Қандастар Ассамблея

Ұйқысыздық мазалап жүрсе...

Невролог Әсем Рақымғалиқызымен сұқбат

Адамның ұйқысыздыққа шалдығуы түрлі себептерден болуы мүмкін. Ұйқысыздық адамның психологиялық және неврологиялық жүйесіне нұқсан келтіреді. Адамның сағаттар бойы көз іле алмауы ұзақ уақытқа созылатын депрессияға әкеліп соғуы мүмкін.


Мамандар қалыпты жағдайда адамға 8 сағаттық ұйқы қажет дейді. Алайда кейбір кезде бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін. Ұйқысыздық деген не? Ұйқы гигиенасы туралы не білеміз? Ұйқысыздықтан арылу үшін не істеу керек? Ұйқының денсаулыққа әсері туралы маманмен сұқбаттасқан болатынбыз. Сұрақтарымызға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖК «№7 қалалық емхана» МКК дәрігер невропатологы Әсем Бастаубаева жауап берді.


(Суретте: Невропатолог дәрігер Әсем Рақымғалиқызы)

– Әсем Рақымғалиқызы, ұйқының фазалары мен циклдарына тоқталып кетсеңіз

– Жалпы ұйқы дегеніміз адамның сергек күйінен мидағы орталық жүйке жүйесіндегі биотолқындардың өзгерістеріне байланысты тыныштық қалпына физиологиялық өту жағдайын айтамыз. Ұйқы белгілі бір фазалар мен циклдардан тұрады. Негізгі фазасы баяу ұйқы және жылдам ұйқы болып екіге бөлінеді. Ұйқының 70-75 % баяу ұйқы алады. Ал тез ұйқы 20-25 % құрайды. Баяу ұйқының өзі бірнеше фазадан тұрады. Оның ең бірінішісі – қалғу фазасы. Ол 10-15 минутқа дейін созылуы мүмкін. Екінші фазасы – баяу ұйқы, орташа терең ұйқы және терең ұйқы болып бөлінеді. Баяу ұйқы 5-15 минутты құрайды. Бұл кезде жүрек қағысының азаюы, тыныс алудың сиреуі, бұлшық еттердің босаңсуы, дене температурасының төмендеуі сияқты ағзада өзгерістер болады. Одан кейін баяу ұйқыға, орташа терең, терең ұйқыға өткеннен кейін ІV, ІІІ, ІІ, І фаза болып ауысады да адамда ояну үрдісі жүреді. Екінші фазаны тез ұйқы немесе жылдым ұйқы жатады. Ол ұйқының 20-25 % құрайды. Таңға қарай болатын ұйқы болып табылады. Терең ұйқы егер де адамда ешқандай физиологиялық бұзылыстар болмаса онда оянбайды. Тіпті сыртта болып жатқан өзгерістер мен дыбыстарды естімеуі де әбден мүмкін. Содан кейін фазалардың ауысуына байланысты ояну үрдісі жүреді. Бұл фазалар бірнеше рет қайталанады. Соны циклдар деп айтады. Қалыпты жағдайда денсаулығы дұрыс, ұйқысы бұзылмаған адамдарда ІІІ, ІV циклға дейін алмасу болады. Ересек адамдарда 7-8 сағат бойы ұйқы жалғасып, циклдар 3-4 реттен ауысып отырады.


– Сәбилерге, жасөспірімдерге және ересектерге қанша сағат ұйықтау керек?

– Адам дүниеге келгеннен бастап бірнеше кезеңнен өтеді. Ондай кезде ұйқының уақыттары әр түрлі болып ауысып отырады. Бірінші нәресте туған кезде 3-4 айына дейін 17-20 сағатқа дейін ұйықтайды. Басты уақыты ұйқымен өтеді. Одан кейін 4 айдан бастап 1 жасқа дейін ол ұйқы 3 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін. 1 жастан 3-4 жасқа дейін нәресте 12-15 сағат ұйықтайды. 6-7 жасқа жеткен кезде баланың ұйқысы 9-10 сағатқа дейін қысқарады. Бұл қалыпты ұйқы болып саналады. Ересек адамдар қатарына қосылғаннан бастап қалыпты ұйқы 7-8 сағатты құрайы. Немесе 9 сағатқа дейін жетуі мүмкін.

– Ұйқы қанбаған жағдайда не істеу керек?

– Ұйқы аз уақытта қанбауы мүмкін. Кей жағдайларда созылмалы түріне ауысуы мүмкін. Бірінші біз оның себебін анықтауымыз керек. Адамда физикалық немесе психикалық жүктемелер болуы мүмкін. Оны аз уақыттың ішінде бірден қалпына келтіруге болады. Егер де ұйқы созылмалы түрге ауысатын болса, дәрігерлердің көмегіне жүгініп оның себебін анықтау керек.


– Ұйқының денсаулыққа әсері. Созылмалы ұйқысыздықтың әсерінен адам қандай ауруларға шалдығуы мүмкін?

– Біздің денсаулығымыздың 70 % дұрыс болуы ұйқыға байланысты. Себебі ұйқы кезінде бізде негізгі гормондар бөлінеді. Метаболизмге, иммундық жүйеге, жүйке жүйесіне тікелей әсер ететіндіктен ұйқы дұрыс болмаса, адамның денсаулығы дұрыс емес. Ұйқының созылмалы түрі егер адам 3 айдан артық дұрыс ұйықтамаса, ол созылмалы ұйқыға әкеліп соқтырады. Егер де науқас төсекте жатқан кезде 30-40 минутта қалғу фазасынан баяу ұйқыға ауыспайтын болса, оның өзі ұйқы фазасының бұзылысы бар екендігін білдіреді. Осындай қалғу, терең ұйқы, ояну сияқты сатылар өзгеретін болса, 3 айдан артық уақытқа дейін созылатын болса, созылмалы ұйқысыздыққа әкеледі. Созылмалы ұйқысыздық жалғаса беретін болса, созылмалы ауруларға әкеледі . Оның ең бірінші себебі – жүйке жүйесінің бұзылуы. Одан кейін адамда ашушаңдық пайда болады. Адам тез ашуланып, ренжиді, конфликтке бейім бола бастайды. Екінші себебі иммундық жүйемен байланысы. Мұндай жағдайда адамның грипп, вирустық ауруларға төзімділігі төмендейді. Үшіншіден созылмалы қан тамыры жүйесінің ауруларына әкеліп соғады. Ол қан қысымының көтерілуі, метаболизмдік аурулар, қант диабеті. Одан кейін семіздік. Артық салмақ пайда болуы мүмкін. Өйткені ұйқы кезінде бізде негізгі гормондар бөлінеді. Және сол уақытта адамның бойына жиналып, тамақ ішкенде немесе қарны ашқанда бөлініп отырады. Ұйқы кезінде ол гормондар өз жұмысын дұрыс атқармағаннан кейін, семіздік пайда болады.


– Ұйқының гигиенасы туралы айта кетсеңіз

– Ұйқы бұзылғанда науқастар алдымен бізге келеді. Олар ұйқының гигиенасын сақтау, қарау туралы ойлана бермейді. Ұйқының гигиенасы дегеніміз – белгілі бір уақытта ұйықтау. Ұйқы дұрыс болу үшін біз күнделікті сағат 22:00-23:00-де ұйқыға жатып қалуымыз керек. Ол ұйқы гигиенасының бірінші қағидасы. Екіншісі бөлменің атмосферасы таза болуы керек. Бөлмеде шаң-тозаң болмауы керек. Одан кейін міндетті түрде бөлмені желдетіп отыруымыз керек. Ұйқыңызбен проблемалар пайда болатын болса, ұйықтар алдында серуендеңіз. Ұйқының бұзылуы жатарда киетін киіміңізге де байланысты. Егер бөлме суық болатын болса, біз жеңіл киініп алсақ, адам бойындағы бүкіл энергия жылытуға кетіп қалады. Одан кейін ұйқыға бөлінетін энергия бізде болмайды. Сондықтан бөлменің температурасын қадағалау керек. Және денені қысып жататын киімдер кимеу керек. Бос, өзіңізді жақсы, жайлы сезінетін киім киіңіз. Міндетті түрде төсек-орныңыз дұрыс болуы керек. Мұны ұйқы гигиенасы деп айтады.

Ұйқы гигиенасы кезінде физикалық жаттығулармен 2-3 сағат алдын ала айналысу керек. Ұйқыға жатардың алдында айналысуға болмайды. Кейбіреулер уақыт жоқ деп кешке келіп айналысқан кезде белсенділігі артады да, ұйқысы бұзылады.

– Ұйқысыздықтан арылу үшін не істеу керек?

– Ұйқысыздықтан арылу үшін себептеріне көңіл бөлуіміз керек. Оның ішіне ұйқы гигиенасын сақтау кіреді. Егер де сізде қандай да бір созылмалы аурулар болатын болса, ол да міндетті түрде ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін. Мысалы ауырсыну сезімі, аяқ-қолдардың тартылуы сияқты әр түрлі аурулардың әсерінен пайда болады. Егер де ұйқы гигиенасы дұрыс болатын болса, ешқандай басқа кедергі болмаса, мамандарға жолығу керек. Ұйқысыздықтан арылуға невропатолог немесе сомнолог мамандары көмектеседі.


– Қорылдан құтылуға бола ма?

– Қорыл деген адамның өзіне білінбейтін, бірақ жанындағы туыстарына бірге тұратын жақындарына қолайсыздыққа әкелетін өзгеріс. Ол да ұйқының бұзылуы болып табылады. Қорыл бірінші кезекте тыныс жолдарының тарылуына байланысты болады. Ол сыртқы тыныс жолдары, одан кейін төменгі тыныс жолдарының тарылуына байланысты анатомиялық физиологиялық жағдайда да болуы мүмкін. Кей адамдарда есейе келе қорыл пайда болса, кейбіреулерде бала кезінен де қорыл болады. Оны обструкция немесе окклюзия дейміз. Ол кезде тыныс жолдарның тарылуына байланысты полиптар, аденоидтар түзіледі. Ринит болатын болса, қорыл пайда болады. Және бұл анатомиялық жағдай. Келесі бұл шамадан тыс темекі, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану. Олар да тыныс жолдарының қысылып, тарылуына әкеледі. Одан кейін семіздік және де жүрек-қан тамырлары жолдарының аурулары мен басқа да созылмалы ауруларының әсері болуы мүмкін. Қорылдан құтылу үшін бірінші факторларды жою керек. Екінші кезекте ортопедиялық жастықтар қолдану керек. Адам бір жақ қырынан жатуы керек.

– Дәрілік өсімдіктердің ұйқысыздыққа әсері

– Бізге науқастар келмес бұрын бірінші өздері, немесе дәріханада фармацевтардың ұсыныстарымен шөптен жасалған дәрілерді ішеді. Сол дәрілерді ішкеннен кейін, кейбір науқастар мүлдем қабылдауға келмеуі мүмкін. Бұл көбінесе 40-50 % жағдайда көмектеседі деген сөз. Ал егер де шөптен жасалған өсімдіктер көмектепесе, біз химиялық дәрі-дәрмекті қолданамыз. Шөптесін өсімдіктердің қатарынан ең жақсы көмектесетін шалфей, мелисса, долана және жалбыз. Қазіргі кезде бұл дәрілер комплексті түрде беріледі. Бір дәрінің құрамында 2-3 түрлі шөптесін өсімдіктерден құралған дәрілер болуы мүмкін. Олар өте жақсы көмектеседі. Жүйке жүйесін тыныштандырады. Бірақ өкінішке қарай олар ұйқының фазалары мен циклдарына әсер етпейді. Мысалыға егер де стресстен, психикалық күштемелер кезінде көмектеседі. Ал егер ұйқының фазалары бұзылған болса, ондай кезде химиялық дәрілерді қолданамыз.

– Сізге ұйқысыздыққа шалдықтым деген шағыммен келетін науқастардың жас ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз?

– Пандемия басталғалы ұйықтай алмаймын деп келетін науқастар саны өте көп. Бізде қанда ұйқысыздыққа әкелетін стресс гормондар көп бөлінеді. Вирустың әлі зерттелмеген көп тұстары бар. Статистикаға қарайтын болсақ, пандемия кезінде ұйқысыздық мазалаған науқастар саны көп болды. Маған күніне қабылдауға 25-30 адам келетін болса, соның ішінде 3-4 науқас тұрақты, созылмалы ұйқы бұзылыстарымен келеді. Жас ерекшеліктеріне келер болсақ 50 жастан асқан науқастар. Оның ішінде созылмалы аурулары бар, артық салмақ мазалайтын науқастар да бар.

– Сұқбатыңызға рахмет!

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұқсас материалдар