Елордада неміс ақыны И. Гетенің 270 жылдығына арналған поэтикалық-музыкалық кеш өтті

29.08.2019 720

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен немістің ұлы ақыны, дана ойшыл, драматург, прозаик, философ, ғалым Иоганн Гетенің туғанына 270 жыл толуына арналған «Адамзаттың алып ақыны»  атты поэтикалық-музыкалық кешке қатысып, сөз сөйледі.


Іс-шара аясында неміс халқының ұлы ақыны И.В. Гетенің «Батыс-шығыс жинағы» атты неміс және қазақ тілдеріндегі  (қазақшаға аударған Төрегелді Тұяқбай) кітабының тұсаукесері өтіп, «ГЁТЕ – 270 жаста» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараға Неміс тілі орталығының басшысы Гульнара Фахрудинова, тарих ғылымдарының докторы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті шет тілі филологиясы кафедрасының меңгерушісі Айгүл Бишкенова және т.б. қатысты.


- Гётe – бір ұлттың ұлы болып туып, бүкіл адамзаттың тұлғасына айналған ақын, талантына әлем бас иген классик-жазушы, философ, ғалым және өз заманының ықпалды мемлекеттік қайраткері. Сондықтан да, бүгін бүкіл өркениетті әлем ұлы тұлғаның мерейтойына арналған мәдени, ғылыми іс-шаралар өткізуде. Соның бірі – бүгінгі көрме мен жиынымыз.

Қазақ жерінде Гетеге деген қызығушылық бұдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын туындағаны белгілі. Оның еңбектері ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр-Жүсіптің, Медеубай Құрмановтың, қазақтың басқа да ақындарының аудармалары арқасында жан-жаққа тарап, бұқара халыққа жеткен. Гёте тұлғасына, оның шығармашылығына деген қызығушылық ешқашан тоқтаған емес.


Әсіресе, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жастарының Гетеның мұрасына деген ерекше назары бүгінгі таңда бізді қуантады. Мысалы, оған қатты әсер еткен: «Бас киіміңнің үстінде тек қана аспан тұрғанын көріп тұрмын» деген ингуш атшабарының сөздері жастар арасында кездесіп тұрады. Неміс  халқының жарқын перзенті Иoгaнн Boльфгaнг Гётeнің 270-жылдық мерейтойы ұлы Абайдың 175-жылдық мерейтойының қарсаңында өткізіліп, зор символикалық мәнге ие болып отыр.

Сөзімді қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, қазақ пен неміс халықтарының арасын байланыстыруға орасан мол еңбек сіңірген Герольд Бельгер ағамыздың сөзімен аяқтағым келеді: «Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындықтың, рухани тамырластықтың тіпті туысқандықтың бары анық болса, сол жақындық, сол туыстық Гёте мен Абай творчествосында айырықша білінеді», – деп жазады. Бүгінгі іс-шарамыз да – соның бір белгісі, – деп атап өтті өз сөзінде Ж. Түймебаев.

Ұқсас материалдар