Қаржылық сауаттылық табысқа жетелейді

Экономист Мақсат Халықтан пайдалы кеңестер

Ақылмен жұмсалған аз ақша да, үлкен табыстардың бастауы екенін әлемдік деңгейдегі талай мықтылардың өмір жолынан көріп келеміз. Сондықтан қазіргі таңда қаржылық сауаттылық әрбір адамға керек. Бұл ең әуелі қарапайым жеке және отбасы бюджетін дұрыс жүргізіп, несиені ақылмен алып, қаржы нарығының жүйесін түсіну секілді өзге маңызды жайттардан құлақдар болып отыру үшін қажет.

Бүгінгі таңда қаржы жағынан сауатты болу үшін әрбір азаматқа қаржылық басты ұғымдарды меңгеріп, қаржылық институттардың қызметтерін бағдарлап, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін білген жөн. Оған қоса, бұл қаржы нарығындағы жағдайлардан хабардар болуды, кіріс пен шығыс шығындарын жоспарлап, өз бюджетіңізді жүргізуді де талап етеді.

Иә, расымен де қаржылық сауаттылық – қаржыға қатысты теңгестірілген сауатты және саналы шешімдер қабылдау үшін қажетті білімдер мен қабілеттер. Соларды меңгерген азамат кез келген қаржылық мәселелерде оңтайлы әрі дұрыс шешім қабылдайтын болады. Ал қаржылық сауаттылықты әрбір азамат меңгеру міндетті ме? Осы және өзге де сұрақтарға экономист Мақсат Халықтан кеңес сұраған едік.

88059240_10156414196171362_1761427725165264896_n.jpg

(Суретте: GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халық)

– Әрбір азамат қаржы сауаттылығын меңгеру міндетті емес. Адам тіршілік барысында қаржысыз, экономикалық үрдістерсіз өмір сүре алмайды ғой. Қалай дегенмен де осы мәселелерге кезігеді, жолығады. Дәл осындай сәттері тиімді шешімдер қабылдамаса, отбасылық бюджетке кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Оған қарапайым мысал, қазіргі кезде көп адамдарда несие бар. Несиелерді ақылмен алмағандар, үлкен пайыздары бар қарыздардың шырмауында қалып жатады. Түптеп келгенде салдары суицидке апарып, олар үйсіз-күйсіз далада өмір сүретін адамдардың қатарына қосылып кетуі ғажап емес. Сол себепті мұндай жағдайларда әр адам саналы шешім қабылдағаны жөн. Мұны бақытты отбасының кілті деп айтуға болады, - дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы.

Ақша жайында сөз етілген кезде көпшілік арасында позитивті әрі негативті ойлар қатар айтылары белгілі. Мұндай екі тараптың болуы да заңдылық. Алайда салыстырмалы түрде қараған кезде адамның ақшаға деген көзқарасы келесідей болғаны жөн дейді маман.

– Қолыңыздағы қаражатты  ата-анаңызға, отбасыңызға жағдай жасау, балаларыңызға тиісті білімді берулеріңізге мүмкіндік жасау сынды істерге пайдалансаңыз болады. Тіпті одан артылып жатса, айналаңыздағы дос-жараңдарыңызға, қоғамға көмектесесіз. Жалпы қаржылық сауаттылықтың адамға келтіретін пайдасы орасан зор.

Елдегі азаматтардың біршама бөлігі еңбек еткендіктен белгілі бір мөлшерде табыс табады. Сол себепті тапқан табысын өз өмірінде тиімді құрастыра алатын дәрежеде сауатты болғаны жөн дейді мамандар. Әлбетте, неғұрлым жоғары дәрежеде білген сайын соғұрлым азаматтың қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізе алады.

Қаражатты қалауыңыз бойынша емес, аса керекті тізімге енген шығындарды жоспарлағаннан асырмай жұмсауға тырысқан жөн. Байқап қарасақ, олигархтар көзі қызыққанға яғни кез келген қалауына рұқсат бере бермейді. Егер бұлай істемесеңіз, қарызға белшеңізден кіріп кетесіз. Ал қарыз бен несиенің күліп кіріп, жылап шығатынын естен шығармаған жөн.

– Қарыз беру-алудың белгілі бір әдептері бар. Біріншісі, қарыз беру-алу кезінде қос тарапта келісімшарт болуы керек. Онда бастысы қаржы қай уақытқа дейін алынатыны нақты айтылуы тиіс. Екіншісі, қарызды алғаннан соң айтылған уақытта қайтарып беру өте маңызды. Егер белгілі бір себептермен қайтара алмайтын болсаңыз аздаған уақытқа шегере тұруын алдын-ала ескертіп, сұраған жөн. Бірақ та оны соза беру де әдепсіздік болып табылады. Үшіншісі, қарыз берушіге қарыздан бөлек қалауыңыз бойынша үлкен сыйлық болмаса да, адамды риза ететіндей көңіліңізбен кішігірім қосымша сыйлық беру де өте маңызды. Не себепті? Бұл жерде мен бір мәселені айтқым келеді. Шындап келгенде, қарыз беретін адам көп жағдайда ұтылады. Себебі қарызды бергенше бұл қаражатты депозитке салып қойюға болады. Мәселен, бір азаматтың қолында миллион теңгесі бар дейік...Ол бұл қаржысын депозитке салса, бір жылдан кейін үстінен 120 мың теңге табыс талады. Өйткені қазір депозиттердің жылдық пайызы шамамен 12%-ды құрайды. Ал егер де оны бағалы қағаздар яғни акцияларға салсаңыз, кем дегенде 30% кірістілік ала алады. Ол шамамен 300 000 теңге. Көрдіңіз бе? Демек, оны бір жылға қарызға беріп қойса, біраз кірістерден қағылады. Қарызды алған адам қиын жағдайдан шығады ғой. Сондықтан қаржылық тығырықтан шығуға көмектескен азаматқа қандай да бір сыйлық жасауды қарыз беру-алудың бір әдебі ретінде қараған жөн.

coins.jpg

Сонымен қоса, баға құнының ұзақ уақыт бойында жоғарылау процесі яғни инфляция кезінде ақшаның табиғи құнсызданып кететіндігін де ескерген жөн.

– Экономистер «Кешегі ақша бүгінгі ақша емес, бүгінгі ақша ертеңгі ақша емес. Ол құнсызданған ақша» дейді. Яғни уақыт өте ақшаның құны жоғалады. Ілгерідегі мысалға қайта келсек, қарызға 1 млн теңге беріп жатыр. Бірақ бір жылдан кейін 10% инфляция орын алады делік. Сол кезде бұрын миллион теңге тұрған тауарды қарыз берген азамат сол қаражатына ала алмайды ғой. Себебі инфляцияның салдарынан тауарлар мен қызметтердің бағасы қымбаттап кеткен. Яғни 10%-ға өскен. Тиісінше азаматтың қаржысы 10%-ға азайып, қазір 900 000 теңге болып қалады. Сондықтан қарыз алушы адамның мұны түсінгені өте маңызды. Өйткені ол азамат адамнан емес, банктен несиеге алса, пайыздары өте жоғары болып келеді. Ұлттық банктің белгілеген заңдылығы бойынша банктер 56% дейін өсіре алады. Яғни банктер сізге млн теңге берсе, үстінен млн жарым талап етіп тұр ғой. Көрдіңіз бе? Ал сіздің досыңыз сізге миллион беріп, үстіне ештеме сұрамайды. Әлбетте, қарыз берушіге негізгі қарыздың үстінен 500 мың теңге беру шарт емес. Бастысы елдегі қаржыға қатысты инфляциялық жағдайларды ескерген жөн. Мінеки, ақшаның беру-алу әдебі осылай болған дұрыс. Бір ерекше атап өтетін жайт, мұны өсімен шатастырмау керек. Кәдімгі рақмет ретіндегі ғана сый.

Ең маңыздысы қарызды қайтарамын деген ниетпен алу қажет. Кім қайтарамын деген ниетпен алса, Алла оны қайтаруға көмектеседі делінген. Ал бізде қоғамда қарыз алғандар арасында қарасын көрсетпеуге тырысатындар да кездеседі. Мұндай ниеттен соң қарыздың қайтарылуы да қиындай беретіні рас.

Одан кейін қарызды қай валютада алсаңыз, сол валютада қайтарған абзал. Мақсат Халықтың айтуынша қазіргі кезде теңгемен қарыз беруден бас тартатындар саны көбейген.

– Ақшасы бар азаматтар доллармен бергісі келеді. Олар белгілі бір дәрежеде жинаған жинақтарын жоғалтып алмау үшін осылай етеді. Сондықтан бұған түсіністікпен қараған жөн. Мәселен, мен сізге валюта айырбастау пунктеріндегі доллардың қазіргі бағамындағы курсымен 1000 доллар шығарып тұрмын. Оның қазіргі құны 440 теңгені құрайды. Қарызды қайтаратын уақытта сол кездегі доллардың бағамымен қайтаруыңыз керек деп ескерткен дұрыс. Шетелдік валютада алғандықтан сол валютамен қайтарған абзал. Бұл да қарыз беру мен алудың бір этикасына жатады.

Мамандар қарызды қайтарғанда өз аяғымен барып, апарып беру әдеп, оны өзі іздеп келу әдепсіздік екенін айтады. Қарызға кіріп кетпес үшін табыс табу керек. Бірақ табыс табу үшін ең алдымен қарызымыз болмау керек деген ұстаным болуы шарт.

money.jpg

Көпшілік ақша тапқанымен оны бірден жұмсап тастауға құлықты екені рас. Мәселен, көңіл көтеруге, керек емес заттарды сатып алуға, өзінің денсаулығына зиян келтіретін нәрселерге жаратып тастайды. Салдары өзінің жеке не отбасылық бюджетінің талан-таражға салуына әкеп соқтырады. Сол себепті мамандар «қандай да бір мақсатқа қол жеткізудің және болашақта одан пайда табу үшін арналған жинақ ақшаны жинаудың әдіс-тәсілдерін де білген дұрыс» дейді.

– Жалпы қаржыгерлер табыстың 20% міндетті түрде қорға салып отыруға кеңес береді. Бірақ қазіргі жағдайда халыққа сол 20% бөліп салып тұрыңыз деп те айта алмаймыз. Сондықтан ең құрымағанда 10% жинақтап отырғаны жөн. Мысалы, айлығыңыз 100 мың теңге болса, соның 10 мың теңгесін тұрақты түрде үзбей жинап отыр керек. Біраз уақыттан кейін бұл сізге ауқымды жинақ болып қайтады. Резервтік қор сізге күтпеген жерден қажет болатын қаржылық дағдарыстардан аман-есен құтылуға септігін тигізеді.   

Жинақ ақша мақсатына қарай қысқа және ұзақ мерзімді болып келеді. Қаржы мамандары зергерлік әшекей бұйымдарын, демалыс пен саяхаттауға кететін қаржыны бір жылдың ішінде жинақтауға, автокөлік, үйге жөдеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражатты екі-үш жыл жинақтауға тура келетіндігін айтады. Ең бастысы ақшаны тұрақты түрде жинақтауды әдетке айналдыруды ұмытпаған жөн.

Экономист жинақ ақшаны жинаудың әдістерімен бөліскен еді. Айтуынша алдымен ай сайынғы қажетті шығындардың тізімін жасап, апталық шығындарды есептеген дұрыс. Нәтижесінде қажетсіз шығындардан құтыласыз.

– Қарапайым мысал, темекі, кола, кофе сынды денсаулыққа зиянды дүниелерден бастарту арқылы бір жылда, 5-10 жылда қанша ақша үнемдейтініңізді есептеп көріңіз. Олардың жыл сайын өсетін құнын да естен шығармаңыз. Инфляция бізде орташа есеппен 7-8% болып тұрады. Нәтижесінде қыруар ақша шығады. Тіпті өзіңіз таң қаласыз... Ақшаны дұрыс мақсатта жұмсау арқылы шамамен 6-7 жылда үй алуға алғашқы төлем төлейтін қаражатты шығара аласыз. Қаржылық мақсаттарға қол жеткізу үшін мына ережелерді ұстанған жөн: Ақша жинақтау үшін нақты мақсат қойыңыз және сол жолдан тайынбаңыз. Әзірге барлық шығындардың есебін жүргізіп, бақылап жүріңіз. Өйткені қазір сіз қандай шығындардан бастарту керегін білмеуіңіз мүмкін. Бұл сіздің артық шығындар мен орынсыз сатып алуларды реттеуге көп көмектеседі. Нәтижесінде келесі жолы дүкен аралағанда, басқа да орындарға барғанда артық сатып алулар мен орынсыз шығындардан бас тартып, өз ақшаңызды үнемдей аласыз.

wallet.jpg

Оған қоса, мейлінше табыстарыңызды ұлғайтуға тырысыңыз. Ал шығындарыңыз табыстарыңыздан асып кетпеу қажет. Одан асып жатқан жағдайда бұған үлкен дабыл ретінде қараған жөн.

Мамандар жинақ ақшаны бірінші кезекте үйде жинамау керектігін айтады. Ыңғайлы әрі қолжетімді болғанымен тез жұмсалып және ұрланып кету қаупі жоғары. Оған қоса, қаражатты үйде жинағанның ең басты минусы құнсыздануға ұшырайды. Бизнеске салудың да оң және теріс жақтары бар. Бір жағынан бизнестің өсуіне ықпалын тигізсе, екінші жағынан қиын сәттері қаржыдан айырылып қалу қаупі басым. Сондай-ақ бизнеске салынған қаржыны айналымнан шығарса, кері әсерлері де болуы мүмкін.

Қазіргі таңда бұдан өзге де жинақтау жолдары жетіп артылады. Қаражатты алтын, жылжымайтын мүлік сынды басқа нәрселерге салумен қоса, олардың кемшін тұстары барын есте сақтаған жөн. Ломбард қызметіне жүгініп, алтынға өткізе алады. Ал керек болған жағдайда қайта тапсырып, қолма-қол ақша ала алады. Бірақ та заттың құны арзандап кету қаупін де ескерген дұрыс.

– Алғашқы кезекте банк қызметін пайдаланып, депозит ашып бастағаны тиімді. Депозит салынған ақшаның үстінен пайыз ұсынады. Депозиттерді мынандай критерийлер бойынша таңдау қажет. Біріншісі, әр банктің депозиттік пайыздарын салыстыру. Екіншісі, қаражатты кез келген уақытта шешіп алуға мүмкіндік берілген не берілмегеніне назар аудару. Үшіншісі, қызмет көрсету мен шот ашуға алынатын алым және шотты пайдалану ыңғайлылығы. Соңғысы қауіпсіздігіне баса назар аударған жөн. Кейбір депозиттердің пайызы өзгелерге қарағанда өте жоғары болып келеді. Мысалға, сізге 15% дейін кірістілік қамтамасыз етуге уәде береді. Бірақ сізге екі жылға дейін шешіп алуға рұқсат берілмейді деген секілді талаптары болады.

Жалпы қаржыгерлер банктерді таңдаған кезде абай болуға шақырады. Белгілі бір көлемдегі қаржыны банк депозитіне салмас бұрын оның рейтингісі, қаржылық деңгейі сынды өзге де маңызды ақпараттардан хабардар болған жөн.

– Ең сенімді қаржылық институттар AAA әрпімен белгіленеді. Егер рейтингісі осындай болса, қорықпай ақша сала берсеңіз болады. Әлбетте оған кепілдік жоқ. Бірақ бүгін де сол ең тиімді болып саналады. Біздің қазақстандық банктердің ең жақсылары BBB деңгейінде бағаланады. Рейтингісі өте нашар банктерге жоламаған дұрыс. Өйткені олар банкротқа ұшырап кетуі мүмкін. Бір айта кетерлігі, бізде Ұлттық банк депозиттерді сақтандыру қоры арқылы кепілдік береді. Мәселен, банктер банкротқа ұшыраса да, сіздің 10 млн теңге қаржыңызды қайтарып беруге кепілдік берілген. Сол себепті мемлекет тарапынан ондай кепілдік тұрғанда қорықпауға болады.

Бірақ та мамандар қаражаттың барлығын бір банкке салу үлкен тәуекел екенін айтады. Өйткені банк банкрот болып кетсе, қаражаттың барлығын қайтарып ала алмау қаупі бар. Сондықтан ауқымды қаражатты бірнеше банктерге бөліп сақтауға кеңес береді. Тіпті біраз бөлігін шетелдік валютада, қалғанын теңгемен ұстаған жөн.

– Маман ретінде дәл қазір бизнеске салуға кеңес бермес едім. Өйткені барша әлемге таралған індетке байланысты көптеген бизнес саласы тоқтап тұр. Сондықтан қолыңызда артық қаражатыңыз болса, оны білім алуға жұмсағаныңыз дұрыс. Тіпті алдағы уақытта біраз адамдар жылжымайтын мүліктерін сата алмай қалатын жағдайға тап болуы мүмкін. Ақырындап олардың бағалары құлайды деп болжануда. Сол уақытта сіздің жинаған белгілі бір дәрежедегі біліміңіз сізге үлкен мүмкіндіктер береді. Яғни қаржы саласында сізді дұрыс жолға бағыттап отырмақ. Қаржылық қандай да бір шешім қабылдауға алған білім мен қабілетіңіз үлкен көмегін тигізеді.

Оған қоса, қазіргі карантин уақыты тегін онлайн қаржылық сауаттылықты арттыратын вебинарлар мен курстарға жазылуға таптырмас мүмкіндік. Нәтижесінде сіз өз қаражатыңызды уақыт мен жағдайды, үлкен тәуекелдерді және қайсысынан көп пайда көретіңізді егжей-тегжей есептеп, дұрыс инвестициялық талдаулар жүргізе аласыз.

– Резервтік қаражат сізге үнемі қиын сәтіңізде көмекке келеді. Сондықтан ақшаны жинап дағдыланған дұрыс. Ал егер өзіңіздің ақша жинауға еш қабілетіңіз болмаса, қолыңызға түскен бойда бірден жаратып тастайтын болсаңыз, онда бір адамды тағайындаңыз. Отбасыда ерлі-зайыптылардың екеуі де ақша жинай алмауы өте сирек жағдай. Біреуі ие бола алады ғой... Егер де олай болмаса, онда сырттан сенімді адамды таңдау керек. Ол сізді әрқашан қадағалап отыруы шарт. Кейде жұмсауға қатысты ақыл-кеңестерін айтып отырса, тіптен жақсы.

euro.jpg

Әр адамның өмірінде қаржының шұғыл қажет болатын сәттері кездеседі. Сол уақытта резервтік қоры жоқтарға несие рәсімдеу оңтайлы шешім болып табылады. Бірақ та несие алмас бұрын оның жалпы шығындарын есептеп, мұқият ойланған дұрыс.

– Жалпы несие жақсы дүние деп айта алмаймыз. Өйткені оның пайыздары бар және олар неғұрлым жоғары болған сайын азаматтарды қаржылық қиын жағдайларға тірейді. Түбінде қаржылық шырмаудан құтыла алмауы да мүмкін. Әсіресе Қазақстан жағдайында несие алу тиімсіз. Не себепті? Өйткені ілгеріде айтқанымдай пайыздары жоғары. Көрші Ресейдің өзінде бізден төмен екенін естіп жатамыз. Ал дамыған Еуропа елдерінде бар-жоғы 2-3%-бен  азаматтарға несие беріледі.

Елімізде халықтың баспаналы болуына бағытталған арнайы бағдарлама қабылдану арқылы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылғаны мәлім. Мамандар қазіргі кезде нарықта «7-20-25» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банктері» арқылы алған тиімді екенін айтады. Бірақ соңғысы арқылы 5%-бен үйді рәсімдеу үшін талап бойынша кем дегенде үш жыл қаражат жинауыңыз қажет. Осы уақытта «банк сіздің қаражатыңызды пайдалана тұрады» дейді экономист.

– Үш жыл тұрақты түрде салған соң ғана сізге 5%-бен несие беріледі. Ең дұрысы осы екі бағдарламамен ғана баспана рәсімдеуге болады. Одан басқа тиімдісі өкінішке орай әзірше жоқ. Соңғы уақытта 2%-бен берілетін бағдарламалар жайында естіп жүрмін. Бірақ бұл бағдарламаға тек арнайы әлеуметтік топтардағы азаматтар ғана іліге алады. Ал жалпы көпшілік оған қол жеткізе алмайды.

Жоғарыда айтқан екі бағдарламамен қоса, азаматтар 10%-дан бастап берілетін банктер арқылы алуға болады. Бірақ бұлардың үстеме ақысы өте жоғары екенін ескерген жөн.

– Қарапайым тұтынушылық несиені қарастырайықшы... Олардың пайыздары үлкен. Неге? Өйткені ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Базалық пайыздық мөлшерлеме дегеніміз ұлттық банктің теңгені екінші деңгейлі банктерге бергендегі қосатын пайызы. Соңғы уақытта бізде базалық пайыздық мөлшерлеме 12% болып кеткен еді. Ал қазір 9,5% дейін түсіргенін байқадым. Екінші деңгейлі банктер де ұлттық банктен алған базалық пайыздан төмен қылып, жұртқа ақша бермейді ғой. Олар пайда табу үшін базалық пайыздық мөлшерлемені бірнеше еселеп, жұртқа ұсынады. Орташа кепілсіз тұтынушылық несиелер 3 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл шамамен 30%-дан басталады. Көрдіңіз бе? Бұл тіптен қолайсыз. Мәселен, банкпен тиімді шарт жасасқанның өзінде сіз млн теңге алсаңыз, оны жоқ дегенде 1 млн 300 мың етіп қайтарасыз. Бұл егер де сіз бір жылда қайтаратын болсаңыз...Ал үш жылға алсаңыз, жыл сайын 300 мың теңге қосылып отырады деген сөз ғой.

Шұғыл әрі жылдам қажет кезде банктен несие алғанда азаматтардың келісім-шартпен егжей-тегжей оқып, танысып шыққаны абзал. Олардың ішінде банктердің көрсететін маңызды ұсыныстарына баса назар аударған жөн. Мамандардың айтуынша көп азаматтар банктердің несие рәсімдеу комиссиясы мен пайыздық мөлшерлемелеріне көп мән бере бермейді.

– Кейбір қаржы мекемелерінен «Сіздер қанша пайызбен несие бересіздер» деп сұрағанда 16% деп жарнамалайды. Бірақ бұл тек атаулы пайыздық мөлшерлеме. Ал көшелерде ілінген бұл мекелемердің баннерлерінің астында «Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі» жазылып тұрады. Соған да назар аудару керек Бұл шамамен 30% болуы мүмкін.... Жарнамалық брошюраларда кішкентай және майда жазумен жазылатындықтан оны адамдардың көбісі мән беріп, оқи бермейді. Жақында банктерден 23% болғанын көрген едім. Демек, бұл пайыздар әлдеқайда жоғары. Сол себепті соған аса көңіл бөліп, әр банктің жылдық пайыздық мөлшерлемесін салыстырып, ең төмен ұсынатын мекемемен келісім-шарт жасасқан жөн.

Сонымен қоса, кейбір келісім-шарттарда жылдық инфлияция деңгейінен асып кетсе, несиені қайта қаржыландыруға жіберілетіні жайында жазылған пунктер де кездесіп жатады.

– Яғни бұл орайда банк азаматтың келісімінсіз-ақ әрекет ете береді. Нәтижесінде осындай шартпен несие алған адамдардың қарызы азаймай, керісінше көбейе береді. Сондай жағдайға тап болғандар уақыт өте қарыздарының азаймағандарына таңқалып жатады. Сол себепті ең алдымен қаржы менеджерлерінен сұрап-біліп нақтылап алған жөн. Жалпы мұндай пунктер жоқ па? деп анықтау керек. Бір айта кетерлігі, осы жылы инфляция деңгейі 10%-дан асады деп болжанып отыр.

Сонымен қоса, несие алып жүрген қазақстандықтардың көпшілігі кредиттің тек пайыз мөлшерлемесіне назар аударатын көрінеді. Бұған қоса, мамандар кредиттің төлем түрін де ескеруге кеңес айтады.

– Несие алған соң банк менеджерлері қандай төлем бойынша төлейтініңізді сұрайды. Яғни аннуитеттік пе, әлде дифференциалдық жолмен бе дейді. Алдымен біріншісіне тоқталсақ, несиені аннуитет төлеммен жүргізгенде ай сайын әрбір төленген қаражатқа берешектің өзі мен оның пайызы қосылып тұрады. Яғни несие алушы алғашында берешектің тек пайызын төлейді, кейіннен негізгі қарызды өтей бастайды. Мәселен, сіз млн алған болсаңыз, айына 50 мың теңгеден төлеу қажет деп бекітеді. Оның 45 мың теңгесін пайыздарды, қалған 5000 теңгесін ғана негізгі берешекті өтеуге бөлінеді. Сіз үш жылға алсаңыз, 1 900 000 етіп қайтаруыңыз керек. Сөйтіп, сіз ай сайын пайыздарды төлеп жүресіз. Сондықтан төлем кестесіне мұқият қарап алған дұрыс.

Мұндай жағдайда несиені уақытынан бұрын толықтай жабу өте тиімсіз.

– Несиені төлеудің екінші түрі дифференциалдық төлем деп аталады. Мұның аннуиттеттік төлемнен басты артықшылығы – берешек алған адам берешек мен пайыздарды теңбе-тең төлеп отырады. Жартысы негізгі қарызды жабуға кетсе, жартысы пайыздарды өтеуге жұмсалады. Бұл не үшін қажет? Сіз бір жылда негізгі берешектің және пайыздардың біраз бөлігін жауып тастай аласыз.

finance-4858797_1920.jpg

Мамандардың пікірінше, елдегі борышкерлердің көпшілігі кредиттерін аннуитет төлем бойынша өтейді. Кейде қаржылық мүмкіндіктерімізді асыра бағалап жіберетініміз де жасырын емес. Аталмыш тәуекелдердің алдын алу мақсатында кредиттің мақсатын айқындап алған жөн. Мысалы, бизнеске, үй шаруашылығына арналған қаржы пайдалы несиеге жатады. Өйткені мұндай несие қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Ал пайдасыз кредитке түрлі сатып-алулар мен күтпеген нәрселерге жұмсалатын несие. Әлбетте бұл несиелерден ешқандай табыс та таппайсыз. Керісінше қарызбен қоса, үстеме пайыз төлейсіз. Тіпті ең пайдалы саналатын кредиттерді дұрыс өтемеген жағдайда салдары түрлі мәселелерге әкеп соқтырады. Сол себепті кез келген несие алушы алдымен өзінің төлем қабілеттерін анықтап алғаны жөн.

– Кредитті көп азаматтар аспаннан түскен ақша ретінде ойлайды. Тіпті қазіргі кезде құжатыңызды ұсынсаңыз 5000-10000 теңгеден бастап қарыз беретін жеңіл кредиттердің саны қалаларда қаптап кетті. Жарнамалары да жер жарып тұр. Олар адамдардың банктерге берешектері бар не жоғын да тексеріп жатпайды. Микроқаржы ұйымдары ұсынған қаржыны қолайлы екен деп ойланбастан бірден ала салуға болмайды. Қаржы аса қажетті болмаса, мұндай несиелерге мүлдем жақындамау қажет.

Өйткені бұлардың пайыздық үстемақылары несие алған азаматтардың қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарады. Сондықтан телміріп алған теңгеден тер төгіп, еңбекпен тапқан теңгенің мейлінше пайдалы боларын түсінген жөн.

– Менің достарымның інілері адам қарасы көп жерлерде қойылған терминалдардан 100 мың теңге алып, соған риза болып, достарымен қыдырып, қарызға белшесінен батқан. Енді оны төлеу керек қой... Ол жағын ойламаған... Бір жылдан кейін қаржы алған мекемеден адамдар хабарласып, қоқан-лоққы жасаған. Содан қанша төлеу керек деп сұраса, қаржысы 500 мыңға дейін өсіп кеткен. Осы сияқты күтпеген түрлі қиын жағдайларға душар болмау үшін мейлінше қаржылық тұрғысынан өте сауатты болуыңыз керек. Оған қоса несиелерді шамаға қарай алған жөн. Өйткені қарызды алу бір бөлек, ертең сол қарыз үшін жауап беру тағы барын есте сақтау қажет. Өйткені осы өмірде жауап бере алмай кетсек, бәрібір несие шарты бала-шағаңызға қалады.

Қазіргі жағдайда қаржыгерлер ақшаны оңды-солды шашуға болмайтындығын айтады. Сондықтан азаматтар қаражаттарын міндетті түрде есептеп, үнемдеп, жоспарлап отырулары шарт. Қаржылық сауаттылық құнды қағаздар, қор нарығы, акция, дивидент, инвестиция, брокерлер қоса, тапқан қаражатыңыздың ақылмен жұмсалып, дұрыс бағытта инвестициялануы. Бұл орайда ақша нарықтағы құнды қағаздармен қоса, балаңыздың біліміне және басқа да қажетті дүниелерге жұмсалуы мүмкін.

Әр отбасының қаржылай сауатты болуы еліміздің бай-қуатты елдердің қатарына қосылуының негізі кілті болып саналады. Сондықтан кез келген дағдарыстан шығудың кілті қаржылық сауаттылық екенін әрқашан есте ұстайық.

(Суреттер Мақсат Халықтың жеке мұрағатынан және pixabay.com сайтынан алынды)

Ұқсас материалдар