Жаңалықтар

Елордада Азия жастарының кеңесі өтіп жатыр

Назарбаев университетінде АӨСШК Жастар кеңесінің форумы өтті
Елордада Азия жастарының кеңесі өтіп жатыр
14.07.2022 16:09 2506

Нұр-Сұлтанда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Жастар кеңесінің V-ші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz

АӨСШК – 27 мемлекеттің жетекші жастар ұйымдары, бірлестіктері мен қозғалыстарын біріктіретін Жастар кеңесі.

Жастар кеңесі Қазақстан Республикасының АӨСШК-ке төрағалық еткен сәтінен бастап екінші рет өтіп жатыр. Өткен жылы пандемияға байланысты іс-шара онлайн форматта өткен еді.

– Бұл кездесу Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 30 жылдығына орай өтіп жатқандықтан ерекше мәнге ие. Осы уақыт ішінде АӨСШК дүниежүзіндегі ең үлкен бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін беделді диалог алаңына айналды. АӨСШК Жастар кеңесі форумға мүше мемлекеттер арасындағы серіктестік пен гуманитарлық байланыстарды кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Кеңес өскелең ұрпақтың әлеуетін ашуға елеулі үлес қоса отырып, біздің елдердегі жастар ұйымдарының әлеуметтік, экологиялық және мәдени салалардағы қызметін үйлестіреді. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселелердің шешімін табуға, суицид, нашақорлық пен жұмыссыздықтың алдын алу сынды маңызды тақырыптарды қамтиды, - деді АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай.

АӨСШК Жастар кеңесінің отырысы кең-байтақ азиялық кеңістіктегі тығыз ынтымақтастыққа қуатты шығармашылық серпін береді. Ашық және сенімді диалог заманауи сын-қатерлерге жауап беру үшін жаңа тәсілдер мен шешімдер табуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– АӨСШК Жастар кеңесі ұйымның негізгі мақсаты Азиядағы сенімді, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін негізгі құрылымдық институт орнату. Қазіргі таңда АӨСШК Жастар кеңесі форумға қатысушы мемлекеттердің ұлттық жастар ұйымдары арасындағы аймақтық ынтымақтастықтың тиімді алаңына айналды деп сеніммен айта аламыз. Жалпы, АӨСШК аясында жастар ынтымақтастығы бойынша түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Биыл біз Қазақстан, Ресей және Өзбекстан арасындағы үшжақты ынтымақтастықтың халықаралық форумын өткіздік, онда жастарды деструктивті күштердің ықпалынан қорғау мәселелері бойынша мәселені көтердік, - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов.

Қазақстан 30 жылдан бері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беріп келеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы талантты жастарымызға арналған «Тәуелсіздік ұрпағы» гранты тағайындалғанын айта кетті.

Форумға мүше елдердің өкілдері Жастар кеңесі аясында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, жоспарларымен бөлісті. Соның ішінде, Өзбекстаннан келген өкіл жастардың жеке мәселесін шешуге арналған электронды жобасының қызметімен таныстырды.

– Өзбекстанда 30 жасқа дейінгі жастардың саны халықтың 55 %-дан астамын құрайды. Жастар мәселесін мейлінше жылдам шешу үшін «Жастар дәптері» мен «Жастар бағдарламасы» порталдарын іске қостық. 2021 жылдың өзінде жүйеге өз мәселесімен көмекке жүгінген жастардың саны 430 мыңнан асты. Сонымен қатар, ЖОО-да оқуға келісім-шартты төлеуде қаржылық қиындықтарға тап болған дарынды жастарды қолдаудың жаңа жүйесі құрылды, онда жеңілдетілген шарттарда білім беру несиесін бөлу қарастыруды қолға алдық, - деді Өзбекстанның Дүниежүзілік жастар қауымдастығының мемлекеттік атқарушысы Истамжон Хамроев.

Сонымен қатар, Өзбекстанда жастар үшін ұйымдастырылған арнайы акцияларды атап өтті.

– «Мусофир» акциясы арқылы пандемия кезінде шетелде қалып қойған отандастарымызды елге қайтару үшін жұмыс істеді. Сондай-ақ, мыңнан астан студенттер мен еңбек мигранттарына қаржылай көмек көрсетіп, 500-ден астам мұқтаж отбасына азық-түлікпен қамтамасыз еттік. «Қауіпсіз көші-қон жобасы Өзбекстан жастарының мемлекеттік шекарадан өту және шетелде жұмыс істеу және оқу құқықтары, заңдары мен ережелері туралы білімдері мен дағдыларын арттыруға бағытталды, - деді Истамжон Хамроев.

Дүниежүзіндегі 15-24 жас аралығындағы жастардың саны 1,2 миллиардқа жетеді. Форумда осыған байланысты дүниежүзіндегі жастардың жұмыссыздық мәселесінен терористік ұйымдардың қатарына кіріп, қылмыс жасайтын жастардың дені артқаны туралы да айтылды.

Елордада Азия жастарының кеңесі өтіп жатыр


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға