Жаңалықтар

Пандемия туберкулез індетінің таралуына әсер етті

Пандемияға дейінгі кезбен салыстырғанда, 2020 жылы туберкулезбен ауырғандар саны мен емделген адамдар саны азайған, бірақ сонымен бірге одан қайтыс болған азамттар саны артқан.
Пандемия туберкулез індетінің таралуына әсер етті
Фото: rg.ru 28.09.2022 14:16 2221

Қазіргі таңда туберкулездің алдын алып, емдеуге болатынына қарамастан, әлемде күн сайын 4100-ден астам адам қайтыс болады. Ал жыл сайын 9,9 миллион адам туберкулез індетіне шалдығады екен. Сондықтан да бұл әлемдегі ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып отыр. Дегенмен оған тиімді диагностика жасап, дұрыс емдеудің арқасында соңғы 10 жылда 66 миллион адам аман қалған. Алайда жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясы аталмыш індетке қарсы күресті қиындатып жіберді. Науқастар санының көбеюі медицинаға күш салды, сондықтан да қайтыс болғандар саны арта түсті. Осы тұста, жалпы әлем туберкулез ауруымен қалай күресіп жатыр, еліміздегі ахуал қалай, науқастарға қандай жағдай жасалған, оған қоса індетпен күрес жұмыстары қалай жүріп жатқаны жөнінде материал дайындауды жөн көрдік.

Пандемия: туберкулезден қайтыс болғандар саны артты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, COVID-19 пандемиясы жаһандық деңгейде туберкулезге қарсы күресте қол жеткізілген жетістіктерге айтарлықтай нұқсан келтірді, бұл аурудан өлім-жітім көрсеткіші он жылдан астам уақыттан бері алғаш рет өскен.

Пандемияға дейінгі кезбен салыстырғанда, 2020 жылы туберкулезбен ауырғандар саны мен емделген адамдар саны азайған, бірақ сонымен бірге одан қайтыс болған азамттар саны артқан. Мамандар оның басты себебі ретінде пандемия және онымен байланысты шектеулерді айтып отыр. Өйткені адамдардың тексерілу немесе медициналық көмек алу мүмкіндігі болған жоқ.

Медициналық қызметтегі үзілістер туберкулезге қарсы күреске кері әсер етіп қана қоймай, бұл салада ерекше ауыр зардаптарға әкелді. 2020 жылы бұл аурудан 1,5 миллион адам қайтыс болды, оның ішінде 214 мың адам АҚТҚ-ны жұқтырған. Өсім негізінен туберкулезбен ауыру көрсеткіші жоғары елдерде байқалған.

2020 жылғы пандемияға байланысты көптеген науқастар дәрігерге көрініп, диагнозын ала алмады. Бұл жаңадан тіркелген науқастар санының 2019 жылғы 7,1 миллионнан 2020 жылы 5,8 миллионға дейін қысқаруына себеп болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 4,1 миллионға жуық науқас туберкулезбен ауыратынын білмейді және ресми статистикаға кірмеген.

Қаржыландыру тапшылығы басты себеп болып отыр

Туберкулезбен күрес жөніндегі мақсаттарға қол жеткізудегі прогреске негізінен қаржыландырудың жетіспеуі қауіп төндіріп тұр. Әлемде 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде туберкулезден 20 миллион адам емделген. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көрсеткен деңгейден екі есе аз.

Аталған ұйымның айтуынша, балалар мен жасөспірімдерді емдеу және алдын-алу жағдайлары одан да жаман. ДДҰ бағалауы бойынша 2020 жылы балалар мен жасөспірімдердің 63 пайызы туберкулезді диагностикалау және емдеу бойынша өмірлік маңызды қызметтермен қамтылмаған.

Сарапшылардың пікірінше, тұрақты түрде зерттеулер жасау және жаңа препараттарды әзірлеу жылына 1,1 миллиард доллар көлемінде қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Сондықтан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезбен күрес жұмыстарын жүргізу үшін тұрақты түрде қаражат бөліп, оның дұрыс жұмсалауын қадағалау қажет екенін айтып отыр.

Елімізде туберкулезбен ауырғандар саны 2-3 есеге азайды

Туберкулез індетімен күрес – тек әлемде ғана ғана емес, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының маңызды проблемаларының бірі.

Еліміз тәуелсіздік алып, мемлекет болып қалыптаса бастаған жылдары туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы жақсара бастады. Осы күндері Алматы қаласында ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының 90 жылдығына орай «Орталық Азияда туберкулез індетін жою: үздік тәжірибе, сын-қатерлер және мүмкіндіктер» атты өтіп жатқан конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыру көрсеткіші 2,3 есеге, 15 жасқа дейінгі балалар арасында 2,7 есеге, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 5,7 есеге азайғанын мәлім еткен болатын. Ал өлім-жітім көрсеткіші 4,4 есеге, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 28 есеге төмендеген.

Бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық ұйымдардың туберкулезге қарсы күрес жөніндегі саясатын ұстанады. Осы тұста еліміз ДДҰ 2020 жылға арналған «EndTB» стратегиясының мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізгенін атап өткен жөн. Ал емдеу тиімділігі бойынша Қазақстан әлемдегі жетекші 4 мемлекеттің қатарына еніп отыр.

Республикамызда бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары деңгейінде диагностиканы жеделдететін туберкулездің ПТР диагностикасын жасау, сондай-ақ ДДҰ ұсынған барлық заманауи диагностикалық әдістер қолжетімді екенін атап өту керек. Бұдан бөлек науқастар да емделу үшін туберкулезге қарсы препараттармен толық қамтамасыз етілген. Халықаралық ұйымдардың көмегімен, атап айтсақ, Partners for Health, Global Fund, KNCV секілді ұйымдардың арқасында төзімділігі жоғары және экстенсивті төзімді туберкулезді емдеуге арналған жаңа туберкулезге қарсы препараттармен де (бедаквилин, деламанид, линезолид, клофазимин) қамтылған. Оған қоса емдеу режимдері қайта қаралып, инъекциялық емес және қысқа мерзімді дәрілік емдеу режимдері де енгізілген. Сонымен бірге ДДҰ ұсынған туберкулезді емдеудің бекітілген клиникалық хаттамалары әзірленген. Туберкулезге қарсы иммундау бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда нысаналы топты қамту үлесі 95%-ды құрап отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, туберкулезге қарсы препараттармен және вакцинамен қамтамасыз ету мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Жалпы психоәлеуметтік көмек беру, туберкулезге қарсы қызмет көрсетуге азаматтық қоғам ұйымдарын тартуды арттыру, туберкулезге қарсы қызметтерді тұрақты қаржыландыру және техникалық және донорлық серіктестермен ынтымақтастық алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

2030 жылға қарай Қазақстанда туберкулез індетін жою мақсаты тұр

Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, Туберкулез бойынша барлық эпидемиологиялық көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруына барлық деңгейдегі саяси міндеттеме, ДДҰ ұсынған туберкулезді анықтаудың, диагностикалаудың, емдеудің соңғы әлемдік әдістерін енгізудің, туберкулезге қарсы препараттармен орталықтандырылған үздіксіз қамтамасыз етудің, халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілген.

Осы күндері Алматы қаласындағы Орталық Азияда туберкулез індетін жоюға қатысты өтіп жатқан жиында Денсаулық сақтау министрі елімізде туберкулезге қарсы қызмет коронавирустық инфекциямен күресуге алғашқылардың бірі болып тартылғанын атап өтті. Өйткені оларда инфекциялық бақылаудың барлық талаптары және тиісті ресурстары бар, осылайша, медициналық көмек көрсетуге елеулі үлес қосқан. Нақтырақ айтсақ, COVID-19 жұқтырған 30 мыңнан астам науқастың өмірін сақтауға атсалысқан.

«Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы өзінің тоқсан жылдығын елеулі табыстармен және ғылыми жетістіктермен атап өтуде. Туберкулезге қарсы күрестегі жемісті еңбектері үшін ұжымға, фтизиатрларға, туберкулезге қарсы қызметтің барлық медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Бұл күрес мамандардан жоғары кәсібилікті, үлкен жауапкершілікті, ыждағаттылықты талап етеді және сіз барлық міндеттерді абыроймен атқарып жатырсыздар.

Бүгінгі таңда Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы туберкулезді диагностикалау, алдын алу және емдеудің заманауи әдістері енгізіліп, әлемдік озық тәжірибе мен ғалымдар мен дәрігерлер ұрпақтарының сабақтастығы кеңінен қолданылып жатқан ғылыми орталық»,-деді Ажар Ғиният.

Министрліктің мәліметінше, орталықта жүргізіліп жатқан жұмыстар әлемдік денсаулық сақтау саясатына сәйкес келеді және Қазақстанның осы саладағы табысты тәжірибесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Stop TB Partnership және тағы басқа сол сияқты халықаралық серіктестер мойындайды.

Бұдан бөлек айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда жұқпалы ауруларды, туберкулезді және респираторлық ауруларды емдеуге дербестендірілген тәсіл енгізілетін 390 төсектік жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Дегенмен қол жеткізілген табыстарға қарамастан, әлі де жетілдіретін тұстары жоқ емес. Қазақстан Республикасының Үкіметі БҰҰ Бас Ассамблеясының декларациясына қол қойып, 2030 жылға қарай Қазақстанда туберкулез індетін жою мақсатына қол жеткізуге ұмтылуда, алда ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұр.

Туберкулез емделетін аурулардың қатарында

Туберкулез қазіргі уақытта жұқпалылығы жағынан COVID‑19 вирусынан кейін екінші орында тұр. Ауру туберкулезбен ауыратын адамдар жөтелген кезде бактерияларды ауаға шығаруы арқылы таралуы мүмкін.

Туберкулезбен көп жағдайда ересектер ауырады. Мәселен, әлемде 2020 жылы ер адамдар барлық туберкулезбен ауыратындардың 56%-ын, ал ересек әйелдер – 33%-ын, балалар – 11%-ын құраған болатын.

Алайда туберкулездің алдын алуға және емдеуге болатынын ұмытпаған жөн. Коронавируспен ауыратын адамдардың шамамен 85%-ы алты айлық терапия курсынан өтіп, қалпына келе алады.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға