Жаңалықтар

«Аналар үйінен» пана тапқандар

Тәлкекке түскен тағдырлар
«Аналар үйінен» пана тапқандар
18.03.2022 13:53 5435

Өмірде аяғын шалыс басып, қиындыққа тап болған сан мың тағдырды бір жерге тоғыстырған орталық бар. Ол – «Аналар үйі». Бүгінде жүкті екенін естіген кезде жақындары теріс айналып, барар жер, басар тауы жоқ, амалсыз қалған аналарға көмек қолын созатын үйде жалғызбасты аналар тұрып жатыр.

«Аналар үйі» осыдан сегіз жыл бұрын қалталы азаматтар, кәсіпкерлер мен меценанттардың бастамасымен ашылған еді. Әлеуметтік жобаның негізін қалаған Айдын Рахымбаев болатын.

Бүгінде бұл жобаның арқасында көптеген аналар «баламды тастаймын» деген ойынан бас тартып, мыңдаған сәби жетімдіктен құтқарылды. Осы орайда жалғызбасты аналарға арналған баспанаға барып, онда тұрып жатқан қыз-келіншектермен тілдесіп қайтуды жөн санадық. Тәлкекке түскен тағдырлар мен қорғансыз қыздардың өмірі оқырмандарға ой салар деген үміттеміз.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

Қазіргі таңда елордада екі «Аналар үйі» бар. Гүлнар Шакирова солардың бірінің координаторы. Аталған үйде сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Ол бұл үйге кездейсоқ жұмысқа орналасыпты. Ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған Гүлнар Шакирова «Аналар үйіндегі» қыздардың анасындай болып кеткен жан. Сұқбат барысында көзіне жас алып, әр қыздың басынан өткен оқиғасын баяндап берді.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

(Суретте : Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Аналар үйінің» координаторы Гүлнар Шакирова)

– Менің қадағалауым мен бақылауымдағы «Аналар үйінде» бүгінде 7 әйел тұрып жатыр. Олардың біреуінің аяғы ауыр. Қалғандарының кішкентай сәбилері бар. Талап бойынша бұл үйде 6 айға дейін тұруға болады. Бірақ та балалар үйінен шыққан қыздар болса, әке-шешелері қыздарын қабылдауға дайын болмай, баратын жерлері жоқ болған жағдайда 1-2 айға созуға болады. «Аналар үйінде» тұратындардың саны жылдан жылға азайып келе жатыр. Ол біздің жұмысымыздың жемісі деп санаймын. Біз қыздарды бұл үйге орналастырып қана қоймай, татуластыру мақсатында әке-шешелерімен, күйеулерімен, туған-туыстарымен сөйлесеміз. Алдын алу мақсатында мектептерге барып, жасөспірімдерге бейне роликтер көрсетеміз. Ауруханалар, перзентханалар барлығы бізді біледі, – дейді координатор.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр-Сұлтандағы екі үйге қыздар сыймай, үшінші үй ашылыпты. Кейін уақыт өте үшінші «Аналар үйі» жабылған. Өткен жылы «Аналар үйін» 10 әйел паналапты. Әйелдердің жастары әр түрлі. Ең кішісі 19-да болса, үлкені 31 жаста.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

«Аналар үйінен» пана тапқандар

«Аналар үйінен» пана тапқандар

– «Аналар үйіне» 32 жасқа жетпей қабылдаймыз. Тағы бір қойылатын талаптардың бірі – баласы 1,5 жастан аспауы керек. Заңды некеде болмаған аяғы ауыр қыздар 7 айдан бастап орналаса алады. Бүгінде балалар үйінде тәрбиеленген қыздар, өте нашар тұратын отбасылар өте көп. Көбісінің тұрақты тұратын жерлері жоқ. 10-12 шаршы метрлік жатақханада немесе бөлмеде бала мен ана тұра алмайды. Баласын қабылдамай тастап кеткен жігітпен, әке-шешесімен сөйлесеміз. Негізі баланы тастамас үшін ұлыңызбен сөйлесіңіз, немереңіз деп айтып түсіндіріп жатамыз. Кейбір жігіттер қашып кетеді, телефондарын сөндіріп тастайды. Ал қыздар ата-анасына айта алмай жылайды. Сол уақыт аралығында татуластырып жатамыз. Анасы болмаса әпкелерімен сөйлесеміз. Солар алып кетіп жатады, – дейді Гүлнар Шакирова.

«Аналар үйінде» қыздарға барлық жағдай жасалған. Жататын орын, дәрі-дәрмек және жөргек тегін беріледі. Аптасына екі рет психолог жеке және топпен жұмыс жүргізеді. Координатордың айтуынша қыздардың көбісі жалғыз жүріп үйренгеннен кейін сөз көтере алмайды екен. Кейбіреулері бойындағы қорқыныштарынан арылу үшін психологпен жұмыс жасайды.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

«Аналар үйінен» пана тапқандар«Аналар үйінде» күнделікті мейірбике болады. Сонымен қатар еріктілер ағылшын тілі, массаж және тағы да басқа түрлі курстар үйретеді. Құжаттарын қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Еріктілермен, Жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, толық емес жұмыс күніне қыздарға жұмыс тауып береді.

– Бізде 7 ананың екеуі жұмыс істейді. Олардың балаларын осы үйдегі қыздар қарап отырады. Қыздарға мүмкіндік болса, жұмыс істеңдер деп айтамын. 6 айдан кейін бұл үйден кеткеннен соң ақшасы жоқ, баратын жері жоқ болып қалмас үшін алдын ала қамданғандары дұрыс, – дейді координатор.

15 жастағы қызды жүкті етіп тастап кеткен

Мария – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Он бес жастағы жасөспірім жүріп жүрген жігітінен аяғы ауырлап қалады. Баратын жері жоқ болғаннан кейін «Аналар үйіне» орналасады.

– Марияның жігітімен сөйлестік. Артынан тергеушілер келіп арыз алды. Кейін жігіт қателігін түсініп, Машаны 6 айдан кейін баласымен бірге үйіне алып кетті. Жігіттің әке-шешесі жоқ екен. Кішкентай жатақханада әпкесімен бірге тұрады екен. Осы күнге дейін Марияға хабарласып жағдайын сұрап тұрамыз, – дейді координатор.

Аналар үйіне жан-жақтан қыздар келеді. Координатордың айтуынша қыздардың басым бөлігі оңтүстік аймақтың тумалары. Олардың ішінде әр түрлі жағдайда алданып қалған қыздар бар. Басым бөлігі жүкті болғаннан кейін ата-анасынан жасырады.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

– Бір күні маған перзентханадан аяғы ауыр қыз анасымен келді деп хабарласты. Қыздың анасы баланы босанғаннан кейін бас тарт деп ұрсып отыр екен. Қызы баланы тастамаймын деп жылады. Сондағы әйелдің айтқаны «Әкең сені де, мені де өлтіреді», «туыстардың бетіне қалай қараймыз» деген сөздер айтты. Босанғаннан кейін біздің үйге уақытша орналасуын сұрандым. Қыздың анасы келісті. Аналар үйін көріп, барлық жағдай жасалынғанына көзі жеткеннен кейін немересі мен қызын қалдырып, өзі Қызылордаға кетіп қалды. Бір ай өткеннен кейін тағы келді. Себебін сұрағанымда немересін қырқынан шығаруға келгенін айтты. Бауыр еті немересін тастамайтынын айтып, барлығымызды жылатты. Содан немересі 7 ай толғанда Қызылордағы алып кетті. Әлгі қыз екінші рет отбасын құрып бүгінде 4 баласы бар. Сол кезде ананың баласын тастамағанына қатты қуанамын. Әр бала толыққанды отбасында тәрбиеленгені дұрыс деп санаймын, – дейді Гүлнар Шакирова.

Аналар үйіндегі қыздардың осындай қиын жағдайға тап болуларының себептері көп. Ең біріншіден отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмен болуы. Көбісінің ата-аналары бар. Бірінің әкесі маскүнем. Анасын балаларының көзінше ұрады. Оны көріп өскен бала өз бетімен жүреді. Біреуі оқуға түсемін деп, екіншісі жұмыс іздеп қалаға келеді.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

– Кейбір ата-аналар қыздарынан ақша сұрайды. Олар қалай ақша табады? Пәтері мен тамағына ақша таба алмай жүрген қыздар алданып қалады. Көбісін аналары жақсы көрмеген.Тіпті кейбір қыздар тамақ жасауды білмейді. Кей қыздардың аналары жастай қайтыс болып, әкелері басқа әйел әкелген. Мұның барлығы қыздардың болашағына, психикасы мен психологиясына әсер етеді, – дейді координатор.

Аналар үйіне 10 анаға арналған орын бар. Координаторға жиі екі баламен қалған әйелдер көп хабарласады екен.

– Өткен айда бір қыз жалғызбын, некеде емеспін деп біздің үйге орналасты. Мен ол қызға сенім білдіріп неке туралы куәлігін сұрамадым. Бірнеше уақыт өткеннен кейін бір жігіт хабарласты. Өзін сол қыздың күйеуімін деп таныстырды. Кейін анықтала келе, ол әйелдің ата-енесі, күйеуі, үйі бар екені анықталды. Біз ондай қыздарды қабылдай алмаймыз. Күйеулерінің заңды түрде құқықтары бар. Мұндай жағдайлар өте көп болады. Күнде мазамызды алып келетіндер де бар. Сондықтан мекен-жайымызды жарияламаймыз, – дейді Гүлнар Шакирова.

  Ғаламтор арқылы таныстық

Жадыра 26 жаста

Жадыра Қызылорда өңірінің тумасы. Бойжеткен Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындарының бірін аяқтаған. Өткен жылы әлеуметтік желіде Самат деген жігітпен танысады. 2-3 ай таныстықтан кейін жастар шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Жадыраны ата-анасы қолдан ұзатып, той жасап шығарып салады.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

– «Аналар үйіне» қыркүйек айында келдім. Бұл үй туралы таныстарым айтты. Ол кезде бөпем 6 айлық болған еді. Күйеуім бізді тастап кетті. Бізде карантин болып, АХАЖ бөліміне некемізді тіркеу үшін онлайн түрде өтініш беріп қойған едік. Өтінішіміз белгілі бір себеппен тіркелмей қалды. Оған мән бермедім. Босанғаннан кейін күйеуім баласына келмеді. Бірнеше ай таныс болдым. Жақын танымай, отбасын құрғаныма өкінемін. Татуласу үшін де бірнеше рет қадам жасадым. Бірақ ол жақтан тартылыс болмады. Сондықтан баламды өзім өсіріп, тәрбиелеймін деп шештім, – дейді жас ана Жадыра.

Жадыраның «Аналар үйінде» тұрып жатқанына 6 айдан астам уақыт өткен. Ата-анасына ауыртпалық салғысы келмейді. Жас бойжеткеннің жанарында жас, өзегі өкінішке толы. Енді өзіне екі есе жауапкершілік артылғанын түсінеді. Алдағы уақытта жұмысқа орналасып, сәбиін аяқтан тұрғызуды мақсат етеді.

Жүктілікті жоспарлау керек екен...

Ләззат 31 жаста

Ләззат Көкшетау қаласының тумасы. Жоғары білімі бар келіншектің бірінші некесінен 12 жасар қызы бар. Тұңғышы әке-шешесімен бірге тұрады.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

– Осы үйге өткен жылдың тамыз айында келдім. Балам 4 айлық. Бірақ әкесі қабылдамады. Барар жерім болмай осы үйге келдім. Бірінші некем сәтсіз болды. Ұзақ тұра алмадық. Міне өз адамымды кездестірдім деп Арсенмен танысып бірге тұра бастадық. Бірақ заңды түрде некелеспедік. Кейін аяғымның ауырлағанын білдім. Ол баланы қабылдамады. Жауапкершілік алғысы келмеді. ДНК талдамасын жасату керек деп сенімсіздік білдірді. Мүмкін отбасылық өмірге дайын болмаған шығар. Мен оны сотқа бердім. Тек сол кезде ғана есін жиды. Балаға көмектесіп тұрамын деп уәдесін берді. Өзі Көкшетауда тұрады, – дейді Ләззат.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

Ләззаттың екі жоғарғы білімі бар. Мамандығы бойынша заңгер. Жігітінен алдағы уақытта көшіп келемін деп уәдесін алған ол қызының толыққанды отбасында тәрбиеленетініне үлкен сенім білдіреді.

Аналар үйінде қыздар кезекшілік бойынша тамақ дайындап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Аналардың айтуынша кейбір қыздар бұл жердің тәртібіне шыдамай кетіп қалатындары да бар екен. Кей әйелдер бірнеше ай тұрып, қайта келген жағдайлар да орын алыпты. Оған себеп отбасындағы жанжал мен тұрмыстық зорлық-зомбылық.

Психологтың пікірі:⠀

— Қазақта «Қыз бұзылса, ұлт бұзылады» деген өте терең мағыналы сөз бар. Ұлттың болашағы — қыздар. Қыздар болашақ сүйікті жар, келін, ана, апа, әже. Бұрынғы апа-әжелеріміз қандай ақындарды, батырларды, ұлы-данышпан адамдарды тәрбиелеп өсірген. Ал енді өздері мынандай қателік жасап жатқан қыздар ертең кімді, қалай тәрбиелемек.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

(Суретте: Психолог Гүлдана Дүйсембайқызы)

Қыздарымыздың ақ отауын аттамай жатып пәктігінен айырылып, от басып жатқанына ешкімді де кінәлай алмайсың шыны керек. Тек кішкене көңіл бөлінбей қалуы мүмкін. Онда да әдейі емес, ешқандай ата-ана қызым жаман болсын демейді. Дегенімен менде бір әттеген-ай бар. Барлық ата-ана балаларының материалдық жағынан қамтамасыз ету үшін, оларды ешкімнен кем қылмай өсіру үшін таңның атысымен кештің батысына дейін жұмыста болады. Жұмыстан келіп балаларымен отырып тамақ ішсе ішіп, ішпесе ұйықтап қалады. Дәл осылай күндер, жылдар өтеді. Ал балалары тәрбиені жан-жақтан ала береді. Сосын барып қызы бір қателік жасаса, «мен сендей қыз тәрбиеледім бе?» деп шығады. Бұл жерде айтқым келгені ата-аналар балалардың тек материалдық қана емес, моральдық жағынанда көңіл бөлсе екен, — дейді психолог Гүлдана Дүйсембайқызы.⠀

Түйін. Қазақстандық кәсіпкерлердің қорғансыз қалған аналар мен балаларды қанатының астына алып қамқорлық көрсетуі үлкен сауапты іс. Бірақ паналайтын жер бар екен деп қоғамға кесірін тигізіп отырған бұл келеңсіз әдетке алаңсыз қарауға болмайды.

Өкінішке қарай, бүгінде алдамшы сезімнің көлеңкесінде қалып қоятын қаракөз қыздарымыз жоқ емес. Адалдық, пәктік, ар деген ұлы қасиеттерді биік ұстасақ бәлкім басқаша болар ма еді. Бірақ қыздарды ғана ғайбаттаумен шектелуге болмайды. Қолымен істегендерді мойнымен көтере алмайтын ер азаматтарды қайтпекпіз?! Сондықтан қыз бен ұлдың тәрбиесі тал бесіктен басалатынын ұмытпағанымыз абзал.

    Суреттерді түсірген: Бақытжан Батырханұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға