Жаңалықтар

2024 жылдың алғашқы тоқсанында 42 адам өндіріс орнында қайтыс болды

2024 жылдың алғашқы тоқсанында 42 адам өндіріс орнында қайтыс болды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.04.2024 23:22 399

Бүгінгі күні Қазақстанда еңбекті қорғау бойынша үш деңгейлі бақылау жүйесі жұмыс істейді, біріншісі, мемлекеттік еңбек инспекциясы желісі бойынша мемлекеттік бақылау; екіншісі, жұмыс беруші тарапынан ішкі бақылау; үшіншісі, республикалық және салалық қызметкерлер бірлестіктері жүзеге асыратын қоғамдық бақылау, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мамандар жұмыс берушілер де, қызметкерлер де еңбекті қорғау мәдениетінің болмауы өндіріске кері әсерін тигізетінін түсінуі керек екенін айтады.

Халықаралық еңбек ұйымының бағалауы бойынша еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулар жыл сайын 3 миллионға жуық адамның өмірін қияды. Өкінішке қарай, мұндай шығындар біздің елде де кездеседі.

Мәселен, Қазақстан бойынша 2023 жылы өндірісте 1474 адам зардап шекті, оның ішінде 251 адам қайтыс болды.  2024 жылдың 1 тоқсанында 353 адам зардап шекті, оның ішінде 42 адам қайтыс болды.

Маңғыстау облысы бойынша 2023 жылы өндірісте 45 адам зардап шекті, оның ішінде 11 адам қайтыс болды. 

2024 жылдың 1 тоқсанында өндірісте 13 адам зардап шекті, оның ішінде 2 адам қайтыс болды.  

2023 жылдың (7 адам зардап шекті, 2 адам қайтыс болды) ұқсас кезеңімен салыстырғанда  2024 жылы зардап шеккен адам саны  6 адамға, тиісінше 86 пайызға көбейді.    

Ағымдағы жылда кісі өлімімен аяқталған жазатайым оқиға «МұнайСпецСнаб» ЖШС және «ҚТЖ» «ҰҚ»  АҚ филиалы «Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» «Маңғыстау жол дистанциясында болды.

Арнайы тергеп-тексерумен жазатайым оқиғаның негізгі себебі жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы деп анықтап, «МұнайСпецСнаб» ЖШС жұмыс берушісінің кінә дәрежесі 100 пайыз деген шешім шығарылды.

Ал «ҚТЖ» ҰҚ»  АҚ филиалы «Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» «Маңғыстау жол дистанциясы» жұмыс берушісінің кінәсі 70%, жұмыскердің кінәсі 30% деп айқындалып, орын алған жазатайым оқиғанының негізгі себебі жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы мен зардап шегушінің өрескел абайсыздығы болып табылды.

Өкінішке қарай, кісі өлімімен аяқталған жазатайым оқиға мұнымен шектелген жоқ, қазіргі уақытта «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында (автошинаны үрлеу барысында дөңгелек сақинасының дискіден бөлініп, қатты жылдамдықпен ұшып шығып жұмыскердің басына тиіп, жараққатауы) орын алған жазатайым оқиға тергеп-тексерудің қарауында.

Өндірістік жарақаттануды талдау көрсеткендей, өндіріс салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп саны мұнай-газ саласының кәсіпорындарында байқалады.

Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлердің өндірістік жарақат алуына немесе денсаулығының зақымдануына орай жүгінген әрбір жағдай туралы жұмыс берушілерге және еңбек инспекциясына, сондай-ақ кәсіптік ауру (улану) жағдайлары туралы санитариялық-эпидемиологиялық мемлекеттік органдарына екі жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге тиіс.

Ағымдағы жылда басқармамен екі кәсіпорында «ГЕОС» ЖШС  және «Мұнай Каспий Газ» ЖШС-де өндірісте болған жазатайым оқиға бойынша жасыру фактісі анықталды. Аталған заң бұзушылық бойынша кәсіпорын басшыларына нұсқама енгізіліп, оларға әкімшілік айыппұл қолданылды. 

Кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғалардың негізгі себептері еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы, жұмыс жүргізудің лайықты дәрежеде ұйымдастырылмауы, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, еңбек және өндіріс тәртіптерін, жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады.

Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 2023 жылы 341 тексеру жүргізілді, тексерулер шеңберінде 686 заң бұзушылық анықталды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында 332 нұсқама енгізіліп, 108 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 23,3 млн теңгеге айыппұл салынды, 78 ескерту берілді.

2024 жылдың І тоқсанында 157 тексеру жүргізілді, тексерулер шеңберінде 166 заң бұзушылық анықталды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында 120 нұсқама енгізіліп, 31 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 11,4 млн теңгеге айыппұл салынды, үш ескерту берілді.

Еңбек өміріміздің ажырамас бөлігі және әрқайсымыз оған лайықты ақы төленгенін ғана емес, сонымен қатар мүмкіндігінше оның қауіпсіз және ыңғайлы болғанын қалаймыз.

Сондықтан еңбекті қорғауды қадағалау жөніндегі өкілеттіктердің барлық субъектілері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жүйесін қамтамасыз ету жөнінде мақсатты шаралар қабылдауы қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға