Жаңалықтар

Қалыңмал мен жасау туралы не білеміз?

Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері
Қалыңмал мен жасау туралы не білеміз?
07.09.2021 17:00 5913

 

Қазақ халқында некелесу қалыңмалсыз, жасаусыз болмаған. Ал оның мөлшерін құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешкен. el.kz порталы ежелгі некелесу дәстүрлерінің тарихы жөнінде ғалым Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» еңбегіне сүйене отырып мәлімет беруді жөн санады.

 

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы қалыңмал мен жасаудың мөлшері бүгінгі заманға қарағанда өзгеше болған. Қазақ арасындағы қалыңмал есебінде бұрын-соңды негізінен төрт түлік (түйе, жылқы, ірі қара, қой) малын берген. Мұнымен бірге сауда-саттық ісіне жақын болған кейбір құдалар арасында мал басын ақшаға шағып, ақшадай төлеу немесе малға қоса ақша беру әдеті де орын алған. Бірақ қалыңмалды ақшадай төлеген күннің өзінде, оның мөлшерін мал санымен белгілейтін болған.

 

Құл және күң беру дәстүрі

 

Патриархалды-құлдық дәуірі жойылмай тұрған кезде қалыңмал ретінде белгіленген малға қоса құл және күң беру әдеті де болған. Мұндай деректерді XVIII ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның солтүстік-батысына саяхат жасаған Николай Рычковтың, ал солтүстік-шығыс төңірегін араларында құнды әдеби мұра қалдырған капитан Андреевтің 3, XIX ғ басында Шығыс елдерін зерттеуге көп үлес қосқан ғалым Г. И. Спасскийдің, Орта жүз қазақтарын зерттеген генерал-майор С. Б. Броневскийдің, қазақ тарихының геродоты атанған А. Левшиннің, XIX ғасырдың соңында Сырдария және Жетісу өңіріндегі қазақ жұртшылығының әдеттік праволары жөнінде Н. И. Гродековтың және Н. Изразцовтың еңбектері мен архив қоймаларында сақталған Омбының уақытша комитеті 1824 жылы жинаған деректерінен табуға болады. Қалыңмал есебінде құл мен күн беру әдетінің тым ертеректе, оның өзінде билер мен байлар, төрелер мен хандар арасында болғандығын қазақ эпостары да дәлелдейді. Мәселен, «Қыз Жібек» жырында Төлегеннің жолдасы Шегенің:

 

«Енді отырыс болмасын,

 

Құдаларға барайық,

 

Барып бедел салайық.

 

Мал жеткенше мал беріп,

 

Малға қоса жан беріп,

 

Құдаларды алайық…

 

дейтін шумақтары жоғарыда айтылған пікірлерді толықтыра түседі. Қалыңмалға қоса беретін құл мен күң туралы жеке адамдардың аттарына байланысты нақтылы деректер әр түрлі архивтерден көптеп кездеседі. Мәселен, XIX ғасырдың 20-жылдарында арғын тайпасының Бәсентиін руынан Досбол дейтін бай қызы Ақжан үшін Бура-Найман руының байы Мырзабековтен қалыңмал ретінде малға қоса он жасар қалмақ қызын күңдікке алғандығы туралы Омбы генерал-губернаторының қорында сақталған. Ал, Өзбекстанның орталық архивында бұдан да толығырақ деректер бар. Мәселен, XIX ғасырдың аяғында Әулиеата уезінен жиналған деректерде қалыңмал есебінде «бас жақсы» деп берілетін бес түйеге қосып бір «қыз жетім» (күң), ал «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) беретіндігі туралы баяндалған. Бұл арада қыз жетімнің бас жақсыға қоса беретіндігінің өзі қазақ жерінде құлдан гөрі күңнің жоғары бағаланатындығын аңғартады. Өйткені қалыңмалға қоса берілетіндіктен, күңге қалыңдық әкесі әдет бойынша үйленетін де, одан балалар туып, қалыңдық төркінінің көбейіп, өсуіне мүмкіндік беретін. Құл мен күн тек қалыңмал құрамында ғана емес, хан-сұлтандардың, ірі байлардың ұзатылатын қыздарының жасау құрамына да кіретін. Жасау ретінде берілетін жетімдер ұзатылатын қыздың есігіндегі құлы, күтушісі есебінде берілетін де, олар сол отаудың меншігінде қалатын. Сөйтіп, құдалар арасында болған жетімдер айырбасы екі жақтың да құл иеленушілігін нығайту, қарамағындағы құлдар, күңдер санын арттыра түсу мақсатында қалыптасқан. Өйткені өз руының ішіндегі жетімдерді өздері құл есебінде ұстаудан гөрі, жоғарыда айтылғандай, әдеттік право негізінде айырбасталған жетімдерді меншікті құл мен күң ретінде пайдалану қолайлы болатын. Ертедегі деректерге үйенсек қалыңмалға қоса жетім беру әдеті қалыңдыққа күтуші есебінде ере келетін жетім беру әдетінен бұрын жойылған тәрізді.

 

Енді қалыңмал мөлшеріне келсек, мұнда да әр түрлі жағдайларға байланысты қалыптасқан бірнеше шамалар бар. Ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының қалыңдық үшін беретін қалыңмалдың мал түрінде берілгендігі таңданарлық жәй емес. Бірақ та сан қилы жағдайларға байланысты әр жерде қалыңмалдың мөлшері мен құрамы әр түрлі болды. Жалпы белгіленетін қалыңмал мөлшері негізінен құдалардың байлығына, қоғамдағы орнына байланысты болса, оның құрамы жергілікті жердің мал шаруашылығының ерекшеліктеріне, яғни мал түліктерінің ара салмағына да байланысты болды. Қалыңмал мөлшері әрбір жергілікті аймақтың өзінде уақыт озған сайын өзгеріске ұшырап отырды. Жоғарыда сөз болған капитан Андреев 12 пен Г. Спасскийдің 13 еңбектерінде қалыңмал мөлшері көрсетілмей, тек төрт түлік малдың әрқайсысы қалыңмал құрамына кіретіндігі, қалың түгел төленіп бітпейінше қалыңдықтың ұзатылмайтындығы баяндалады. C. Б. Броневский қалыңмал мөлшеріне тікелей тоқталмағанмен, құдалардың байлығына қарай төрт түліктен түгелдей азды-көпті берілетіндігін айта келіп, еріксіз зорланған қыз ол адамға қосылуға ризалық білдірсе, «әдеттегі қалыңмал ретінде 32 жылқы, 2 қызметкер және 1 түйе» 14 төленетіндігін көрсеткен. XIX ғасырдың 20-жылдарына жататын архив документтерінде қалыңмал мөлшері, оның құрамы жайында құнды деректер сақталған. Онда Бәсентиін елінің Ақжан дейтін қызы үшін оның әкесі Досбол құдасы Бура-Найман Мырзабековтен қалыңмал ретінде 1 қыз жетім, 1 бесті ат, 2 алты жасар ат, 2 он жасар ат, 50 қой (25 қозылы қой, 10 тоқты), 2 құлынды бие, 2 бойдақ бие, 7 тай және 1 түйе (3 байтал, 2 құнан үшін), 3 кесек киіз, 2 кілем, 2 шапан (қамқа және жібек), тақия, орамал, және әр түрлі маталар мен 1 тоқтылы қой (өлі-тірі үшін. - X. А.) алған. Мұндағы шапандар мен мата, орамал, тақиялар келген құдаларға берілетін сый-сияпат пен киттер екені даусыз. Олар әрине қалыңмал есебіне (әдет-ғұрып бойынша) кірмейді. Қалыңмалдың мұндай мөлшері тек орта шаруаларға ғана тән. Ол, дәл осы уақыттағы кедейлер мен ірі байлардың арасындағы қалыңмал мөлшері туралы А. Левшин өзінің еңбегінде былай дейді: «…қалыңмал мөлшері екінші не үшінші әйел үшін әдеттегіден артық төленеді. Демек бірінші әйелден екіншісі, екіншіден үшіншісі қымбатқа түседі…

 

Қалыңмалдың тұрақты мөлшері болмайды. Кедейлер арасында 5-6 қоймен ғана шектелсе, ірі байлар арасында 200 жылқы немесе 500-ден 1000-ға дейін қой және әр түрлі дүние-мүлікпен, күң мен құл алысуға дейін барады». Бұл деректер «кедей, кедеймен құда болса, арасында дорба жүрер, бай баймен құда болса арасында жорға жүрер» деген халық мәтелінің айғағы. 1846 жылы қазақтың әдеттік правосы туралы Орынбор шекаралық комиссиясының чиновниктері жинаған материалдарда қалыңмал мөлшері мен құрамы жайында да бірқатар деректер бар. Оның ішінде губерниялық хатшы Бегловтың мәлімдемесінде қалыңмал үшін: 120 қой, 1 құл (құл болмаған жағдайда 60 қой), жанама қалыңға 1 түйе, бір қалың түйе, бір түс ат, …ілуге – 3 түйе, 2 жылқы және 1 тоғыз етіп әр түрлі бұйымдар… кейінірек қыз алуға барғанда тәрбиесі үшін деп 2 түйе, отаудың жартылай киізі, той малы деп 20 жылқы… неке қиярға 20 жылқы береді. Ал губерния қатшылығында тілмаштық қызмет атқарған Лукиннің мәлімдемесі бойынша қалыңмалға бірден беске дейін жиырма (бір жиырмаңыз 20 жылқы не сиыр, яки 60 қой) төлейтін болған. Бұл деректер негізінен шекара шебінде тұратын қазақ жұртшылығынан жиналғандықтан, шекарадан аулақтау тұратын елдерден жинаған деректерге қарағанда әлде қайда ықшамдау сияқты. Орынбор шекаралық комиссиясы жоғарыда келтірілген чиновниктердің мәліметтеріне қанағаттанбай, осы 1846 жылдың өзінде Кіші жүз қоныстарының батыс және орталық аймақтарында қазақтың әдеттік правосы туралы деректерді жинау үшін жіберілген төтенше тапсырмалар чиновнигі Д'Андренің есебінде қалыңмал мәселесіне де біраз орын берілген. Д'Андренің айтуынша, құдалардың арасында белгіленген қалыңмал түгел төленбей, қалыңдық ұзатылмайды. Кей уақытта күйеудің шамасымен санасып, қалыңмалдың азғантай бөлігін кейінге қалдыруға болатындығын да дұрыс атап өткен. Ал, жоғарыда зерттелген аймақтардағы қалыңмал мөлшері мен оның құрамы үш түрлі шамамен белгіленетіндігін атай келіп: Aca ayқатты адамдардың арасында болатын бірінші шама бойынша 120 қой, 32 жылқы (оның ішінде, міндетті түрде, 8 бие болу керек, ал өңгесінің жасы, жынысы есепке алынбайды), бес жасардан 4 түйе; екінші шама бойынша қалыңмал құрамы 60 қой, 16 жылқы және бес жасардан 2 түйе; үшінші шама бойынша 16 жылқы (мұның ішінде 4 құлынды бие болу керек, өйткені жылқы саны бір жиырмаға толуы қажет) және 2 түйе. Қалыңмалдың бірінші шамасына келіскен ірі байлар көрсетілген мөлшерден артық беруге немесе мал үстіне өз еркімен әр түрлі бұйымдар қосуға ерікті болады. Ал енді соңғы шамаларға келіскен шағын дәулеттілер құдасының ризалығымен мөлшерлі мал басының орнын басқандай қолда барымен өтеуге ерікті. Күйеу жағының мұндай мұқтаждығын қыз әкесі әрдайым ескере отырып қабыл алатын. Д'Андренің материалдарының бір ерекшелігі, ол бұл деректерді тікелей ел арасындағы жөн-жоба білетін ақсақалдар мен даңғыл билерден ауызба ауыз жинауымен жүйеге келтіріліп жазылған текстің аудармасын әр рудың билеріне (олардың саны 128) тексерткендігінде. Д Андре деректерінің дұрыстығын Кіші жүздің батыс аймағында туған 70 жасар Терекбайдың 13 жасар жетім қыз Қарашаш үшін 1858 жылы төлеген қалыңмалы-ақ (60 қой, 16 сиыр) дәлелдейді.

 

XIX ғасырдың ортасында Кіші жүз ішінде қызмет бабымен көп жылдар бойы жүрген Ф. Лазаревскийдің деректерінде қалыңмалдың халық арасында жиі кезде түсетін ең жоғарғы шамасы «жиырма» болуы, оның саны кейде алты жиырмаға дейін жеткен. Әр жиырма құрамы 60 қой, не 16 сиыр, немесе 2 түйе, 2 жылқы, яки 4 түйеден тұратын. Сондықтан осы есеп негізінде құдалар өздерінің жағдайына қарай алты жиырманы (ақшаға шаққанда 400 сом күміс ақша) әр түрлі мал бастарымен толтырады. Әр жиырманың орны әр түрлі болады. Мәселен, үшінші жиырмаға мылтық қосса, алтыншы жиырмаға сауыт қосады. Қалыңмалды ширек жиырмаға дейін төмендейтіндігін айта келіп, Ф. Лазаревский кейбір ірі байлар арасындағы қалыңмал мөлшері он жиырмаға дейін көтерілсе, оны ақшаға шаққанда 800 сом күміс ақшаға бағалауға болатынын айтады. Бұл деректердің Д'Андре мәліметтерін толықтыра түсетіндігі даусыз. Қалыңмал мөлшері туралы жоғарыда келтірілген Ф. Лазаревский мәліметтерін 1888 жылы A. Е. Алекторовтың қайталауы, оның шындыққа әбден жанасатындығының айғағы тәрізді. XIX ғасырдың екінші жартысында Орынбор облысының құрамына кіретін Кіші жүз және Орта жүз жұртшылығының арасында қалыңмал мәселесі туралы қазақ халқының көрнекті ағартушы-ғалымы Ыбырай Алтынсарин 1870 жылы жарияланған өзінің еңбегінде төмендегідей деректер келтіреді – «… қалыңмал, яки қарамал ауқаттылар арасындағы келісім бойынша, әдетте әр жастағы 47 бас жылқыдан тұрады. Бір ерекшелігі Кіші жүз ішінде қалыңмалға бес жиырмадан 50 жылқы беретіндігі. Орта шаруалар ірілі-ақты (құлын, бұзауға дейін қосып) 37 мал төлейді. Қалыңмал мөлшерімен бірге, бас жақсы мәселесін де шешетін. Бас жақсы дегеніміз қалыңдықтың сәукелесінің құны ретінде беретін өз алдына жеке төлеу. Ол үшін ірі байлар 500-600 сомға дейін берсе, орта шаруалар 200-300 сомнан беретін. Бас жақсы, көбінесе, ақшадай берілетін». Бұдан басқа күйеу ұрын барғанда орта есеппен «ілу» деп 40-50 жылқы апарса, 200 сомның жыртысы, күміс ер-тоқымды салт ат сияқты сыйлыктары тағы болады. Қыз алуға барғанда - «той малы» деп 30-50 жылқы, отау киізінің жартысын, сүт ақы мен жанама жақсыға бір-бір түйеден апаратын.

 

Орыстың география қоғамының толық мүшесі B. Плотников Алтынсариннің бұл еңбегін жоғары бағалай отырып, оны өз тарапынан толықтыра түседі. Мәселен, Кіші жүз ішінде кей уақытта қалыңмалға беретін 50 жылқыны Алтынсариннің бес жиырмаға теңеуінің жаңсақ екенін, әрбір жиырманың құрамын талдай отырып дәлелдейді. Плотников деректері бойынша қалыңмал мөлшері бес жиырма болып белгіленгенде, әдетте бірінші жиырмаға 16 жылқы (оның төртеуі ішті болады); екінші жиырмаға 60 қой (оның жиырмасы ішті), үшінші жиырмаға 16 сиыр (оның 4 ішті), төртінші жиырмаға 4 түйе, бесінші жиырмаға 2 түйе, 2 жылқы (бір жылқы үшін мылтық беруі де мүмкін) беретіндігін көрсете келіп, бес жиырма ылғи жылқымен бергеннің өзінде 50 жылқы 2,5 жиырма болатындығын айтады. Әрине Плотников деректерінде жаңсақ айтылған ештеңе жоқ. Оның бұл деректері жоғарыда келтірілген Ф. Лазаревскиймен толық үйлеседі. Бірақ 50 жылқыны 2,5 жиырмаға теңеуі үстірт айтылған тәрізді, өйткені бір жиырма 16 жылқы болған құнның өзінде ол үш жиырмадан да асып түседі. Ал қалың төлеуде есепке алынатын бүкпелер мен баламаларды еске алсақ, 50 бас жылқының ішінде сан бүкпелер мен баламалардың болу мүмкіндігін Плотников ескермеген де, Алтынсарин оларды тәптіштеп көрсетпеген болуы керек. Бұған қарағанда Алтынсарин деректері ешбір күмән тудырмайды. Бұдан әрі В. Плотников Кіші жүздің шеткері қоныстаған адай, таз, табын және шекті руларының арасында қалыңмал мөлшері екі жиырмаға дейін баратынын айта келіп, оның құрамының 40 байтал, немесе 150 қой, яки 8 түйеден тұратынын көрсетеді. Мұнымен бірге «бас жақсыны сәукеленің құны», деп беру Кіші жүз жұртшылығында кездеспейтіндігін де ескертеді. Бұған қарағанда Алтынсариннің бас жақсы жайындағы пікірі тек Орта жүзге ғана тән болу керек. XIX ғасырдың 60-70-жылдары Торғай облысында соғыс губернаторы болған генерал-лейтенант Л. Ф. Баллюзек өз қарауындағы чиновниктеріне, қазақ билері мен төрелеріне қазақтың әдеттік правосы туралы Кіші жүз және Орта жүз арасынан көптеген материалдар жинатып, 1871 жылы үлкен еңбек жариялады». Бұл еңбекте де қалыңмал мәселесі егжей-тегжейлі сөз болады да, оның құрамы бірнеше бөлімдерден тұратындығы туралы құнды деректер келтірілген.

 

Кіші жүз ішінде жиырма қара қалыңмалдың тұрақты шамасына айналған. Бас жақсы 60-70-жылдары өз мәнінде тек Николаев және Торғай уезінде ғана сақталған да, оған 3-12-ге дейін ірі жылқы немесе 100-1000 сомға дейін күміс ақша беретін. Торғай облысының басқа уездері мен Орал облысында бас жақсы қалыңмалдың «қара мал» деп аталатын бөлімімен қосылып, оның санын 20 қараға естіген. Ал, бас жақсы құрамында сауыт беру XIX ғасырдың екінші жартысында мүлдем кездеспейтін. Өйткені бұл кезде қазақ арасында ол өзінің бұрынғы қажеттілігін жойған.

 

Ілу

 

«Ілу» – 14 жасқа толған күйеудің ұрын барғанда апаратын төлеуі. Қалыңмалдың бұл түрі оның «қара мал» деп аталатын бөлімінен кем болмайды. Қайта бұл арада «қара малдың» шағын болуына байланысты ілу мөлшері 2-3 есе көп болады. Яғни 30-80 жылқыға дейін барады. Ал Торғай облысының қалған бөлімі мен Орал облысында «қара мал» мөлшері молырақ болатындықтан, «ілу» шамасы оншақты түйеден аспайды.

 

Той малы

 

«Той малы» – қыз алуға барғанда ұзату тойына арнап апаратын мал. Мұның мөлшері қалыңдықтың жасауына қоса енші есебінде беретін малдың санымен шамалас болады. Әдетте той малының мөлшері 20-70 мал болған. Күйеу жағынан қыз төркінінің таңдауы бойынша белгіленген, яки түстелген ат деген мағыны береді. бас Бұған қоса осы жолы қалыңдық отауының киіз жамылышының жартысын күйеу әкеледі.

 

Сүт ақы

 

«Сүт ақы» – қалыңдықтың анасына арналып апарылады. Оның мөлшері 1-7 түйеге дейін жетеді. «Жігіт түйе», «қалың түйе» деген атпен 2 түйе беріледі. Ең соңында, міндетті түрде, күйеудің жақсы сыртқы киімі мен ер-тұрманы алынады. Бұдан басқа күйеуден ұрын келгенде, ұзату тойында алынатын толып жатқан кәделер бар. Олардың құны, мөлшері айтарлықтай болмағанмен, олардың міндеттілігін «қалыңсыз қыз болғанмен, кәдесіз күйеу болмайды» деген мақалдан да аңғаруға болады. Жоғарыда айтылған қалыңмал мөлшері тек ірі байлар мен орта шаруалар арасында болады. Ал кедейлер арасында көбінесе «баламалы қалың» болатын (яғни 5-10, тіпті 15 малдың орнына 1 тәуір мал беру әдеті). Осының өзінде әдет-ғұрып бойынша құда түсіп, бата қылғанда қалыңмал мөлшерін - «47», «37» немесе бір, яки екі жиырма деп белгілейтін де, іс жүзінде мұ-күн- ның бірі де орындалмайтын. Аса кедейлер арасында «дөңгелек қалың» деп аталатын да шама болған. Мұның мөлшері не бәрі оншақты қарадан аспайтын. Жоғарыда көрсетілген деректерді қорыта келе Л. Баллюзек қалыңмал мөлшерін үш түрлі әлеуметтік топтардың мүмкіндігіне қарай топтай отырып; аса ірі байлар арасындағы қалыңмал шамасын 100-150 ірі малмен, орта байлар үшін 75-100 ірі малмен, ал кедейлер арасында «баламалы қалың» (20-40 ірі мал) немесе «дөңгелек қалыңды» 10 ірі малмен белгіленетіндігін көрсеткен. Өйткені мұны жинауға, жөнге келтіруге қазақ өмірін, оның әдет-ғұрыптарын өте жақсы білетін көптеген билер қатынасумен бірге, Сұлтан Сейдалиннің зор еңбек сіңіруі атап өтерлік жағдай. Соның өзінде Л. Баллюзек деректерінде нағыз қалыңмал шамасы мен күйеу жағынан берілетін көптеген кәделерді, яғни үйлену үшін шығатын барлық шығын қалың есебінде сипатталған. Шынында олар қалыңмал құрамына кірмейді.

 

Қалыңмал туралы Л. Баллюзек келтірген деректерді A. И. Добросмыслов XIX ғасырдың соңында сол қалпында қай-талайды. Торғай қазақтарының өмірін жақсы білетін Добросмысловтың Баллюзек деректерінен жаңалық қоса алмауы Баллюзек еңбегінің құндылығын арттыра түседі. XIX ғасырдың ортасында Орта жүз арғын тайпасының арасында қалыңмал мөлшері ылғи жылқы санымен белгіленетінін айта келіп, М. Красовский төмендегідей шамаларды келтіреді: қалыңмалдың ең азы 7 жылқы болса, одан әрі құдалардың дәулетіне қарай - 17, 27, 37, 47 (толық қалың), тіпті 57 дейін жетеді. Кей уақытта аса ірі байлар қалыңмал мөлшерін екі не үш қырық жүйеге дейін арттырғандығын ескертеді. Қазақ арасындағы қалыңмал мөлшері мен оның құрамы туралы И. И. Ибрагимов еңбегінде де көңіл аударарлық деректер бар. Қалыңмал мөлшерін И. И. Ибрагимов кісі қолынан өлген адамға төлейтін құн мөлшерімен байланыстырады. Мәселен, оның айтуынша ердің құны 100 жылқы, алты жақсы (еркек не қыз жетім - құл не күң, қара нар, ақ сауыт, түзу мылтық, қара шолақ ат, қалы кілем). Әйел құны осының жартысына, яғни 50 жылқы, үш жақсы (қара нар, қара шолақ ат, қалы кілем). Ал құнға кесілетін 50 жылқының үшеуі ілу есебінде берілетін сыйлыққа шығарылады да, қалың мөлшері көбінесе қырық жеті болып шыға келеді. И. Ибрагимовтың бұл пікірі дұрыс болса, қалың қалыңдықтың сатылу құны екені сөзсіз. Қалыңмал мөлшері негізінен құдалардың әл-ауқатына қарай белгіленетіндігін ескерте отырып, И. Ибрагимов оның төрт түрін келтіреді: аса бай, ақ сүйек төрелер үшін 57 бас мал болса, қара қазақ байлары үшін - 47, орта шаруа үшін - 37 және кедейлер үшін 17 мас мал. Бұдан әрі Ибрагимов қырық жетінің құрамын былайша бөледі: бас жақсы - 10 жылқы, құлынды бие – 16 бас, құнан, құнажын байтал - 7, тай – 7 және ту бие - 1, жанама жақсы - 1 ат не 1 түйе, аяқ жақсы - 4 жылқы, Құда түсерде келісілген қалыңмалдың мөлшері мен құрамында ғана қатып қалмай, осымен бірге әр түрлі сыйлықтар туралы да келісетін көрінеді. 1882 жылы Ақмола облысының чиновнигі И. А. Козлов қазақтың әдеттік праволары туралы шағын мақала жариялады. Мұнда И. Козлов өзіне дейінгі әдеттік право туралы жазылған еңбектердің көбін пайдаланумен бірге, жергілікті жерден өзі жинаған деректерінің негізіне сүйене отырып қалыңмал мөлшері мен оның құрамы туралы дұрыс қорытындыға келген. Ең алдымен қалыңмал мөлшері 9, 17, 37 және 47 жылқы боп келетіндігін және оны әркім өз әлінше осы шамалардың біріне келісетіндігін айтады. Ал, оның әр шамасының құрамы – бас жақсы, қара мал, ілу, той мал, сүт ақы және түрліше кәделерден тұратынын қысқаша ғана ескертіп, олардың мөлшеріне тоқталмаған. Семей атырабындағы қазақтардың әдет-ғұрпы туралы П. деген бүркеншік атпен жарияланған көлемді еңбекте бірнеше қалыңмал мөлшері көрсетілген. Мұнда қалыңмал мөлшері құдалардың дәулетіне қарай белгіленетіндігі айтылумен бірге, шамалар 100, 77, 67, 47, 37 және 27 байтал болып өзгеріп отыратындығы айтылған. Қазақ арасындағы қалыңмал мөлшері негізінен осы айтылған шамалардан тыс кетпегенмен, кедейлер арасында өзара келісімге байланысты ең төменгі шаманың ширек бөлімін ғана төлеу де кездесіп тұратын. Белгіленген қалыңмал шамасын толтыруда түлік түріне, малдың жасына, әсіресе жылқының айрықша қасиеттеріне қарай есеп айыратындығын, сонда ірі түйені бес байталға, құлынды биені екі байталға, үйретілген сақа биені екі байталға, жақсы жорғаны бір не екі түйеге, бәйге атты екі не үш түйеге балайтындығын көрсетеді. Бас жақсы ретінде болат сауыт, немесе мылтық, яки бүркіт, ал олардың бірде бірі болмаған күнде 20-25 байтал беретіндігін айтады. Күйеу қалыңдыққа ұрын келгенде көптеген сый-сияпат, кәделер ретінде: «ілу» (түйе, жылқы, сиыр, шапан), бірінші жыртыс (9 топ бұл), екінші жыртыс (әр түрлі маталар) және тағы да басқа уақ-түйектер әкелетін. Ал, қыз алуға келгенде күйеу жағының шамасына қарай 1-15 дейін әр жастағы жылқыны «той малы» деп әкелгенін, сүт ақысына, отау жабарына, тағы да басқа көптеген кәделерге арнап әр түрлі сыйлықтар әкелетіндігін де атап көрсеткен. 1882 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының нұсқауы бойынша Семей облысын мекендейтін қазақтардың әдет-ғұрпын зерттеу мақсатымен алдын ала құрастырылған сұрақтар бойынша әр уезден материалдар жиналды. Зерттеу, негізінен, арғын, найман, уақ және керей тайпаларын қамтыды. Жиналған деректерді жүйеге келтіріп, жинақ құрастыру П. E. Маковецкийге тапсырылып, ол «Қазақтың әдеттік праволары туралы материалдар» атты көлемді еңбегін 1886 жылы жариялады. Бұл жинақта қалыңмалдың «домалақ қырық жеті», «отыз жеті» және «жиырма жеті» деген үш түрі келтіріледі. Мұның әрқайсысы, міндетті түрде, байтал есебімен жүргізіледі. Ірі байлар арасында – «жақсылы қырық жеті» белгіленетін де 47 байталға қоса «бас жақсы» деп 5 түйе, «аяқ жақсы» деп 4 түйе үстеме берілетін. Ал, 47 байталдың орнына әдетте ішті биелер мен жасамалы жылқы араластырып, 32 бас жылқы беретін. Кей уақытта бас және аяқ жақсылар үшін берілетін 9 түйе орнына 45 жылқы берген уақытта, қалың мөлшері 77 жылқы болып шыға келеді. Кейбір даңқ құмар байлар мұның өзін місе тұтпай, қалың мөлшерін 100 түйеге дейін жеткізсе, кедейлер арасындағы қалың «он жеті» немесе екі-ақ қара берумен шектелетін. Жоқтықтың салдарынан кедейлер арасында «қарсы құдалық та» жиі болып тұратын. Мұндай жағдайда ресми түрде қалыңмал алыспайтын. Бірақ, П. Е. Маковецкийдің айтуынша, жасы үлкен қыз үшін 3-4 жылқы берілетін болған. Қалыңмалдың мұншалықты азаюы қазақ қауымындағы әлеуметтік-экономикалық жіктелудің нәтижесі болса, айырбасталған қыздардың үлкені үшін үстеме төлеу - қалыңмалдың шын мәнісінде әйелдің сатылу құны екендігін дәлелдейді. Оның үстіне келін болып түсісімен ержеткен қыз шаруашылыққа пайдасын көбірек тигізетіндігін де ескерген. Қалыңмал тікелей қыз әкесінің не оның мұрагерінің меншігіне өтеді. Сондықтан қалыңның молырақ болуын қыз төркіні әр уақытта тәуір көретін болса, қалың төлеуге шамасы келетін даңқ құмар күйеу жағы да қалыңды толығырақ етіп беруді жек көрмейтіндігінен қазақ арасында қалыңдық үшін қыз әкесіне қызмет істеу әдетінің болуы да мүмкін емес дейді Маковецкий. Бұдан әрі Маковецкий ешбір туған-туысы жоқ жалғыз басты кедей жігіттердің қайын атасының қолына өзінің жиған-терген мал-мүлкімен кіретін кезі де болатындығын, қайын атасы өлген уақытта ортаншы ұлдың хақында мұрагер де болатынын, бірақ мұндай жағдайдың өте сирек кездесетіндігін, оның өзінде көбінесе туған ұлы жоқ әкелер ғана күйеуді «күш күйеу» есебінде қолына алатынын ескертеді. Күш күйеуді қазақ қауымының жаратпайтындығы сонша, олар жөнінде «қайындағы күйеуден, қарғысы жоқ тазы артық» деп сықақ ететін. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында Оңтүстік Алтай, Тарбағатай бөктеріне саяхатқа барған Полторацкая 1884 жылы жарияланған еңбегінде қальңмалдың ең үлкені 100 байтал, ең азы 27 байтал болатынын, ал оның құрамы ылғи жылқы, түйе, жорға, тағы басқа мал түрлерімен төленетіндігін айтады. Ірі байлар ең жоғары қалыңға үстеу ретінде болат сауыт, қыран бүркіт не мылтық беретінін, ал олар болмаса, орнына 25 байтал беретінін көрсетеді. Бұл деректер жоғарыда ғана көрсетілген Маковецкий мәліметтерімен енгізілген. Мұндай ұқсастықтың басты себебі олардың зерттеу жүргізген уақыты да, зерттеген аймағы да бір болуынан болар сірә. Қайткен күнде де бұл деректердің бірін-бірі растай түсетіндігі даусыз. XIX ғасырдың соңында Зайсан уезінде дәрігерлік қызмет атқарған В. Д. Тронов 1891 жылы қазақтың әдеттік правосы туралы жазған шағын еңбегінде қалыңмал мөлшері мен құрамына аздап орын берілген. Ipi байлар арасындағы қалыңмал мөлшері 100-150 байтал, ал орта байлар арасында 50-57 байтал болады да, кедейлерде 15-27-ден аспайтындығын көрсеткен. В. Троновтың айтуынша, қалыңмалдың үлкен бір бөлімі «бас жақсы» атанады да, оған әдетте атақты бәйге ат не тамаша жорғалар береді. Бұлар болмаған күнде оның орнына 1 - 5-ке дейін түйе береді, ал бір түйе 6 байтал- ға тең. Сонда бір жақсы атты кейде 25 байталға балайды.

 

Қалыңмалды балықшылар мен аңшылар арасында ақшадай өтейтіндері де бұл өңірде кездесіп отырады. Қалыңмал түгелдей қыз әкесінің не әке орнына қалған туысының меншігіне өтеді. Кейде қалыңмал ішінде келген тәуір атты еншісі бөлек баласы алуы да мүмкін, онда да әкесінің келісімі бойынша алынады. Қалыңмал беріп үйленуге мүмкіндігі жоқ кедей жігіттер баласы жоқ қыз әкесінің қолына келіп, біраз қызмет еткен соң үйленіп, сол үйде қалатын жағдай да кездеседі. Қарсы құда болғанда қалыңмал алыспайды. Бірақ жасы үлкен қыз үшін бір түйе не бір ат беру әдетінің де болғандығын көрсетеді.

 

Ембі бойындағы Кіші жүз қазақтарының өмірі туралы жазылған М. Леваневскийдің көлемді еңбегінде қалыңмал құрамы туралы көптеген деректер бар. М. Леваневский қалың мөлшері «жиырма» деген шамамен белгіленіп, әр жиырма 16 жылқы, не сиыр, яки 63 қой, кейде тіпті 100 сом ақшаға да теңелетінін айтқан. Ал, кедейлер арасындағы қалың кейде «жарты жиырма» мөлшерімен де белгіленетін. Бұдан басқа, міндетті түрде, берілетін толып жатқан кәделер бар. Олардың бастылары: той малы - 8 сиыр, ілу – 20-24 сиыр, сүт ақысы - 6-7 түйе, өлі-тірі - бір қой және матадай жыртыс -60-100 аршин сыйса, 15-20 орамал, 20-30 шапан, 20 сомдай күміс ақша. Мұның бәрі қыз алуға келгенде әкелінеді. Ілу, сүт ақы, өлі-тірі және жыртыстар ұрын келгенде де әкелінуі мүмкін. Әр түрлі себептермен ұрын келу әдеті орындалмаған жағдайда қыз алуға келгенде бәрін қосып әкелуі де мүмкін. Бұл арада ескерте кететін бір жағдай, ілу мен сүт ақы үшін берілетін мал санын М. Леваневскийдің тым артығырақ көрсеткен. Шынында бұл сыйлықтардың мөлшері бұдан әлде қайда кем болған. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Орта жүз Найман арасында (Аякөзде), татар семьясында туып-өскен Құрбанғали Халиди қалыңмал жайында аса құнды деректер қалдырды. Қалыңмал деген атаудың өзін Қ. Халиди көп мал деген ұғыммен байланыстырып, содан қалыңдық деген атау қалы тасқан. Яғни «көп малға, қалың шығынға түскен» деген ұғымды білдіреді дейді. Қайткен күннің өзінде қалыңмалдың қалыңдық үшін берілетін төлеу екені даусыз. Қалыңмал мөлшері құдалардың келісуіне қарай белгіленеді. Егер 50 байтал деп келіссе оның ішінде екі түйе не екі тәуір ат болу керек. Ал екі түйе не екі ат 10 байталға теңеледі де, 40 байтал нақтылы беріледі. Егер 60 байтал деп келіссе, оның ішінде 15 байталға баланатын үш түйе не үш жақсы ат болу керек те, 45 байтал нақтылы беріледі. Қалыңмал есебінде әр түйе бес байталға теңеледі. Ал әр байтал орыс ақшасымен 5 сомнан бағаланады. Мұндайда құдалар «екі» не «үш түйе» деп келіссе болды. Қалыңмал мөлшері 50 не 60 байтал болғаны. Ал қалыңмал мөлшері 60 байталдан асып, айталық 70, 80, 90 не 100 байтал деп белгіленсе, «қара мал» деген шама қолданылмай «бас жақсы» (5 түйе), «орта жақсы» (3 түйе), «аяқ жақсы» (1 түйе) деген шамалар қабылданады. Күйеу бас жақсыға берілетін жақсы ат – 25 байтал, орта жақсыға берілетін ат -15 байтаяқ жақсыға берілетін дөнен, не тазы, не мылтық – 5 байтал орнына жүреді. Қалғанын нақтылы байтал санымен толықтырады. Қалыңмал мөлшері 50 байталдан кем болғанда «қара мал» деген атау тағы да қолданылмай «жиырма жеті», «отыз жеті», «қырық жеті» байтал делінеді де, «орта жақсы» берілмейді. Ал «бас жақсы» мен «аяқ жақсыға» шамасына қарай жеңілдеу бір нәрсе белгіленеді де, оның өзі жоғарыда айтылған шамалардың құрамына кіреді. Мұндай жағдайда көбінесе «жақсы» дегендер мүлде қолданылмай, «дөңгелек қырық жеті» не «дөңгелек отыз жеті» делінеді. Аса ірі байлар арасындағы құдалықта қалыңмал шамасы ресми түрде белгіленгенмен, іс жүзінде ол шама жайына қалып, керегінше малдай, ақшадай алысып-беріседі. Мұндайда алыс-беріс 100, 200, 300, 500 байтал, тіпті одан да көп болуы мүмкін, бірақ оның жасау мөлшері де қалыңмал мөлшеріне сай болу керек. Кейінгі кезде 37, 47, тағы басқа осылар сияқты «жетілер» қалып оның орнына әркім шамасына қарай мал санын белгілеген. «Қырық жеті қыздан қалды, елу жеті елден қалды» деген мақал осыған байланысты айтылса керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға