Жаңалықтар

V БӨЛІМ

Аядай ғана сырахана іші гу-гу. Араның ұясындай. Біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Бірі қызара бөртіп, екіншісі шала масаңдау болып, үшіншісі сүріне басып кетіп барады. Ең бастысы, мұнда кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр - онда ешкімнің шаруасы жоқ. Танабай мен Қыңырбай да бір шеттен орын ыңғайлап, екі кружка сыра алдырды. Шөлдеңкіреп келген Танабай бірден-ақ кружканы басына көтере, жартылап тастады. Қыңырбай болса екі-үш ұрттады да, тыжырынып қалды. - Ту-у, пәлекет-ай! Осылар кісіні аямайды. Мынаның тең жарымы су ғой. Сен байқамадың ба? - Жоқ, тәп-тәуір сияқты, - деді Танабай. - Тәуір түгі де жоқ, жартысы қара су... Қазір мен оларға ескерту жасаймын. - Тоқта, кідіре тұр, - деп, өтіне сұраған Танабайдың сөзіне тоқтамастан, Қыңырбай сыра сатып тұрған Мұртты жігітке жетіп барды. - Сендерде ұят бар ма өзі! - деді дауыс  көтере. - Ақшасына беретін болған соң неге су қосасыңдар?.. Мұртты жігіт еш сасатын емес. Миығынан күлгендей болып: - Бізге әкеліп береді, біз соны сатамыз, - деді. - Сіз маған әкіреңдемеңіз. Ішкіңіз келмесе... Осы кезде Танабай келді де, сөзді өзі іліп әкете қойды. - Сен сөзді көңіліңе алма, бауырым, - деді. - Досым қаттырақ айтса, кешір. Сосын Қыңырбайды жетелегендей болып, әрі алып кетті. Қыңырбай бәрібір басылатын емес. - Мен оны... мен оған әлі де айтатынымды айтқам жоқ. Сыраны сатса, дұрыстап сатсын. Әйтпесе жайына кетсін. Көрдің бе оны... «Ішсең іш, ішпесең кете бер» демекші ғой сонда! Оңбаған десе... - Сабыр сақташы, Қыңырбай, - дейді Танабай, - бұл көпшілік орын ғой. Бір ашуыңды маған-ақ берші. Қыңырбай сөйлеп-сөйлеп әзер дегенде басылды-ау. Енді Танабай өзі барып, сыра сатушы Мұртты жігітпен сөйлесті. - Достым, - деді оған, - сен бізді кешір, әрине. Бірақ шыны сол, бізге құйған сыра тым дәмсіз. Суы көп. Өзің көріп тұрсың, біз бір мекемедегі әжептәуір лауазымды кісілерміз. Мүмкін болса, басқа бөшкеден дегендей... Өтініш қой. Мұртты жігіттің жүзі жылығандай болды. Сосын Танабайға жымия түсіп: - Кружкаңызды әкеліңіз, - деді. - Қазір, қазір-ақ... - деп, Танабай томпаңдап ала жөнелді. Ол екі кружка сыраны стол үстіне қойып, досы Қыңырбайға қарап: - Ал, енді сіміріп көрші, - деді. - Дәмі қандай екен. Қыңырбай кружканы екі-үш сімірді де, тамсанғандай боп: - Е, енді мынаусы мүлде басқа, - деді. - Көрмейсің бе, бұлар сондай... Үндемесең, ойына келгенді істейді. Ой, оңбағандар... Танабай оған енді мән-жайды түсіндірмекке кірісті. - Сен ғой, - деді оған, - бардың да айқайладың. Өз ойыңша айқайға бассам, шындық орнайды деп ойлайсың. Ол, бауырым, ең әдемі әдіс емес. Шындықтың атасы әлдеқашан-ақ өлген. Өліп қалған... - Жоқ! - деді Қыңырбай. - Мен  сенімен келісе алмаймын. Шындықтың атасы ешқашан өлген емес, өлмейді де. Шындық, әділдік бар. Ол адам бар жерде болуы керек. Мен жаңа әділдікті талап етіп ем, мұртты сырашы тәуірін құйып берді. - Ойбай-ау, ол сен айқайлаған соң құйған жоқ, мен барып астына көпшік қойған соң құйып берді, - деді Танабай. - Бұл заманда ешкімді қорқытып жеңе алмайсың. Жағдайға байланысты майыса, иіле білу керек. - Әні, көрмеймісің, бәрін бүлдіретін өзіміз. Мен әділдікті талап етсем, сен бардың да оның алдында иілдің! Неге иілесің, ол кім сонша! Біз өзіміздің адал ақшамызға сыра ішіп тұрмыз. Ақша төледік пе, одан тәуір, сапалы сыра талап етуге құқылымыз. - Осы сені өмірі түсінбей-ақ қойдым, - деп, Танабай кіжіне сөйледі. - Қашан көрсем де бір жағыңа қисая сөйлейсің. Қай жерде болмасын, кісімен ілінісе кетесің... - Мен көрінгенмен ілініспеймін, бәрін бастайтын олар, - деді Қыңырбай да алған бетінен қайтпай. - Көре көзге өтірік сөйлеп тұрады, мен оған қалай шыдаймын. Көре көзге... - Тоқта! - деді Танабай. - Осы жерде тоқтай ғой. Айтса басқа біреу айтып жатыр. Сөйлесе ол сөйлеп жатыр. Өтірік айтса, тағы да сол адам айтып жатыр. Сенің қандай бес бидайың күйді? Үндемей-ақ қоюға болады ғой. - Қалай үндемеймін! Мен үндемесем, сен үндемесең, бәріміз үндемесек - онда өмір не болады? «Осы күні заман өзгерді, адамдар майдаланып кетті, бәрі бұзылды» деп зар қағамыз. Соны күнбе-күн өзіміз жасап жатқанымызды білгіміз де келмейді. - Ой, сен де... - деп, Танабай түңілгендей болды. - Сені үйретем деп-ақ шашым ағарды-ау. Бар адамды түзеу еш мүмкін емес деп қанша рет айтам. Оның үстіне... заман, уақыт өз дегенін істейді. Кезеңнің өз саясаты, өз ұстанымы болады. Соны да елемесек... Қыңырбай сөзді бөлді. - Қандай саясат! Қандай ұстаным...Оның бәрі де өз қолымызда емес пе. Біз бәріміз  болып қолға алсақ, түзелмейтін нәрсе бола ма! Бәрі өзімізден... Жастар бұзылып барады дейміз. Ол да өз тәрбиеміздің төмендігінен. Өзіміз өтірік айтамыз да, балаларымызға өтірік сөйлеуді үйретеміз. Өзіміз өтірік күлеміз де, балаларымызға соны үлгі етеміз. Сонда... арты не болмақ! - Жә, отбасы әңгімесі бөлек мәселе, - деді Танабай қостаған сыңаймен. - Мен ол туралы емес, жұмыс кезіндегіні айттым. Өзі ұжым болса, ұжымда көп адам жұмыс істесе, солардың дегеніне бағыну деген болмай ма. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болғанда табарымыз қайсы? Ортаға икемделмейінше, дұрыс жұмыс істей алмаймыз ғой. - Ортаға икемделу! Сонда қалай! Орта өтірік айтса, өтірік сөйлесе, өтірік күлсе... мен де соларды қайталай беруім керек пе! Онда мен өз мінезімді жоғалтам ғой. Мінездің майырылуы ғой ол... Жоқ, мен өйте алмаймын. Сен өзің біл... Танабай басын ұстап, қинала сөйлей бастады. - Өтірікке өтірік, қулыққа қулық жаса деп жатқам жоқ. Ең болмаса, сол көпшілік айтып жатқан өтірікті біле тұрып та, өзіңді ұстауға, салмақты болуға болады ғой. Айталық, қырғи қабаққа бармай, үндемей-ақ... - Мен өйте алмаймын. Әділетсіздікке үндемей қалу - мен үшін өлгенмен бірдей. Сен қалай ойласаң, олай ойла! Мен өз пікірімде қалам. Ұзын сөздің қысқасы сол. Оның сөзіне енді Танабай да намыстанып қалды. - Сонда... сенің ойыңша, мен екі жүзді, хамелеон болғаным ба? - Хамелеон емес шығарсың, алайда... соған жақынсың. Өйткені сен кез-келген жерде, кез-келген ситуацияға бейімделгенді дұрыс көресің. Адам біткен түгел сондай мінезді үйреніп алса, онда арты не болады! Атасы өлсе де әділін айтатындар жер бетінен жоғалмай ма! - Жоқ! Сен менің ойымды басқа жаққа бұрып әкеттің. Менің айтпағым - жер бетінде тыныштық, тату-тәтті өмір болуы үшін адамдар өзара түсіністікте болғаны абзал. Яғни, ұрыс-керіс, айтыс-таласқа жол бермеу қажет. Ал, саған салса... - Маған салса, мен қай кезде де әділін айту керек деймін. Уақытша тыныштық үшін өтірік күлудің түк те пайдасы жоқ. Қиянат пен өтірік бәрібір өзінің бет-пернесін ашады. Ал, сол кезде ше! Сол кезде не істейміз? - Қандай да қисық, жолсыз істі айқай-ұйқайсыз да жөнге салуға болады. Ол үшін ең әуелім төзім керек. Сабыр керек. - Қанша сабырлы болсаң да, сен мына сыраханаға әділдік орната алмайсың. Бұлар ел үстінен күн көріп үйренгендер. Бұлармен тек қана қатты сөйлесу керек. Қорқыту қажет. Сонда ғана тәубесіне келеді. - Әй, осы сенің мінезің-ай! - деді Танабай. - Өзің-ақ ойлашы, осы күні жер жүзінде болып жатқан ұрыс-керістің түп төркіні неде? Әрине, өзара түсінісе алмауда. Ә десе, мә дейтін заман өтіп барады ғой, достым. - Жоқ! - деді Қыңырбай. - Қисық пен қыңырды түзеудің жолы - шоқпар. Көпті ықтырудың жолы - мінез. Мінезі жоқ кісіні ешкім де сыйламайды. - Қайдам-м!.. - деп Танабай да ойланып қалды. Енді екеуі де аз-кем үнсіз қалды. Танабай Қыңырбайға қарайды. Әлгінде ғана сыраны ептеп сіміріп ішіп тұрған досы енді кружканы басына төңкеріп жатыр. - Мен тағы бір кружкадан әкеле қояйын, - деп Танабай жүгіріп кетті. Кетті де тез оралды. Жаңадан келген сыраны енді іше берді де, Қыңырбай түкіріп жіберді. - Туһ! Мына оңбағандарға дауа жоқ екен. Тағы да бүлдірді. - Нені? - Сыраны айтам. Жарымы қара су. Қой, бұл болмайды екен. Мен оларды орнына қояйын. Ол Мұртты жігітке жетіп барды. Сосын жағасынан ала түсіп: - Иттің баласы, не сыраны дұрыстап сат, не болмаса бұл арадан табаныңды жалтырат - деді. Мұртты жігіт те қарулы екен. Қарсы қайрат қылды. Екеуі ұстаса кетті. Қорқатын Қыңырбай емес. - Сен кімді ақымақ еткің келеді, иттің баласы... - Ит өзіңсің. Жақсы сыра ішкің келсе, ресторанға бар. Мұнда неменеге келдің?  - Ә, сендер екінші сортты сыра сатады екенсіңдер ғой. Оны неге ертерек ескертпейсің. - Онда шаруаң болмасын. Бізге келетін өз адамдарымыз бар. - Сен... сен нағыз оңбағансың! Халық үстінен күн көрген сүмелек-к... - Сенің де адал ақы, маңдай теріңмен күн көріп жүргенің шамалы шығар. - Менің арыма тиме сен! Мен... адалмын. Мен... ешқашан өтірік сөйлеп көрген кісі емеспін. - Күдігім бар, бұл заманда тек қана адалдықпен өмір сүріп жатырмын дегендерге сене алмаймын. Ондайлар жоқ. Болмайды да. - Болады! - Болмайды! - Болады! - Болмайды... Осы кезде Танабай келді де екеуін ажыратты. Қыңырбайды қолтығынан сүйеп, сыртқа алып кетті. - Ой, ит... Менің адал екеніме, шын сөйлейтініме күдік келтіреді-әй! Өзі әбден боққа былғанған соң, елдің бәрі солай деп ойлайтын шығар. Өй, иттің баласы-ы... - Жарайды. Қойшы енді. «Сыраханада төбелес шығарыпты» деген атқа қалармыз. Жүр, тез кетіп қалайық. Кім біледі, әлі милиция шақырып, екеумізді ұстатып жіберуі де мүмкін.  - Артына... қарасын! - Жүр! Кеттік! Жылдамырақ... Қыңырбайды үйіне жеткізіп салған Танабай жалғыз келе жатыр. Жол-жөнекей есіне Қыңырбайдың мінезі түсе береді. Оны әуелгі кездері қияли деп ойлаушы еді. Көрінген жерде бүйректен сирақ шығаратынына түсіне бермеуші еді. Бірақ бүгін қиялына басқа бір ойтүрткі түскен сияқты. Ол расымен қияли ма? Мейлі, қисықтау, қыңырлау болар. Әйтсе де өз ойы, өз бағыты... Ал, бұл ше! Бұл кім? Соны түсіне алмай келеді. Енді ойлап қараса қандай ортада болмасын, үнемі өзгелердің ыңғайына бейімделіп кете барады екен. Сосын да барлық жерге сыйымды. Ал, егер... бір рет болса да, өз үнін шығарып, өз даусымен сөйлеп жіберсе қайтер еді. Көпшілік жақтырмайды? Ақымақ дейді? Қалайша? Неге ақымақ? Әлде... ойындағысын айтып салса... бұл да Қыңырбай болып шыға келе ме! Сонда бұл өмірде өтірік, өсек, жалған сөз, жала болмауы үшін шынында да Қыңырбай - мінез керек болғаны ма? Әділдікті ұстап тұрған тек солар ма?.. «Әй, қойшы!» деді ішінен. «Әй, қойшы соны... Сол мінезі ғой осы күнге дейін қызметтен өсе алмай жүргені де. Бәріміз сондай болып кетсек, онда қоғам не болады. Ұя бұзылады ғой. Ұяны, ұяларды бұзбай ұстап келе жатқан иілгіш, майырылғыш мінездер-р... Солар болмаса, әй қайдам, не боларын...» Тағы бір ой былай деп үн қатты: «Ау, сонда адами әділдік, бейкүнә адалдық қайтеді? Шырқыраған шындық қайтеді? Бәріне де көре тұра көзжұмбайлық жасай берсек, тура сөзді кім айтады? Ол бейшараны... кім қорғайды?...» Қиялында шым - шытырық ойлар қаумалап кетті. Енді ол аяғын әзер басып, әзер ілбіді... Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 05:16 3132

Аядай ғана сырахана іші гу-гу. Араның ұясындай. Біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Бірі қызара бөртіп, екіншісі шала масаңдау болып, үшіншісі сүріне басып кетіп барады. Ең бастысы, мұнда кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр - онда ешкімнің шаруасы жоқ.

Танабай мен Қыңырбай да бір шеттен орын ыңғайлап, екі кружка сыра алдырды. Шөлдеңкіреп келген Танабай бірден-ақ кружканы басына көтере, жартылап тастады. Қыңырбай болса екі-үш ұрттады да, тыжырынып қалды.

- Ту-у, пәлекет-ай! Осылар кісіні аямайды. Мынаның тең жарымы су ғой. Сен байқамадың ба?

- Жоқ, тәп-тәуір сияқты, - деді Танабай.

- Тәуір түгі де жоқ, жартысы қара су... Қазір мен оларға ескерту жасаймын.

- Тоқта, кідіре тұр, - деп, өтіне сұраған Танабайдың сөзіне тоқтамастан, Қыңырбай сыра сатып тұрған Мұртты жігітке жетіп барды.

- Сендерде ұят бар ма өзі! - деді дауыс  көтере. - Ақшасына беретін болған соң неге су қосасыңдар?..

Мұртты жігіт еш сасатын емес. Миығынан күлгендей болып:

- Бізге әкеліп береді, біз соны сатамыз, - деді. - Сіз маған әкіреңдемеңіз. Ішкіңіз келмесе...

Осы кезде Танабай келді де, сөзді өзі іліп әкете қойды.

- Сен сөзді көңіліңе алма, бауырым, - деді. - Досым қаттырақ айтса, кешір.

Сосын Қыңырбайды жетелегендей болып, әрі алып кетті. Қыңырбай бәрібір басылатын емес.

- Мен оны... мен оған әлі де айтатынымды айтқам жоқ. Сыраны сатса, дұрыстап сатсын. Әйтпесе жайына кетсін. Көрдің бе оны... «Ішсең іш, ішпесең кете бер» демекші ғой сонда! Оңбаған десе...

- Сабыр сақташы, Қыңырбай, - дейді Танабай, - бұл көпшілік орын ғой. Бір ашуыңды маған-ақ берші.

Қыңырбай сөйлеп-сөйлеп әзер дегенде басылды-ау. Енді Танабай өзі барып, сыра сатушы Мұртты жігітпен сөйлесті.

- Достым, - деді оған, - сен бізді кешір, әрине. Бірақ шыны сол, бізге құйған сыра тым дәмсіз. Суы көп. Өзің көріп тұрсың, біз бір мекемедегі әжептәуір лауазымды кісілерміз. Мүмкін болса, басқа бөшкеден дегендей... Өтініш қой.

Мұртты жігіттің жүзі жылығандай болды. Сосын Танабайға жымия түсіп:

- Кружкаңызды әкеліңіз, - деді.

- Қазір, қазір-ақ... - деп, Танабай томпаңдап ала жөнелді.

Ол екі кружка сыраны стол үстіне қойып, досы Қыңырбайға қарап:

- Ал, енді сіміріп көрші, - деді. - Дәмі қандай екен.

Қыңырбай кружканы екі-үш сімірді де, тамсанғандай боп:

- Е, енді мынаусы мүлде басқа, - деді. - Көрмейсің бе, бұлар сондай... Үндемесең, ойына келгенді істейді. Ой, оңбағандар...

Танабай оған енді мән-жайды түсіндірмекке кірісті.

- Сен ғой, - деді оған, - бардың да айқайладың. Өз ойыңша айқайға бассам, шындық орнайды деп ойлайсың. Ол, бауырым, ең әдемі әдіс емес. Шындықтың атасы әлдеқашан-ақ өлген. Өліп қалған...

- Жоқ! - деді Қыңырбай. - Мен  сенімен келісе алмаймын. Шындықтың атасы ешқашан өлген емес, өлмейді де. Шындық, әділдік бар. Ол адам бар жерде болуы керек. Мен жаңа әділдікті талап етіп ем, мұртты сырашы тәуірін құйып берді.

- Ойбай-ау, ол сен айқайлаған соң құйған жоқ, мен барып астына көпшік қойған соң құйып берді, - деді Танабай. - Бұл заманда ешкімді қорқытып жеңе алмайсың. Жағдайға байланысты майыса, иіле білу керек.

- Әні, көрмеймісің, бәрін бүлдіретін өзіміз. Мен әділдікті талап етсем, сен бардың да оның алдында иілдің! Неге иілесің, ол кім сонша! Біз өзіміздің адал ақшамызға сыра ішіп тұрмыз. Ақша төледік пе, одан тәуір, сапалы сыра талап етуге құқылымыз.

- Осы сені өмірі түсінбей-ақ қойдым, - деп, Танабай кіжіне сөйледі. - Қашан көрсем де бір жағыңа қисая сөйлейсің. Қай жерде болмасын, кісімен ілінісе кетесің...

- Мен көрінгенмен ілініспеймін, бәрін бастайтын олар, - деді Қыңырбай да алған бетінен қайтпай. - Көре көзге өтірік сөйлеп тұрады, мен оған қалай шыдаймын. Көре көзге...

- Тоқта! - деді Танабай. - Осы жерде тоқтай ғой. Айтса басқа біреу айтып жатыр. Сөйлесе ол сөйлеп жатыр. Өтірік айтса, тағы да сол адам айтып жатыр. Сенің қандай бес бидайың күйді? Үндемей-ақ қоюға болады ғой.

- Қалай үндемеймін! Мен үндемесем, сен үндемесең, бәріміз үндемесек - онда өмір не болады? «Осы күні заман өзгерді, адамдар майдаланып кетті, бәрі бұзылды» деп зар қағамыз. Соны күнбе-күн өзіміз жасап жатқанымызды білгіміз де келмейді.

- Ой, сен де... - деп, Танабай түңілгендей болды. - Сені үйретем деп-ақ шашым ағарды-ау. Бар адамды түзеу еш мүмкін емес деп қанша рет айтам. Оның үстіне... заман, уақыт өз дегенін істейді. Кезеңнің өз саясаты, өз ұстанымы болады. Соны да елемесек...

Қыңырбай сөзді бөлді.

- Қандай саясат! Қандай ұстаным...Оның бәрі де өз қолымызда емес пе. Біз бәріміз  болып қолға алсақ, түзелмейтін нәрсе бола ма! Бәрі өзімізден... Жастар бұзылып барады дейміз. Ол да өз тәрбиеміздің төмендігінен. Өзіміз өтірік айтамыз да, балаларымызға өтірік сөйлеуді үйретеміз. Өзіміз өтірік күлеміз де, балаларымызға соны үлгі етеміз. Сонда... арты не болмақ!

- Жә, отбасы әңгімесі бөлек мәселе, - деді Танабай қостаған сыңаймен. - Мен ол туралы емес, жұмыс кезіндегіні айттым. Өзі ұжым болса, ұжымда көп адам жұмыс істесе, солардың дегеніне бағыну деген болмай ма. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болғанда табарымыз қайсы? Ортаға икемделмейінше, дұрыс жұмыс істей алмаймыз ғой.

- Ортаға икемделу! Сонда қалай! Орта өтірік айтса, өтірік сөйлесе, өтірік күлсе... мен де соларды қайталай беруім керек пе! Онда мен өз мінезімді жоғалтам ғой. Мінездің майырылуы ғой ол... Жоқ, мен өйте алмаймын. Сен өзің біл...

Танабай басын ұстап, қинала сөйлей бастады.

- Өтірікке өтірік, қулыққа қулық жаса деп жатқам жоқ. Ең болмаса, сол көпшілік айтып жатқан өтірікті біле тұрып та, өзіңді ұстауға, салмақты болуға болады ғой. Айталық, қырғи қабаққа бармай, үндемей-ақ...

- Мен өйте алмаймын. Әділетсіздікке үндемей қалу - мен үшін өлгенмен бірдей. Сен қалай ойласаң, олай ойла! Мен өз пікірімде қалам. Ұзын сөздің қысқасы сол.

Оның сөзіне енді Танабай да намыстанып қалды.

- Сонда... сенің ойыңша, мен екі жүзді, хамелеон болғаным ба?

- Хамелеон емес шығарсың, алайда... соған жақынсың. Өйткені сен кез-келген жерде, кез-келген ситуацияға бейімделгенді дұрыс көресің. Адам біткен түгел сондай мінезді үйреніп алса, онда арты не болады! Атасы өлсе де әділін айтатындар жер бетінен жоғалмай ма!

- Жоқ! Сен менің ойымды басқа жаққа бұрып әкеттің. Менің айтпағым - жер бетінде тыныштық, тату-тәтті өмір болуы үшін адамдар өзара түсіністікте болғаны абзал. Яғни, ұрыс-керіс, айтыс-таласқа жол бермеу қажет. Ал, саған салса...

- Маған салса, мен қай кезде де әділін айту керек деймін. Уақытша тыныштық үшін өтірік күлудің түк те пайдасы жоқ. Қиянат пен өтірік бәрібір өзінің бет-пернесін ашады. Ал, сол кезде ше! Сол кезде не істейміз?

- Қандай да қисық, жолсыз істі айқай-ұйқайсыз да жөнге салуға болады. Ол үшін ең әуелім төзім керек. Сабыр керек.

- Қанша сабырлы болсаң да, сен мына сыраханаға әділдік орната алмайсың. Бұлар ел үстінен күн көріп үйренгендер. Бұлармен тек қана қатты сөйлесу керек. Қорқыту қажет. Сонда ғана тәубесіне келеді.

- Әй, осы сенің мінезің-ай! - деді Танабай. - Өзің-ақ ойлашы, осы күні жер жүзінде болып жатқан ұрыс-керістің түп төркіні неде? Әрине, өзара түсінісе алмауда. Ә десе, мә дейтін заман өтіп барады ғой, достым.

- Жоқ! - деді Қыңырбай. - Қисық пен қыңырды түзеудің жолы - шоқпар. Көпті ықтырудың жолы - мінез. Мінезі жоқ кісіні ешкім де сыйламайды.

- Қайдам-м!.. - деп Танабай да ойланып қалды.

Енді екеуі де аз-кем үнсіз қалды. Танабай Қыңырбайға қарайды. Әлгінде ғана сыраны ептеп сіміріп ішіп тұрған досы енді кружканы басына төңкеріп жатыр.

- Мен тағы бір кружкадан әкеле қояйын, - деп Танабай жүгіріп кетті. Кетті де тез оралды.

Жаңадан келген сыраны енді іше берді де, Қыңырбай түкіріп жіберді.

- Туһ! Мына оңбағандарға дауа жоқ екен. Тағы да бүлдірді.

- Нені?

- Сыраны айтам. Жарымы қара су. Қой, бұл болмайды екен. Мен оларды орнына қояйын.

Ол Мұртты жігітке жетіп барды. Сосын жағасынан ала түсіп:

- Иттің баласы, не сыраны дұрыстап сат, не болмаса бұл арадан табаныңды жалтырат - деді.

Мұртты жігіт те қарулы екен. Қарсы қайрат қылды. Екеуі ұстаса кетті. Қорқатын Қыңырбай емес.

- Сен кімді ақымақ еткің келеді, иттің баласы...

- Ит өзіңсің. Жақсы сыра ішкің келсе, ресторанға бар. Мұнда неменеге келдің? 

- Ә, сендер екінші сортты сыра сатады екенсіңдер ғой. Оны неге ертерек ескертпейсің.

- Онда шаруаң болмасын. Бізге келетін өз адамдарымыз бар.

- Сен... сен нағыз оңбағансың! Халық үстінен күн көрген сүмелек-к...

- Сенің де адал ақы, маңдай теріңмен күн көріп жүргенің шамалы шығар.

- Менің арыма тиме сен! Мен... адалмын. Мен... ешқашан өтірік сөйлеп көрген кісі емеспін.

- Күдігім бар, бұл заманда тек қана адалдықпен өмір сүріп жатырмын дегендерге сене алмаймын. Ондайлар жоқ. Болмайды да.

- Болады!

- Болмайды!

- Болады!

- Болмайды...

Осы кезде Танабай келді де екеуін ажыратты. Қыңырбайды қолтығынан сүйеп, сыртқа алып кетті.

- Ой, ит... Менің адал екеніме, шын сөйлейтініме күдік келтіреді-әй! Өзі әбден боққа былғанған соң, елдің бәрі солай деп ойлайтын шығар. Өй, иттің баласы-ы...

- Жарайды. Қойшы енді. «Сыраханада төбелес шығарыпты» деген атқа қалармыз. Жүр, тез кетіп қалайық. Кім біледі, әлі милиция шақырып, екеумізді ұстатып жіберуі де мүмкін.

 - Артына... қарасын!

- Жүр! Кеттік! Жылдамырақ...

Қыңырбайды үйіне жеткізіп салған Танабай жалғыз келе жатыр. Жол-жөнекей есіне Қыңырбайдың мінезі түсе береді. Оны әуелгі кездері қияли деп ойлаушы еді. Көрінген жерде бүйректен сирақ шығаратынына түсіне бермеуші еді. Бірақ бүгін қиялына басқа бір ойтүрткі түскен сияқты. Ол расымен қияли ма? Мейлі, қисықтау, қыңырлау болар. Әйтсе де өз ойы, өз бағыты... Ал, бұл ше! Бұл кім? Соны түсіне алмай келеді. Енді ойлап қараса қандай ортада болмасын, үнемі өзгелердің ыңғайына бейімделіп кете барады екен. Сосын да барлық жерге сыйымды. Ал, егер... бір рет болса да, өз үнін шығарып, өз даусымен сөйлеп жіберсе қайтер еді. Көпшілік жақтырмайды? Ақымақ дейді? Қалайша? Неге ақымақ? Әлде... ойындағысын айтып салса... бұл да Қыңырбай болып шыға келе ме! Сонда бұл өмірде өтірік, өсек, жалған сөз, жала болмауы үшін шынында да Қыңырбай - мінез керек болғаны ма? Әділдікті ұстап тұрған тек солар ма?..

«Әй, қойшы!» деді ішінен. «Әй, қойшы соны... Сол мінезі ғой осы күнге дейін қызметтен өсе алмай жүргені де. Бәріміз сондай болып кетсек, онда қоғам не болады. Ұя бұзылады ғой. Ұяны, ұяларды бұзбай ұстап келе жатқан иілгіш, майырылғыш мінездер-р... Солар болмаса, әй қайдам, не боларын...»

Тағы бір ой былай деп үн қатты: «Ау, сонда адами әділдік, бейкүнә адалдық қайтеді? Шырқыраған шындық қайтеді? Бәріне де көре тұра көзжұмбайлық жасай берсек, тура сөзді кім айтады? Ол бейшараны... кім қорғайды?...»

Қиялында шым - шытырық ойлар қаумалап кетті.

Енді ол аяғын әзер басып, әзер ілбіді...

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға