Жаңалықтар

Өзеннің Бұланты атануына не себеп?

Өзеннің Бұланты атануына не себеп?
27.09.2021 15:55 5312

 

Ұлытау баурайындағы бұлақтардан өз бастауын алып оңтүстік-батысқа қарай екі өзен ағады: бірі Білеуті, екіншісі Бұланты. Бұлардың аңғары Шұбар теңізден солтүстікке қарай, бағыты Арал теңізі, Карақұмға қарай жақындап барып үзік-үзік кара суларға айналады, ақыры құмға сіңіп көрінбей кетеді. Қазіргі қазақ Білеутіні Қалмаққырған деп атағанды ұнатады, ағар басы Қумола атанған. Сарыарқада Кайрақты атанған жер-су баршылық, білеу-қайрақ бір ұғымдас сөздер. Бұлантының жөні сәл бөлек.

 

Бұл өзен Байқоңыр делінеді. Соңғысы түсінікті, Калмаққырған атануы да ойға қонымды, бірнеше ғасыр бойы бір-бірімен соғысқан екі ел аз қырылмаған. Ал Бұланты леп аталуына не себеп болды екен? Қазіргі күні Орталық Қазақстаннан ара-кідік киік кездеспесе бұлан деген атымен жоқ.

 

Бір ғажабы тарихи деректер Ұлытау маңында бұланның болғанын растайды. 1582 жылы Ташкенттік Баба-сұлтанмен соғысып Бұқар ханы Абдолла Орталық Қазақстан жеріне келеді. Бұл Баба-сұлтан өзінің қанқұмарлығымен аты шыққан, ешқай жерге де сиымсыз адам еді. Оның қолынан қазақтың бірнеше ханзадасының қайтыс болғаны да, қазақ ханы Хақназардың өліміне де оның кінәлі екеңі белгілі. Абдолламен бақталастырған Бабасұлтан Ұлытау бойында қазақ сұлтаны Тәуекелдің қолынан қаза тапты. «Шараф-наме-йи шахи» (Шах даңқының кітабы) бұл жайтты былай суреттейді: «Сейсенбі күні 17 раджапта /7 тамыз 1582 ж/ Тәуекел сұлтан Сатурннан кем емес Абдолла ханның сарайына Баба мен Жанмұқамбет бидің, Латиф сұлтанның бастарын бірнеше тұтқынға қосып алып келді. Ол басты /Баба сұлтанның/ тақтын алдына лақтырып жіберіп, халиф марапатына ме ханның алдына тізе бүгін:

 

– Мен жауыма қарсы жайдың оғын аттым, Шахтың бақыты үшін қанын да төктім, - деді». Кітап авторы Хафи» Таныш Ұлытау маңындағы Абдолла ханның аңшылық саятын көркем тілмен кестелеген: «Осы уақытта құдіретті патшаның имандығы жүрегіне аңшылық қызығын көрмек болған ниет енді. Аспандай биік билігі бар, жаратушының өзі мейірін төгіп қанатының астына алған Хақан аңшылыққа аттанды... дала аңының көп өлтірілгені сондай мұсылман әскері тамағы тапшы болып тұрған күннің өзінде тек семізін таңдап жеді, арығын тастап. Әр түрлі гөзелдің ішінен бұл жерде бұқаның өзінен де үлкен /буйвол/ гәзелдер кездесті. Мопғолдар оларды қандағай деп атайды, Дәштінің тұрғындары бұлан дейді. Жеңімпаз әскер аң етінен тамаша тояттады».

 

Ұлытау бауырындағы өзеннің Бұланты аталуына осы аңның көптігі тікелей себеп болды. Ал Білеутінің Қалмаққырған болып өзгеруін анықтау үшін бізге ХVII-ХVIII ғғ. қазақ-қалмақ арасындағы көптеген оқиғаларға көңіл бөлуге тура келеді.

 

ХV ғасырдың ортасында қазақ рулары Әбілқайыр хан қол астындағы өзбек мемлекетінен бөлініп Шуды қуалап, Қозы басыға барған кезінде Моғолстанның ханы Есен бұғадан жақсы ілтипат көргені тарихта белгілі. Осы әңгімені Мұхамед Хайдар барынша жарқын жазады «Әбілқайырдың жұрты үлкен бүліншілікке ұшырап, жаугершілік басталды. Оның қарамағындағы елдің көп бөлігі Керей мен Жәнібек ханның маңына көшіп келді, осылайша жиналған адамның саны екі жүз мыңнан асты. Оларды өзбек - қазақ деп атау сол кезде қалыптасты».

 

Мұхаммед Хайдар Моғолстан хандарының қалмаққа қарсы көп соғысқанын және қазаққа жылы шырай бере отырып, оны шекарадағы өзіне жау қалмақ ұлыстарына қарсы пайдаланғанын жазады. Ол кезде Жетісу, одан әрі Кашғар жері тұтас Моголстан құрамында болды. Олардың негізгі әскери күші дулат, ысты, сіргелі, ошақты тайпалары еді.

 

Ең әуелі Жетісуды жаудан қорғаган қазақтар кейін өзінің иеліктеріне төнген қауіптің де бетіп қайтаруына тура келді. Бұл қауіп 1620-шы жж. бастап еселеп көбейіп кетті. Алдыменен қалмақтың торғауыт, дүрбет тайпалары Ертісті қуалап Солтүстік Казақстан, бара-бара Сарыарқаға келе бастады. 1630-шы жылдары қалмақ қосындары Жайық жағасына жетіп ноғайларды әрі ысырды. Ембі мен Еділдің арасы ХVI ғасырдың басына дейін қалмақ-торғауыт иелігінде болуына себеп осы. Ноғайлардың бір бөлігі оңтүстікке қарай шегініп Кіші жүзге қосылды. Жалпы қазақтың Кіші жүзі ерте уақытта-ақ ноғайлардың қауымдарынан көбейген еді, әсіресе олардың көп қосылған уақыты Сари Жүсіп пеп Ысмайыл мырзалардың соғысы кезінде (ХVІІ ғ. ортасы), Орманбет ханның өлетін заманы.

 

Орталық Қазақстандағы қалмақ көші біраз уақыт Баянауыл, Карқаралы-Казылық, Қорғалжын маңына тұрақтады, бірақ одан арі оңтүстікке жақындай алған жоқ. Казақ қыстаулары Ол заманда көбінесе Жиделі Байсын және Сырдарияның екі жағалауында еді. Осы кеңшілікті пайдаланған қалмақтар жаз жайлауға көшкен қазаққа теңдік бермей Сарыарқа үшін үлкен күресті бастады. Кей жерлерде екі елдің қойы қоралас, ауылы аралас отыртан да сәті болды. Қазақ шежіресінде бұл қоңсы көшкен елді «кіші қара қалмақ» дейді.

 

Батыс Моңғолияда қалған ел болашақ Жоңғария мемлекетінің ірге тасын 1640 жылдары құрады. Осы он жылдық қалмақ тарихында керемет маңызды орын алады: пұтқа табыну (ламаизм) мемлекеттік дін есебінде қабылданды. Әр тайшы (ел басы) Тибетке өзінің ұлдарынан шәкірт аттандырды. Екіншіден қалмақтың әдет-ғұрып заңдарының ережелері мемлекеттік заң есебінде бекіді «Их цааз» (Ұлы ереже) деп аталады. Үшіншіден, мемлекетті басқару жүйесі тыңғылықты түрде келісілді, қонтәжі билігінен басқа «Зарғы» жоғары билік институты өмірге келді.

 

Қазақ-қалмақ арасындағы тайталас соғыс осы межеден басталады. Тәуке хан тұсында, оның бір інісі «Кіші қара қалмаққа» хан да болған заман өтті, Есім ханның заманында қысқа күнде қалмақты қырық рет шапқан да тарих болып қалды, Салқам Жәнгір тұсында қазақтың ең қауіпті жауы қалмаққа айналды. Есім маңайындағы елдің бәрімен соғысып Орта Азия, Жоңғария, Сібір иеліктерін қалт жібермей қадағалап отырса, Салқам Жәңгір тұсында мемлекетті тұтас сақтаудың өзі үлкен күш болды.

 

1652 жылы қалмақтың Очирту Цецен ханының ұлы Қалдамамен соғыста Жәңгір қайтыс болды. Осыдан кейін-ақ ол тағы да дағдарысқа көшті, ата мекен жер қалмаққа қалып, қазақ Жиделі Байсынға, тіпті одан әрі Әмудің ар жағына көшті.

 

Тәуке ханның заманы (1680-1715 жж.) қазақ-қалмақ арасында бір сәт тепе-теңдік орнатқандай еді. Жоңғарды ар жағынан Қытай аждахасы тықсырып, қазаққа мойын бұруға мұрсат да берген жоқ. Орта Азиадағы өзбек иеліктері өз ара жауласып, тақ үшін таласын іргесін бекіте алмады. Осыны сәтті пайдалана білтен қазақ қоғамы өзінің саяси, этникалық мәселесін шешті, мемлекетін, билік жүйесін нығайтты, сыртқы жауларға, көрші елдерге қарсы саясат әдістерін ойластырды. Егер қалмақ елі өзінің мемлекеттік негізін 1640-шы жылдары жасаса, қазақтар одан елу жылға кешігіп барып, басқару жүйесін жөндеуге кірісті. Бұл екі арада ара-салмақ түбегейлі түрде қалмақ пайдасына шешіліп қойған еді. ХVІІ ғасырдың басында (Сыбан Раптан кезі) қалмақтар Шығыс Түркістанды түгел өзіне қаратты, Қытайдың бетін қайтарды. Жоңғария билеушілері Шығыс Түркістаннан жылына 400-мың теңге таза алым жинаса, тек қана Жәркент қаласынан 50-мың теңге алтындай алып отырды.

 

Жоңғарияның айбат-күшін 1716 жылы Ресейде сезінді. Ертісті бойлап «Яркентте алтын бар» деп соны іздеуге келе жатқан И.Бұхгольцтің отрядын қалмақтар тас-талқан қылды. І-Петрдың талабымен Шығысқа аттанған 5-6-мың әскерден еліне қайтқаны шамалы болды. Негізгі соғыстар Жәміш көлінің тұсында өткені тарыхи деректерден белгілі. Осы шайқастарда Жоңғария қолына орыс арасындағы көптеген швед тұтқындары түсті, олардың ішінде Г.Ренат сияқты қолынан өнер тамған мамандар да көп болатын. Осылайша Жоңғария жерінде шағын зауыттар салынып, онда қару-жарақ жасала бастайды. 1740-шы ж. деректерге қарағанда Қалмақ ұрғасында (орда) «түйеге қомдалған 20 зеңбірек, мыстан жасалған, жерге қондырылған 6 пұттық үлкен бір зеңбірек» болды.

 

 

 

Қолында қарағай сап найзасы, сірі қалқаны, мықтағанда шиті мылтығы бар қазаққа қарсы осы сайлы қол тұрды. Тәуке хан 1715 жылы о дүниелік болысымен-ақ қазақтың iекаралық рулары қалмақ соққысының астында қалды. Жеңілістің ішіндегі ең бір ащы дәмін 1718 ж. Аягөз бойындағы, сол жылы күзде Бөген, Шаян, Арыс маңында татты қазақтар. Әз Тәуке заманындағы жасалған бәтуа, алысқан қол, берген серт қазақты сақтай алмады.

 

Қазақ аңыздары бойынша Әз Тәуке заманында ел басшылары жыл сайын Хан абад деген жерде кездесіп, мәжіліс құрып отырады екен. Ол жер Тәшкенттен әрірек, Әнгреп деген өзеннің жағасында болса керек. Мәжіліс болғанда бірер күн емес айлап болғандықтан казақтың «Күлтөбенің басында күнде кеңес» дейтіні сондықтан. Хан ордасы атанған Түркістанда да қазақ елінің қамын ойлаған ел басыларының жиыны жиі өтіп тұрса керек.

 

Осы дәстүрдің жалғасы есепті 1710 жылы Ұлытаудан батысқа қарай «Қарақұм кеңесі» детен атақпен тарихта қалған ірі бас қосу болыпты. Бұл оқиға ХVІІ ғасырдың бірінші іширетіндегі ғаламат маңызы бар кездесу есебінде халық жадынан ешқашан өткен жоқ. Ең алдымен талқыға түскен мәселе «Жеті жарғы» ережелері, оларды жаңа саяси ақуалға қатысты қайта құру. М.Тынышпаев бұл кеңесте қазақтың тоқсан биі кезеқ-кезек сөз алып, өздерінің көкейінде жүрген мәселелерімен бөлісті дейді. «Жеті жарғы» атанатыны Әз Тәуке ханның жанында қазақтың белді-белді руларынан жеті би заң құрып, тұрақты кеңес жасап отырған. Бұлардың ішінде көрші қырғыз бен қарақалпақтың да ел басылары болса керек.

 

Әз Тәуке ханның билер кеңесін өткізуге мүдделі болуының себебі әлденеше. Біріншіден сұлтандардың билігін шектеу, ұлыс-ұлыс болып бөлініп кеткен елдің басын жию. Екінішіден, үші жүзге үш биді жауапты қылып, өз шешімін, ел тілегін солар арқылы атқарып отыру. 1710 жылғы мәжілісте (Қарақұм кеңесі) ең көп талқыға түскен мәселе Жоңғариямен арадағы қарым-қатынас. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей шығыстан естілген дүмпу күннен күнге жақындап келе жатты, қауіптің алдын алу керек болды. Осы мақсатпен қарулы әскерді әрдайым дайын ұстау, оның тізгінін Әбілқайыр сияқты сұлтандарға, Бөгенбай сияқты даңқты батырларға тапсыру Қарақүм кеңесінің колжеткізген мәртәбесінің нәтижесі.

 

Бірақ Әз Тәуке хан өлгеннен кейін елді меңгеріп кетуге оның мирасқорларының ешқайсысының шамасы келді ме?! Қазақтың өзі де ру-ру болып басын қоса алмады. Мәшһүр Жүсіптің сөзімен «бақытты ханы жоқ, тайсалмас батыры жоқ, көп жаманның жиылып төбелесе бергенінен не өнеді»? Осындай ссбептерге байланысты Сыбан Раптанның Аюке ханның қызы Сетержептен туған баласы Шұна Дабо (Лаузан) қалмақтың қалың қолын ертіп Түркістан-Ташкентке келгенде сол жерде отырған қазақ мардымды қарсылық жасай алмап, үркіп «Ақтабан шұбырынды» басталып кетті. Бізді қолымыздағы деректерге қарасақ жеңіліске бастаған бір себеп – сол жылғы жұт, Казақ есінде «қайың сауған» болып қалған ауыр қыстың зардаптары 1723 жылы қалмақ әскері Сыр бойына төніп келгенде айқын сезілді, сондықтан «жонғар жеңген жерде қазақты тырп ете алмастай қылып, ойсыратып, шауын кете берген». Екіншіден елдің басы қосылмауы, бір жағы қазақтың әр жерде шашырап Сырдарияның бойында қыстауда отыруы, сайланып, сөз байласып қойған әскері және жоқ. «Кері кеткен елдің кеңесі көп болады», «Кедей елдің қошбасшысы көп болады» деген сөз сол заманда айтылса керек.

 

 

Дереккөз:  

Артықбаев Ж.О. Қазақ этнографиясы. Қоғам және этнос. Қарағанды, 1995 ж.

Тынышпаев М. История казахского народа. Алматы, 1993 ж.

Көпеев М.Ж. Қазақ шежіресі. Алматы, 1993 ж.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға