Жаңалықтар

Ауыл шаруашылық министрі шымкенттік шаруалармен кездесті

Ауыл шаруашылық министрі шымкенттік шаруалармен кездесті
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі 27.04.2024 22:38 397

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, бірнеше нысанды аралады. Алдымен, министр«АйМар Құс» ЖШС барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құс фабрикасының құрылысы 2023 жылдың наурыз айында басталған. Биылғы жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Мұнда қазір балапандарды өсіретін 2 цех, тауық жұмыртқалайтын 4 цех, ветеринариялық зертхана, жұмыртқа сұрыптау цехы, қойма және әкімшілік ғимараттары жұмыс істеп тұр. Жобаны іске асыруға 4,8 млрд теңге инвестиция салынған. Серіктестік жұмыс ауқымын кеңейту мақсатында жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын еуропалық өндірісте құрама жем шығаратын зауыт салу бойынша жаңа жобаны іске асыруға ниетті.

Ауыл шаруашылығы министрі құс фабрика алаңында өзге шаруалармен де кездесіп, сүт-тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын жеңілдікпен несиелендіру мәселелерін талқылады. Фермерлер ведомство басшысынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салықтың тарифтік ставкасын төмендетуді және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуді сұрады.Айдарбек Сапаров әрбір ұсыныстың ескерлетінін, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мақсатында барлық қажетті қолдаулардың көрсетілетіндігін жеткізді.

Мұнан соң Айдарбек Сапаров мегаполис аумағында салынатын қызанақ өсіруге арналған жаңа форматтағы ең ірі жылыжай кешенінің жобасымен танысты.

Құны 312 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны түріктің “Alarko Holding” компаниясы жүзеге асырады. Жаңа технологияларға негізделген жылыжай 215,9 гектар аумақты қамтиды. Нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

Айдарбек Сапаров ел аумағында өндіріс орындарын құрып, жаңа жұмыс орындарын ашамын деген исвесторларға мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілетіндігін айтты. Мұндай ірі жобалар мемлекеттің импортқа деген тәуелділігін азайтып, өз-өзін жергілікті өніммен қамтылуына мүмкіндік береді деді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға