Жаңалықтар

Бүгін Башқұртстанның Республика күні

Бүгін Башқұртстанның Республика күні
11.10.2018 11:06 2398

11 қазан күні Башқұртстан өзінің Республика күнін атап өтуде. Бұл күні 1990 жылы республиканың Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны жариялады. 
Бауырлас башқұрт халқы қазақ елімен қарым-қатынасын жыл санап нығайта түсуде. Әсіресе экономикалық салада тығыз байланыс орнаған. Тәуелсіздік жылдары ішінде тауар айналымы 100 млн АҚШ долларынан 1 млрд-қа дейін өсіп отыр. 
Қазақстанда татар және башқұрт конгресі қызмет жасайды, ол 1995 жылдың 26 шілдесінде құрылған. 2017 жылы үлкен конференция өткізіліп, «Қазақстан Республикасының татар және башқұрт қауымдастығы» мен «Идель» Қазақстанның татар және татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталықтарының ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі біріктірілді. 
Жаңадан құрылған ұйымға республиканың 16 аймағынан 28 этномәдени орталық енгізілді. Төрағасы – Тауфик Каримов. 
Астана қаласында 1994 жылдың тамыз айында «Таң» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі тіркелді. 2000 жылдың наурыз айында қайта тіркеуден өтіп, 2011 жылдың 2 наурызынан бастап бірлестік Астана қаласының «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы болып өзгертілді. Бүгінгі күні орталықтың төрағалық қызметін Рафик Валиев атқарып отыр.
Бүгінгі таңда бірлестік Қазақстан астанасында тұратын мыңдаған татар мен башқұрт өкілдерінің мүддесін қорғайды. 
Сонымен қатар татар және башқұрт халықтарының тарихын, ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін жексенбілік мектеп құрылды. Ришад Михалевтің жетекшілігімен педагогтар татар және башқұрт халықтарының ана тілін, салт-дәстүрлерін үйретеді. Сәндік-көркем шығармашылық және қолданбалы өнер бойынша сабақтар жүргізіледі. 
Татарлар мен башқұрт халқының шығармашылық мұрасын көрсету мақсатында Гүлназира Сәдуақасованың жетекшілігімен «Дуслык» фольклорлық ансамблі ұйымдастырылған. Ансамбль ұжымы бірнеше рет қалалық және республикалық байқауларда сыйлықтардың лауреаты атанды. 
Орталықта әйелдер және жастар кеңесі белсенді жұмыс атқаруда. 
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұратын башқұрт ұлтының саны 16811-ды құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға