Халықтың әлеуетін арттырары сөзсіз

19.07.2018 433

Елбасымыз 2018 жылдың 5 наурызында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялаған болатын. Аталмыш үндеу жарияланғанда халқымыз шын мәнінде қатты қуанды. Өйткені, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» қай қайсысы болса да халықтың көкейінде жүрген, олардың тұрмысына аса қажет, әлеуетін көтереді деп күтетіндей бастамалар болатын.

Сол бес бастаманың бірі жақында, шілде айының басында іске қосылды. Халықты баспанамен қамтамасыз ету ұзақ уақыттан бері елімізде өзекті мәселеге айналған еді. Осыған орай «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» бірі «7-20-25» бағдарламасы аталып, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған болатын.

Сол көптен күткен бағдарлама іске қосылып, алғашқы болып 25 жастағы бойжеткен Нарбота Бақытхан Алматыдан армандаған пәтеріне қол жеткізді. Ағарту орталығының менеджері болып қызмет істейтін Нарбота Бақытхан үшін баспана мәселесі өте өзекті еді. Үш жыл бойы ақша жинап келген бойжеткеннің таңдауы Алматыда жақында ғана салынып біткен тұрғын үйлердің біріне түскен. Халықтың көптен күткен бағдарламасы Алматыдан басқа бес өңірде: Орал, Астана, Өскемен, Ақтау, Қостанай қалаларында да іске қосылып, алғашқы заемдар берілді.

Мамандардың айтуынша, барлық шарттар 25 жыл бойына өзгеріссіз қалады. Ал, сатып алынатын үй құны 25 млн теңгеден аспауы тиіс. Бағдарлама арқылы үйлі болғысы келгендер Центркредит банкі, Еуразия банкі, АТФ банк, RBK банкі, Халық банкі, Цеснабанк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие ала алады. Жыл соңына дейін бұл тізімге Сбербанк пен Forte банк та қосылуы мүмкін. Мамандар бағдарламаның болашағы зор деп жоғары баға беріп отыр.

Айта кетер жайт, Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, қандай да бір қиын кезеңдердің өзінде де халықтың әлеуметтік мүддесін жақсартуды назардан тыс қалдырып көрген емес. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің өздері қаржы дағдарысына ұшырап, әлеуметтік салаға бөлінген бюджеттік қаржыны азайтып, кей жағдайда еңбекақыларын төмендетіп, тіпті, азаматтары жаппай жұмыссыз қалып жатқанда да, біздің ел жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көрсетілетін жәрдемақы, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп отырды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақылары жыл сайын өсу үстінде болды. Бұл, бір жағынан, еліміздің ұдайы даму үстінде екенін білдіреді. Және Елбасымыз үшін халықтың әлеуметтік жағдайы айнадай анық екенін аңғартады. Елбасының халықтың жағдайымен санасып, әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін жасап отырған жағдайы осыны көрсетеді.

Осы орайда Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасының бірінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін жария етті. Қазақстанда соңғы жылдары халық саны жақсы өсіп келеді. Демографиялық ахуалымыздың жақсаруы әлеуметтік мәселелердің жеделдете шешілуін қажет етеді. Жыл сайын үйленіп жатқан жастарымыздың қатары толығуда. Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан жастар легі де жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй ипотекасына қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады. Еліміздегі баспанаға мұқтаж әрбір адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы үлкен жеңіс деп бағалауға болады. Пәтер алу кезіндегі несие өсімінің мөлшерлемесі нарықтағы екінші деңгейлі банктер белгілеп отырғандай 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтындай болып белгіленуі, әсіресе, жастарымызға, жас отбасыларға, әлеуметтік жағдайы төмен және жалақылары аз жандарға өте тиімді.

Алдағы уақытта іске қосылар басқа бағдарламалардың да маңызы өте зор. Мәселен, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында атап өтілгендей, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 10 есеге азайтудың да халқымыз үшін пайдасы көп. Өйткені, түрлі экономикалық құрылымға байланысты Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшерінің де бір деңгейде еместігі жасырын емес. Мысалы, мұнай мен газ өндіретін аймақтағылардың айлық жалақыларын еліміздің басқа бір аймағындағы халықтың жалақысымен салыстыруға келмейді. Сондықтан, жалақысы төмен адамдардың айлығынан 1 пайыз ғана салық ұстау төмен жалақы алатындар үшін үлкен қолдау әрі көмек, мемлекеттің қамқорлығы екені сөзсіз.

Аталмыш Үндеуде жастар үшін қуанышты болған тағы бір жаңалық жатақхана салуға байланысты айтылған болатын. Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендірудің алғашқы кезеңдерінде оқу орындарының көптеген жатақханалары жеке меншікке өтіп кетті. Содан кейін Қазақстандағы кез келген оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі орын алды да, оның соңы студенттердің жалдамалы пәтерлерді жағалап кетулеріне әкеліп соқты. Жатақханада орын жетіспеушілігі салдарынан барлық оқу орындары жоғарғы курс студенттерін еріксіз пәтерге шығуға үндейтін. Туған жері оқу орнына жақын өңірде орналасқан кейбір студенттер мүлдем жатақханасыз қалды. Ал, амалының жоқтығынан пәтер жалдап тұратын студенттер үшін пәтерақыны төлеу оңай емес. Осы орайда білім алып жүрген жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де шешетін кез келгенін айта отырып, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салу жөнінде тапсырма берді. Бұл жастарға деген Елбасының қамқорлығы екені көрініп тұр. Жастарды, жас отбасыларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешілуі, шын мәнінде, көптеген жастардың қалауы болатын.

Еліміз талай уақыттан бері шағын және орта бизнесті дамытуға да қамқорлық жасап келеді. Елбасымыз елдегі бизнестік ахуалды жақсартуды ұдайы өз назарында ұстайды. Орта және шағын бизнесті дамыту арқылы халықтың әлеуетін көтеру мүмкін екенін түсінген Елбасымыз тағы да орта және шағын бизнес өкілдеріне шағын несие беруді көбейту мәселесін айтып, нақтылы тапсырмалар берді. Бұл өзін өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға тың жол ашады, үлкен демеу болады. Елбасы 2018 жылы тағы да қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы көлемін 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл шағын несие алатындардың санын 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайтып, олардың саны 14 мың адамға жететін болады. Тек бизнеспен айналысуды көздеген азаматтарымыз мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуы керек. Осы орайда айта кетер жайт, салыстырмалы түрде елімізде орта және шағын бизнесті қолдау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының бірі болып келеді.

Елімізді газдандыру ісі де көптен бері күрмеуі шешілмеген мәселе болатын. Экологиялық тұрғыдан газдандырудың маңызы жайлы көп айтылып жүргенімен, аймақтарымызды толықтай газбен қамтамасыз ету мүмкін болмай келген еді. Сондықтан, Елбасының Қазақстанның барлық аймақтарын газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру жөніндегі бастамасының да маңызы зор. Әсіресе, Қызылорда облысының Қараөзегінен Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасының ұсынылуы өте маңызды. Алты ай қыс бойы от жағатын Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін бұдан асқан қуанышты жаңалық жоқ десек болады. Жаппай газдандыру ісі Көкше өңірінің Бурабай курортты аймағын дамытуға, оның экологиялық жағдайын жақсартуға және табиғатын сақтап қалуға зор әсерін тигізетінін мамандар да растап, бастамаға жоғары баға беріп отыр.

Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:

«Елбасы біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Ол міндеттердің барлығы да елдің мүддесі үшін айтылып жатқан ұсыныстар. Бұл бастамалар қазіргі Қазақстанның ең маңызды бес әлеуметтік мәселесін шешуге бағытталғаны байқалады. Бұрын баспана алуға қатысты бастапқы жарна 50 пайыз болған еді. Жаңа бастамаға орай енді бұл мөлшер 20 пайыздан аспайды. Елімізде осы уақытқа дейін де баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша көптеген шаралар атқарылғаны баршаға мәлім. Дегенмен, жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып Елбасымыз халыққа қолжетімді баспана ұсынудың барлық мүмкіндіктерін пайдалануда. Екінші бастамасында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ұсынылды. Жалақысы төмен азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Президенттің үшінші әлеуметтік бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға арналған. Елбасының ұйғаруынша, қазіргі жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінгені айтылды. Ал, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болды. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы зор сұранысқа ие болатынинженерлер, ақпараттық технология, робот-техника, нанотехнология саласының сан мыңдаған жаңа мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Елбасы қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мəселесінің өзекті екендігін айта отырып, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Елбасының шағын несие беруді көбейту жөніндегі төртінші бастамасы ұсақ және орташа кəсіпкерлікті дамытуға серпін беретіндігі соншалықты маңызды екендігін көп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Өйткені, елімізде бұл бағытты дамыту бойынша тиісті бағдарламалар мен қолдау құралдары жетілдірілу үстінде. Аталған бастамаға сəйкес, 2018 жылы шағын несиелердің жалпы сомасы 20 миллиард теңгеге артып, 62 миллиард теңгеге жететін болды.

Елбасы атап өткендей, «Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді», — деуі көп мәселені аңғартады. Көптеген дамыған елдердің мемлекеттік бюджетін шағын және орта бизнестің табысы құрайды. Елімізде осы саланы дамыту мәселесін ұдайы назарда ұстап келе жатқан Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие беруге арналған. Ол 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керектігін айтты. «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты Елбасының бесінші бастамасы мемлекетіміздің миллиондаған тұрғындарын газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын жəне орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады екен. Бұл үлкен жетістік. Жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Газ тарту ісі қолға алынған кезде газ магистралі бойындағы қаншама елдімекенде қосымша жұмыс орны пайда болады. Бұл жұмыссыздықпен күреске қосылған жақсы үлес. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан Президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде осы мәселені жою міндетін қойды. Елбасының өзі бұл бастамаларға қатысты «Турасын айтқанда, мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түспейді. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – өте үлкен қаражат, біздің адамдарымызға, олардың болашағына бағытталған тікелей инвестиция. Мұндай әлеуметтік саясат жалғаса береді», – деген болатын. Біз осы жасалған мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек».

Негізінен əлеуметтік жаңғыру барлық азаматтардың мұқтаждықтары мен мүдделерін жүзеге асыру барысындағы қоғамның даму құрылымын жетілдіру үдерісі болып табылады. Сондықтан, Елбасының елдің игілігі үшін ұсынған ұтымды, оптимистік жобасы мемлекет тарихындағы маңызды бағдарлама болып қала беретіндігіне сенеміз.

Президенттің бес бастамасын іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады. Аталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысты Елбасы құзырлы органдарға бірқатар тапсырма жүктеді. Бастамалардың ел болашағы үшін айрықша маңызды екенін барша қоғам біліп отыр. Біздіңше, қоғамның әр мүшесі, әр мекеме, әрбір ұйым бұл бастаманың еліміздің әл-ауқатын арттырудағы маңызын қатаң ескеруі қажет. Әрқайсымыз сырттан қарап тұрмай, бастамаларды тиімді жүзеге асырудың жолдарын кеңінен талқылауға қатысып, халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге септігімізді тигізуге мүдделі болуымыз керек. Сонда ғана о баста көзделген мақсатқа жету жолында құрылған әрбір жоспар сәтімен орындалатын болады.

Елбасымыздың осы бес бастаманы жария етуі, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға баса назар аударып отырғаны оның көрегендігінің кезекті айғағы болып табылады. Сондықтан да, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасынан» күтер үмітіміз мол!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.