Жаңалықтар

Алматы ұлттық киім мерекесін атап өтті

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады
 Алматы ұлттық киім мерекесін атап өтті
02.05.2017 15:06 10176

Ұлттық нақышта жасалған киімдер мен бұйымдарды жаңғырту  өткен тарихымыздан қол үзбей, бай дәстүрімізді сақтап қалудың бір жолы. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың ұлтжанды азаматтары арнайы ұлттық киімдер күнін жариялап, сол күні қазақы нақышта жасалған киім кию туралы ұсыныстарын жариялаған болатын. Бұл үндеуге көпшілік қолдау білдіріп, сәуір айының соңғы жұма күні «Қазақтың ұлттық киімі күні» деп белгіленіп, мереке ретінде атап өту жоспарланды. Мейрам күні жұмысқа, қонаққа, қоғамдық орындарға ұлттық киім киіп баратын, дәстүріне ерекше құрметпен қарайтын жандардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Өзгелерден қалыспай, бұл мейрамды Алматы халқы да ерекше қарсы алды. Қала көлемінде екінші мәрте өткізіліп отырған мереке Жібек жолы көшесінің бойындағы Арбат аталатын орталық алаңда өтті.

Сәуір айының 29 мен 30 күніне дөп келген бұл шара ауа райының қолайсыздығына қарамастан, екі күн қатарынан кісі аяғы үзілмейтін орталық даңғылды ән мен күйге бөледі. Мұнымен қоса, ұлттық нақышта жасалған қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар мен киім-кешек жәрмеңкесі де қызу жұмыс атқарды. Үлкендер жағы камзол, бешпент, киіз бен былғарыдан жасалған киімдерді қызықтап жатса, бойжеткен қыздар ою-өрнекпен көмкерілген түрлі әшекейлер мен бүрмелі көйлектерді өлшеп әлек болды. Жәрмеңкеге келгендердің әрбірі кем дегенде бір зат сатып алып, ұлттық қолөнердің дамуына атсалысты. Алмалы ауданы мен Алматы қаласының әкімшілігі қолдау көрсеткен бұл ізгі шара  «Қазақстан халықтарының бірлігі» мерекесінің қарсаңында Алматы қолөнер палатасының ұйымдастыруымен өткен еді. Аталмыш ұйымның менеджері Мырзахметова Динара Назарбайқызының айтуы бойынша, ұлттық киімді насихаттауды олардың мән-маңызын түсіндіруден бастаған жөн.

–  «Қазақтың ұлттық киімдері» күнін міне екінші мәрте осы Арбатта тойлатып отырмыз. Жалпы, атап өтіп жүргенімізге үш жыл болды. Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз қазақтың әрбір азаматы ұлттық киімді киіп қана қоймай, оның мән-мағынасын, тереңдігін түсінсін деген ойдан туындады. Мысалы, сәукеле сөзі «сау келеді» дегеннен шыққан, яғни келін сау, аман-есен келе жатыр дегенді білдіретін бас киім. Ал неліктен бұлай аталғанын білу үшін тарихқа терең үңілуіміз керек. Дәл солай мына кимешекті алсақ, оның бар міндеті тек айел затының бетінен өзге жерін жауып қою ғана емес. Кимешектің төбесінде түндігі болады. Көшпелі қазақтарда көшіп-қонып жүру барысында дүниеге нәресете келіп қалатын сәттер жиі болған. Міне сол кезде осы түндікке сәбиді орап алған. Болмаса, Алланың әмірімен біреу аяқ асты дүниеден өткен тұста да осы кимешекті ақ мата қылып, орай салуға ыңғайлы етіп жасаған. Қазақтың әрбір киімінің жасалуында астарлы тарих бар. Сол бүгінде ұмыт болып кеткен, ата-бабаларымыз киген киімдер мен пайдаланған бұйымдарды жаңғырту мақсатында осы мерекені өткізіп отырмыз.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкемен қатар, қала тұрғындарына арнап концерттік қойылымдардан тұратын мерекелік бағдарлама ұсынды. Дәстүрлі өнер туындыларын өнерпаздар әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған би арқылы жеткізуге тырысты. «Сымбат» академиясының арулары қазақтың ұлттық киімдерін киіп сән үлгісін көрсетсе, Жүргенев атындағы өнер ордасында құрылған «Арлан» театры ұлттық болмысымызды танытатын қойылымдарымен көпшілікті бір серпілтті. Бағдарлама аясында отандық кәсіби дизайнерлер ұлттық нақышта, заманауи үлгіде әзірлеген топтамаларын таныстырды. Сондай-ақ, балаларға арнап киіз үйді жинау бойынша екі күн қатарынан шеберлік сабақтары өткізілді.

Аталмыш мерекені жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдыру арқылы ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға әрекет жасаймыз. Бүгінде, қазақтың ұлттық калоритіне әлем көз тігіп отырған шақта, Қазақстанның «Ұлы дала елі» брендін қалыптастырып, заманауи киім үлгілеріне қазақы нақышты қолдану арқылы бай мәдениетімізді танытуға мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да жоғары эстетикалық талғаммен жасалған ұлт байлығын жаңғыртып қана қоймай, ілгері дамыту өз қолымызда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға