Жаңалықтар

Республикалық газеттерде әлеуметтік мәселелер қаншалықты қамтылып жатыр?

"Айқын" газетінің  көтерген мәселелері
Республикалық газеттерде әлеуметтік мәселелер қаншалықты қамтылып жатыр?
01.10.2017 10:51 6999

Қазақстанда күнделікті шығатын газеттер көп емес, соның ішінде «Айқынның» алар орны алабөтен. «Айқын» газетінің шыға бастағанына 15 жылдан аса уақыт болыпты. Осы уақыттар ішінде Қазақстанның ақпарат кеңістігінде өзіндік бет-бейнесі мен кескін-келбетін, өрнекті үнін айшықтай білген «Айқын» бұл күнде талай оқырманның сүйікті газетіне айналды.

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны - 2004 жылы 6 наурызда жарық көрді. «Айқын» газетінің негізгі тақырыбы – саясат, экономика, мәдениет, спорт және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер. Басылымның күнделікті таралымы – 40517. Ал апталық таралымы – 202585. Бейсенбі күні 32 беттік «Айқын-апта» қосымшасы жарық көреді. Айдарлары, «Таразы», «Дерек пен дәйек», «Саясат», «Әлеумет және еңбек», «Руханият», «Экономика», «Спорт», «Көзқарас», «Нысана», «Елтану», «Автор бағанасы», «Шарайна», «Ұзынқұлақ», «Сарапшы пікірі», «Түйткіл», «Дау мен дауа» «Тосын оқиға», «Жан айқай» «Ойсалар», «Айтарым бар», «Айқын ақпарат».

Журналистика экономикадан спортқа дейін, экологиядан отбасылық қарым-қатынасқа дейінгі барлық барлық әлеуметтік процестерге кіріседі. Егер кеңес журналистикасы кезінде айтылмайтын тақырыптар болса, қазіргі заманауи талаптарға сәйкес ақпараттық шекаралар өзінің ашықтығымен ерекшеленеді. Оған интернеттың таралуы да зор ықпалын тигізді.

«Аз ғана уақыттың ішінде рынокке кірген газет болса, ол – «Айқын». Газеттің өзіндік бет-бейнесі қалыптасып үлгерді. Ең бастысы, газетте динамика мен эстетика қатар дамып келеді. Мұнда оқырмандардың қызығушылығын тудыратын көптеген журналистік тың элементтерді табуға болады»,- деп белгілі журналистер өз бағасын берген. Газет өмірдің динамикасын жан-жақты көрсетіп, қоғамды сан-қырынан көрсету үшін әр түрлі ізденістерге барды. Көбіне әлеуметтік тақырыптарға қалам сілтеді.

2012 жылдың қараша айындағы No6 санында басылымның меншікті тілшісінің қар тазалаушылардың ортасында бір күн жұмыс істеп қайтқанына көз жеткіздік. «Журналист кәсібін өзгертті» деген айдарда «Күрек қолда, күресін жолда» деген тақырыпта журналистік зерттеу жасады. Әуелі журналистік зерттеу анықтамасымен танысып алайық.

«Журналистік зерттеу - өзіндік бастамаға және жеке дара жұмысқа негізделген, белгілі бір жекелеген тұлғалар немесе ұйымдар құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материал. Оның негізгі бөлшектері: журналист өзге біреу жүргізбеген зерттеумен айналысады; материалдың тақырыбы оқырман немесе телекөрермен үшін аса маңызды». Баршамызға аян, құпия дүниеге жатпаса да, қар борағанда ғана еске түсетін, елеп, екшей бермейтін маман иелерінің біз білмейтін тұстарын зерттеуге арқау еткен тілші өз мақаласында «Астана – Тазалық» қызметкерлері таңғы бестен жол аршуға кірісетінінен хабардар етті. Тақырып белгілі бір схема бойынша ашылады. Арқаның жоны ағарғанда бұйығы тірліктің бұйдасын үзіп жүрген бригадир Гүлнұрды әңгімеге тартып, төмендегідей мәліметтерді зерттеуге қосады. «Қар тазалаушылар қалақ күректерін (өз тілдерінде сгребок дейді) қолдарына алып, қарды үймелетіп, КамАЗ-ға тиейді. Сары жейде киген қар тазалаушы келе жатқанда көлік жол беруі керек екен. Жиналған қарды төгу үшін қаланың сыртындағы қар төгетін арнайы орындар жасақталған: Тілендиев даңғылы бойындағы МАИ бекетінен әрегіректе, Рождественка кентіне 15 шақырым жерде және Теміржолшылар кентіндегі әскери бөлімше жақта. Кейде қармен бірге араласып, қоқыс та тиеліп кетіп жатады. Онысы көктемде қалқып жайылып кетіп, қайтадан жинауға тура келеді екен».

Зерттеу төңкерілген пирамида әдісімен жазылған. Маңыздылығына қарай сатылай орналасып, оқырманның «жалақысы қанша екен?» деген сауалына мақала соңында жауап береді. Мұндағы айқындалған деректер зерттеу барысында айқындауға түрткі болған.

Мақаланың ерекшелігі – елеп, ескере бермейтін қар тазалаушылардың ерен еңбегі жөнінде көтерілгендігі. Журналист олардың жан-дүниесін түсіну үшін ортасында болып, пікір алмасу арқылы бейнесін ашты.

«Айқынның» 2013 жылғы 17 тамыздағы «Денсаулық» айдарында жарияланған «Денсаулыққа шипа, таразысы адал халал ас Астанада неге аз?»

деген мәселені назарға алып, тілші арнайы тексеріс жүргізді. Әуелі мақала халал асқа не жататындығын Құран Кәрімге сүйеніп, толығымен түсіндіреді. Ғылыми тұжырымдардың тегін қасиетті кітаптан табады. К.В. Бобрищев деген орыс ғалымының «Құдай қалай емдейді» атты еңбегін пайдаланып, доңыз етінің майын асқазан сөлі ыдырата алмайтынын, есесіне қатерлі ісікке айналатынын ашып көрсетеді. «Азық-түлік өндірісі гендік инженерияға иек артып алды. Суыққа үсімес, құрттамас үшін пингвиннің гені қосылған алма, алмұрт, тышқан аралап, бүлдіріп кетпес үшін мысықтың гені қосылған астық, гербецидтерге төтеп беруі үшін адамның бауырының гені қосылған күріш, камбаланың гені қосылған қызанақ, сарышаянның гені қосылған картоп... «Гені бұзық» өнімдерді Алматыдағы Ұлттық тағамтану академиясы мен Астанадағы «Ұлттық Биотехнология орталығы» тексере алады».

Бұл жерден аңғарғанымыз «ұлтымыздың түрегелуіне қарсы қимылдар жасалып жатыр-ау» деген тымырсық күдік  мақаланың өн бойынан сезіліп, оқырманды елпең қақтырады. Жеп отырған тағамдарымыздың құрамын әшкерелеп, оң мен солды ажыратуға тырысады. «Зерттеу дегеніміз - өзіндік әшкерелеу әдісі болып табылады» Осы тұжырымдаманы іс жүзінде дәлелдеп берді.

2012 жылдың No57 нөмірінде Халал стандарт техникалық комитетінің төрағасы Марат қажы Сәрсенбаевты сөйлетіп, «Артем», «Әлем», «Тұлпар» базарларының айналасында 3-4 халал асхана, самса-шаурма сататын орындардың сатушылары етті базардан ала салатыны жөніндегі ақпаратты суыртпақтап алды. Тілші шұжықтың қалай дайындалатын көрмек болып, қала сыртындағы Максимовка кентінде орналасқан «Мадалиев Ф.И» шағын шұжық цехына бас сұғады. Қызметшілер іске кіріскенде дәретін алып, дұғаларын оқиды. Мәшинені әбден жуатынына көз жеткізді. Сондай-ақ, «Еуразия» сауда орталығының сол жағындағы «Кәусар» халал кешенінің (қонақ үй, мейрамхана, интернет-кафе) директорымен, «Жаннұр» сауда үйінің ішінде орналасқан «Maximum» халал фастфудының иесімен жолығады. Мақаланың соңында бұл сала бойынша бізден гөрі қырғыздардың озық тұрғанын алға тартады. Астанадағы халал дүкен, мейрамхана, дәмхана, қонақ үй кешендерінің тізімін, қайда орналасқаны жөніндегі кестені ұсынады. Автор оқиға сюжетін өзі ойлағанындай етіп шығарған.

«Әлеуметтік ақпарат адам қызметі процесінің нәтижесінде пайда болады және ол қоғамдық мәні бар фактілерді айқындайды. Әлеуметтік ақпарат адамдар арасындағы байланысты орнату үшін және әлеуметтік жағдайымен шарттастырылған мақсаттарға қол жеткізуді жүзеге асырады».

Ресейдегі одақтық баспасөзде қоғамның құрылысын, өмір сүру, дамуының ерекшеліктерін, адамдар мен олардың бірлестіктерінің және тұтас қоғамның өмірі жайында мақаласында сыр шертетін, әлеуметтік тақырыбында шебер жаза білетін «Айқын» газетінде журналистер жетерлік. Көптен бері көлеңкелі тартқан уайым, көбеңсіп жатқан күдікті зерттеулерді таңдап алып, тереңінен қаузайды.

Соның бірі – 2012 жылдың сәуіріндегі No47 санында «Ішкі көші-қон» арнаулы тақырыбының аясында «Көбейтеміз деп, көбіктендіріп алмайық»

мақаласы. Мұнда тілші есімін Айқын Алаш деп бүркеншік атпен берген. Астана деп атауы анограммаға келіңкіресе, Алаш деп берілуі псевдонимнің анықтамасына келіңкірейді. «Анограмма (грек. ана – қайта, грамма - әріп) - әріп орнын алмастыру арқылы бүркеншік ат жасау» делінген Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде. «Псевдоним (грек. псеулдос-жалған, обута-есім) – шығарма иесінің өз туындысын басқарғанда, өз туындыларын пайдаланғандағы лақап есімі. Бүркеншік есімнің берілуі әр түрлі себептері болуы мүмкін. Біріншіден, көп мақалалардың бірі автордың қолымен жазылуы немесе, автордың күрделі мәселені айтқаннан кейін сақтанудан туындаған. Бұл ретте псевдонимді қолдануы біріншісіне келіңкірейді.

Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың: «Елорда тұрғындары жылына 40 мыңға ұлғайып отыр. Осынау халықты қамтамасыз етудің өзі қосымша қаржыны, ұйымдастыру ресурстарын қажет етеді» деген проблеманы алға тарта отырып, жан-жақты саралап, шешімін табуға өзіндік ұсынысын білдіреді. Айтылуы керек жайттарды Есімовтің жауабынан алады. Осы күні пәтер түгіл, кеңсенің мекен-жайы бойынша да тіркелуге ерік беріп қойған «прәпеске тәртібін», оның төңірегінде қызып тұрған сауданың жымысқы әрекеттерін айта кетеді. Журналистің өзі де қопарып тауыса алмайтын қордаланған проблемалардың бір ұшын танытады. Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы тек шетелдік азаматтардың елде жүріп-тұруын бақыласа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті тек қана оралмандармен айналысады екен. Ал Әділет министрлігі болса тек тіркеу, төлқұжат берумен шұғылданатынын көрсетіп,  ішкі миграция мәселесі қағаберіс қалып келе жатқанын алға шығарады.

Мақаланың қорытындысында мәселенің анық-қанығын мамандар сөзімен айтқызады. Сонымен қатар өзіндік тұжырымыңыз қалыптасардай әсер қалдырады.

Назар аударыңыз: «Мамандардың айтуынша, Астана төңірегінде  халықтың шоғырланғанынан қауіптенбей, оны тұтас тұтыну нарығы деп қарау керек. Егер Астана төңірегінде агломерацияны қолға алса, сумен жабдықтау, электр қуаты, жол мәселесі өздігінен шешілер еді.

Өйткені ондай жерге қаржы салуға инвесторлар да құлықты. Оның бір мысалы, 50 мыңға жуық корпорациялардың штаб-пәтері орналасқан әлемдегі ең үлкен қаржылық орталық – Лондон. Биылғы қабылданған «Индустриялық-инновациялық» бағдарламаның түпкі мақсаты – осы. Өйткені, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына, Кеден одағына енгенде, экономикалық тегеурінді аймақтарды қалыптастырмай болмайды». Негізгі деректерді жан-жақты қарастыра отырып, оның негізгі мәнін жоғалтпай автор өз пікірін, өз көзқарасын білдіреді.

Жоғарыда сараланған еңбектердің де ең алдымен жалпы анықтамасын шолып өтейік. Яғни, «мақаланың негізіне дерек пен жекелеген оқиға жатады, олар кең ауқымды құбылыс ретінде қарастырылады. Нақты деректер, оның тууына негіз болған құбылыстармен байланысқа түседі. Мақалада деректер автордың ойын жеткізу құралы ретінде қолданылады. Мақаланың ерекшелігі оның бір ғана нақты ойды дамыта түсуінде жатыр». М.Шындалиеваның мақаланы жазу барысын санамалап көрсеткені бойынша, мақаланы талдап көрелік.

1. Тақырыпты таңдағанда оның өзектілігі мен маңызына және оқырман көпшіліктің тақырыпқа деген көзқарасына мән беруі керек. Таңдаған тақырыпты терең зерттеу керек.

Осы жайттарды ескере отырып, журналист 2012 жылдың мамыр айындағы No53 санында жарияланған «Тұлпар мінген жолда қалмайды» мақаласында жолсерік қызметінде Астанадан Алматыға дейін сапар шеккені баяндалады.

2. Факт жинау қажет.

Журналист алдын-ала осы пойыз туралы жан-жақты мәліметтерді жүйелеп, санасына тоқып алған. Оны мына сөйлемдерден аңғарамыз: «2003 жылы 13-қыркүйекте Елбасы салтанатты түрде алғаш сапарға  шығарып салған испандық «Patentes Talgo S.A» компаниясының сыңғыраған су жаңа пойызының бір вагонының алдында ол да маржан тісін көрсетіп күлімсіреп тұрған. Көңілді жетуіне жағдай жасап алғыс алған бақтияр жан бұрнағы жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы шешімімен жиырма төрт жолсерікке бас болыпты». Осыдан ары қарай деректердің ұзын-ырғасы өрбиді.

3. Түрлі ақпарат көздерінен тақырыпқа қатысы бар деректерді топтастыру, оларды жүйелеу. Мысалы, «Еуропаның Испания, Германия, Финляндия сияқты елдерінде пайдаланатын «Тальго» вагондары аязы арқаңды қаритын, ыстығы тас қайнататын ауа-райы жағдайына төзімді. Петр Біріншінің кезінде кеткен қателіктің кесірінен бірсүйемі артық біздің рельстерде де испан пойызы өз жазирасында жүргендей жүйіткиді».

4. Тақырыпқа қатысы бар адамдармен пікірлесу.

Жолсерік Сабина Есембекова мен Зарина Исмаилованы, тексеруші Раушан Жасарқызын, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ бақылау жөніндегі атқарушы директоры Жұмаш Қылышханұлын мақаланы ашу үшін, блайз-сұхбатқа тартады.

5. Түрлі тараптан көзқарасын білу.

Ресейдің Сауда өкілдігінің жетекшісі Вадим Вержбицкийді, Алматыдағы Өнер және мәдениет саясаты институтының директоры Ерлан Саировты,  жолаушы Жақия апайды әңгімеге тартты. Журналист мейрамхана директоры Геннадий Гуденге көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алғандықтан да қызықты бөлімдер енді. «Әр купеде телефон бар, тапсырыс жасаса, өзіміз-ақ апарып береміз. Тойып ішер қауметтің бағасы 600-1000 теңге аралығында. Алматыға жеткенше тобылғы түстес сыраның үш бөшкесі таусылады».

6. Фактілер негізінде аргументтерді жинақтау, түрлі пікірді таразылау.

Тілші шағым және алғыс кітабын парақтап көрді. Шағым дегенді іздеп таппай, тек алғыс сөздерді қарап шыққан. Одан үзінді де келтірген.

7. Жалпы идеяны ой елегінен өткізу, мақалалардың өзегін анықтау. Тұжырым жасау.

Тілші жолсерік болудың қаншалықты қиын екенін өн бойынан өткізіп, Алматыға жеткенде қуанғанын жеткізеді. Мақаланы репродуктордан саңқылдаған диспетчер үнімен бастап,  аяқтайды.

8. Соңғы сөйлем есте қалуы керек.

«Түсіп бара жатып бір ой сап ете қалды. Осы неге «Стюардесса қарындас!» деген ән бар да, жолсерік қарындастарға ән арналмаған? Тезірек бұл әділетсіздікті түзеу керек екен!». Аяқ жағына «Тұлпар» пойызының класқа бөлінген бағаларын «Ақсұңқар» (Алматы-Шымкент) салыстырма түрде кесте ұсынады.

Сондай-ақ, осы санда жарияланған «Нұрсұлтан-ғұмыр» тақырыбы назар аударарлық. «Айқын» газеті Астана күні қарсаңында Нұрсұлтан есімді 45 ұланды бір жерге жинады. Осы секілді қызықты жайттарды көпшілік арасынан іздеу – журналистерге қойылатын талап. 2010 жылдағы шілде-тамыздағы №48 санында «Салық салса, салғыласпа» айдарында «Күре жолдағы күрес» деген тақырыптағы журналистік зерттеуде журналист салық инспекторларымен бірге бір күн тексеріске шыққанын жазады.

«Энциклопедиялық анықтамалықтарда «журналистік зерттеу» деген жеке ұғым жоқ. Онда тек ғылыми еңбектің туу нәтижесіне әкелетін ғылыми зерттеу жұмысы туралы айтылады. Ол танымдық қызметтің бір түрі. Оның негізгі компоненттері: міндеттерді бекіту, ақпаратты талдау, гипотезаларды құру және тексеру, тәжірибе және т.б.». Сондай-ақ, әлемге танымал Эмиль Золя, Марк Твен және басқа да жазушылар осы жанр классиктері саналады.

Ал бізде кенже қалған саланың бірі ретінде енді ғана қолға алынып келеді. Енді мақаланың өзіне оралатын болсақ...

Салықшылар жол инспекторларын ертіп алып, күнделікті нәпақасын зорға айырып жүрген жолаушы тасушыларға (таксистерге) көздерін алартқанын журналист басты мәселеге, мақаланың бастапқы өзегіне айналдырады. Жасырын жоспар бойынша арнайы дайындалған адамдар жолаушы кейпінде такси жалдап келеді. Жол инспекторларына sms жіберілген соң, жолда тоқтата қояды.

Міне, осылайша такси қызметіндегі адамдарды салық төлеуге мәжбүрлеудің бір жолы. Алматыда такси көліктерін жалға ұстайтын 20-дан астам диспетчерлік компания бар. Егер таксист диспетчерлік-таксомоторлық компанияда жұмыс істейтін болса, еңбек келісімшарты жасалып, ол үшін барлық салықты жұмыс беруші төлейді. Нақты табысы көрсетіліп, кассалық аппарат орнатады.

Егер таксист жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, көлігіне кассалық аппарат орнатудың қажеті жоқ. Жылдық табысының 2%-ын ғана төлеп отырады. Диспетчерлік қызметпен айналысатын адамды әңгімеге тартады. Оның жеке кәсіпкер ретінде табысының 3%-ын салыққа төлейтініне көз жеткізді. Ал қарамағындағыларды салық төлеуге күштемейді екен. Себебі, жанар-жағармай шығыны, жөндеуі барлығы көлік иесінің мойнында.

Ілкі жылдары «Экипаж», «Сантано» деген компаниялар лизингке көлік алды. Нәтижесінде тақырға отырды. «Сәлем» диспетчерлік компаниясының иесі: «Салық заңнамасы өзгергеннен кейін біздің көлік компаниясындағы 15 жүргізуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Шындығын айтайын, соның он екісі бұл кәсіпті тастап кетті. Өйткені салық төлеп, қағаз толтырып сабылып жүруге уақыттары тапшы». Сонымен қатар Салық Кодексінің «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» 357-1 бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін Айқын қалалық ауданаралық әкімшілік сотқа жіберіледі. Тағы да Салық Кодексінің «әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» 205-бабы, 2-тармағына сүйене отырып, 283 мың теңге айыппұл өндіріледі.

Мақаланың соңында АҚШ-та басқа елдерде бүйірінде сары шатырашы бар көліктен өңгеге қол көтермейді екен. Өйкені шатыраш таксиден өзгеге кісі тасу заңмен қудаланатын көрінеді. Бізде мүлдем өзгеше, ал АҚШ-та басқаша. Мақала жоғарыда бажайлап тұрып көрсеткен анықтамамен сәйкес келе бермейді. Алғашқы сөйлемді оқығаннан соң, зерттеу деп ойлап қаласыз.

Дұрысырақ айтсақ, зерттеуге жақын кәдуілгі мақала. Себебі, журналист рейдте жүрген ахуалын емес, кейіпкерлерді сөйлете отырып, тұздығы кем тағам секілді ақпарат ғана береді. Ал, бұл жағдайды басқа жағынан үңіліп қарайтын болсақ... Журналистің оқырманды өзіне баурау үшін құрылған әрекетінің біріне ұқсайды. Мақала бастапқы кезде салық туралы ақпаратты ұғынықты түрде жариялауды мақсат еткен. Онда бас-аяғы жұп-жұмыр жасалған дүние деп ұғыну керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға