Жаңалықтар

Көбі әйелдердің денсаулығына байланысты. Елдегі сәбилердің өлімі неге азаймай тұр?

Көбі әйелдердің денсаулығына байланысты. Елдегі  сәбилердің өлімі неге азаймай тұр?
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 07.06.2023 11:40 553

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бейсенғалиев еліміздегі сәбилердің өлімі бойынша мәселе көтеріп, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің есебінде 2022 жылдың қорытындысына сай республика бойынша балалар қызметінің медициналық ұйымдарының медициналық жабдықтарымен қамтамасыз ету 86 пайызды құрайтыны жазылған. Бірақ екі өңірде көрсеткіш сәл төмендеу. Мысалы, Шымкентте 79 пайыз, Қостанай облысында 75 пайыз. Бұл ретте Қостанай облысындағы Арқалық қаласында 2022 жылы сәби өлімінің өсу көрсеткіші 40 пайызға ұлғайған. Жалпы республика бойынша сәби өлімі 1000 балаға 8,8-ді құрайды. Бұл өзге елдермен салыстырғанда өте жоғары. Мұның негізгі себептері ДСМ мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі және білімді медициналық кадрлардың жетіспеушілігі әсер етіп отыр, - деді Берік Бейсенғалиев.

Осы ретте депутат министрден аталған мәселені қалай шешіп жатқанын сұрады.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бүгінгі таңда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміз бойынша нәрестелердің өлім-жітімі 9 пайызға төмендеген.

Биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша 12 пайызға төмендеді. Алайда, сіз айтқан Қостанай, СҚО, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында бұл көрсеткіш республикалық деңгейден едәуір жоғары болып отыр. Былтыр біз осы өңірлерге министрліктің білікті мамандарын жіберіп, талдама жүргізгенбіз. Консультациялық көмек көрсетілген болатын, - деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ министр нәресте өлімінің басты себептерінің бірі – шала туғандық, әртүрлі туабітті ақаулар мен іштен біткен инфекциялық аурулар екенін атап өтті.

Көбі әйелдердің денсаулығына байланысты. Сондықтан біз осы көрсеткішті жақсарту үшін барлық өңірлерде әйелдердің денсаулығына байланысты профилактикалық жұмыстар, жүктілікті ертерек есепке алу, бұрын 12 апта болса, қазір 10 аптадан әйелдің денсаулығын бақылау. Екінші, бүкіл перинаталдық орталықтар мен босандыру ұйымдарын құрал-жабдықпен қамтамасыз ету 85 пайыздан 90-ға жеткіземіз деп бюджетті қарастырып, 3 жылға 40 миллиардтан астам қаражат қаралды. Соның ішінде Арқалық қаласындағы ауруханада биыл республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп, құрал-жабдықтар алынады, - деп түсіндірді Ажар Ғиният.

Ол Тоқаевтың тапсырмасымен, қиын жағдайда дүниеге келген балаларды қорғау, сақтау үшін заманауи перинаталдық орталықтар керек деп отыр. Сондай-ақ 13 перинаталдық орталық салынады деп айтты. Соның біреуі  - Қостанай облысында екен.

Одан бөлек, кадр мәселесі бойынша, қазір резидентураға беріліп отырған гранттың 40 пайызын босандыру ұйымдарында жұмыс істейтін мамандарға бөлінгенін айтты. Барлық өңірлердің сұранысы бойынша, 500-ден аса маман шығарылып, аймақтарға жіберіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға