтынын ескеруіміз керек, - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі 2023 жылғы өткізілген жаппай сауалнамасының нәтижесінде, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары ретінде бірінші орында жаман әдеттер (алкоголизм, нашақорлық, ойындарға құмарлық) тұрғанын атап өтуге болады. Күрделі мәселелер бір-бірімен жалғасып жатыр, оны министрлік жан-жақты зерделеп, өз құзіреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді.

Тағы бір жаңалық, министрлік “Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулықты” дайындап шығарды. Нұсқаулық статистикалық деректерді, қылмыскердің келбетін, ата-анаға кеңестер мен көрші, туыс пен куәгерге деген ұсынысты қоса алғанда, осы салаға байланысты негізгі аспектілерді қамтып отыр. Бұл балаларды оқыс жағдайдан қорғауда кез келген адам үшін құнды ресурс болады деп ойлаймыз. Одан бөлек биыл Қоғамдық даму институтының сарапшылары “Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады” деген тақырыпта практикалық нұсқаулықты жариялаған еді. Балалар тақырыбы туралы жазғанда да ақпарат алаңында мұқият болғанымыз абзал, - деп атап өтті министр.

Министрлік қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты алаңдаушылықты негізге ала отырып, оның алдын алу және қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өткізбек. 

Балалар табиғатынан жаны таза, адамдарға, әсіресе үлкендерге сенгіш болғандықтан, олардың қауіпсіздігін қорғау – бірінші кезекте ата-анасының, жақын тума-туысының міндеті. Әрине, ата-аналар әрқашан баласының қасында бола алмайды, жұмыс бабымен, тағы басқа шаруамен отбасынан жырақта жүруі мүмкін, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Дархан Қыдырәлі зерттеу нәтижесі бойынша Отбасын қолдау орталықтарының тиімділігін арттыру қажет екенін алға тартты.

Өңірдегі әр орталықтың қызметі туралы халық хабардар болса, зорлық-зомбылықтың алдын-алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Отбасын қолдау орталықтары балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуге тиіс, - деп жазды ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға