Әбен Нұрманов: Адамды адаммен жалғайтын нәсілі мен нанымы емес, тілегі мен танымы

20.07.2018 1142

Әманнан қазақ құшағын ашып, дастарханын айқара жазатын жомарт һәм бауырмал жұрт. Қасиеті қанмен жалғасып, ұрпақтардың өне бойына өнеге боп сіңгені де ақиқат. Татулықты ту етіп, бірлікке бекем болуының анық көрінісі, бүгінде елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері қазақтың кең қанатының астына жайғасқаны.

«Қазақтан асқан дархан халық көрмедім» деп, елді көрген жатжұрттықтардың жаһанға жар салуы да тегін емес. Осынау игі құндылық тәуелсіздіктің көк туын тіккелі бері, қарыштап дамып келеді. Ұлт пен ұлыстың дәстүрін дәріптеп, өзара татулық жібін жалғап жүрген Қазақстан халықтары Ассамблеясының қарқынды жұмысы осының айғағы.

Әлбетте, бұдан өзге де бейбіт өмірді дәріптеп, түрлі ұлт өкілінің басын бір аранаға тоғыстырып жүрген бірлестіктер де баршылық. Соның бірі — «Бейбітшілік әлемі»  халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі. Бүгінде 27 елмен байланыс орнатқан атаулы бірлестіктің төрағасы, Біріккен Ұлттар ұйымы Адам құқығы комитетінің Қазақстандағы өкілдігінің президенті, генерал-майор, академик Әбен Алдабергенұлы Нұрмановпен тілдесудің сәті түскен еді. 

Әбен аға, талай жылдан бері «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің жұмысын дөңгелетіп келесіз. Елдегі талай ұлт өкілдерінің басын жинап, түрлі игі шаралар өткізіп жүргеніңізге де куәміз. Жалпы, бұл бірлестікті құруыңыздың мақсаты қандай? Не түрткі болды?

— Тәуелсіздік алғалы еліміздің іргесі биіктеп, керегесі кеңіп жатыр. Бейбіт өмірді нәсіп еткен жаратқанға шүкіршілік. Әлбетте, әлем елдерімен тереземіз теңесіп, жарасымды тірлік кешуімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңіріп жатқан үлесі зор. Сыртқы саясаттың тізгінін қолға алып, тыныштық пен татулықты бақылап келеді. Осы орайда маған да бір ой  туды. Елбасы саяси тұрғыда ел мен елдің жарасымдылығын қадағаласа, қара халық арасындағы ұлт татулығын неге дәріптемеске? Оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет, өнер мен ғылым саласындағы байланыстың жібін байлайын деп шештім. Осылайша, 2008 жылы 10 желтоқсанда «Бейбітшілік әлемі» бірлестігі бой көтерді. Міне, содан бері аттай зулап 10 жыл өтіпті, бұйыртса, мерейтойымызды атап өту ойда бар.

Тәубе дейік, осы он жыл ішінде 27-ден аса елмен тығыз байланыс орнатып, бірге дамып жатырмыз. Тағы бір атап өтетіні, бірлестікке біріккен ұлттардың дініне, ғұрпына, түріне назар аудармаймыз. Алланың алдында адамның бәрі тең. Адамды адаммен жалғайтын нәсілі мен нанымы емес, тілегі мен танымы. «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деп, халқымыз тегін айтпаған. Ынтымағы бұзылған елдің басын қара бұлт торлайтынын көріп те, біліп те жүрміз. Ендеше, біздің ту еткен ұранымыз – татулық.

«Ел іші – өнер кеніші» деген нақыл да бар. Әсілінде, бармағынан бал тамған шеберлер де, саусағынан маржан тамған зергерлер де, мың бұралған бишілер де, бұлбұлдай сайраған әншілер де баршылық қой. Десе де, елеусіз, ескерусіз, тобырдың ішінде томаға тұйық қалғандары да жетіп артылады. Біздің мақсатымыз — көп көзіне ілікпеген дарын иелерін суырып жарыққа шығару, елге таныту, жаһанға жария ету. Көненің көзіндей ізгілігін бойына жинаған көзайым өнер иелерін әлемге көрсетіп, халқымызды танытсақ, өзге елмен қоян-қолтық араласа отырып, өзге жұртты өзімізге танытумен келеміз. Осы тұрғыда 10 жыл бойы сіңірген еңбегіміз де жемісін беріп жатыр. Құдай сәтін салса кітап шығару жоспарда бар. Бұл кітапта аты аталмай, таланты көлеңкеде қалғандардың атын атап, қабілетін көрсетпекпіз. Атап айтқанда «100 дара оқушы», «100 ұлы ұстаз», «100 дара ата-ана», «100 мәдениет қайраткері» сынды он шақты аталым бойынша суырылып шыққандар жайлы жазылады. Бұйыртса, қыркүйек айында кітапты баспаға бермекпіз. Бұдан өзге қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз.

—  «Бұлақ көрсең көзін аш» дейсіз ғой.

— Әлбетте, сондай-ақ, «Баланы — жастан» деп жатамыз, бесігінен бірлікті көрген бала, ертең шайқас пен айқастан аулақ болады. Сол себепті, біз татулықтың тәлімін жастардан бастауды жөн көрдік. Бүгінде жастар мен балалар арасында түрлі ән-жыр, терме фестивальдарын, қолөнер көрмелерін, спорт сайыстарын, техника саласының сайыстарын үзбей өткізуіміз соның көрінісі. Сонымен қатар, бірінші сыныптан бастап жоғары оқу орындарының тәлімгерлеріне дейінгі аралықтағы жастарды қамтып, ғылыми конференцияларды ұйымдастыруды басшылыққа алдық. Осы кезге дейін шамамен 200-ден аса ғылыми конференция, 300-ге жуық фестиваль өткіздік. Осы сайыстарда топ жарғандарын шетелдерге апарып, насиахаттап жүрдік. Алғашында озық жастарымыз Түркияның Анталия қаласында болып қайтса, кейіннен мұндай жарыстарды Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубайда, Ресейдің Мәскеу қаласында, қырғыз, неміс, Франция елдерінің біраз қалаларында өткізіп келеміз.

Әбен аға, сіздің шығармашылық қабілетіңіз де көпшілікке аян. Менің білуімше, осы кезге елуден аса кітапты жарыққа шығардыңыз. Әрі сол кітаптардың көбісі өзге тілдерге де аударылды. Ал, жуырда Лев Толстой жайлы 4 томдық кітап жазғаныңыз туралы естіп қалдық. Бұл да қазақ әдебиетінің әлемге танылуының бір көрінісі деуге келетін шығар...

— Ауыз толтырып айтартарлықтай дүниелер баршылық. Шығармашылығыма келсем, туындыларым қырғыз, әзірбайжан, чех, араб, орыс, ағылшын тілдеріне аударылып келеді. Жуырда қытай елі де кітаптарыма қызығушылық танытып, аударуға ниет білдіріп жатыр. Әйтсе де мені қынжылтатыны — қазақ жұртының әйгілі тұлғаларының туындыларының әлемге танылмай жатқаны. Сол себепті де, «Шоқан сағасы» атты 10 томдық декатомды жазып шықтым. Біріккен Ұлттар ұйымының өкілі болғалы бері, осы декатом әлемнің 6 тіліне аударылды. Бұл да болса көңілге қуаныш сыйлайды. Ал, жуырда «Ғибрат» атты 100 томдық кітабым жарыққа шықты. Өзге елдерден аударуға қызығушылық танытып жатқандар бар, қазір келісім жүріп жатыр.

Сондай-ақ, биыл орыстың ұлы ойшылы, жазушы Лев Толстойдың 190 жылдық мерейтойы емес пе? Осынау атаулы мерекені Азия жұрты атап өткелі жатыр. Мен де қазақ елінің мәртебесін көтерер деген үмітпен, әрі азаматтық борышым санап, Толстой жайлы 4 томдық роман-эпопея жазып шықтым. Алла қаласа, тамыздың 10-ы күні Алматыда, ал, қыркүйектің 8-9-10-ы күндері аралығында Ресейдегі Лев Толстойдың кіндік қаны тамған Тула қаласындағы Ясная Поляна елдімекенінде кітаптың тұсауын кескелі отырмыз.

— Керемет, құтты болсын дейміз. Осынау игі істерді қолға алуыңыздың бір сыры бала кезден бастау алған болар?..

— Солай деуге де келеді. Негізі, өзім Түркістан қаласының тумасымын. Біз жақта «Жолдың асты» деген атаумен белгілі ауыл бар. Сонау Кеңес дәуірінде іргетасы қаланған ауыл. Мұнда Ұлы отан соғысы кезінде көшіріліп әкелініп, қоныстанған Кавказ жұрты қоныс тепкен. Атап айтқанда, түрік, әзірбайжан, шешен, қырым татары, қарашай, балқар халқы болатын. Сол бір кездері Қытай жақта да соғыс болды емес пе? Содан жапон, кәріс ұлттары да сол елдімекенді паналап жатқаны есімде. Бір қызығы, сол ауылда француз, ағылшын, неміс өкілдері де болды. Бас аяғы 27-ге жуық өзге ұлт өкілдерінің басын бір жерге тоғыстырған ауыл еді бұл. Сол жерде өсіп, ер жеттім. Сірә, пысықтығымнан болар, не тиянақтылығымнан ба екен, әйтеуір, бәрімен тіл табысып, тонның ішкі бауындай сіңісіп кеттім. Жатырқау деген болмапты. Әлі күнге дейін құлын-тайдай тебісіп өскен барлық ұлт өкілдерімен араласып тұрамыз. Мен үшін әрбір ұлт мынау алақанымдағы бес саусақ іспетті. Бас бармағым — қазағым болса, балан үйрегім — ағылшын, ортан терегім — түрігім, шылдыр шүмегім — немісім, кішкене бөбегім — шешенім. Осылайша, мен бауырмалдықты балалығымнан көрдім. Бейбіт өмірге деген құштарлығым сол кезден бастау алса керек.

Ендеше, осынау ел бірлігі бұзылмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін.

— Рахмет әңгімеңізге. Бейбітшілікті ту еткен ісіңізге береке берсін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Ұқсас материалдар