Қандастар Ассамблея

Мақсат Жақау: «Демократияны орнататын өзіміз»

Саясаттанушы Мақсат Жақаумен сұқбат

Осыдан бірнеше апта бұрын мемлекет басшысы Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Осы орайда саясаттанушы Мақсат Жақаумен әңгімелеіп, референдум туралы пікірін білуді жөн санадық.

— Мақсат мырза, мемлекет басшысы референдум өткізуге неге асығып отыр? Мұның астарында не жатыр? Халықтың көкейінде жүрген көп сұрақтың біріне қандай пікір айта аласыз?

— Меніңше, егер қоғам Қазақстанда не болып, не болмағанынан хабардар болса, саяси астар іздегеннен гөрі, референдум арқылы қандай өзгерістерге аяқ басатындығымызды ойлану керек. Бізге ешкім, әсіресе сырттан демократиялық дұрыс қоғамды орнатып бермейді. Бұл демократияны орнататын өзімізбіз.

Қазақта «өз қасығым өз аузыма жеткен кезде» деген сөз бар. Кешегі отыз жылдық авторитарлық режимді ет-сүйегімізге дейін енгізген суперпрезиденттік режимді орнатқан отбасылық кланның ылаңынан, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай қалай тазарамыз деген қарекетте, бүгінгіні емес, ертең қаншалықты өзгеретінімізге көз жүгірткеніміз абзалырақ болар. Себебі, референдум бұл әркімнің пікірі ескерілетін де-юре қадам.

Бүгін жиырма жетіге келген азамат референдумның не екенін білмейді, көрмеген де. Ендеше, барлық жариялық демократиясы дамыған мемлекеттердің тәжірибесімен қайта саяси жаңғыру жолына түскенде, неге халықтық референдуммен Ата заңымызға жан бітермейді екенбіз?!

Саяси өмірде «менің еркіндігім басталған жерде, сенің еркіндігің аяқталады» деген А.Камюнің сөздерін ескерсек, билігі мен қайраты, саяси ерік-жігері тұрғанда Президент ұйықтап отырмай, елді мезетінде тыңдап, кешегі «қаңтар оқиғасынан» сабақ алып, дереу саяси реформаларды жасамаса болмайтындығын ашық айтты емес пе?! Ойланып, оған жылдар салып отыруға сіздің де биліктің де уақыты жоқ. Сондықтан, халықтың арман-мұратына айналған демократиялық өзгерістерді халықтың ертең емес, бүгін бақытты болуын қалаймын деген ұранмен кірісе кетті. Президент оның үстіне жан-жақты бәрін білетін данышпан емес қой. «Ханда қырық адамның ақылы бар» демекші, елді, сарапшыларды, қоғамды, мамандарды әбден тыңдап барып белшеше кірісіп отыр. Бұл жақсылықтың нышаны деп білемін.


— Ата заңда болатын өзгерістердің ішінде «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да таби­ғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай–ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін» деген тарап бар. Жер атам заманнан халықтікі екенінін ескерсек, сонда бұл жерді сатуға және жалға беруге болады деген сөз бе? Бұл өзгеріс көпшілікке ұнамасы анық. Сіз не айтар едіңіз?

— Жер қашан да экономикалық дамудың басты қайнар көзі болып есептеледі. Ата заңның 6-бабында егер жер және оның бетіндегі дүниенің барлығы халыққа тиесілі деп нақтылап кететін болса, бұл Ата заңның, халықтың құқықтарының қаншалықты маңызға ие екендігін айғағы. Жер, мемлекет халықтың игілігіне қызмет етіп, болашақ ұрпақтың еншісіне сақталуы тиіс. Конституцияда тайға таңба басқандай субьектісін халық деп көрсеткенде, ол қалай бөтеннің қолына кетуі керек?! Егер жерді игеруде жеке қожалыққа, отандық азаматқа беріп жатса, игерсе де өзіміздің азаматтарымыз ғой оны игеретін.

Қазір кімнің латифундист, кім олигарх екенін бәрі біледі. Билік олардың дәуренін енді қайталатпайтын әрекеттерді ұсынып отыр.

Біраз кезінде алынып игерілмей жатқан жерлерді қайта мемлекетке қайтартып жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы азаматтарға он сотоктан беретін тиесілі Ата-Заңның баптарында көрсеткен тармақтары іс-жүзінде қолданыла бастады. Жер иесі халық игермегенде, оған иелік етпегенде кім игереді?! Сондықтан, қазір биліктің басы екеу емес, жер туралы баппен жұртты алдайтындай. Ол заман кешегі отыз жылдықта кетті. Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек.

— БАҚ беттерінде саясаттанушы Рустам Бурнашевтің « Қазақстанда мықты саяси партия жоқ» деген пікірі жарық көрді. Оның пікірінше, мықты парламент құра алмаудағы басты себеп – мықты әрі шынайы саяси партияның болмауынан дегенге саяды. Бұл пікірге қосыласыз ба? Әлде өз айтарыңыз бар ма?

— Саяси бәсекелестік болмаған қоғамда – сапа да, сан да, нәтиже де болмайды. Егер партиялар әрбір сайлаушының дауысы үшін сапалы бағдарламаларды, нәтижелі жұмыстарды көрсетпейтін болса, құр науқаншылдық, саяси монополия, жалған статистикамен ғана жұртты алдаумен болады. Оны да көрдік қой. Партиялық жүйемен келу дегеніміз, ол да тағайындалу, сыйға алу не сатып алу сияқты процеспен жүріп келді. Ал шынайы бәсекелестік туралы, ашық демократия туралы әңгіменің ауылы алыс болады мұндайда. Сол себепті, Маслихаттарды аудандық толығымен, облыстар елу пайызда, Мәжілісте 30 пайызға дейін жеке мандатпен келуді қолға алып отыр. Бұл жерде партиялардың маңыздылығын әсте де түсіру деген сөз емес. Керісінше, нағыз саяси бәсекелесуге итермелеу, жоғарыда айтқанымдай әрбір сайлаушының дауысы үшін жанталасу әдетін қалыптастыру. Сонда уәде бердің ба, ендеше уәдеңді орында деген жауапкерешілік еселене түспек. Меніңше, нағыз мықты партиялар осындай саяси майданда пайда болады. Президенттің бастамасы да осы, өзін ешқандай партияға бүйрегін бұрғызбай, бәріне тең мүмкіндікте күресуге жағдай туғызу, әрбір қоғамдағы проблемаға ең алдымен депутаттар шырылдап жұмыс істеу. «Парламентте карьеристер мен келімсектер керек жоқ» деген Президент шынайы жанашыр депутаттары бар партияларды саяси өмірге келуін қалап отыр. Мейлі, әр нәрсенің кемшілік тұстары шыға жатар, бірақ бастысы бағыт дұрыс.

— Халық тарапынан «Билік неге Конституция талаптарын, өз шешімдерін жұртшылықпен ашық талқыламайды, неге мемлекеттік маңызы бар мәселелер жабық есік жағдайында қабылданады, билік неге жауапсыз», деген наразылық пікірлер айтылып жүр. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі халық назарынан тыс қалып жатыр ма?

— Меніңше, Конституцияны мамандар-заңгерлер жасайды. Олар қоғамның қажеттілігін, басты құндылықтарын саяси-әлеуметтік маңыздылығын жан-жақты егжей-тегжейлі сараптап барып жазады. Шариат заңдарын уақытында заң мен әдет-ғұрыпты білетін ғұламалар жазса, Ата-Заңның да баптарын біздің заманымыздың білікті мамандары жазуда. Бірақ ойдан құрап жатқан ешкім жоқ қой Ата-Заңды, бәрі осы уақыттың сұранысынан пайда болып жатыр. Ақпараттық мүмкіндіктерді, ашық алаңдарды қолданып, әуелі сарапшылар, ғалымдар, заңгерлер талқылап шықты, оның редакциялық нұсқасын елге ақпараттық көздеріне шығарып жатыр. Ал енді осыған әрбір келісетін не келіспейтін азамат 5-і маусымда «ия» немесе «жоқ» деген нұсқасымен таңдайды.

Ал енді, егер мамандарға-ғалымдарға салмай бәрін халыққа беріп ашық талқылайық деген қалай жүреді? Кезінде латын әліпбиін әлеуметтік желіде сауаттысы бар, сауатсызы бар жаппай талқылап кетті ғой, содан не болды, бірауыздан шықты ма әліпби? Билік қоғамның латиницаға әлі дайын емес деп мамандарға қайтарды. Сондықтан, Ата-Заңның мысалында, Ата-заңды әркім талан-таражға салып талдай беретін ойыншық емес екенін түсіну керекпіз. Мәселе талқылағанда емес, мәселе дұрыс мазмұнды заңды бізден де дұрыс ойлайтын мамандарға сенім артып, қоғам үшін игілігін беретін Заңның мерейін үстем қылу. Бәріміз сол заңға мойынсынып бағыну.

— Ата заңдағы өзгерістерде Қазақ тілі туралы бір ауыз сөз жоқ. Мұны да көпшілік «Бұлар тағы халықты алдамақшы, бұл кезекті қулық-сұмдық» деп жатыр. Сіз не дейсіз?

Шынын айтсам, сұрақтарыңыз логикалық жағынан біртүрлі. Ата Заңда онсыз да Қазақ тілі мемлекеттік тіл деген бап тұр. Бұдан артық не керек?

Ал да қазақша сөйле, ал да айналаңды қазақша сөйлетуге үйрет, әлде сөйлемегенді қырып тастау керек пе? Әуелі 19 млн халықтың 12 млн қазағы толық қазақша сөйлесе, ешкім де қазақты басынып, менсінбей кетпейді. Сол орта тек қазақ тілінде сөйлеп жатса, қажеттілік туындайды. Ал қажеттілікті туындататын да, сөйлетуге итермелейтін де сол қазақы орта болмақ. Басқа балама жоқ. Біреудің орысша сөйлегені, өз жеріңде тұрып өзің мүмкіндік беріп отырғаныңнан. Оған қанша заңды түзе, одан көшеде бәрі қазақша сөйлеп кетпейді. Одан қазақтың саны аз 15 пайызы ғана қазақ бала-бақшасы бар Павлодар, не 20 пайызы бар Петропавл қазақша сөйлеп кетпейді. Бұның барлығы кешенді саясат. Ол тек бір ғана Ата-Заңдағы бір баппен шешілетін дүние емес. Тіл организм, ол өмір сүретін ортада қай тіл басым жүреді, сол тіл құлашын кең жайып өмір сүреді.

— Референдум бұл - косметикалық өзгеріс. Түбегейлі ешетеме өзгермейді деген пікір де айтылып жүр. «Тоқаев халықты ақымақ етіп референдум өткізеді, десе де Назарбаевтың режимі және оның туыстары мен кландары да, ұрлаған байлықтар сол күйінше елге қайтпайды» деген пікір де айтылды. Алып-қосарыңыз?

—Меніңше, бұл пікір білдірушілерге ештеңе жақпайды. Оларға Американы көшіріп әкеп қойсаңыз да, жақпайды. Қазақта жаман иттің ішіне сары май жақпас деген сөз бар. Елде қандай өзгеріс болып жатқанынан жаңалықтардан қарамайды ма? Әлде тек қана бір ғана Әблязов пен тек қана айналасын қаралап бітетін Ютубтағы елге де пайдасы жоқ, өзіне де бір грамм пайдасы жоқ небір данышпандардың тұрақты көрермені ма? Негізі мұндайлар өз уақытында түсінсе түсінер, ал халық түсініп жатыр деп есептеймін.

Бір жағынан, кешегі отыз жылдағы саясат халықтың билікке деген сенімін әбден жойып бітті. Көп жағдайда халық бала сияқты, қазір тек ұстап не көріп біліп сенетін күйде отыр. Бұл заңдылық. Бірақ, егер саяси реформалар кешегі жіберілген кемшіліктердің орнын толтыруда, судың сұрауын салып ұрланған-тоналған халықтың, мемлекеттің меншігін, ресурстарын қайтару жолында батыл қадамдарды үдете берсе, Абайша айтсақ, өзі үшін өмір сүріп, өзі үшін оттағандардың тірліктерін көтеруді жалғастыра берсе, бәрі де өз орнына келетіні анық.

Өйткені, ұрылар мен қашқындардың отаны жоқ, бәрі бір заң мен әділдіктің құрығы ұзын, ешкімде қашып құтылмайды. Бірақ, бұның барлығы қайтар-қайтпас, дамуды тоқтатпай инвесторларды шақырып, жаңа өндіріс орындарын ашып, елге жұмыс беріп, баланы оқытып, жұртты емдей беретін қолайлы, тыныш, тұрақты өмірді де жалғастыра беру керекпіз. Жұмыс істеу керек. Елге қызмет жасау керек. Ертеңге сеніммен қарау керек. Мемлекетке сену керек деген ұғымдар ұдайы жүрегімізде болу тиіс. Ал бұл, міне, жаңа өмірге аяқ басқан Жаңа Қазақстанның жаңа міндеттері!

— Сұқбатыңызға рақмет!

   Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Ұқсас материалдар