Қазақстан құрамасы биылғы маусымын аяқтады

Ұлттар лигасындағы кезекті ойындар

Қазақстан құрамасы қараша айында үш бірдей ойын өткізуі керек болған. Оның алғашқысы – Черногория құрамасымен жолдастық кездесу. Ал одан кейін Албания және Литва құрамаларына қарсы Ұлттар лигасындағы қорытынды ойындар. Михал Билек шәкірттері жолдастық матчта жақсы нәтиже көрсетпесе де, тең есепті сақтап қала алды, ал топтың үздігі Албанияға қарсы ойын алаң иелерінің таза басымдығымен өтті.


Жолдастық кездесудегі тең есеп

Черногория – Қазақстан – 0:0.

Черногория: Петкович, Распопович, Софранак, Милович (Симич, 23), Балич, Раичкович, Миркович (Янкович, 77), Больевич (Иванович, 78), Вуйнович (Йоветич, 56), Йовович (Осмайич, 57), Бечирай (Исламович, 56).

Қазақстан: Непогодов, Быстров (Вороговский, 61), Бейсебеков (Әліп, 46), Логвиненко (Марочкин, 74), Керімжанов, Досмағамбетов, Қуат, Федин, Дарабаев (Перцух, 61), Хижниченко (Әбікен, 85), Жанғылышбай (Щеткин, 61).

Черногориялықтардың бас бапкері Фарук Хаджибегович матч алдында, негізгі құрамсыз ойнайтынын айтқан болатын. Расында да, солай болып шықты. Соның өзінде, алты футболшы шетелдік клубтарда доп тебеді екен. Франция, Бельгия, Чехия, Польша және Сауд. Арабиясы секілді мемлекеттердің ішкі чемпионатында тер төгетін черногориялықтардың әл-ауқатын көретін боламыз. Бапкер орталық қорғаныс пен тірекшілер аумағын сыннан өткізгісі келгендей. Фатос Бечирай өткір шабуылда Непогодов қақпасын торуылдап көрмек. Ал қазақстандықтардың құрамы бұдан да қызықты шықты. Михал Билек Абзал Бейсебековті үшінші орталықдеф ретінде тәжірибеден өткізбек. Ал шабуылда шымкенттік дуэт Жаңғылышбай мен Хижниченко тер төкті. Федин мен Дарабаевты ілгерідегі екеуге жақсы доп жеткізу мақсатында орталық жартылай қорғаушы қызметіне жіберсе, Қуатты артқы тірекші ретінде ойнатты. Хижниченко «Ордабасыдағыдай» допты табу мақсатында орталықта көбірек жүруіне де еркіндік берілгендей. Ал қақпада Покатилов емес, көптен бері клубта да ойнамай кеткен Непогодов шықты. Қос қорғаныс қапталы Досмағамбетов пен Быстровқа берілді. Алғашқы қырық бес минуттықта осы екі футболшы алаңда белсенділіктерімен танылып, Қазақстан ойынын жүргізуге барынша атсалысты.

Таңқаларлығы черногориялықтардың сарапқа түсіп жатқан құрамнан гөрі, қонақ футболшылар ойынды ерекше жүргізе бастады. Алғашқы он бес минутықта Досмағамбетовтың өз қапталынан шабуылға қосылуы гол соғатын мүмкіндікке жеткізген. Оның шығарған пасын Хижниченко қабылдап, соққы жасаған, бірақ оффсайдтың кесірінен гол есепке алынбады. Бірнеше минуттан соң, Тимур өз айып алаңында Больевичті шалып жағып, македоняилық бас қазыдан сары қағаз алып үлгерді, ол нүктеден Балич қақпаны көздеген, Қуат Непогодовты сақтандырып үлгерді. Бұл соққыны есепке алмағанда қазақстандықтардың Петкович қақпасының маңында атойлағаны жанымызға майдай жақты. Келесі бес минуттықта Милович жарақат алып, ойынды осы жерден тоқтатуына тура келді. Алаң иелері аз ойыншымен жүргенде қонақтар допқа иелік етті. Жанғылышбай өзіне жеткен допты бірден қақпаға бағыттаған, бірақ Петкович өз орнынан табылып, спорттық снарядты қағып тастады. Осыдан кейін черногориялықтар жақсы қарымта шабуылмен жауап қатты: Йовович Бечирайға сәтті пас жеткізген, соңғысы Фатосқа берді, ал ол өз кезегінде Непогодовтың сол жақ қапталына қиыс теуіп тастады. Одан кейін Быстров өз қапталынан Петкович қақпасының маңында жүрген Хижниченконы доппен қамтамасыз етуге ниеттенгенімен, ойы іске қоймады. Келесі минуттарда сол Мараттың өзінде гол соғатын екі бірдей мүмкіндік болды. Алғашында қақпашының оң қапталын көздеген соққысын, кипер қолымен қағып үлгерсе, келесіде де «Анже» қақпашысы «Ахмат» ойыншысының есеп ашуға мүмкіндік бере қоймады. Киперден қайтқан допты Жанғылышбай торға түсіргісі келген, тағы да Петкович жолына тосқауыл болды. Осымен қонақтардың өткір шабуылдары аяқталған сыңайлы. Ара-тұра Досмағамбетов өз қапталынан бір шабуылдың шетін шығарғысы келгенімен, қауіпті соққыға дейін ұласпай жатты. Алаң иелері қазақстандықтардан мұндай қарқынды күтпесе керек, теңбіл допты біршама өздерінде ұстап, Дмитро қақпасын маңайлап көрді. Ойын аяқталуға жақын қалғанда Бечирай жерлете соққы жасап көрген, Непогодов өз орнынан табылды.

Ойынның екінші бөлігінде Больевич пен Йовович қаптал ауыстырды, алғашқы таймда Владимир командаласымен салыстырғанда белсендірек болған, бапкер осы арқылы Досмағамбетовтің қарқынын біршама бәсеңсітуге кіріскендей. Ал Михал Билек орталық қорғанысқа Нұрәлі Әліпті қосты. Екінші ойын бөлігінің алғашқы он минуттығында Непогодов қақпасына тек Баличтің баспен жасаған соққысы жетті. Одан кейін жақсы бір шабуылды Бечирай аяқтай алмады. Алаңдағы шәкірттерінің ойынына көңілі толмаған Фарук Хаджибегович құрама көшбасшысы Йоветичті, страйкер Исалмовичті, дебютант Осмайичті жіберді. Жасыл шөпке аяғы тиер-тимес Йоветич орталық дистанциядан қазақстандықтардың қақпасын көздеп көрген, сәтсіз. Михал Билекте жылдамдатып, екінші таймның басында-ақ ойынға үш ойыншыны кіргізді. Енді қазақстандықтар шабуылға кірісіп, Петкович қақпасының кілтін іздеген. Хижниченко бағанадан кішкене қиыс тепті.

Арада үш-төрт минут өтер-өтпес уақытта Логвиненко өз қақпасының алдында аяқтары шатысып, допты Йоветичке беріп қойған, черногориялық көшбасшы Непогодовпен бетпе-бет шыққан, бірақ, өзі тебудің орнына Исламовичке спорттық снарядты ырғыта салды. Диноның соққысын Керімжанов құлап бара жатып, денесімен қалқалап үлгерді. Олжастан серпілген доп қайта Йоветичке домалап жеткен, оны Непогодов өткізбеді. Соңғы жиырма минуттықта қазақстандықтар өз айып алаңынан көп шыға қоймады, ал алаң иелері қалайда есепте алға шығу үшін тырысып көрген. Йоветич орта дистанциядан тура соққы жасай алмаса, Вороговский Петковичтен допты «парашют» секілді асыруды ойлағанмен, жүзеге аспады. Осмайич құрама жейдесінде алғашқы ойынында көзге түсудің сәл-ақ алдында қалды, оң қапталдан жеткен допты, торға тастай салуды көздегенмен, аяқдопшының айласы аспай қалды. Оның үстіне қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп те үлгеріпті. Қосымша уақытта қонақтар екі бірдей бұрыштаманы желге ұшырды. Ойын нәтижесі екі команда үшін де ондай қатты маңызды емесі рас. Бұған дейін бұл қос құрама екі рет кездесіп, Қазақстан 0-8 есебімен ұтылғанын ұмытпайық. Оның үстіне Логвиненко мен Хижниченко секілді ойыншылар құрама жейдесінде көптен күткен ойындарын өткізді. Ешкім жарақат алған жоқ. Бастысы, келесі ойынға дейін тактика құрып, С тобында қалудың барлық амалын жасау.


Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек ойыннан кейінгі баспасөз отырысында:

- Меніңше, біз ұйымдастырылған және тәртіпке бағынған футбол өткіздік. Соған қарамастан, гол салатын мүмкіндіктеріміз болды. Алғашқы ойын бөлігін жоғары деңгейде болды. Ал екінші таймда бірлі-екілі шабуылдар ұйымдастырылды. Албанияға қарсы ойын күтіп тұрғандықтан, негізгі құрамды біршама өзгертуге тура келді. Кей теңбілдопшылардың күшін сақтадық. Бұл ойын біздің шама-шрақымыздың жақсы сынамасы болды деп есептеймін, -деді.

Черногория құрамасының бас бапкері Фарук Хаджибегович Қазақстанмен өткен тең ойынның бағасын берді:

- Бірінші таймда біз нашар ойнап қоймай, өз тактикамызды таппадық. Біз қарсыластың алыстан пас беретін ойынына үйренбегенімізді жасырмаймын. Екінші таймда ойлағанымыз іске аса бастағанымен, Қазақстан жеңілген жоқ. Әрине, біршама ойыншыларды сынақтан өткіздік, алайда жеңіске жеткіміз келгенін мойындаймын. Кейде жеңе алмаған матчтарда тең нәтиже де көңіл қуантарлық болып есептеледі. Біз әр ойын сайын жеңіске жетіп, жеңіс дәстүрін жалғағымыз келеді, әрбір матч жаңа сабақ деп түсінемін. Үзіліс кезінде ойыншыларға біз футбол ойнамағанымызды, тек допты теуіп артынан жүгіргендерін айттым. Олар менің сөзімді түсініп, екінші ойын бөлігінде жақсы шабуылдар ұйымдастыра алды. Қазақстанның қорғанысын жақсы бағалағым келеді. Олар біздің жақсы шабуылдарымыздың аяқталуына мүмкіндік тудырмады. Алдағы уақытта екінші таймда көрсеткен ойын өрнегіндей матчтарды көргім келеді. Бізде жақсы ойнай білетін футболшылар жеткілікті.

Албаниядағы тартысты кездесу

Албания – Қазақстан – 3:1 (2:1).

Голдарды салған: 1:0 Чикаллеши, 16, 2:0 Исмайли, 23, 2:1 Абикен, 24, 3:1 Манай, 63 (пенальтиден).

Албания: Бериша, Хюсай, Джимсити, Исмайли, Весели, Мемушай (Селахи, 87), Абраши, Каллаку (Гьясула, 54), Узуни (Дока, 67), Чикаллеши (Сефери, 86), Манай (Балай, 86).

Қазақстан: Покатилов, Вороговский, Марочкин, Әліп, Керімжанов (Федин, 46), Сүйімбаев (Быстров, 70), Әбікен (Тағыберген, 46), Бейсебеков, Қуат, Айымбетов (Хижниченко 71), Щеткин.

75 жастағы Албания құрамасының бас бапкері Эдоардо Рей Михал Билек секілді бірнеше негізгі құрамдағы жігіттеріне сенім білдіре алмайтыны белгілі болған. Бірақ, әріптесіне қарағанда оның жақсы чемпионатарда доп тебетін шәкірттері жетерлік еді. Бериша қақпада тұрса, орталық қорғаныста Исмайли-Джимсисти-Весели үштігі ойнап, Хюсай оң жаққа ойысты. Ал Абраши орталық жартылай қорғаныста болғанымен, көбінесе қорғаушыларға көмекке келу тапсырмасын алғандай. Сол сияқты орта алаңға Каллаку мен Узуни (Мирта шабуылға жиі иек артты) жауап беретін болды. Өткір шабуылдағы Манай мен Чикаллеши Қазақстан қақпасын торуылдап көрмек. Ал Михал Билек Черногориямен өткен ойынға қарағанда Олжас Керімжановты қорғанысқа жіберіпті. Оның матчқа араласуы Тағыбергеннің қосалқы құрамда қалуынан болуы мүмкін. Сол сияқты Бейсебеков те қорағушыларға көмекке келетін болады. Айымбетов пен Щеткин Албания қақпасының кілтін іздейді. Басқа позициялардағы аяқдопшылардың реті мынандай: Вороговский мен Сүйімбаев екі қапталдағы қорғанысқа жауап берсе, Марочкин мен Әліп Покатиловке жақын ойнаса, Қуат пен Әбікен орталық тіреуші қызметінде жүрмек. 


Михал Билек кейбір тұста құрамды дұрыс шығарған болса, кейбір жерде кемшін кеткендей. Мәселен, оныншы секундте Керімжанов сары қағаз алып үлгерген. Ол бұл ескерту арқылы Қазақстан сапындағы ең жылдам төрешіден «сый» алған футболшы ретінде тарихқа енді. Ол ол ма, Ұлттық лигада да оның сары қағаз алған уақытына қарайтын болсақ, ең ертесі болып есептеледі. Алғашқы он бес минуттық бойынша Қазақстан құрамасының қорғанысы өзінің әлсіздігімен жиі-жиі көзге түсті. Албандықтардың жүйелі шабуылдары бірінен соң бірі өтіп жатты. Сүйімбаевтың қапталынан да келген қауіп жетерлік. Қонақтар сапында жарқын ойынымен Вороговоский көзге түсе бастады. Ол бесінші минутта орта дистанциядан Беришаның қақпасын нысанаға алып көрген. Албандық кипер қиындықпен спорттық снарядты бұрыштамаға жіберіп үлгерді. Жалпы, алғанда Михл Билек шәкірттері алғашқы қырық бес минуттықта алты бірдей корнер орындауға мүмкіндік алған. Өкініштісі, олардың бірде бірінен қауіпті соққы көре алмадық. Алаң иелері допты Қазақстан айып алаңына дереу жеткізіп, нүктеден Хюсай Манайға пас берген, соңғысы баспен соққы жасап үлгерді. Бұл тұста қонақтардың үш бірдей орталық қорғаушылары қайда қалды деген сұрақ туындайтыны анық. Әйтеуір, Покатилов бұл соққыны торға жібермей, қағып үлгерді. Албания жігіттерінің шабуылдары он алтыншы минутта өз жемісін берді. Оң қапталдан жеткен дәл кросстан кейін Чикаллешидің баспен жасаған ала добы қақпа ішінен табылды. Тағы да қорғаныстағы қателік деуге болады. Албаниялықты жалғыз қалдырған Қазақстан футболшылары осылай «таяқ жеді». Арада он минут өтпей жатып, алаң иелері таблодағы есепті ұлғайта түсті. Бұл жолы да Билек шәкірттерінің жөнсіз қимылдары соғылған голға себепкер болғандай. Біріншіден қорғаушылар сол қапталдан келген кроссқа айтарлықтай қарсылық көрсете алмаса, екіншіден Покатилов жұдырықпен доп қайтаруда қателіке бой алдырды. Оның қолынан ұшқан доп Исмайлидің аяғынан табылған. Орталық қорғаушының жерлете жасаған соқысы, қазақстандықтардың екеулеп көлегейлегеніне қарамастан тордан табылды. Алайда, орталықтан доп қосар кезде Айымбетовтен доп алған, Әбікен қырық бес метр жерден Беришаның қақпасына тебе салған. Мұндай голды қонақтар да, алаң иелері де күтпесе керек. Әйтеуір, жоқ жерден соғылған гол есепті қысқартуға мүмкіндік тудырды. Алғашқы таймдағы үш гол ойынның көркін одан сайын қыздыра түсті. Керімжанов орта алаңда допты жөнді қабылдай алмай, Узунидің Покатиловпен бетпе-бет шығуына мүмкіндік беріп қойған. Алайда Мирто Стастың үстінен допты лақтыра салам деген ойы жүзеге асыра алмады. Одан кейін Әліп Мамушайды шалып жығып, сары қағаз алған. Сол нүктеден зардап шеккен футболшы маңдайшадан биіктеу соққы жасады. Төреші де келесі ойын эпизодтарында қазақстандықтарға қарсы ережеге сай емес әдіспен ойнаған бірнеше албан ойыншыларын жазасыз қалдырды. Алдымен Абраши өз айып алаңында Беришаға пас берген. Қақпашы оны қолымен алды. Әрине, футбол ержесінде өз командаласынан келген допты бұлай ұстауға болмайтынын естен шығарса керек. Тағы бір ойын сәтінде Покатилов Манайдың жасаған соққысына тосқауыл болса, қарсыластың екінші қайтара соққы жасауына Морочкин мүмкіндік берген жоқ. Ал Әліп Узунидің тепкен добын қақпа сызығынан шығарып үлгерді. Алғашқы ойын бөлігінде Албания айтарлық басымдық көрсеткені анық. Десе де, қазақстандықтардың керемет голы ойынды әлі өзгертуге болады дегеннен хабар беретіндей.


Михал Билек екінші таймда Әбікеннің орнына Тағыбергенді қосты. Ал Федин алғашқы таймда бірнеше қателіктерге бой алдырған Керімжановтың орнын басты. Осылайша, Бейсебеков Олжастың позициясына қарай жылжыды. Алғашқы минуттарда Федин Бериша қақпасын көздеген, кипер допты қағып алды. Бұған албандықтар оңнан солға қарай жасалған диогнал паспен және Мемушайдың соққысымен жауап қатты. Покатилов бәрін бақылауда ұстапты. Араға бірер минут салып, Қазақстан футболшылары өз айып алаңында өте жөнсіз іс-қимыл көрсетті. Алдымен Әліп келген допты кері теуіп үлгермесе, Марочкин командаласынан жеткен допқа қарсыласпен таласып жүріп, ереже бұзды. Әрине, төреші нүктені көрсетеді. Покатилов доптың ұшуын дәл тапқанмен, Манайдың есепті еселеуіне тоқауыл бола алмады. Михал Билек шәкірттерінде бірден ойынды құтқаратын сәт туындаған: Айымбетов допқа таласып, Веселиден өтіп, соққы жасаған, Беришадан қайтқан доп тура Сүйімбаевтың алдынан табылды. Ғафуржан мұндай тамаша сәтті өз пайдасына асыра алмады. Әрине, футболшымызға кедергілер келтірілгені рас, алайда мұндай эпизодтар жиі туа бермейтінін ескерсек, есепті қысқартудың керемет сәтін желге ұшырдық деген сөз. Алаң иелері екінші таймда да айтарлық басымдық көрсеткінін айта кету керек. Манай мен Чикаллешидің еркін қимылдауы, бірнеше өткір шабуылдардың туындауына әкелді. Покатилов Рейдің үш бірдей соққысын қайтарса, Соколдің да айып сызығының жоғарғы жағынан тепкен добын да уысынан шығармады. Соңғы он бес минуттықта Қазақстан ойнышыларында тағы да жақсы сәттер туындай бастады. Щеткин Беришаның қолғабына тепсе, Вороговский алаң иелерінің қорғаныс бұза-жара өтіп, он екі метрдей жерден қақпаны көздеген. Бұл жолы да Бериша спорттық снарядты уысынан шығармады. Киперді Тағыберген де алдап түсіре алмады. Асхат Хижниченкодан доп алып, жиырма метр жерден өз күшін сынап көрген. Қиыс ұшты. Егер Тағыбергенге дәлдік жеткенде Беришаның жағдайы қандай боларын елестету қиынның қиыны. Алайда, осы уақытта таблодағы есеп 4-1 болуы әбден мүмкін еді. Покатилов Хюсайдың жерлете жасаған добын қақпаға дарытпады. Айта кету керек, Стас командаластары Вороговский мен Щеткин секілді өте жақсы ойын өрнегін көрсетті.

Қатар өткен ойында Беларусь құрамасы Литваны жеңіп, Қазақстанға осы топта қалатын жағдай жасады. Алайда, мұндай мүмкіндікті Михал Билек шәкірттері өз керегіне жарата алар ма екен?


Ойыннан кейінгі баспасөз отырысында Михал Билек алдымен жылдам гол жіберіп, жағдайды ушықтырғанымызға тоқталды:

- Біз стандартты сәттерден гол өткізіп, ұтылып отырмыз. Екінші таймда өзімізге берілген мүмкіндіктерімізді керегімізге жарата алмағанымыз өкінішті-ақ. Сүйімбаев не Вороговский есепті қысқартқанда ойын жоспары басқаша болар ма еді? Алайда, Албания өзінің күшті қырларын жасыл алаңда көрсетіп, ойынды жоғары деңгейде өткізді. Жылдамдықтары жетерлік ойыншыларын көрдік. Сол сияқты албаниялықтардың тамаша форвардтары барын айта кеткім келеді. Допты бақылауда ұстау көрсеткіштері де керемет. Мұндай командаға қарсы ойынау қиынға соқты. Жақсы нәтиежеге жету де оңай емесі анық. Алда үш күн уақытымыз бар. Литваға қарсы барлық күшімізді салып, осы дивизионда қалуды ойлайтын боламыз.

Ал Албания құрамасының бас бапкері Эдоардо Рей өз шәкірттеріне көңілі толатынын жеткізді:

- Шабуылда жақсы ойын өрнегін көрсеттік, десе де алғашқы минуттары қорғаныста қателіктер болғанын мойындаймын. Ойын басындағы бесиминуттықта футболшылар «ұйықтап» жүргендей әсер қалдырды. Бұл біз үшін проблема тудыруы мүмкін еді. Дер кезінде есімізді жиып, алға ұмтылғанымыз жақсы болды. Ойын алдында шәкірттеріммен алғашқы минуттарды агрессивті бастаймыз деп уағдаласқанбыз. Кейде оны жасыл алаңда көрсету мүмкін болмай жатады. Он минутты араға салып, есепте алға шықтық. Екінші голдан соң, ерекше гол өткізіп алғанымыз тағы бар. Одан кейінгі ойын эпизодтарында кішкене босаңсуды байқадым. Біз алғашқы таймның соңына дейін, мейілінше, шабуылдар жасап, қарсылас қорғанысын көп мазалауымыз керек болған. Сол сияқты бұл ойынға техникасы жетілген Каллаку мен Мемушайды таңдадым, олардың доппен ойнай білетіні біздің шабуылымыздың оң жүруіне көп ықпал етті. Форвардтарға жақсы мүмкіндіктер тудырып жатты. Екінші таймда алаңға Гьясуланы жіберіп, орталық алаңды нығайтуға шешім қабылдадым. Алайда, қазақстандықтар, алаңда бізге көп допты меншігімізде ұстауға мүмкіндік бере берген жоқ. Біз қашанда спорттық снарядты өз еркімізде бақылап, ойынды жүргізгіміз келеді. Өкінішке қарай, Литва да, Қазақстан да өзіміз жіберген қателіктен қақапамызға гол соға білді. «Үйде» болған ойындағы жеңіс көңіл қуантады. Десе де, команда ең үздік ойынын өткізбегенін айта өтейін. Бастысы, жеңіс қалтамызда. Беларусь құрамасына қарсы келесі ойында біршама өзгерістер енгізіп, агрессиялы матч өткізуге тырысатын боламыз. Сол құрамаға қарсы өткізген алғашқы ойында сауатты өнер крсетіп, қажетті ұпайға қол жеткізген едік. Мен ойынға көңілім толу үшін шәкірттерімнің агрессивті болғанын қалаймын. Иә, бүгін жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржынға салдық, бірақ ойын өрнегіне айтарлықтай көңілім толған жоқ. Литва, Қазақстанмен өткізген алғашқы ойындарда біз жақсы допқа иелік етіп, шабуылдар ұйымдастырсақ та, қажетті нәтижеге жете алмағанымызды естен шығармаймыз. Бүгін де алғашқы таймда жақсы шабуылдар ұйымдатсырылды. Десек те, сондай сәттерді голға айналдыра білуміз керек. Узуни мен Хюсай мүмкіндіктерін құр жіберіп жатты. Мен барлық жақсы сәттерден гол шығару керек деп айтпаймын, бірақ тең жартысын соға білуі қажет емес пе? Бүгінгі ойында көптеген негізгі құрамдағы фтуболшылар қатыспағанын ұмытпағанымыз жөн. Әрине, бұл тұста қарсылас та өздерінің үздік ойыншыларына иек арта алмады. Не десек те, келесі ойынға дейін құрамды дайындап, осы топтан бірінші орынмен жоғары дивизионға көтерілуді ойластыратын боламыз.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)


Ұқсас материалдар