Жаңалықтар

Су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында екі жүзге жуық кәсіпкерлік нысанға зақым келді

Су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында екі жүзге жуық кәсіпкерлік нысанға зақым келді
Фото: atameken.kz 03.05.2024 02:38 527

Тимур Нақыпбеков Ұлттық экономика министрлігі өкілдерімен бірге Ақтөбедегі су тасқыны салдарынан бүлінген бизнес нысандарын аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл сапардың негізгі мақсаты залалды өтеудің жаңа қағидалары мен қабылданған шаралар туралы ақпарат беру болып отыр. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру және мүліктік шығындардың өтемақысын анықтау жөніндегі комиссиялардың жұмысымен танысуға арналған. 

Еске салсақ, ҰКП мамандары ҚР ҰЭМ өкілдерімен бірлесіп, зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу механизмін бір апта ішінде жедел режимде әзірлеген болатын. Бизнесті қолдау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өтемақы алу рәсімдерін қарастыратын қағидалар дайындалды. Сапар барысында Тимур Нақыпбеков мүлігі бүлінген бизнес үшін несие мен салық бойынша төлемдерді кейінге қалдыру реті қарастырылғанын атап өтті.

Қағидаларға сәйкес залалды өтеу үшін өңірлерде арнайы комиссиялар құрылды. Оның құрамына «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдіктері кірді. ҰКП-ның мәліметі бойынша су тасқынынан кәсіпкерліктің 900 субъектісіне залал келтірілген. Атап айтқанда ғимараттар, нысандар, жабдықтар мен құнды заттар бүлініп, мал қырылды.

 Ұлттық палатаның алдын ала есептеуі бойынша, су тасқыны бизнеске 24 млрд. теңгеге жуық залал әкелді. Дегенмен, болжамды сома әлі нақтыланатын болады. Өңірлік палаталар мүлігі бүлінген бизнестің күн сайынғы есебін жүргізіп отыр.

Ақтөбе облысында табиғи апат салдарынан 184 субъектіге залал келтірілген. Соның ішінде 50-і Ақтөбе қаласында орналасқан. Зиян негізінен АӨК және қызмет көрсету саласына келген. Бизнес өкілдерінің ақпараты бойынша залалдың алдын ала сомасы шамамен 3,9 млрд. теңгені құрайды. Залалдың нақты мөлшері бағалау жүргізілгеннен кейін анықталады.

Өңірлік комиссия кәсіпкерлердің шығындарын өтеу жөніндегі мәселені аудандық комиссиялардың  және бағалау компанияларының қорытындысы негізінде қарайтын болады.

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға