Көпұлтты Қазақстан: Болгарлықтар

31.05.2019 1178

ХХ ғасырдың басында қазақ даласына болгарлықтар шағын топпен Украина және Бессарабиядан (ДнестрПрут өзендері мен Дунайдың төменгі ағысы аралығындағы тарихи аймақ, қазіргі уақытта Молдова Республикасы жерінің негізгі бөлігі мен Одесса облысының оңтүстік бөлігін алып жатыр) келіп жатты. Олар өздері тұрып жатқан жерлерінің тарлығынан қоныс аударуға мәжбүр болған-ды.

Қазақстанда болгарлардың бесінші ұрпағы өмір сүріп отыр. Столыпин реформалары кезеңінде шаруалардың шығысқа қарай бет алғанда, болгарлардың шағын топтары болды. Олардың бір бөлігі қазақстанның далаларында өмір сүрді. Болгарлардың Қазақстанға қоныс аударуының екінші толқыны соғыс және соғыс алдындағы жылдары халықтарды жер аударумен байланысты. 1941-44 ж.ж. Қырым мен Бессарабия болгарлары күштеп қоныс аударды.

1908-1910 жылдары алғашқы болгар қоныс аударушылары Семей облысының Павлодар уезінде Разумовка және Андрияновка ауылдарын және Торғай облысының Ақтөбе уезінде Болгарка ауылдарын құрды.

XIX-XX ғасырлардың шегінде Қазақстан аумағында маусымдық негізде жұмыс істеген болгар топтары пайда болды. Олар көбіне жазғы уақытта Қостанай қаласының маңында шығыр бау-бақшасымен айналысты. Жерді жергілікті халықтан жалға алып отырған. Шығырдың көмегімен олар су деңгейін көтеріп, далаға өздігінен ағатындай етіп жасайтын. Өйткені мұндай бақшалар мол өнім береді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 4,5 мың болгар тұрады, басым бөлігі Павлодар облысында – 911, Ақтөбе облысында – 687.

Қазақстанның қалаларында болгарлықтардың этномәдени бірлестіктері құрылып, онда олар туған тілін, әдебиетін, тарихын, мәдениетін дамытып отыр. Үнемі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырған іс-шараларына қатысып, жобаларын жүзеге асыруға атсалысып отырады.

Болгар ұлты мәдени мұраларын мақтан етеді. Ұлттық салт-дәстүрі заманауи өмірде де көрініс табады, олар ұрпақтан ұрпаққа аңыздар мен әдет-ғұрыппен жетіп отыр. Жалпы болгарлардың жерінде де ертеден түрлі ұлттар тұратын болған. Содан да болар болгар мәдениеті саналуан.  

IMG_2475.jpg

Музыка

Болгарлықтардың өмірінде музыка айрықша орын алады. Олардың әні тылсым сырға толы, сонысымен тұла бойыңды жаулап алады.

Музыкалық аспаптары

Әр халықтың өзіне тән белгілі музыкалық аспаптарының жиынтығы болады. Олардың сүйемелденуімен ұлттық әсем әуендер орындалып, шетелдік туристерді тәнті етеді. Адамға беймәлім дүние әрдайым өзіне тартып тұрады, сондықтан да шетелге саяхатқа шыққанда, сол елдің бірегейлігін танып, көруге асығамыз.

Сонымен қатар музыкалық аспаптар таптырмайтын сыйлық, оны сыйға немесе естелікке алған оңтайлы. Ойнап үйреніп алуға да болады.   

Әдеттегідей болгарлықтардың музыкалық аспаптары бірнеше түрге бөлінеді – үрмелі, шекті және соқпалы.

Болгар музыка мәдениетінде үрмелі аспаптар басым келеді: кавал, свирка, дюдюк, двоянка және гайда.

Кавал – сыбызғы тәріздес үрмелі аспап. Аталған аспаптың атауы түрік сөзінен алынған, аудармасында «бақташының ұзын ағаш ысқырғышы» деген мағынаны білдіреді.

1200px-Bulgarian_kaval_in_D,_Mopane.jpg

Кавал ағаштан жасалады. Оның екі түрі бар: бір-біріне кіріктірілген бір немесе үш діңгекті. Мұндай құрамалы кавал кеңінен таралған.

Ол лирикалық аспап болса да зор техникалық мүмкіндіктерге ие. Сонымен қатар бақташылардың аспабы деп саналады, өйткені бұрынырақта бақташылар өрісте ойнап, уақыттарын өткізетін болған.

Свирка – бір діңгекті шағын кавал сияқты аспап. Бірақ үні жағынан кавалдан айырмашылығы бар, оның үні жоғары регистрде шығады.

83a3183b8aec1d4bacef592ebbc2fd54.jpg

Дюдюк – пішіні жағынан свиркаға ұқсас. Бірақ оларды бір ерекшелігінен айырып алуға болады: бұл аспаптың діңгегінің жоғары жағында бірқилы ағаш тығын тығылған, бірақ ол тығыз орналаспаған, саңылау қалдырылған.  

Осы саңылаудың арқасында қажетті әуезді шығару үшін аспапқа ерінді тигізудің қажеті жоқ. Дюдюкте ойнау өте жеңіл.

Дюдюктің тағы бір түрі – двоянка. Оның дәстүрлі дюдюктан айырмашылығы – двоянканың екі діңгегі бар. Бірі – әуенді, бірі – бурдонды (көп мәнді музыкалық термин).

Тағы бір кең таралған аспаптың бірі – гайда. Волынканың бір түрі. Ол былғарыдан және ағаш бөліктерден тұрады: духала (былғарыны үрлеуге арналған діңгек), гайдуницы (әуенді діңгек ағаш ысқырғышпен және саусақтарға арналған саңылаулар) және сап (бурдонды діңгек). Гайданың дауысы зор, ол әрдайым болгарлықтардың қуанышты жағдайларында ойналады. «Гайда тойдың хабаршысы» деген мақал да халық арасында тарап кеткен. Шынымен де гайданың дауысы алысқа естіледі.

1376106241_66666.jpg

Ұлттық киімдері

85758650.jpg

Болгарлардың ұлттық киімдері өте әдемі, санқилы. Бүгінгі таңда күнделікті тұрмыста киілмесе де, ұлттық болмысты таныту үшін түрлі салтанатты және басқа да іс-шараларда киіледі.

Болгарлардың тұрғылықты жеріне қарай киім түрлері әртүрлі болып келеді. Мысалы, бір жерлерде әйелдердің киімдері жүннен тоқылған қоңырқай сарафан, ұзын ақ жейде, түрлі-түсті белбеу және ашық түсті белдемше.

Аяқ киімдері қайыс теріден тігіледі, оны өрнекті жүннен тоқылған шұлықпен киеді.

Бас киімдер – бір түсті жібек орамал, ол төбеге тағылып, сол жақ тұсына тірі гүл тағады.

Ал енді бір жерлерде сарафанның орнына алтын жіппен көмкерілген жеңсіз қаусырма киім киеді.

Ерлердің киімдері: ақ шұғадан тігілген костюм және сары-қоңыр түсті костюм. Костюмдер шалбарының пішінімен ажыратылады. Бірақ киімдерінің бәрі де ұлттық элементтердің ерекшелігімен, түрлі әшекейлермен, ашық түстерімен көз қарықтырады.

Болгар ұлттық киімдері құдды бір өнер туындысы секілді. Өйткені оларды қолмен жасауда қаншалықты күрделі екенін білесің. Әйелдердің жіп иіру, тоқу, тігу, кестелеуінен шығатын киім үлгілері керемет. Ал ерлер былғарыны илеуде ерекшеленеді. Сондай-ақ болгарлықтар киімдерін зығыр, мақта, кендір, жүн және кейде жібектен тігеді.

Әйел адамның киімдерінде сарафан көп кездеседі. Оны «сукман» деп атайды. Негізінде ол жеңсіз көйлек, бірақ кейде ұзын жеңді болып келеді. Сукман түрлі-түсті жіптермен кестеленіп, әшекей баулармен безендіріледі.

Ерлердің де, әйелдердің де аяқ киімдері – царвули, тері постолдың бір түрі. Әдебиетте царвулиді «дәстүрлі болгар сандалиясы» деп жиі атайды. Әдетте оларды бұқа немесе шошқа терісінен жасаған. Салқын ауа райында қалың жүн шұлықтарына кигізіп, ұзын белбеулермен бекітіп отырған.

Болгар әйелдерінің дәстүрлі әшекейлеріне тән өзіндік белгісі болған – ол жүру немесе би кезінде қоңыраулатуы. Олар бірнеше тізбектерден, жұқа пластиналардан, салпыншақтардан жасалған, кейде түймелер немесе тек металл пластиналардан жиналған кеудешелер болуы мүмкін.

Диадема тәріздес әшекейлер де бар. Ақ металл қорытпасынан жасалған XVIII ғасырдың оқасы күні бүгінге дейін сақталған. Ол нүктелі кедір-бұдырлы оюмен безендірілген жапырақ түріндегі жалпақ салпыншақ тізбектің төрт қатарынан тұрады.

Болгар әйелдері диадеманы бас киімге немесе шашқа салпыншақтары маңдайға түсіп тұратындай етіп бекіткен. Мұндай аспалы әшекейлер мерекелік киімнің, әдетте қалыңдықтың той киімінің әшекейі болып табылады.

Болгар әйелдерінің арасында моншақ тағу үрдісі кең таралған. Ең танымал түрлерінің бірі – «бисер» немесе «монисто» моншақтары, әйнектің төменгі жағы-үрленген шыныдан үш түсті шариктермен жасалады. Әйелдер күнделікті әшекейлер ретінде бірнеше қалың моншақты үсті-үстіне тағып жүреді.

Болгарлар басқа халықтар сияқты өз әшекейлерін жасағанда, жергілікті флораның өсімдік түрлерін пайдаланады. Осы әшекейлер арасында жиі тұт ағашының жемісін немесе таңқурай жидектеріне ұқсас бедерлі дөңес розеткалары бар сопақша пішінді моншақтар көптеп кездеседі.

Болгар әйелдерінің қол әшекейлері – білезік («гривни», «гримни»), жүзік («пръстни»). Біріншісі – үш дәнекерленген пластинадан жасалған жартылай сфера түріндегі қоладан құйылған тұтас білезіктер. Рельефті ою-өрнек және шеткі пластиналардағы дөңес екі розеткалар мұндай бұйымның ірілігін одан әрі айқындайды. Стильді өсімдік өрнегі (гүлдер, бұтақтар) геометриялық пішіндермен (толқын тәрізді сызықтар, бұрмаланған жолақтар, кішкентай үйірмелер, спиральдар) үйлесімде қолданылады. Білезіктің өлшемі мен реттелмейтін диаметрі жіңішке білекке арналған.

Әйелдер мен ерлердің ұлттық киімнің ерекше қызықты элементі – белдік иірімжіптері («пафти», «чепрази»). Олар ақ немесе сары металл қорытпасынан, кейде мыс немесе күмістен жасалады.

Ерлердің белдік ілгектерін әшекейлеу үшін антропоморфтық оюға артықшылық берілді. Фантастикалық жануарлар – айдаһар бейнеленген иірімшелер кездесіп отырады.

1.jpg

Әдет-ғұрып

Отбасы өміріндегі маңызды оқиға баланың тууы болып саналады. Бұл рәсімге сол отбасының барлық туысқандары қатысады. Үйге сыйлықтар, ұлттық нан («пита») әкелінеді. Бұл рәсім болгар тілінде «малая пита», яғни «шағын тамақтану» деп аталады. Ал «большая пита» – «үлкен тамақтану» дастарқан басында өтеді. Тәттілік пен нәзіктіктің нышаны ретінде нан пісіріліп, оған бал жағады. Дәстүрлі нанды балаға ат қойғанда бөліп беріледі.

Ббала өмірінде алғашқы қадамын жасағанда, «преступальник» («прещъпалник») наны пісіріледі. Оны таныстары мен көршілеріне таратады. Бір сөзбен айтқанда, нан болгарлықтардың өмірінде ерекше орын алып, барлық салт-дәстүрлерімен байланыстырылады. Сондықтан ол болгар отбасыларының көптеген салт-жораларында кездеседі.

narod-bolgarii-.jpeg

Балаға күтім жасау – бұл кіндік шеше, босанушының анасы немесе енесі қатысатын ұжымдық еңбек. Айтпақшы, осыдан кейін кіндік шеше жас отбасы үшін жақын адам саналады. Өз уақытында тіпті 8 қаңтарға түскен Кіндік шеше күні де атап өтілген. Көптеген жерлерде олардың құрметіне осы күні карнавалдар өткізілген. Бұл уақытта әйелдер отбасында ерлерінен де маңызды ең басты адам саналып, ал ерлерін күлкіге айналдырып, қызыққа бататын болған.

IMG_2482.jpg

Әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Көпұлтты Қазақстанда жүз отыздан астам этнос тұрып жатыр, бәрі бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бейбіт ғұмыр кешуде. «Қалауын тапсаң, қар жанар» демекші, барша ұлттардың бүгінде мәдениеті бір-біріне сіңісіп кеткен. Бейбіт өмірдің бір бастауы, міне, осы емес пе?!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Ұқсас материалдар