Жаңалықтар

Өлімге үкім етілгендер тірі қалды ма?

30-жылдары ату жазасына кесілгендердің үкімі орындалды ма?
Өлімге үкім етілгендер тірі қалды ма?
26.03.2018 16:15 16083

Қазақ елінің ең ауыр қайғы-қасіретінің бірі – елге тірек болар парасатты ұлдары мен қайратты ерлерінің қуғын-сүргінге ұшырап, беймезгіл қаза табуы дер едік. Елді баудай түсірген отыз жетінің зобалаңы, арыстар тағдыры туралы ғалымдар мұрағаттардан дерек-дәйектер ұсынып, ғылыми пайымдарын жасады. Десе де, репрессия жалмаған шейіттер туралы аракідік бөтен пікір, бөгде ойлар да қылаң беріп қалып жүр. Әлдекімнің атылудан аман қалғаны, тайганың ну орманы мен итжеккеннің иен түкпірінде оқшау өмір сүргендері туралы куәлік беретіндер бар. Сонымен, сол айтылғандар шындыққа қаншалықты жанасады, олар туралы көрген білген куәгерлер нендей дерек айтады? Солардың бір шоғырына үңіліп көрсек...          

Әлекең бухгалтерияда есепші болды

Өз дәуірінде «Құлымбетовтың адьютанты болғам, полковник дәрежесіндегі әскери шенім бар» дейтін Анатолий Медников қазақтың біртуар ұлдарына қатысты өзгеше дерек ұсынады. 15 жылға кесілген мерзімінде ол Колымада алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен бір зонада болған екен. Әлекең алғашқы кезде су қайнататын қазанға от жағушы болып істеп, кейіннен бухгалтерияда есепші болғанға ұқсайды. Үстіне өзінің еркіндіктегі киімдері: түлкі ішік, қаракөл бөрік киген екен. Анатолий Харлампиовичтің  айтуынша Әлихан Бөкейханға барлық лагерь бастықтары  аса құрметпен қарап, сыйлаған деседі. Жасынан Ленинмен бірге өсіп, партия көсемімен жақсы қарым-қатынаста болғанын есепке алып отырған. Ресми деректер Әлекеңді 1937 жылы 27 қыркүйекте атылды деп көрсетсе, ал  Медников Колымаға 1938 жылдың күзінде ғана әкелінген екен.       

Мағжан өлімінің аңызы

Алаш арыстарының ішінде Мағжанның ақындық десі қаншалықты сұрапыл болса, тағдыры да соншалықты талқыға толы. Оның ұлтшылдығы мен байшылдығын әшкерелеу коммунистер үшін тап күресіне адал екендіктерін әйгілейтін рәсімге айналды. Ақынның өлімі жайлы да жұмбақ көп. Олай дейтініміз 1937 жылы алашты қынадай қырған репрессиядан кейін Мағжан тірі қалды, «оны көрдім» деп  куәлік көрсетушілер бірен-саран ғана емес. Және олардың қатарында абақтыда бірге болдық дейтін тағдырластарынан тыс, сөзі салмақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы да бар...  

Момышұлының Мағжанды жолықтыруы

Мағжанды сібір тайгасының ну орманында көрген куәгердің бірі – Бауыржан Момышұлы.  Осынау бір қиуадағы кездесуі жайлы батыр Бәукең былай дейді: «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде:

- Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, – деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:

- Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз», – деді».

Бауыржан Момышұлы 10 шақты күнде оралатынын айтып, сол уақытқа дайын болуын тапсырып қайтып кетеді. Алайда уәделі уақытынан кешігіп,  бір айдан кейін келгенінде, түрме бастығы оның сал айдап жүріп суға кетіп, қайтыс болғандығын айтады.  

Мағжан 1951 жылы өлді

«Магадандағы Берелех лагерінде Мағжанмен 1951 жылға дейін бірге болдым, ол сол жылы қаңтар айында аурудан көз жұмды»,– деп куәлік береді Абдолла Әбдірахманов ақсақал. Бұл кісі де «Жапон жансызы», «Иран десанты» дейтін айыптармен сталиндік қуғынға ұшыраған екен. Тырнақ көбесінің астына ине сұғу мен басқа да азаптауларға шыдамай, «қылмысын» мойындап, ақыр соңы Магаданның Сусуманск ауданына аса ауыр еңбекке жегілген.  Осы лагерьде Мағжанмен бірге жазасын өтепті.

Мағжанды көрген куәгер - Абдолла Әбдірахманов

Куәгер Мағжанның өмірінің соңында цинга ауруынан тістері түсіп, бет-аузы ісініп кеткенін айтады. Жиі-жиі жөтелетін ақын, тіпті, әлсірегені сондай, жүруге шамасы келмей еңбектеп қалса керек. Содан бір күні таңертең жұмысқа айдап апарар алдында сапқа тұрғызғанда Мағжанның мүрдесін әкетіп бара жатқанын көрген. Аурудан тұлып болып ісіп кеткен Мағжан мәйітін үш-төрт өлікпен бірге бір шұқырға көме салыпты.

Мағжан көзі тірісінде «Алматыданмын деген қазаққа берерсің» деп қойын дәптерін аманаттаған екен, алайда елге қайтып келе жатқан жолында  Абдолла ақсақал оны ұрлатып алыпты. Бұл менің ең үлкен өкінішім деп Абдолла қарт сол жайтты есіне алып қатты күйінеді. Бірақ  қойын дәптерді табыстай алмағанымен, қария 92 жасында Магаданға барып, Мағжан өмір сүрген мекенді «Жас алаш» газеті ұйымдастырған экспедицияға көрсетіп қайтты.

Мағжан Новая Земляда болған

Мағжанды ұстаз тұтқан, ақынның бір жоқтаушысы – Хамза Абдуллин. Оның өзі де соғыста немістерге қолды болған, одан келгеннен кейін ұзақ жыл айдау мен қуғын-сүргінді басынан өткерген тағдыр иесі. Соған қарамастан әр айдалып барған жерінен Мағжанға қатысты деректер іздестіріп жүрген. Әртүрлі көрдім-білдім деген кісілерден сұрастыра, деректерді сұрыптай отыра «Мағжан 1938 жылы атылған жоқ, 1956 жылы өз ажалынан Новая Земля аралында қайтыс болды» деген тұжырым жасайды. Әрине, оның бұл қорытындыны негізсіз айтпаған болар. Құрманбек Жандарбеков Мағжанды 1938 жылдың жаз айында көрдім дейді, ал Анатолий Медников онымен «Ішкі түрменің» 19-бөлмесінде бірге болғанын айтады. Тағы да бір қызық дерек - 1942 жылы Рақыш Хайруллин Новая Сибирьден 60 шақырым алыстағы селода Мағжанның үйінде ақын жарымен жолықтым дейді. Қалай болғанда да, анық 1956 жылы деп кесіп айтпағанымызбен, мұншама куәгерлердің айтқандарын кездейсоқ немесе жаңсақ деп жоққа шығара салуға тағы болмас. Осыдан барып Мағжанның 1938 жылы атылмағаны бір табан болса да шындыққа жақындай түседі.

Бодайбода  жерленген  Бейімбет

Көнекөз куәгердің бірі – Мырсалық Исмайлов. Сонау 1913-14 жылдары Ғалия медресесінде оқып жүрген кезінде Бейімбет жазда елге келіп сабақ береді екен. Жазушыдан Федоровка ауданы маңындағы жайлауда сабақ алғанын айтқан Мырсалық қарт кейін Бейімбетпен ату жазасына бірге кесіліп, бір лагерьде жазасын өтепті.

«1938 жылдың 18 наурызында 18 адам ату жазасына кесілгенімен, бірде-біреуін атпастан Сіберге жер айдап жіберді», – дейді Мырсалық қария. Ақсақал Бейімбетпен Бодайбо қаласындағы тұтқындар лагерiнде бірге болыпты. Кейін өзін басқа лагерьге ауыстырғанда Бейiмбет екеуi құшақтасып, жыласып қоштасқанын, 1943 жылы сол Бодайбодағы лагерьде қайтыс болды деп естiгенін айтады. Бейiмбеттiң сүйегi сонда қалса керек.

Сәкенді өз қолыммен жерледім

Сәкен Сейфулинді де лагерьде көзімен көрген, тіпті өз қолымен жерледім дейтін жан бар. Ол – Иван Николаевич Мудров. «С. Сейфуллин 1938 жылы атылған жоқ, 1940 жылдың сәуір айында Магадан облысы, Ягоднинский ауданы Ат-Уряхтағы кен орнында белгісіз жағдайда қаза тапты», – дейді И. Мудров. Сондай-ақ оны кенттен 500 метр жерде орналасқан зиратқа аяғын күншығысқа қаратып, өзі жерлегенін де айтады. Сәкен туралы көз көрген шындығын 1990 жылдың ақпанында-ақ «Казахстанская правда» газеті арқылы жалпақ жұртқа жария етіп, жатқан орнын да көрсетіп кеткен куәгердің айтқандарына толықтай сенбеуге де хақымыз жоқ секілді. Ендігісі осы бағыттағы үзіліп қалған зерттеу жұмысын әрмен қарай жалғастыру болса керек.

Жоғарыда аты аталған Мырсалық ақсақал Алматыда 1937 жылдың желтоқсан айынан бастап, 1938 жылдың наурыз айы, яғни ату жазасына кесілгенге дейін ГПУ-дің «сосновый парктің» астындағы түрмесінде Сәкенмен бірге қамауда болған екен. Қарттың айтуынша, 1938 жылы 18 адамға ату жазасы кесілгеннен кейін, бұларға басқа да атуға бұйырылғандарды қосып, ұзын саны 72 адамды Сібірге жер аударады. Алдымен Игаркаға әкеліп, одан Соловкиге және басқа да лагерьлерге бөліп орналастырады. Ал Сәкен Сейфуллин, ақсақалдың естуі бойынша, Магадандағы сондай лагерлердің бiрiнде шахтада құлап мерт болыпты. Оның бұл жазатайым өліміне ауыр қайғы-қасiреттен шалдыққан жүйке ауруы себеп болса керек. Яғни осы жүйке ауруы салдарынан Сәкен ақын шахта үйiндiсiнен құлап, қаза тапқан.

Атылды деген дерекке сенуге бола ма?

Зерттеуші Амантай Кәкеннің «НКВДСәкенді 1938 жылдың 25 ақпанында атып жіберді, ал Алматының Фрунзе ауданының ЗАГС-і 1939 жылдың 9 қазанында өлді дейді. Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Кімді кім алдайды? Неге?» деп жазатыны бар-ды. Шынында мұндай бір-біріне керағар жауаптар жалғыз-жарым емес. 1960 жылы Мағжанның реабилитациясынан кейін Х. Абдуллин ақынның өлімі туралы сұрау салып көреді. Сонда Түркістанның әскери округі «Мағжан Жұмабаев 1943 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды», – десе, басқа деректер оны 1938 жылдың наурыз айында атылды деп көрсетеді. Ал бұған байланысты гитлерлік және сталиндік концлагерьлер дәмін бірдей татқан, кеңестікжазалаушы мекемелердің рай-ниеттерінен сыралғы Хамза ақын: «адал адамдарды өтірік айыптармен жазалайтын мекемелердің қызметкерлері өз ісінде кейіннен де өтіріктен бас тартпайды»,– дейді. «Халық жауына» кезінде жаны ашымаған қызметкерлер кейіннен дерек іздеп хат жазған туыстарына да аяқ асты мейірімі қайдан түсе қойсын, сондықтан олар өліп кеткен сорлылардың архивтерін іздестіріп әуре болмастан, ойына не келсе, соны хатқа жазып жібере салатынын айтады.

Мырсалық ақсақалдың айтуы да осы пікірлерді негіздейді. Ату жазасына үкiм шығарылғанымен, тұтқындалғандардың көбі атылмайтындығы, өйткенібилікке Сiбiр кен орындарын игеруге күш керек болғандықтан пәлен күнi үкiм орындалды деп iс қағаздарына жазса да, Сiбiр лагерьлерiне жұмысқа жiберетінін дәйектейді.

Құпия лагерь

Кеңестік жазалау шараларын іске асыру үшін көптеген концлагерьлер ашылғаны анық. Олардың біразының аты, орналасқан мекені мәлім болғанымен, кейбіреулері мүлдем құпия, жасырын ұсталған. Оларда кімдердің қамалғаны, тұтқындардың нендей жағдайда, қандай еңбекке жегілетіні мүлде беймәлім. Колымада жазасын өтеген тұтқындардың бірі өздері тұрған лагерьден 100 шақырымдай қашықта, адам бара алмайтын таудың арасында бір үлкен колонна болғанын айтады. Онда тұтқындарды ауыр еңбектерге жегіп, денсаулыққа зиянды жұмыстарға салған. Оларға өмірдің есігі жабық болған. Оларға ақтық демі таусылғанша сонда өмір сүру бұйырылған. Оның пікірінше, соғыс аяқталғанға дейін өзі жазасын өтеген лагерьде экспедитор болып жұмыс істеген Ораз Исаевты да кейінен сол құпия лагерьге ауыстырыпты.

Америкадан табылған дерек   

Қазақтың маңдайға біткен ұлдарының жұмбақ өлімдері алаш арыстары мен кеңестік тұлғалармен ғана шектелмейді екен. Ол, тіпті,  қазақтың оренталист ғалымы, жазба публицистиканың негізін қалаушы Шоқан Уәлихановқа да қатысты болып шықты. Бұл жөнінде жазушы Дулат Исабеков Әнуар Әлімжановтан естіген дерегін тарқатады. Қаламгердің әңгімесіне жүгінсек, АҚШ-та екі ай бойы әл-Фараби жайлы дәріс оқыған Әнуар Әлімжанов бірде  Америка мұрағатынан әл-Фараби туралы дерек іздеп отырып, 1875 жылғы газет бетінен Шоқан Уәлихановтың қазасы туралы мәліметке тап болады. Газетте басылған қазанамада «Жақында орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхатшы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды»,– деп жазылыпты. Жазушыны таңғалдырғаны бұл 1865 жылғы Шоқанның қазасынан кейін бақандай 10 жылдан соң жарияланып отыр. Бірер жыл кешіксе, түсіністік танытуға болар деп, 10 жылдан соң жарияланған қазанаманың астарындағы сырға үңілген Әнуар елге оралған соң Шоқан туралы іздене бастайды. Оның күдігін патша жандармериясының Шоқанды киімімен жерлеп, мола басына арнайы қарауыл қойғызғандығы да ұлғайтады. Асылы, патшалық құпия түрде оны екінші мәрте Қытайға тапсырмамен жіберсе керек....   

P.S. Байқасақ, репрессия жайлы біз біле бермейтін сырлар әлі көп сияқты. Қалай десек те Мағжан, Сәкен, Бейiмбет сияқты нар тұлғалардың КГБ архивiнде көрсетілгеніндей атылғанына күмән басым. Олар көбіне-көп айдауда, тұтқын лагерьлерiндегі ауыр азапта, ауру-аштықтан қаза болғанға  ұқсайды. Ату жазасына кесілгендер тізіміне енген, туған-туыс күдер үзгендер арасында М. Исмайлов, Т. Арыстанбеков сияқты кейіннен туған жердің дәмі айдап, елге оралған бірен-саран «бақыттылары» да жоқ емес. Десе де біздің пікір дәл осылай болып еді деген кесімді пікір, шешімді ойдан аулақ. Бұл қысқа материалдың көздегені – ел арасында айтылған әртүрлі дерек-дәйектердің басын қосу ғана. Бәзбір қатып-семген тұжырымдарды жіпсітіп, өзгеше ойлауға мұрындық бола алсақ  – біздің межеміз сол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға