Жаңалықтар

«Ойдене» спортын әлемге танытқым келеді – бапкер

30 жылдық тәжірибесі бар бапкер Серік Рысбаймен сұхбат
«Ойдене» спортын әлемге танытқым келеді – бапкер
Фото: El.kz 04.01.2023 18:00 2060

Ұлттық спорт – ұлт мәдениетінің көрсеткіші. Қазақтың болмысына тән, ел арасында кең таралған бірқатар спорт түрі де жетерлік. Оған деген қызығушылық жастар арасында күн санап артып келеді. Ұлттық спорттың ішінде Серік Рысбай негізін қалаған «Ойдене» жекпе-жек күресін ерекше атап өтуге болады.

Бұл спорт түрі жеке тұлғаның физикалық, интеллектуалдық, психологиялық және моральдық дамуын, өзін-өзі қорғауды игеруге бағытталған. Ойдене сөзінің мағынасының өзі «ой» – адамның ойлау қабілеті, «дене» – адам денесі, яғни бір-бірімен тікелей байланысты. Қазіргі таңда аталған спорт түрінің пайда болғанына 21 жылдан асқан.

«2001 жылы Алматы қаласында «Ойдене мектебінің» негізін қаладым. 2002 жылы алғаш жұдырықтасу бойынша жарыс өтті. Ал 2014 жылы Қазақстан Республикасында Ойденені дамыту мақсатында «Ойдене Федерациясы» құрылды. «Ойдененің» мақсаты – адамның физикалық жағдайын нығайту, жас ұрпақты дамыту және тәрбиелеу мақсатында жан-жақты болуды үйрету, сонымен қатар мінезді, ерік-жігерді нығайту, дамыту», – деді жаттықтырушы.

«Ойдене» спортын әлемге танытқым келеді – бапкер

Жекпе-жек күресі негізінен 3 бағытты қамтиды: 

Жұдырықтасу – екі спортшы соққыны аяқпен, қолмен және күресу әдісін қолдану арқылы жеңіске жетуге тырысады.

Таяқтасу – екі спортшы жұмсақ материалмен қапталған арнайы таяқтарды пайдаланып жекпе-жекке шығады.

Күресу – екі спортшы күрес әдістерін қолдана отырып жекпе-жек өткізеді. 

Ойдененің басқа спорт түрінен айырмашылығы спортшыларға соққыны аяқпен, қолмен, қару-жарақсыз, арнайы таяқтарды пайдалана отырып, күресудің күрделі өнерін игеруге септігін тигізеді. Жекпе-жектің бұл түрін балалар, жасөспірімдер қатты ұнатады. Олар қалалық, облыстық, республикалық жарысқа қатысып тұрады.

«Ойдене» спортын әлемге танытқым келеді – бапкер

Жарыс жылына кем дегенде 4-5 рет ұйымдастырылып отырады. 

«Ойденеге 4 жастағы баладан бастап ересектерге дейін қатыса береді. Олар жас айырмашылығы бойынша топ-топқа бөлініп, біліктілігін шыңдайды», – деді Серік Рысбай.

Бапкердің шәкірттерінің бірі Мейрамбек Малик «Ойдене» спортымен айналысып жүргеніне аз уақыт қана болса да жекпе-жек күресін ұнатып қалғанын айтты.

«Ойдене» спортын әлемге танытқым келеді – бапкер

«Сыныптас досым «Ойдене» жекпе-жек күресіне бұрыннан бері қатысады. Бір күні оның шақыртуымен мен де бұл спорт түрімен айналысып көру туралы шешім қабылдадым. Өзіме қатты ұнайды. Әлі де үйренерім көп», – деді жас спортшы.

Серік Рысбайдың өзі де спортқа бала кезден бастап жақын болған.

«Кішкентай кезімнен бері спортпен шұғылданамын. Самбо, бокспен 11 жастан бастап айналыстым. Сонымен қатар кикбоксинг, таэквондо, каратэ сабағын атақты бапкерлермен жұмыс істеп үйрендім», – деді бапкер.

Қазіргі таңда Ойдененің 9 дайындық секциясы бар. Оның үшеуі Астана қаласында орналасқан. Ол жаттықтыру орындарында сабақ беру үшін жаттықтырушылар арнайы оқу курсынан өтеді.

«Ойдене» спортын әлемге танытқым келеді – бапкер

«Кез келген адам өз маманының иесі болуы қажет. Ал жаттықтырушыға келер болсам, спорт саласынан жоғары білімі бар, тәжірибелі болуы тиіс. Бойында атап кеткен қасиеттері болса, біздің қоғамдық бірлестігімізге келіп, арнайы курсқа қатысады. Одан кейін барып өңірлерде «Ойденеден» спортшыларды жаттықтырумен айналыса алады», – деді ол.

Сондай-ақ Серік Рысбай жаттықтырушы болу – өте жауапты іс деп есептейді.

«Жаттықтырушының мойнына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені спортпен айналысуға бала кішкентай кезінен бастап келеді. Әрбір баланың табиғаты, мінезі, дамуы әртүрлі болғандықтан, әр баланың жеке тілін табуың керек», – деді.

Бапкер алдағы уақытта «Ойдене» спортының тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танылуы үшін жұмыс жасау жоспарында барын айтты.

«Ойдененің жоғарыда атап өткен 3 бағыты осы қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүріне енген ұлттық спорт түрі ретінде дәлелдеп, ресми түрде тіркегім келеді. Одан кейін спорттың дайындық секцияларын Қазақстанның барлық өңірінде ашып, әрі қарай басқа мемлекеттер арасында таныту жоспарымда бар», – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға