Қазақстандық клубтардың сәтсіздігі

Биылғы Еуропа лигасының топтық кезеңі қазақстандық клубтарсыз өтеді

Барлық қазақстандық клубтар Еуропа лигасын топтық кезеңі түгілі алғашқы турларынан-ақ сәтсіздікке ұшырады. «Қайрат» бірінші ойынында армениялық клубты жеңіп, екінші кезеңнен өте алмаса, шымкенттік команда бірінші турдан-ақ жарысты тәмамдады. «Қайсар» бірден екінші кезеңнен бастап, азулы АПОЭЛ-ге есе жіберген. Ал «Астана» чемпиондар лигасындағы сәтсіздіктен кейін Еуропа лигасын да «құрдымға» жіберді.

«Қайрат» қайрат көрсете алмады

«Маккаби» (Хайфа, Израиль) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 2:1 (1:1). Голдарды салған: 1:0 Ашкенази, 32, 1:1 Вагнер Лав, 45+1, 2:1 Рукавица, 73.

«Маккаби»: Коэн, Мабука, Арад, Хабаши, Менахем, Лави, Абу-Фани, Шери, Ашкенази (Хазиза, 55), Вилдсхут (Планич, 74), Рукавица (Хосе Родригес, 83).

«Қайрат»: Покатилов, Миканович, Дугалич, Әліп, Сүйімбаев, Косович, Гуральский, Әбікен (Тұңғышбаев, 87), Алықұлов (Вржещиньский, 81), Вагнер Лав, Айымбетов (Эсеола, 64).


«Маккаби» коучы Барак Бахар ұлттық чемпионатта екі бірдей жеңіске қол жеткізген және Еуропа лигасының 1 турында «Железничарды» сенімді түрде айналып өткен құрамды өзгеріссіз шығарды. Әдемі голдарды салып жүрген Рукавица өткір шабуыл өтінде, одан төменірек креативті хавбектер Шери-Ашкенази-Вилдсхут өнер көрсетсе, екі тірекші Лави мен Абу-Фани, қорғаныс шебінде квартет Мабука-Арад-Хабаши-Менахем ойнаса, қақпа кілті Джош Коэнге тапсырылды. Сол сияқты «Қайраттың» да құрамы айтарлықтай қауқарлы еді. Әбікен орталық жартылай қорғаушылар Гуральский мен Косовичтен биіктеу жүрсе, шабуылда Вагнер Лавтың серіктесі ретінде Эсеола емес Айымбетов ойнады. Ұлттық біріншілікте «Қайрат» барлық қарсыласына прессинг жасап, алғашқы минуттан-ақ адуынды қарсылық көрсететіні белгілі, сондықтан қорғаныстан ойнау олардың жоспарында болған емес. Армяндық «Ноа» да осындай «саясаттың» құрбаны болды. Ал Хайфа футболшыларына қарсы бұл жоспардың нәтижесі қандай болмақ? Төреші ысқырығы естіле сала, алаң иелері қалайда гол соғып, алға шығуды ойлағандары анық. Алғашқы он минуттықта Покатилов ойынға араласып үлгерген-тін. Қорғаныстағы қателіктер Барак Бахардың шәкірттерінің алға шығып кетуіне мүмкіндік беріп қоярдай еді. Дугаличтің сәтсіз пасын Вилдсхут керегіне жарата жаздады. Стас жақын бұрышты көздеген жартылай қорғаушының тепкен добын қаршып алды.

«Макаби» допқа көп иелік етіп, қауіпті шабуылдарын тоқтата қоймады. Дугалич қателескенімен, көп өтпей кеткен кемшілігін түзеп, қақпаға сегіз метрден жасалған соққыға тосқауыл болды. Тағы бір айыпдобы қақпа бағанына жақын ұшты. Шери ендігіде Покатиловтан спорттық снарядты парашют секілді асыра салғысы келген – биік кетті. Жарты сағаттық еңбектен кейін алаң иелері өз дегендеріне қол жеткізді: олар стандартты «әдемі» орындап, Шери тосқауылдың сыртында доп сұраған Рукавицаны тапқан, Никита болса, Ашкеназиге жеткізді. Соңғысы Стас қорғаған қақпаның кілтін таба білді. Айтары жоқ, комбинация израильдік команданың жай қарсылас емес екенін танытқандай. «Қайрат» алғашқы он бес минуттықты есептемегенде, бірінші таймды жақсы қарқында өткізді. Алматылықтар қақпаға жасалған соққылар бойынша қарсыласынан кем түскен жоқ, төрт корнер орындады. Үзіліске бірер минут қалғанда бразилдік шабуылшы Вагнер Лавтың көмегімен есепті теңестіре білді. Төреші қосқан уақытта Сүйімбаев өз қапталынан пас шығарған, бұған дейін бірнеше жақсы шабуылдарды түйіндей алмаған арадагер-форвард бұл жолғы мүмкіндігін бос жібермеді. Оның бірнеше қорғаушыладың ортасынан жасаған жеңіл соққысы қарсыластың аяғына тиіп, бағытын кішкене өзгертіп барып, тордан табылды. Коэн мұндай «сиқырлы» соққыны күтпесе керек. Таблодағы есеп 1:1.


Сол қапталдағы бос кеңістікті оңтайлы пайдалануға тырысқан Вилдсхут оң жақтағы ашық тұрған Шериді көрді. Ол өз кезегінде допты тура Покатиловтың қолғабына ұстата салды. Соған қарағанда Тьяроннға айып алаңынан гөрі, 25 метр қашықтықтан гол салған оңайырақ секілді. «Қайрат» Сүйімбаевтың алыстан жасалған сәтсіз соққысымен жауап қатқандай болды. Қорғаушының орта дистанциядан тепкен добы, өз ойындағыдай шықпаса керек. Бір сағат алаңда тер төккен Абат Айымбетовтың да жасаған соққысы Коэн қорғаған қақпаға дәл ұшпады. Қазақстандық шабуылшыны Шпилевский Эсеоламен алмастыруды дұрыс деп шешсе керек. Алайда, украиндық форвард жасыл алаңда бар шеберлігімен көріне алмаған сыңайлы. Ал Барак Бахар ойыншы алмастыруда тапқырлық танытқандай. Себебі, матчқа тыңнан қосылған Хазиз оң қапталдан айып алаңында Рукавицаны таба білді, Никита болса Дугаличті қапы қалдырып, құлап бара жатып, спорттық снарядты Стас қорғаған қақпаға бағыттап үлгерді, қазақстандық қақпашы қанша тырысқанымен австралиялық ойыншының добына тосқауыл бола алмады. Есеп 2:1. Алғашқы голға асистент болған Рукавица ендігі толық голдың авторы атана білді. Ол осымен төртінші ойында қатарынан көзге түсіп отырғанын айта кету керек. Алматылық клубтың есепті теңестіруге бар-жоғы жиырма минуты қалды, оған қоса алаңға екі жаңадан ойыншы қосып, матч тағдырын шешуге мүмкіндік бар еді. Шпилевский шабуыл шебіндегі ойыншыларды ертерек алмастырғанда немесе біршама денелі Шушеначевті алаңға шығарғанда біз ойлаған өзгеріс орын алар ма еді? Не десек те, ойын аяқталарға он минут қалғанда оңтүстік астаналықтарда тағы бір голға көрімдік сұрайтын жақсы мүмкіндік туған еді. Косович бұрыштамадан нүкте аймағынан Дугаличті тапқан, ауадағы таласта жеңіске жеткен Раденің басынан ұшқан ойын заты Вагнер Лавқа жетті, бразилдік мұндайды құр жіберсін бе? Алайда, гол төреші шешімімен есептелмей қалды. Бәріне кінәлі Гуральский. Оның аяғы допқа тимесе де қарсылас команданың ойыншыларына кедергі келтірді. Осыны есепке алған қақпалдағы төреші бірден қолындағы жалаушыны көтерген-тін. Өкінішті. Поляк жартылай қорғаушысы өзінің ойыннан тыс қалғанын білген соң, қимылсыз қалғаны дұрыс еді... Не десек те, таблоға ешқандай өзгеріс енгізілмеді. Қиындықсыз деуге келмес, бірақ, алаң иелері жеңіс есебін ойын соңына дейін сақтап қалды. Барак Бахар осымен екінші рет алматылық клубты жарыстан шығарып отыр. Сонымен, сәтсіздік әлі күнге дейін «Қайрат» клубын айналшықтап жүргендей. Израильдік клуб келесі кезеңде Ресейдің «Ростовын» жарыстан шығарып, үшінші турда ағылшындық «Тотенхэмнен» оңбай таяқ жегенін айта кетейік. Ендігі Шплиевсикй шәкірттері келесі жылғы Еуропа кубоктарына дайындалатын болады.

АПОЭЛ адым аштырмады

«Қайсар» (Қызылорда, Қазақстан) – АПОЭЛ (Никосия, Кипр) – 1:4 (1:2). Голдарды салған: 1:0 Лобжанидзе, 6, 1:1 де Винсенти, 14, 1:2 Ануар, 24, 1:3 Атцили, 48, 1:4 де Винсенти, 90+4.

«Қайсар»: Заруцкий, Әмірсейітов (Кашкен, 89), Граф, Марочкин, Қайыров, Нарзілдаев (Станисавлевич, 58), Колев, Битанг, Тағыберген (Гурман, 85), Федин, Лобжанидзе.

АПОЭЛ: Мигель Силва, Нсуэ, Шелис, Рафаэль Сантос, Уилер, Ануар, де Винсенти, Ндонгаля (Нухиу, 85), Захид, Клонаридис (Атцили, 46), Бен Саар (Аль-Тамари, 58).


Қызылордалық клубтың негізгі ойыншыларының бірі Асхат Тағыберген жарақатынан айығып, алаңдағы өз орнына оралды. Бұл да «Қайсар» үшін жақсы жаңалық болғаны рас. Себебі, Асхаттың командада рөлі зор. Сонымен, «қасқырлардың» коучы Стойчо Младенов 4-1-4-1 форматын негізге ала отырып, ойыншыларын алаңға жіберді. Ал АПОЭЛ жаттықтырушысы тәжірибеден алдыңғы ойында ғана өткен қорғаушыларын ойынға қосуға шешім шығарыпты. Нсуа оң қапталда, Шелис пен Рафаэль Сантос орталықты күзетсе, Уилер сол қапталда тер төкті. Ал де Висенти мен Ануар тірекші міндетін атқарса, шабуылда Ндонгаля мен Клонаридис өнер көрсетті. «Ондық» рөлі Захидке берілді, ал өткір шабуылда Бен-Саар ойнады. Қонақ команданың бапкері көңілінен шықпаған ойыншыларға сенім артпасы анық еді. Шабуылда Аль-Тамари мен Отцили болмағанның өзінде кипрлік команда алғашқы минуттардан жақсы ойын өрнегін көрсете бастады. Алғашқы бес миниуттықта қызылордалықтар тек қорғанумен болды, тек алтыншы минутта ғана қарымта шабуылға иек артып, Федин қапталдағы Қайыровқа доп қалдырды, Бағдат өз кезегінде Тағыбергенге спорттық снарядты жеткізді. Ол орта дистанциядан Мигел Силваның мықтылығын сынап көрген, алдына қарай допты қаққан қонақ қақпашы күтпеген жерден Лобжанидзе жетіп келіп, гол соғатынын білмесе керек. Грузиялық шабуылшы өз туған күніне осылайша сыйлық жасағандай. Бірақ, ең жақсы сыйлық ол команданың жеңісі болушы еді. Бірінші голды алаң иелері соққанымен, кипрлық команда алғашқы минуттардағыдай өз белсенділігін жалғастыра берді. Бірнеше корнер орындап, Заруцкий қақпасын торуылдап көрген, Клонаридистің тепкен добы айдалаға ұшты. Десе де, қонақтар ойынның бар-жоғы 14 минутында өз дегендеріне жетіп тынды. Захид қызылордалық қорғанысты бұзып-жарып, Нсуэге доп жеткізген, ол ди Висентиді тапты. Соңғысы Заруцкий қорғаған қақпаның кілтін тауып, есепті теңестіріп кетті. Осылайша, таразы басын тең қылған кипрлықтар екінші голды салуға тырысып бақты. Клонаридистің добын Граф аяғымен бұрыштамаға жіберсе, Бен-Саардың алыстан жасаған соққысына Заруцкий тосқауыл бола білді, киперден қайтқан допқа үлгерген Захид екінші голға көрімдік сұрағысы келген, Әмірсейітов қақпа сызығынан спорттық снарядты алып шықты. АПОЭЛ-дің тағы бір шабуылын Ндонгаля бастап берді, ол Захидке өткір пас беріп, соңғысы Клонаридистің соққы жасауына мүмкіндік жасаған. Оның оң алтылыққа «жүгірткен» добын Заруцкий алып шықты. «Қайсар» қақпашысы бар шеберлігін ортаға салса да, қонақтардың үстін-үстін жасалған шабуылы екінші голға жеткізді. Матчтың 24-минутында Ануардың атына кезекті гол жазылды. Бәрі Битангтың Захидке жасалған фолынан басталды, одан кейін Колев Уилерді шалып жықты. «Стандарт» Ануардың Заруцкий қақпасынына тура соққы жасауымен аяқталды. Кипер қолғабы допқа тигенмен, голдан аман сақтай алмады. Ойында алға шыққандығына қарамай, АПОЭЛ шабуылын тоқтата қоймады. Ндонголя қақпаның оң қапталынан шыға келіп, оңтайлы сәтке ие болса да, соққы жасамай ди Висентидің дубль жасауына жағдай жасағысы келген. Бірақ, ойы іске аспады. Ендігіде «Қайсар» алға ұмтылып, допқа иелік етіп көрмек болған. Оң қапталдан жеткен кроссты Колев өз пайдасына асырмақ еді, түк шықпады. Қонақтардың бұған берген жауабы қауіптірек көрінді: Клонаридис Бен-Саардың басына әдемі пас жеткізе алмады, Заруцкийге бірге-бір шыққан Захид допты кипердің үстінен асыра салуды ойлағанмен, сәтсіз болды. Үзіліс алдында «Қайсар» қақпашысы маңызды сейвпен көзге түсті. 4-ке үш шыққан қонақтар тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Бұл қызылордалықтарға қол болды. Себебі, онсызда ұтылып жатқан Младенов шәкірттері үшінші голды жіберсе, ойынды құтқара алмайтынын түсініп, салы суға кетер еді-ау. Бірақ, жасыл алаңдағы тартысқа қарап, ол мүмкін екеніне де сену қиындап бара жатқандай. Клонаридистің бірнеше мүмкіндікті далаға жібергенін көріп тұрған АПОЭЛ бас бапкері Мариус Узунидис оның орнына команданың жаңа ойыншысы израильдік Омер Атцилиді шығарды. Атцили бірер минут өтер-өтпес жаттықтырушының бекер үміт артпағанын дәлелдегендей. Ол Нсуэнің пасына аяғын қойып, Заруцкийден айласын асырып кетті. Марочкин бұл шабуылды қанша үзуге тырысқанымен, сан соғып қалды. 1:3 есебі АПОЭЛ-дің келесі кезеңге өтуіне толықтай кепілдік беретін секілді. Оның үстіне қазақстандық клуб та кипрлік қарсыластарына ешқандай қайрат көрсетіп жатқан жоқ. Алайда таблодағы көрсеткішке қонақтар қанағат етпейтіні көрініп-ақ тұрды. Бес минут өтпей жатып, Бен-Саар Нсуэге доп қалдырған, афроиспандық Заруцкийден айласын асыра алмады. Алаң иелерінің кипері Ануардың да орта дистанциядан жасаған соққысын қақпаға дарытпады. «Қайсардың» салы суға кетпей, жақсы екі шабуылдың ұшын шығарған. Алғашында «стандарттан» Станисавлевич кросс жасағандай көрінген, оның қақпаға қарай ұшқан добы, торға түсуге аз қалды, одан кейін Алекс ойыннан Лобжанидзені тапқан, грузиндік форвард оны керегіне жарата алмады, керісінше Тағыбергеннің қонақ кипердің шаңын қағатын мүмкіндігі бар-тын, Асхаттың тепкен добы бағадан қиыс ұшты. Өкінішті. Сол сияқты кипрліктер де айтарлықтай басымдыққа ие болатындай мүмкіндікті құр жіберіп алғандай. Ойынның аяқталуына жиырма минут қалғанда Ндонгаля маңдайшаның тура астына дөңгелетіп соққы жасаған, Заруцкий супер-сейв жасап, өзінің нағыз бабында екендігін көрсетті. Ол Захидтің де жасаған соққысына тосқауыл болды. Тағыберген үшін Станисавлевич жақсы «стандарт» жасап берген, Асхаттың жиырма бес метр жерден жасаған соққысын Мигел Силва корнерге жіберді. Бұрыштамадан да Асхат қақпа алдындағы командаластарына жақсы пас жеткізбек болған, Графтың басына тиген допты кипрлік қақпашысы оңай қаршып алдлы. Ендігіде Аль-Тамари айып алаңынан алыс тұстан Заруцкийдің қолғабынан табылған соққы жасады. Стойчо Младенов алаңға тыңнан Гурман мен Кашкенді қосты. Ұтылып жатқан командаға шабуылшы керек емес пе? Жалпы, жаттықтырушының өз ойлаған бар болар. Алайда, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Төреші қосқан қосымша уақытта сол Атцилидің тепкен добы маңдайшадан биік кетті. Гурманның орталық алаңда доптан айырылуы төртінші голдың соғылуына алып келді. Аль-Тамаридің соққысын Заруцкий қайтарғанмен, екінші толқынмен Захид шабуылды өршіткен болатын. Ол де Висентиді тауып, соңғысы осы ойынның нүктесін қойды. Жылдам есеп ашып, артынан төрт бірдей доп жіберіп алуы «Қайсардың» Еуропа ойындарында тәжірибесі жоқтығынан деген ой түйеміз. Мұндай ойындарда Младенов шәкірттеріне ауадай қажет те шығар.

Қонақ команда қызылордалықтардың қақпасына тура 15 соққы бағыттаған екен. Бұл жерде қақпашы Заруцкийдің еңбегі ерен. Қызылордалықтардың ішінде үздік ойыншы десе киперді айтуға болатындай. «Қайсар» Еуропа лигасына дайын болмай шықты. Младенов мүмкін басқа құрамды қоюы керек пе еді? Колев пен Федин жарқын ойынымен көзге түсе алмады, Битанг пен Қайыровтың да бар тырысқаны жеткіліксіз болды. Тек ойынға тыңнан қосылған Станисавлевич «қасқырлар» ойынына аздаған «сән» кіргізгендей болған. «Аздаған» деген сөздер АПОЭЛ сияқты командаларға қарсы мүлде айтуға келмейді. Кипрліктер Қазақстан кубогының жеңімпазын қалпақпен қағып алды.

Опық жеген «Ордабасы»

«Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) – «Ботошани» (Румыния) – 1:2 (1:2) Голдарды салған: 0:1 Хольцманн, 25, 1:1 Махлангу 31, 1:2 Дуганджич, 33. Соғылмаған пенальти: Диакате, 12 (қақпашы).

«Ордабасы»: Шайзада, Бадибанга, Дәуітов, Фонтанелло, Дмитренко (Механович, 84), Досмағамбетов, Диакате, Махлангу, Жоао Пауло (Жанғылышбай, 76), Бриджидо, Хижниченко (Симчевич, 46). 

«Ботошани»: Пап, Харуц, Киндриш, Серони, Хольцманн, Родригес, Флореску, Мендоса, Ашковски (Тиганасу, 89), Офосу (Кейта, 74), Дуганджич (Роман, 90+2).


Кахабер Цхададзе бірінші минуттан жарақат алып қалған Мардан Төлебектің көмегіне жүгіне алмайтыны белгілі болды. Сол сияқты Симчевич те негізгі құрамға ілінбей қалды. Шымкенттік клубтың бапкері латераль ретінде Бадибангаға иек артса, алдыңғы ойынды жіберіп алған Диакате өз «қызметіне» оралды. Ал Жоао Пауло өткір шабуыл өтіне жіберіліп, Хижниченко мен Бриджидо барзилдік футболшыдан төменірек өнер көрсетті. Ал қонақ команданың бас бапкері Мариуч Кройтору Румыния біріншілігіндегі соңғы ойынмен салыстырғанда бір ғана өзгеріс жасапты, орталық хавбек жас Александрудың орнын тәжірибелі Мендос басты. Қақпада Пап, қорғаушылар төрттігі - Харуц-Киндриш-Шерони-Хольцманн, тірекші Родригес, одан ілгерірек Флореску, вингерлер Ашковски мен Офосу, ал страйкер Дуганджич ойнады. Матч өте қызықты басталды. Алаң иелері бірден шабуылға иек артқан. Бриджидо сол қапталдан қақ жарып жеткен пасқа аздап үлгермей қалса, Жоао Паулодан келген спорттық снарядты Хижниченко теуіп жарытпады, оның алдын қонақ қорғаушы Киндриш орап үлгерді. Шымкенттік клубтың өткір шабуылына қонақтар да барынша қауіпті жауап қатты. Офосу оң бұрыштан торға допты бағыттаған, оны кипер Шайзада иығымен қағып үлгерді. Корнерден келген қауіпті тез сейілткен «Ордабасы» футболшылары қарымта шабуылға жүгірді: Досмағамбетов Жоао Паулоны қақпашымен бетпе-бет қалдырған, бразилдік шабуылшы бос қақпаны көздеудің орнына оған ереже бұзған күтіп тұрғандай. Пап сары қағазбен жазаланды. Ал 11 метрлік нүктеге келген Диакатенің соққысын кипер қайтарып тастап, әлгінде жіберген қателігін жуып-шайғандай болды. Абдулайдың алғаш гол соғатын мүмкіндігі желге ұшты. Шымкенттіктер алдымен ашқанда, ойын сценарийі басқаша өрбуші ме еді?! Мәселен, есепті теңестіруге ұмтылған «Батшонидің» қорғанысы сыр беріп, шымкенттік жылдам ойыншылар тағы да есепті еселеуге мүмкіндік алар еді. Алайда, футбол әрдайым біз ойлағандай бола бермейді. Сен салмасаң, саған салады қағидасы осы жерде алаң иелерін қапы қалдырғандай. Офосу сол қапталдан Дәуітовты алдап өтіп, қақпа алдына пас берген, Хольцменн бірден Шайзада қақпасын көздеді, аяғына тиген доп тордан бір-ақ шықты. Ал Бадибанга қайда қалғаны белгісіз. Осы жайсыздықты көрген Кахабер Зигиді сол қапталға шығарды. Бапкердің бұл ойы көп өтпей жемісін берді. Бадибанга қақпа алдына өткір пас шығарған: Махлангу алыс бұрышты көздеді, Пап бұл эпизодта өте сәтсіз өнер көрсетті. Қонақ қақпашы Майдың добы қақпадан айналып өтеді деп ойласа керек. Есеп 1:1. Алайда, алаң иелерінің қуанышы көпке созылмады. Араға бірер минут салып, «Ботошони» қайта есепте алға шығып кетті. Қонақтардың екінші голы алғашқысы сияқты өте қарапайым шықты. Родригестің вертикальді пасы, Мендестің спорттық снарядты әуелетуі, Флорескудің қақпа алдына жеткізген добы, бос кеңістік таңдап үлгерген Дуганджичтің шеберлікпен соққан голы. Бұл орайда, Бадибанга тағы қайда қалғанын білу қиын секілді. Оңай жеткізілген пастар... Тағы айта кетерлігі, қонақтардың қорғанысы сондай беріктікпен есте қалған жоқ, шымкенттік клуб үзіліске тең есеппен кетуге мүмкіндігі жетерлік еді. Диакате орталық алаңға допты оңай алып келіп, Жоао Паулоны тапқан. Соңғысы 11 метрлік нүктеден қиыс тепті. Цхададзе командасмында мүмкіндіктер жоқ емес, тек оны кәдеге асыратын адам табылмай жатқаны...

Екінші таймда «Ордабасы» жаттықтырушысы Хижниченконың орнына Симчевичті шығарды. Былайша қарағанда Бадибанга шабуылға көмекке келіп, Симчевичке қорғаныстағы қателіктердің орнын толтыру міндеттелгендей. Бұл өзгеріс бірден шымкенттіктердің ойынына қан жүгіртті. Досмағамбетов керемет пасымен Симчевичті тапқан, ол Паптың шеберлігін бір сынап көрді. Соңғысы суперсейвпен көзге түсті (бірақ, серб қорғаушы офсайдта қалып қойыпты). Ойынға тыңнан кірген Александрдың көзге түсетін тағы бір мүмкіндігі болған, бірақ сол қапталдан келген допқа аяғын қойып үлгермеді. Жалпы алғанда, ойынның екінші бөлігі оңтүстікқазақстандықтардың басымдығымен өтті. Алайда, шабуылды түйіндеуге келгенде, жолдары болмай-ақ қойды. Жоао Пауло айып алаңынан маңдайшадан екі рет биікке тепкен, Диакатенің пасын киперден өткізуге бірнеше сантиметр ғана жетпей қалды. Бриджидо қақпа торының сыртын көздесе, Фонтанелло «стандарттан» гол салуға ниеттеніп көрген. Онысынан түк шықпады. Пап төреші қосқан қосымша уақытта да шеберлігін ортаға салуын жалғастыра берді. Тамаша сәт 90+4 минутта орын алды. Симчевич айып алаңына керемет пас жеткізді, Механович Папты оңай қапы қалдырған, ал Жаңғылышбай бос тұрған қақпаға допты тоғыта салудың орнына аяғын дұрыс қоя алмады. Алаң илерінің шабуылға иек артып, қорғанысқа айтарлықтай көңіл бөлмей жатқанын байқау қиын емес-ті. Сондай сәттің бірінде Дуганджич дубль авторы атануына мүмкіндік туған. Алайда, сәттілік айналып өтті. «Ботошани» әбден қалжырағандықтан, тағы бір шабуылды түйіндей алмады. Анығын айтқанда Мариус Кройтору шәкірттері жеңісті есепті ұстап қалуға тырысып бақты. Және олар ордабасылықтардың қателіктерінен кейін ойлағандарына қол жеткізді. «Ордабасы» осымен екінші жыл қатарынан Еуропа лигасының бірінші турынан өте алмай отыр. Өткен жылы да чехиялық «Млады Болеславты» айналып өтуге шамалары жеткен, биыл да румындықтар соншалықты қауқарлы команда емес екені көрініп тұр. Әрине, жеңіске жету үшін 11 метрлікті орындап, қақпаға тура соққылар жасай алу керек те шығар.

Ел чемпионы бұл жылды Еруопа лигасынсыз өткізеді

«Астана» (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) – «Будучность» (Подгорица, Черногория) – 0:1 (0:1).

Гол салған: Терзич, 25.

«Астана»: Эрич, Шимунович, Постников, Радакович, Шомко (Бейсебеков, 50), Маевский, Эбонг (Щеткин, 86), Ротариу (Томасов, 57), Сигурьонссон, Барсегян, Сотириу.

«Будучность»: Драгоевич, Вукчевич (Милич, 9), Чукович, Аджич, Секулич, Миркович, Раичкович, Терзич (Вуячич, 89), Иванович, Мораитис (Джуричкович, 90+5).


«Астана» клубының жаттықтырушысы Пол Эшуорт Марин Томасовты алаңға жібермей, оның орнына Ротаруиға мүмкіндік берді. Ал қалған құрам осы ойынның алдында ғана «Ордабасыға» қарсы сенімді өнер көрсеткендер. Ал «Будучность» бапкері Младен Милинкович алаң иелерінің 11 футболшысына қарап отырып, сарбаздарын әзірлегендей. Ең маңыздысы, черногориялықтардың капитаны Драшко Божович дисквалификациясына байланысты ойынды жіберсе, бұған дейін жарақат алып қалған Петар Грбич қатарға қосылып үлгеріпті. Ал «ондық» рөліне Черногория жастар құрамасының ойыншысы Василе Терзич өнер көрсетті. Оны плеймейкер ретінде айту қиын секілді, себебі ол көбінесе қорғаушыларға көмек көрсетті. Қонақтар «Астананың» соңғы ойынын егжей-тегжейлі қарап, шабуылға шығуына барынша кедергі келтіріп бақты. Бірінші таймның алғашқы бөлігінде Сотириу оң қапталдан жеткен Эбонгтың пасын, тоғыз метр жерден теуіп, Драгоевичтың еншісіне бере салды. Ал қонақтар алғашқы таймда Вукчевичтің жарақатына байланысты, ойынға тыңнан теңбілдопшы қосты. Оған қарамастан, черногориялықтар сенімді ойын өрнегін көрсетті. Миркович бесминуттықта орта дистанциядан Эрич қорғаған қақпаның кілтін іздеп көрген, бірақ ойлағаны болмады. Ойынның бұл бөлігі қонақтардың соққан голымен есте қалды. Грбич алаңның сол тұсынан қақпа алдына пас жеткізді, орталықта астаналық қорғаушылармен теке-тірескен Мораитис таласып көрген, көмекке жеткен Терзич Эричті қапы қалдырып кетті. 0:1 есебі сондай қауіпті емес екенін мойындау керек. Еуропалық ойындардан әбден тәжірибе жинаған «Астана» таразы басын өзіне бұрып әкетеді деген соқыр үмітіміз болғаны рас. Алайда, алғашқы 45 минуттықта Пол Эшуарт шәкірттері мәнді ештеңе ұйымдастыра алмады. Допқа иелік ету де соншалықты нәтиже бере қойған жоқ. Постников Сотириуге пас жеткізген, ол кипермен бетпе-бет шыққанымен, қақпадан қиыс тепті. Ал керісінше, «Будучность» үш қауіпті шабуыл ұйымдастыра білді. Иванович оң бұырштан Эричтің қолғабына соққы жасаса, екінше ретте Постников Грбичті шалып жыққан нүктеден айып алаңына қарай доп берді. Маевский теке-тіресте жеңіліп қалғанына қарамай, эпизодты өз еншісіне қалдырып, спорттық снарядты корнерге жіберді. Ойынның екінші бөлігінде Маевский қонақ кипермен бетпе-бет шығып, Драгоевичтен айласын асыра алмады. Көп өтпей Барсегян командасына «стандарт» әперген, төреші көрсеткен нүктеден Сигурьонссон маңдайшадан биігірек соққы жасады. Ал Сотириу қорғаушыларды қарауылдап жүріп, бұрыштамаға қол жеткізді. Корнерден Эбонг соққы жасайтын мүмкіндікті желге ұшырды. Екінші таймның алғашқы он бес минуттығында черногориялықтар Ивановичтің дриблингімен көзге түсті. Ол жарақат алып қалған Шомконың орнына шыққан Бейсебековты «қақпанға» түсірді. Астаналықтардың басты өзгерісі матчтың бір сағаты өткенде ғана орын алды, алаңға ерекше ойынымен көзге түсе алмаған Ротариудің орнына Томасов шықты. Мариннің матчқа араласуымен черногориялықтардың қақпасының алды қызу тартысқа тола бастады. Алдымен Томасов айып алаңына пас жеткізген, оның бұл ойын ешкім түсіне қоймады. Одан кейін Сотириудан пас алған хорват Секуличті айналып өтіп, Драгоевичтің сол қапталына соққы жасап көрді, доп қиыс ұшты. Астаналық бас бапкер шабуылдағы кемшіліктің орнын толтырсын деп тыңнан Щеткинді қосқан. Алексейдің кірумен алаң иелері екі бірдей корнер орындауға мүмкіндік алды. Дегемен, қонақтар бар күш-жігерін сала отырып, қауіптің бетін қайтара алды. Одан кейін Томасов Драгоевичтің шеберлігін екі рет сынап көрді, алдымен қақпашыға жақын алтылықты көздеген, кипер өз орыында, келесіде жерлете келген спорттық снарядты қолғабымен қаршып алды. Ойынның соңғы минутында қақпаға жиырма метр қашықтықтан Сотириу айып добын әперген. Ол тұстан Марин бекініс құрған қонақ ойыншыларды көздеп тынды.

«Будучность» 90 минут бойы өз қақпасын аман алып қана қоймай, төреші қосқан қосымша уақытта ойынның нүктесін қоятын мүмкіндікке ие болған. Бұл жолы Иванович Эрич қорғаған қақпаны тура көздей алмай, сан соқты. Қонақтардың жеңіске жетуіне бар-жоғы бір гол ғана себепші болды. Ал астаналықтарға не жетіспеді? Мүмкін, Пол Эшуортқа қарағанда тәжірибелі жаттықтырушы? «Астана» ойыны жергілікті чемпионатта да жақсы жағынан көрініп жүрген жоқ. Тек кейбір ойыншылар жеке шеберлігімен команданы алға сүйреп келеді. Бұл матчта жеке шеберлікке қарағанда, командалық ойын көрсеткен қонақтардың бағы жанды.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)