Жаңалықтар

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Шебердің қолы ортақ
09.09.2016 12:52 9999

Бүгін елордада «Ұлы дала жәрмеңкесі» ІІ республикалық көрме-жәрмеңкесі басталды. Шараға Қазақстанның әр өңірінен келген қолөнерлер шеберлері, зергерлер мен тігіншілер өздерінің қолынан шыққан бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында көрме-жәрмеңкеге келген жандарға арнап бейнелеу өнері, ағаш ою, себет тоқу, киіз басу, қыш бұйымдар жасау бойынша тегін шеберлік сабақтары өткізілді.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Көрме-жәрмеңкеге 100-ден астам қолөнер шебері қатысты. Ауқымды шараны Қазақстандағы БҰҰ даму бағларламасы, «EXPO& WOMEN» халықаралық ұйымы және «G-Global» халықаралық хатшылығы ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының қолөнерін насихаттау, Қазақстанның қолөнер шеберлерінің әлеуетін көрсету.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

 Көкшетауда тұратын Ләззат Мақатова қыз-келіншектерге арналған алқа-жағалар жасаумен айналысады. Ол әшекейлерді бірінші класты табиғи тастардан, жапондық және чех бисерлерінен жасайды. Өзіне керек тастарды ол Үндістан мен Непалға барып әкеледі. Бұл іспен айналысқанына төрт жыл болыпты. Ләззаттың мамандығы – экономист-заңгер. Қазір йогадан сабақ береді. Қолы қалт еткенде, уақытын сүйікті хоббиіне арнайды.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Кейбір әшекейлерді 2 апта бойы жасайды. Алқада бисер көбірек қолданылса, оған көбірек уақыт жұмсалады екен. Ләззаттың айтуынша, өзі жасайтын үлкен алқаларды әйелдердің барлығы бірдей таға бермейді. Оларды көбіне ел алдына жиі шығатын қыз-келіншектер сатып алады екен. Сонымен қатар, бұйымдардың бағалары да анау айтқандай арзан емес. «Қымбат тастар, тері және бисерден жасалатын болғандықтан, бағасы да соған сәйкес қойылады» дейді шебер. Мұның бәріне шебердің көз майын тауысып отырып істеген уақытын қосыңыз. Қысқасы, Ләззаттың әшекейлерінің құны – 2 мың теңге мен 40 мың теңге аралығында.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Наталья Казакевичтің мамандығы аяқ киімнің суретші-модельері болғандықтан, ол өмір бойы терімен жұмыс істеп келе жатыр. Қазір ол сөмке тігетін шеберге айналды. Негізінен, сөмке, аяқ киім, шабадандарды жөндеу, қайта тігіп, пайда табады. Ал, қолы босағанда, ойыншықтар тігеді, ескерткіш тәрелкелер дайындайды. Наталья өзінің шағын шеберханасында әріптесі Игорьмен бірге жұмыс істейді. Игорь – ағаштан жасалған барлық өнімдердің авторы. Екі шебер қобдиша сияқты бұйымдарды әрқашан бірігіп жасайды. Бірі ағашты жонса, екіншісі оның бетіне әдемілеп сурет салады.  

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Наталья тіккен ойыншықтардың бағасы 3 мыңнан басталып, 15 мыңға дейін барады. Ал, сөмкелердің бағасы 10 мыңнан жоғары. Шебер елордада өтетін қатысу құны арзандау жәрмеңкелерден қалмай қатысуға тырысады.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Жәрмеңкеге Оралдан келген Біржан Қожақовты біраз адам таниды. Ол бұған дейін де бірнеше рет БАҚ бетіне шыққан, өз күшімен жеке кәсібін ашқан шебер. Ол өзінің жеке кәсібін аяғынан айрылған соң, үйде отырып қалмайын деп намысқа тырысып ашқан екен. Қазір мұнда істейтін 34 жұмысшының 19-ы – мүмкіндігі шектеулі жан. Соған қарамастан, мұнда кейде тіпті он екі мүшесі түгел адамның қолынан келмейтін небір тамаша жиһаздар жасалады. Шеберхананың 6 облыста филиалы бар.

Біржан Қожақов бұл жәрмеңкеге қазақы нақыштағы жер үстелін, жиналмалы бесік, сандықтар және сал ауруына шалдыққан балаларға арналған вертикализатор аппаратын әкеліпті. Айтпақшы, вертикализаторды Қазақстанда әзірге тек Біржан шебердің ұжымы ғана жасап, сатып отыр. Әдетте ата-аналар мұны көбіне Ресей, Түркия, Германия елдерінен алдырады екен. Шебердің айтуынша, бұл аппарат шетелде 837 мың теңге, ал оның шеберханасында 90 мың теңге тұрады.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Біржан Қожақовтың қазақы нақыштағы жиһаз жасай бастағанына 6-7 жыл болыпты. «Жиһаздарымызға сұраныс жоғары. Ең көп өтетін зат – сандық» дейді өзі.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Ал, жәрмеңкеге Қызылорда облысы, Арал қаласынан келген Оңғарбай Баймахан жастайынан сиырдың мүйізі мен сүйектерінен бұйымдар жасайды. Ол өзінің бұл іспен айналыса бастауына Арал теңізінің тартылуы себеп болғанын айтады. «Теңіз тартылғасын, онымен бірге құндылықтардың бәрі кетті. Сол құндылықтарды ұрпаққа кім көрсетеді?» деп ойландым дейді ол.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Шебердің қолынан шыққан туындылардың арасында Бегім анаға арналған «Абақтыдағы ару», «Арал символы», Сартай батырдың алдаспан қылышының көшірмесі, бекіре, лақа, тісті балық, аққу, қарақулар бар. Олардың бәрін Оңғарбай ағамыз халық ұмытпасын деген оймен насихаттап жүр. Оның жасаған бір туындысы Аралдың символына айналып қана қоймай, марқұм аралдық ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтің айтыста бас бәйгені жеңіп алуына да сеп болған екен. Дәл осы мүсіннің арқасында айтыста Бекұзақ ақынның «...Аралдың табанынан су кеткенмен, халқынан жүрегінен жыр кеткен жоқ» деген жыр жолдары өмірге келген екен.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Оңғарбай Баймаған бұрынырақта үйірме жетекшісі болып, оқушыларға өзінің өнерін үйреткен екен. Қазір Арал ауданындағы Қамбаш көлінің жағасында туризм бағытында жұмыс істейді. Қолы қалт етсе, мүйізден бұйымдар жасайды. Шебердің айтуынша, мүйіз мүсіндерді шынайы өнер туындысы деп түсінген туристер қымбат бағаға да сатып алуға дайын екен. Бірақ, өкінішке қарай, қарапайым ауыл тұрғындары бұл туындының мазмұны мен маңыздылығын түсінетіндер аз.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Шара аясында отандық белгілі дизайнерлер сән көрсетілімін өткізді. Көрсетілімде «Асыл дизайн» сән үйі (Тараз), «Тарбия» (Ақтау), «Мария ханым» (Орал), «Нұрәсем» (Қарағанды), «Aigul Line» киіз шеберханасының үлгілері таныстырылды. Сондай-ақ, бұл күні белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы 1 жастан 12 жасқа дейінгі қыз балаларға арналған бренд топтамасын ұсынып, алғаш рет өзінің дизайнерлік қырымен танылды.

Елордаға жүзден астам қолөнерші келді

Көрме-жәрмеңке ертең де жалғасады.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға