Жаңалықтар

Әлемді тегін аралаудың жолдары - Бен Шлаппигтен

"Біз әрдайым бір қадам алда жүреміз!"
Әлемді тегін аралаудың жолдары - Бен Шлаппигтен
08.02.2018 11:16 5143

Бен Шлаппиг – «туристік хакер». Ол бір тиын төлемей-ақ, бірінші класспен ұшып, әлемді аралап жүр. Өмірін борттағы сәнді лайнерде өткізіп жүрген ол мұндай табысқа қалай қол жеткізді?

2015 жылы Бен есімді жас жігіт Сиэтл әуежайына келіп, бірінші кезіккен ұшаққа отырған күйі үйіне оралмады.

Бұл жолы ол Шығыс Азияға саяхаттамақ. Гонконг, Дакарту мен Токиjға кеткен 69 сағаттан соң, Нью-Йоркке қайта оралады. Ол әуежайдан аттап баспайды, егер шыға қалса қымбат қонақ үйлерге ғана тоқтауы мүмкін. Бенді көріп, модель-ау деген ой келеді. Түрі келісті, сымбатты жігіт, көзінде бағалы көзілдірігі бар, шашы журнал мұқабасындағы модельдердің үлгісіндей. Эконом-класстағы жолаушылар шампан ішіп, сұлу стюардессалармен әзілдесіп отырған Бенге қарап, ата-анасының байлығын шашып жүрген жігіт деп қалуы мүмкін. Бірақ, олар қателеседі. Шлаппигтің арнайы жұмысы бар, ол жұмысы – осы. 26 жастағы Шлаппиг – авиакомпанияларды алдап соғуды көздейтін саяхатшылар арасындағы ең атақтысы. Олардың бір ғана мақсаты бар: көбірек тегін ұшып, қолға түсіп қалмау. Соңғы 20 жылда интернетте осындай айлакерлердің қоғамдастықтары қаптап кетті. Олар кодтарды бұзып, келісім-шарттағы кішкентай шрифтерді оқып, авиациялық бюрократияны толық түсіне алады.

Шлаппигтің өте танымал One Mile at a Time атты жеке блогы бар. Онда Бен әуе жолдарының жарнамасына ұқсайтын өзінің өмірін жазып отырады. Бір күнде алты рет саяхатшыларға арналған лайфхактарды талқыға салады. Бірақ, оның жанкүйерлерін ақыл-кеңесі емес, әуедегі керемет өмірі қызықтырады.

«Өзіме ұнайтын іспен айналысатыныма қуаныштымын» – дейді ол.

Екі жыл бұрын Бен Сиэтлдегі үйін тастап шыққалы, 400 мың мильді артта қалдырды, яғни жер шарын 16 рет айналып шықты. Ол соңғы рет қонақ үйде 43 апта бұрын болған. Әр күн сайын көкте алты сағаты өтеді. Оның бағыты еркін, әуежайға жетпей жатып, ол келесі қалаға бағдар жасап қояды. Өткен аптада Далласта, Дубайда, Оманда, Барселона мен Франкфуртта болды. Әрине, бұған қарап Шлаппигті көшпенді деп атай алмайсың. Себебі оның үйі – ұшақ.

«Ұшақ – менің жатын бөлмем, – ал мынау менің кабинетім және ойын бөлмем» – дейді.

Бизнес-кластағы жеке кресло негізі $15000 тұрады. Мұндай орынды Бен іші пысқан кезде алады. Ол көп ұшатындықтан, билеттерді барлығы секілді қосымша миль арқылы сатып алады.  Шлаппигтің сүйікті орны – Гонконг. «Мен өмір сүруге болатын жалғыз қала» – дейді ол.

«Біз авиакомпанияларды өз ойындарында жеңіске жетеміз. Сол бағдарламаларды жүргізіп отырғандар, шын мәнінде – нағыз ақымақтар, – деп, демін ішіне тартқан Бен: – біз олардан әрқашан бір қадам алда жүреміз!» – дейді.

Шлаппиг бала кезінен ұшаққа жаны құмар еді. Ол ұшақтардың түрлерін санап жүретін.

«Бенджамин менің басқа екі ұлымнан ерекше болатын, – дейді оның анасы, – Ұстаздары «балаңыз басқалардан бір қадам алда жүреді» деп айтатын, оған сыныптастарымен қызықсыз еді».

Шлаппиг 13 жасында ұшуға арналған түрлі пікірлер талқыланатын FlyerTalk онлайн-форумына көзі түсіп кетті. Дәл сол жерден базалық үш компоненті бар қиын ойынмен ойнайтын әлемдік қоғамдастық тауып алды.

Туристік хакердің бірінші тапсырмасы үздік бонустары бар әуе желісін таңдап алу. Шлаппиг United Airlines-ті таңдады. Бірден тегін ештеңе жоқ, ойынның негізгі мақсаты – құйған қаржыны кері қайтару. Туристік хакер салған ақшасы қайтып келмейтін болса, қаржы құйып әуре болмайды. Шлаппигтің айлалы техника мен билетті рәсімдеудегі қателіктерді оқуға, жолаушыларға арналған бонустардың артығы мен кемшілігін түйсінуге бір жыл уақыты кетті.

Бұл ойындағы екінші маңызды нәрсе – кредит карталары. Шама келгенше максималды кредит карталарын ашып, сосын күшін жойып отыру керек, тек банктермен бірлесіп жұмыс жүргізетін әуе компанияларының бонустарын жинап үлгерсе болғаны. Осы екі әдісті толық меңгерген Шлаппиг үшінші маңызды элементті тапты. Ол – «өндіріс шығындары». Бұл арқылы туристік хакерлер кредит карталары  беретін мүмкіндіктерді басқарады. Әуе жолдарының кредит карталары әрбір жұмсаған долларға балл береді. Туристік хакерлер осы жүйені ешқандай шығын жасамау үшін қолданады. Мәселен, олар кредиттік карталар арқылы АҚШ-тың Монета ауласынан долларлы монеталарды сатып алады да, оны сол ақшамен төлеп құтылады. Шлаппиг осы тақырып аясында көптеген мақалаларды оқып, су тегін әлемді аралауға болатынына көзі жетті. Бұл, былайша айтқанда, ойын автоматына тиын тастап, оны ілмек арқылы қайта шығарып алу.

Ол өз ісіне ата-анасын да сендіре алды. Бен Германиядағы туысқандарына бизнес-класспен ұшу эконом-класстан әлдеқайда арзан екеніне көздерін жеткізді. Осыдан бастап, олар ұлдарының хоббиін қолдайтын болды. 15 жасында Бенді ата-анасы сенбі күні әуежайға әкеліп, алыс сапарға шығарып салып, жексенбі күні кешке қайта күтіп алатын болды.

«Бұл қызық хобби, – дейді әкесі Арно, блогы табысты болған соң, ұлы сатып әперген үйінде отырып, – «Өз ісіңмен шұғылдана бер, бұл шөп шеккеннен гөрі, әлдеқайда жақсырақ».

Өте ақылды болғанына қарамастан, Шлаппигтің сабаққа деген қызығушылығы төмен болды.

Туристік хакерлер шеберліктерін арттырып, тегін ұшудың қыр-сырын үйрену үшін бірнеше жылдар кетуі мүмкін екенін айтады. Бірақ, 16 жаста Бен бір сапарында тынық мұхитын алты рет басып өткен алғашқы хакер атанды. Ал 17 жасында жарты миллион миль ұшып өтті. Осыдан кейін-ақ, FlyerTalk форумының мүшесі ретінде таңдалды. Ал 2009 жылы вице-президенті болып сайланды және туристік хакерлер туралы жазатын ең атақты блогер Гэри Леффтің серіктесі болды.

Жоғарғы сыныпта оқып жүріп, сүйікті United Airlines-мен ол әлемді шыр айналды. 16 жасында элиталы жолаушы статусына жетті. Шлаппиг өзінің сыныптастарымен сөйлескеннен гөрі, туристік хакерлермен тіл табысу жеңіл екенін түсінді. FlyerTalk-тегі мүдделес адамдарды жинап, кездесулер ұйымдастыруға көшті.

2007 жылы Шлаппиг Флорида университетіне оқуға қабылдануға өтініш жазды, бірақ бұл білім ордасының есігін ешқашан ашып көрмеген. FlyerTalk–тегі форумдар да келе-келе оған қызықсыз болып көріне бастады. Осылайша, сол жылы өзінің жеке One Mile at a Time блогын ашып, авиакомпаниялар мен жеке жолаушылар арасында байланыс болатын түрлі шараларға шақырыла бастады. Беннің instagram парақшасында түрлі авиакомпаниялардың сервистері, әуе кемелерінің борттары, қыдырған елдерінің суреттері жарияланып тұрады. 

Шлаппиг келе-келе «сүйікті әдіс» тапты. Яғни, кейде авиакомпаниялар рейстерін кейінге шегергенде, сол рейске брондаған адамдарға тегін билет пен $400 ваучер алуға мүмкіндігі болды. Рейстердің кейінге шегерілуі өте сирек орын алады, бірақ мұндай сәтті Бен бос жібермейтін болды. Ол арнайы бағдарламалар арқылы Азаматтық авиацияны басқаратын Федералдың мағлұматтарына түсіп, уақыты кейінге қалатын рейстерді біліп отырды. Осылайша, тегін табыс көзі пайда болды.

Одан кейін, Шлаппиг әуе бортындағы жасамайтын құрал-саймандарға өтемақы алудың жолын тапты. United Airlines істен шыққан құрылғылары үшін өз жолаушыларына $200 бен $400 арасында төлейді екен. Әр ұшаққа отырғанда Шлаппиг бұзылған құлаққап пен жанбайтын лампаларды іздеп тауып, купон алуға жүгіретін. Ол осылайша $10 мың қаржыны қалтаға басқан. Сол уақытта Шлаппигке United Airlines өз жүйесінің артықшылығын пайдаланғаны үшін Бенге «жолаушы статусынан» мәңгілікке айыратын хат жіберді.

«Өз жүйесінің артықшылығын пайдалану» дегеніміз не?»  – деп сұрайды Шлаппиг, – ұшақтағы жасамайтын құлаққап үшін мен $200 өтемақы талап етуге құқым жоқ па? Әрине, бар! Бұл жүйені жасаған өздері».

Бұл оқиғаға байланысты авикомпания жауап беруден бас тартты. Шлаппиг әлгі келеңсіздіктен соң, бір жыл досы Пуразаримен жүргізген жұмыстан кейін бәрін тастап, тек саяхаттаймын деп шешті. 2014 жылдың сәуір айында Сиэтл әуежайына келгелі, үйіне әлі қайтпады. Шлаппигтың One Mile at a Time блогы үш нәрседен табыс табады: блогтағы жарнама, PointsPros қызметіндегі консалтинг, қосымша жарнама (ол кредиттік карта туралы әр жазған сайын картаны рәсімдеуге сілтеме жасап отырады). 

Шлаппигтің жеткен жетістігіне қарамай, көптеген туристік хакерлер бұл ойын-сауықтың да бір күні нүктесі қойылады деп есептейді. Олардың қоғамдастықтарында паранойя мен уайымға салынғандардың әңгімесі жүр. Бұның өз себептері бар. Өткен жылдың басында Delta пен United Airlines жаңа бонустық бағдарламаға көшті.

Енді, үзіліссіз ұшудан ешқандай пайда жоқ, бонустар жалпы ұшуға кеткен қаржыға байланысты түсетін болады. Бірақ, Шлаппигте ешқандай уайым жоқ.

«Мен бұл іспен 10 жылдан бері айналысып келемін. Әр жыл сайын «біздің күніміз бітті» дегенді естимін, бірақ, жыл сайын жаңа әдістер мен мүмкіндіктер пайда болады. Біз әрқашан бір қадам алда жүреміз!», «Бәрібір соңында казино өз ұтысын алады!» – дейді Шлаппиг.

United Airlines-пен болған оқиғадан кейін Шлаппиг рұқсатты аумақтан артық шықпайтын болып шешті.

«Кейде өзімді жалғыз сезінемін, түнгі 3-те Гуанчжоуда отырып, ойланамын: осы уақыта достарыммен бірге Лос-Анджелесте көңіл көтеруге болар еді, шыныменде маған мұнда істейтін ештеңе жоқ».

Барлық жерде ол жалғыз. Бос күту залдары, керемет орындық, жібек маталы жастық – барлығы да жаныңа жылу сыйлай алмайтын жансыз заттар. Келесі Жакарта мен Токиа арасындағы 7 сағатта өз көңілін көтеру үшін Бен өзімен бірге шарап ала кіреді. Ол туристік хакер ешқашан «өлмейтін іс» деп есептейді және өмірінің соңына осы өмірі жалғасатынына кәміл сенеді.

«Әлем соншалықты үлкен сол үшін де өз ісімді жалғастыра бергім келеді, бірақ, кейде әлемнің соншалықты кішкентай екенін сезінемін, сонда да мен ештеңеге қарамай, ең бақытты адаммын» – дейді Бен Шлаппиг.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға