Жаңалықтар

Қазақстанда жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау көлемі 23%-ға артты

Қазақстанда жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау көлемі 23%-ға артты
Фото: primeminister.kz 20.12.2023 05:35 712

ҚР Үкіметінің отырысында Көлік министрлігінің басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа еліміздегі авиация саласының дамуы туралы баяндап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Марат Қарабаевтың ақпаратына сәйкес, биыл 11 айда қазақстандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артық. Бұл ретте әуежайлар 24 млн саяхатшыға (+25%), оның ішінде Алматы және Астана әуежайларына сәйкесінше 9 млн (+34%) және 7 млн жолаушыға (+26%) қызмет көрсетті. Сондай-ақ әуежайларда өңделген жүк көлемі 130 мың тоннаға дейін (+16%) ұлғайған.

Әуе тасымалдарына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Осылайша келесі жылы Шымкент, Қызылорда және Алматыда жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде олардың өткізу қабілеті 5-7 есе артады деп күтілуде. 2024 жылы Астана мен Павлодарда ұшу-қону жолағын, Балқашта перрон мен такси жолағын қайта жаңарту жұмыстары басталады.

Шағын авиацияны дамыту мақсатында бюджет қаражаты есебінен Балқаш, Үржар және Үшарал әуежайларында ұшу-қону жолағы жаңғыртылды, онда да жаңа аэровокзал салынды. Алдағы 2-3 жылда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңарту көзделіп отыр, сонымен бірге Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай жаңа әуежайларын салу мәселесі қаралуда.

Әуежайларда мультимодальды орталықтар құру жөніндегі жоспарларға сәйкес қажетті құзыреттері мен капиталы бар жеке инвесторлар қажет.

Аталған міндет шеңберінде ұшу-қону жолағы, жанармай құю кешендерін қайта жаңарту, жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту кезең-кезеңмен жүргізілуде. Қазірдің өзінде үш мегаполис пен Қарағанды бойынша жоспарлар бар, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын ірі жаһандық инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын одан әрі дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру үшін әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыруға және әуе кемелерінің паркін толықтыруға бағытталған бірқатар шара қабылданатын болады. Сала алдына қойылған барлық міндет жоспарлы түрде орындалатын болады. Нәтижесінде алдағы 6 жылда жолаушылар санын кем дегенде 2 есеге, ал өңделген жүк көлемін 8 есеге арттырамыз, – деді еліміздің көлік саласына жауапты министрі.

Бұл ретте негізгі күш-жігер 3 бағыт бойынша шоғырландырылатын болады: авиаотынмен қамтамасыз ету, арнайы техника мен жабдықтарды жаңғырту, әуежайлардың іргелес аумағында ұшу қауіпсіздігін арттыру.

Қазіргі уақытта авиаотын тапшылығы жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Көлемді ұлғайту үшін Көлік министрлігі отын импортын арттырады. Керосиннің түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды болдырмау мақсатында шетелдік мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ әуежайлардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, Jet A-1 жанармайына ауысу туралы шешім қабылданды.

Әуежайларға жақын учаскелерді заңсыз бөлу авиацияның дамуына кері әсер етеді. Биыл министрлік әуе айлақтарының аумақтарында жаңа объектілердің пайда болуын болдырмайтын заңнамалық өзгерістер қабылдады.

Осыған байланысты әкімдіктер әуежай маңындағы аумақта заңсыз құрылыс жұмыстарына жол бермей, аталған мәселеге ерекше назар аударып, бұрын берілген жер учаскелерін мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді М.Қарабаев.

Сондай-ақ ведомство басшысы авиациядағы кадрлар тапшылығы мәселесін шешу жөніндегі шаралар туралы хабарлады. Қазір стратегиялық әріптес – Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебін тарта отырып, Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігінің EASA стандарттары бойынша мамандар даярлау мәселесі пысықталуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға