Еуропаға жорық басталды...

29.06.2017 3537

"Астана", "Қайрат", "Ертіс" және "Ордабасы" 

Футболдан қазақстандық командалар 2017/18 жылғы Еуропа жорығын бастады. Биылғы жыл біздің клубтар үшін сәтті бола ма екен? Жеребе елордалық чемпионымызды латвиялық «Спартакпен» жолдас етсе, Еуропа лигасындағы үш клубымызға Боснияның «Широки Бриег», болгарлық «Дунав», сондай-ақ литвалық «Атлантас» бұйырды.

«Астана» тағы соңғы минуттарға жүгіне ме?

Чемпиондар лигасының топтық турнирінде өнер көрсетіп, өткен жылы соңғы сәтте «Селтикке» есе жіберген «Астана» латвиялық клубтан рейтингі бойынша жоғары тұр. Дегенмен, футболда ол рейтингтің рөлі соншалық маңызды емес. Юрмалалық команда өз чемпионатында ешкімге дес бермеген. Екінші раундтан бастайтын қос клубтың текетіресі шілде айының 11-12 жұлдызы күні Юрмалада өтеді. Қос тарап та тас түйін дайын отыр.

«Астана» әзірге, венгерлік 23 жастағы жартылай қорғаушы Кляйнхайсерлерді сапқа қосты. Керісінше, жас серб Максимович, Каньяс және албандық Ллулакулер қазақстандық клубтың құрамынан шығарылса, жалға берілген Тағыберген мен Деспотович қайта елордалық клубтың жейдесін киді. Бүгінге дейін жасалған өзгерістер осындай.

«Астана» клубының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов: «Спартак» – құрамында мықты ойыншылары бар жақсы қарсылас. Олар жәйден-жәй өз елінің чемпионатын жеңген жоқ қой. Сәтті жеребе болды деп әзірге айта алмаймын. Жеребе өткен жылы да «Жальгирис» клубымен жолықтырғанда, бәрі бізді оп-оңай жеңеді деп сенген болатын. Соңғы секундта салынған гол ғана командамды келесі кезеңге алып шықты» – деп сұхбат берді.

«Қайрат» «Атлантастан» айласын асыруы керек...

Литваның клубы қаншалық «халық командасына» қарсылас бола алады? Жыл сайынғы топтық кезеңге өту үшін жан аямай жүрген «Қайраттың» еш жолы болар емес. 2016 жылы Израильдық «Маккаби» тосқауыл болған алматылықтар биылғы Еуропа Лигасында топтық турнирге топ ете қалуға шамасы жетеді. Себебі, литвалық клубты айналып өтсе, өзінің ескі қарсыласы, Албанияның «Скендербеуі» қол бұлғайтын болады (өз кезегінде олар да келесі кезеңге өте алса).

«Атлантас» командасының ойыншыларының құны бар болғаны 3,13 млн еуроны құраса, біздің клубтағы футболшылар құны 17,68 млн еуро. Бұл дегеніңіз, «Қайрат» құрамасындағы жігіттердің «сапасы» жоғарырақ. Ал сапалы ойын көрсете ме, оны жасыл алаңнан байқайтын боламыз.

«Қайрат» бапкері Кхабер Цхадзе: «Бұл Еуропа лигасы, сол себепті біз барлық қарсыластарымызды құрметтейміз. Әр футболшым мұнда өткізген кез келген ойынның маңызы өте жоғары екенін жақсы түсінеді. Барымызды саламыз. Қарсыласты төмен санау деген мүлде болмайды!» – деді.

«Ордабасы» өткен жылғы сәтсіздіктен сабақ алса...

Өткен жылы сербтік «Чукаричкиге» екі ойын нәтижесінде 3-6 есебімен жеңілген шымкенттік клубтан биыл не күтуге болады? Әзірге, Петрушин шәкірттері ел чемпионатында 3 сатыда келеді. Премьер-лига басталғалы 6 рет жеңілістің ащы дәмін татып үлгерді. «Ордабасының» бұл жылғы Еуропа лигасындағы алғашқы қарсыласы босниялық «Широки Бриег». Клуб жас футболшылардан құралған. Олардың ойыншыларының жалпы құны – 5,9 млн еуро. Ал біздің клубтың футболшылары – 10,35 млн еуро тұрады. Егер Петрушин командасы келесі кезеңге өтсе, шотландиялық «Абердинге» барып тіреледі екен. «Абердин» болса, екі жыл бұрын «Қайраттан» айласын асыра алмаған, ендігі олар қазақстандық клбуқа тістерін қайрап отырғандары анық.

«Ордабасы» жазғы трансферде бар болғаны 23 жасар шабуылшы Виталий Лиді сапқа қосты. Ал командадан бірнеше футболшы басқа клубтарға ауысып кетті. Әзірге басшылық кеткендердің орнын толтыратын ойы жоқ. Шымкенттік клуб өткен жылғы сәтсіздіктен сабақ алып, қарт Еуропаға азуын көрсететін уақыт жетті деп ойлаймыз. Айтпақшы, Шымкенттегі Қажымұқан стадионы УЕФА сынағынан өте алмай, үйдегі ойындарын Алматыда өткізетін болады. Себеп  – стадионда жарық жоқ!

«Ертіс» ерлейді деп үміттенейік!

«Ертіс» биыл футбол жанкүйерлеріне қандай сый жасар екен? Болгарлық «Дунав» командасы кешеге дейін Еуропа лигасынан алынып, оның орнын софиялық ЦСКА басады деп күдіктеніп келді. Соңғы сәтте, УЕФА бірінші аталған команданы турнирде қалдыратын болып шешті. Дегенмен, әлі күнге дейін ЦСКА клубы неге аталған турнирден шеттелігені белгісіз. Бұл мәселені болгарлардың өзіне қалдыралық. «Дунав» ойыншыларының құны бар болғаны 2,21 млн еуроны құрайды екен. Ал павлодарлық клубтың аяқдопшылары 6,85 млн еуроға бағаланып отыр.

Аталған ойынға байланысты «Ертіс» бапкері Дмитар Дмитров былай дейді:

«Біздің чемпионат қызып тұрған шақ болса да, орталық қорғаушылардың жоқтығы алаңдаушылық тудырып отыр. «Дунав» – мықты ұжым. Өз үйлерінде кез келген клубтан ұпай тартып алатын шамалары бар».

Біздің командалардың биылғы жорығы қандай болатынын жасыл алаң көрсете жатар. Ең бастысы, Қазақстан УЕФА рейтингінде көбірек ұпай еншілесе болғаны...