Жаңалықтар

Қазақстанда цифрландыру қалай дамып жатыр?

Қазақстанда цифрландыру қалай дамып жатыр?
Фото: © iStock 04.07.2023 17:47 2171

Азаматтардың электрондық қызметтерді қолдану бойынша Қазақстан әлемде 15-ші, e-Government дамыту бойынша 28-орында. Ірі компаниялар Қазақстанның цифрлық экожүйесін дамытуға өз үлестерін қосуда.

Елімізге танымал IT маманы, АҚШ-та оқып жатқан Тимур Бектурдың айтуынша, біз цифрландыру жағынан көп елден алда келеміз. Тіпті, АҚШ-тан да.

Өте көп елден. Ресейден де. АҚШ-тан да. Түркиядан да. Мәселен, қазақтар 5 жылдан бері сәтті қолданып жүрген QR арқылы ақша жіберу қызметін АҚШ-тың ең ірі банктерінің бірі – Bank of America өткенде ғана қосты.  Банк қосымшасын ашып қалсам, алақайлаған хабарландыру тұр екен.  «Ойбай, Тимур!» дейді олар, «Енді mobile app арқылы ақшаны QR кодпен жеңіл жөнелтуге болады» деп алақайлап жатыр екен. Маған құдды бір өткен ғасырдан жеткен ақпар секілді көрінді, - деді Тимур Бектур.

Оның сөзінше, елімізде цифрландыру дамығанымен, жаңа технологиялар яғни IT cаласы кемшін түсіп жатыр. Жаңа технологияларды меңгерген білікті мамандар аз. Олардың арасында нәзік жандылардың үлесі одан да аз.

IT саласында 10 жылдан астам еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың бірі – Нәркез Боранбаева. Ол өндірісті роботтандыру және автоматтандыру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін, бағдарламалық роботтарды әзірлейтін  жетекші IT компаниялардың бірінде жұмыс істейді.

Ол елімізде кеңінен таралған SAP автоматтандырылған басқару жүйесін жетілдіру саласында еңбек етіп жүр. Қаржы бағыты бойынша консультанттардың жұмысын ұйымдастырып, ұйымдардың бизнес-процестеріне сәйкес SAP өнімдерін таңдау және бизнестің қажеттілігіне байланысты SAP өнімдерін баптау, SAP бағдарламасын жетілдіру арқылы бухгалтерлердің жұмысын автоматтандыруға жауап беретін бөлімге жетекшілік етеді.

Оның сөзінше, егер жаңашыл болсаңыз, үнемі жетіліп дамып отырсаңыз, әйелдер үшін де IT саласын меңгерудің еш қиындығы жоқ.

«Еңбекқорлық пен біліміңіз қатар болса, жаңа технологияларға қызығушылықпен қарап, Қазақстанның IT саласының дамуына үлес қосуды қаласаңыз, аналитикалық ойлау қабілеті болса, IT саласының әйелдер үшін еш қиындығы жоқ», - деді Нәркез Боранбаева.

Сарапшы маман IT саласы қазіргі заманда қарыштап дамуда екенін айтады.

«Соған сәйкес жұмыс орындарын адамдардың орнында роботтар мен интеллектуалдық жүйелер атқаруда. Сондықтан да IT саласында қызмет ететін әрбір адам ізденіс үстінде болуы керек. Әйтпесе мұндай салада көштің басында жүру әсте мүмкін емес», - деді IT маманы.

«Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Азиза Шөжееваның айтуынша, цифрландыру елімізде дамып жатыр және ол – әйелдердің гендерлік теңдікке қол жеткізуінің басты құралы.

Қазіргі цифрлық трансформация әйелдердің экономикалық және әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін мүмкіндіктер ашады. Бұл гендерлік теңдікті арттыруда маңызы зор.  Цифрландыру әйелдерді жұмыспен қамтуды кеңейту мен байланыс желілерін құрудан бастап білім мен ақпаратқа қол жеткізуге дейінгі көптеген маңызды проблемаларды шешуге көмектеседі.  Бүгінгі таңда цифрлық дағдылар бизнес пен күнделікті өмірде де қажет.  Алайда, технология мен интернет барлық адамдарға қол жетімді емес, ал цифрлық технологияларға қол жетімділіктің гендерлік айырмашылықтары, әсіресе ауылдық жерлерде, цифрлық экономикаға қатысу және инновациялық қызмет айтарлықтай байқалады», - деді Азиза Шөжеева.

Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының аймақтық кеңсесінің мәліметтері бойынша 60 миллионнан астам әйел мобильді Интернетке қол жеткізе алмайды. Сарапшының сөзінше, бұл олардың өзін жетілдіруіне кедергісін тигізіп жатыр.

«Әйелдердің алдында тұрған құрылымдық және экономикалық мәселелер технологиялық құралдарға қол жеткізуге және цифрлық сауаттылықты арттыруға негізгі кедергі. Қыздар мен әйелдер көбінесе үй шаруасымен және ақысыз еңбек міндеттерімен айналысады, олардың көпшілігі гендерлік негізде бөлінеді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жетілдірілген дағдылардың аз болуы әйелдердің өзгермелі жағдайларға бейімделу кезінде үлкен қиындықтарға тап болатындығын білдіреді», - деді сарапшы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға