Жаңалықтар

Мектептен кейінгі мектеп

Мектептен кейінгі мектеп
31.05.2022 15:59 3608

ҚР Бала құқықтағы жөніндегі уәкіл Аружан Сайнның айтқанына сенсек, елімізде 3,6 млн оқушы бар. Демек осынша оқушы қосымша білім алып, жүрек қалауымен арнайы үйірмеге барғысы келеді. Есте болса, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «2025 жылға қарай ауылдарда балаларға арналған 1 600 үйірме ашылады. Қазір ауылдық жерде 6 мыңнан астам мәдениет ұйымы бар. «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, жергілікті бюджет, жеке инвестиция тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану есебінен 748 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Оның ішінде 180 жаңа мәдениет нысанының құрылысы мен 568 нысанға жөндеу жүргізіледі», – деген болатын. Биылғы жылдың басында бірқатар үйірмелер ашылып, оқушылар жаппай өздері қалаған үйірмеге барып жатқаны туралы да ақжолтай ақпарат көпті қуантқан еді. 

Мектептен кейінгі мектеп

Үздіктерді қолдау керек

Алғашқы мәселені үздік оқушылардың тақырыбынан бастағымыз келеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына: «Былтыр мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда рекордтық медаль жеңіп алды. Президент дарынды балаларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды. Министрлік халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ олардың тәлімгерлері біржолғы қаржылай сыйлық алуын қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізді. Сонымен қатар халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері мен әлемдік спорттық және шығармашылық байқаулардың жүлдегерлеріне ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарында тегін білім алу құқығы беріледі. Қазіргі күні осындай нормаларды көздейтін заң жобасын Парламент Мәжілісі қабылдады. Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 4,4 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлық алады деп жоспарланып отыр:

– алтын медаль үшін – 1 500 АЕК,

– күміс медаль үшін – 1 000 АЕК (2,9 млн теңге),

– қола медаль үшін – 500 АЕК», – деп жазған еді. Бұл шынымен де үздік оқушының мерейін асыратын жоба. Бұл оқушының үздік оқуға деген ынтасын оятып қанай қоймай, білім алудағы үлкен белестерді бағындыруына да керемет мүмкіндік сыйлайтыны туралы әңгімені біздің кейіпкеріміз, ата-ана Қарашаш Серікқызы айтады: «Перзенттерім енді-енді мектеп табалдырығын аттады. Министрдің дарынды балаларды қолдауға арналған мәселені көтергені ата-ана ретінде мені қуантты. Иә, олимпиада жүлдегерлеріне мемлекеттің беретін сыйақысына тіреліп тұрған ештеңе де жоқ болып көрінуі мүмкін. Алайда дарынды оқушыға деген мемлекеттің лайықты ұстанымы оқушыны ынталандырып, ата-ананың қуантатыны анық. Бұл орайда халықаралық олимпиадаларға қатысу ғана емес, сол додаларға дайындық барысында оқушы білімінің немесе өнері, спорттық дайындығының ұштала түсетінін ешкім жоққа шығармайды ғой. Демек, дарынды ұлын мемлекеті қолдап-ынталандырып отырса, оқушы да өз елінің мақтанышы екенін айқын сезініп өседі. Жалпы мұндай тәжірибе шетелдерде бар деп ойлаймын. Сондықтан баланың ерекше қабілетіне орай оны ынталандырып, дарынын көрсетуіне жағдай жасаған дұрыс-ақ. Өзім мектепке енді барып жүрген балаларымды биыл қосымша үйірмелерге беріп көрдім. Талғар қаласының тұрғынымыз. Қыздарым сурет пен мүсін үйірмелеріне барған алғашқы мезгілде-ақ үйірмеге ерекше қызығып, үйге ерекше қуанышпен, ерекше көңіл-күймен келетінін байқадым. Үлкен жарыстарға бірден қатысып кетпесе де, бала талантты болса, сол талантын ашуға, бағыт-бағдар сілтеуге осындай үйірме жұмыстары өте пайдалы деп есептеймін», – дейді ол.

Балалар қандай үйірмеге үйір?

Былтырғы желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігі елімізде оқушыларға мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білім беру шарасы мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылатынын және ол үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлінетінін айтқан еді. «Қосымша білім беру туралы мемлекеттік тапсырыс аясында 1 балаға бөлінетін қаржының көлемі әр өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың қаулысына сәйкес айқындалып, бекітіледі. Қолда бар ақпарат бойынша қазіргі уақытта бір балаға мемлекеттік тапсырыстың айлық орташа құны 16 мың теңгеден асып түседі. Қабылданып жатқан шаралар негізінде еліміздегі барлық оқушылардың 69,4%-ын қосымша білім берумен қамту көзделіп отыр», – деген болатын ведмоство таратқан ақпаратта. Ведмоство өкілдері мектеп оқушыларының спорттың қай түріне үйір екенін де атап берген еді: «Қосымша білім беру аясында барлық оқушыларды мектеп базасында тегін спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде 1 343 000 оқушы (бұл еліміздегі барлық оқушылардың 39,5%) 42 525 секция бойынша түрлі спорт түрімен шұғылданып жүр. Оның ішінде 40 мыңға жуық спорттық секция тегін. Әсіресе мектеп оқушылары арасында волейболға (7268 секция), шахмат-дойбыға (6618 секция), футболға (6509 секция), ұлттық спорт түрлеріне (5478 секция), баскетболға (5326 секция), тенниске (3175 секция) және күрестің бірнеше түріне (2055 секция) қызығушылығы басым».

Талдықорған қаласының тұрғыны Назым Дүтбаева: «Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша балаларымды «видеотүсіру және монтаж», «шахмат» үйірмесіне, одан бөлек қаламыздағы Оқушылар сарайындағы «би» үйірмесіне бердім. 4-5 ай бойы үйірмеге әп-әдемі барып жүрген-ді. Бірақ жан басына шаққандағы қаржыландыру таусылып қалды, өкінішке қарай. Тегін үйірме болса балаларымды үйірмеге апарудан қашпайтын едім. Әсіресе «мобилографияны» оқығысы келіп жүрген болатын. «Бассейнге» бергім келген. Тегін үйірмелердің жақсы жүруі үйлестірушіге, сабақ беретін мұғалімге байланысты деп ойлаймын. Олар үйірмені жақсы алып жүрсе, баланың да қызығушылығы артып, үйірмеден қалмауға тырысады. Жалпы қаланың баласы ауыл баласына қарағанда уақыты көптеу. Мал қарау, бау-бақша күтімін жасау секілді қосымша жұмыстарға көп тартыла бермейді. Сондықтан қалаларда үйірмелер көптеп ашылса қуанар едік. Мен осы пікірім арқылы ауыл мектептерінде үйірме аздау болса да жарайды дегім келмейді. Ауыл балалары да тең құқылы дәрежеде тегін үйірмелермен толық қамтылуы керек деген ұстанымды қолдаймын. Өзімнің және таныстарымның балаларынан байқағаным, қазіргі оқушылар жаңа заман талабына сай үйірмелерге қызыға әрі қуана барады екен. Сондықтан дәл жаңа заман талабының үддесінен шығатын үйірмелер қатары көбейсе деген тілегім бар», – дейді.

Мектептен тыс мекемелердегі жағдай қалай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезе­ңі» атты Жолдауында балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса ма­ңызды екенін айтқан еді. «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз ету­дің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квази­мемлекеттік компа­ния­лардың бюдже­ті­нен миллиард­таған теңге тиімсіз жұм­салуда.

Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына кел­­тірген жөн. Онда жастарымыз қол­өнер­­дің және шығармашылықтың бас­­тапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аума­лы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс ар­наға ба­ғыттау аса маңызды. Балалар мем­леке­тіміздің болашағы емес пе?! Әкім­дердің жұмысын осы өлшем бойынша да ба­ғалаймыз», – деген еді Мемлекет басшысы.

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылындағы көркем өнер пәні мұғалімі Әлімжан Амангелдіұлы: «Мектептегі оқу бағдарламасы аясында-ақ біраз шәкірттерді өнерге баулып жүрмін. Биыл мектепті бітіретін екі оқушы өнер саласына барғымыз келеді деген соң, уақыт бөліп, сурет пен көркемөнердің қыр-сырын қолымнан келгенімше үйретуді бастап кеттім. Жыл сайын осындай бірнеше оқушыны өнер саласына бағыттаймын. Мемлекет арнайы бағдарламалар аясында қосымша оқытуға мүмкіндік берсе, тіптен тамаша болар еді. Себебі қосымша білім ешқашан артық болмайды», – дейді.

Оқушыға қосымша білім беретін тағы бір орын – кітапхана. Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Ғазиза Құдайберген: «Біздің кітапхана – жасөспірімдер кітапханасы. Жасы 14-тен асқан оқырман келе алады. Кітап оқитын топ әртүрлі. Жас буын да, үлкендер де кітапханамыздың тұрақты оқырманы. Қазір жоғарғы сынып оқушылары мен студенттерді көп көреміз. Жасөспірімдер мен жастардың кітап оқуға деген сұранысы соңғы жылдары артып келеді. Жеке ұстанымым, кітапханашы психолог, ұстаз болуы керек. Десек те біз арнайы маман емеспіз. Сондықтан біздің әр жобамызда өз саласының нағыз білгір мамандарын шақырып қосымша кездесулер өткіземіз. Ол кездесулерге мектеп оқушылары мен колледж студенттері қызығып қатысатынын байқаймыз. Әр уақытта «Білгім келеді», «Мен және ересек әлем» атты жобалармен жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатын да қолға алдық. «Кітапхана кештері» деген циклда әр саланың мамандарымен жастарды кездестіріп, интерактивті ойындар ойнатып, көңілді кеш жасаймыз. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, мектеп пен үйдің арасындағы әр сағатын пайдалы өткізсін деп, бір жағынан ата-анаға көмек ретінде кітапхана осындай курстар, тренингтер, семинарларды ары қарай ұйымдастыра береді. Бұл де «мектептен кейінгі мектеп» деп атануға әбден қақы бар жоба шығар. Себебі біз кітапханада баланың кітап оқып қайтуын ғана емес, бос уақытын пайдалы өткізуін, тұрақты тренингтер, курстар арқылы қосымша білім алуын да көздейміз», – дейді.

Демек балаға қосымша оқу көзін ұсына алатын және ұсынуға мүдделі кез келген ниеті дұрыс мекеме мектептен кейінгі мектеп рөлін атқара алады. Тек баланың қызығушылығы сол қосымша орталықтар ұсынған білімге сәйкес келсе болғаны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға