Жаңалықтар

Қайрат Үмбетов: "Халық қаһарманы" атағы үлкен жауапкершілік артады

El.kz сайты Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетінде қонақта болды
Қайрат Үмбетов: "Халық қаһарманы" атағы үлкен жауапкершілік артады
05.05.2018 09:51 12099

2016 жылы оқу-жаттығу жиындарында полковник Қайрат Үмбетов өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды ажал аузынан құтқарып қалған еді. Осы ерлігі үшін батыр Елбасының қолынан "Халық қаһарманы" атағын алды. Қазірде полковник ҚР ҚК Бас штаб әскери академиясы магистратурасының 2-курсында оқиды.

Қайрат Жарылқасынұлы уақытының көп бөлігін Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетінің оқу аудиторияларында өткізеді. 

Полковник осы жазда магистрлік диссертациясын қорғамақ. Ол мұнда өткізген екі жылда білімін тереңдетіп, көптеген тың деректер жинағанын айтады. Сондай-ақ, магистрлік білім өз саласында мансап құрудың баспалдағы дейді. 

Магистрлік диссертацияны талқылау сәтінде

Ал бұл аудитория Қайрат Жарылқасынұлының екі жылдан бері жұмыс орнына айналған. 

"Менің мамандығым - "Әскери істегі стратегиялық менеджмент" деп аталады. Оқу жылдары әскерді қалай басқарумен, штаб пен командирлік жұмыстардың қыр-сырымен толық таныстым. Мақсат  - осы теориялық білімді әскерде қолдану", - дейді Қайрат Жарылқасынұлы. 

"Осындай әлемде теңдессіз университет салып, бізді оқытып жатқан, тек өз әскери қызметкерлерімізді ғана емес, алыс-жақын шетелдік әскерилерді де білім нәрімен сусындатып жатқан оқу орнының маңызы жоғары, мұның бәрі Елбасымыздың арқасы деп білемін", - дейді полковник.

Полковник Үмбетовпен бірге мұнда бірнеше офицерлер де білім алып жатыр.  

Бұл жоғары білімді әскери адамдарға берілетін белгі.

Магистратураны аяқтаған соң, офицерлер әскери салада ең жоғары білім сатысы болып есептелетін докторантураға түсе алады. 

"Докторантура туралы әзірге ойламадым. Негізі болашағын ғылыммен байланыстырғысы келген офицерлер тапсырып жатады. Ал мен осы уақытқа дейін алған білімімді тәжірибеде, әскер басқаруда қолданғым келеді", - дейді Халық қаһарманы. 

Ал бұл орден полковниктің кеудесінде жарқырап тұр.

"Халық қаһарманы" атағын алған соң, жауапкершілік те артты. Осы атаққа әрқашан сай болып, әрі қарай да еліме, Отаныма адал қызмет ете бермекпін" - дейді батыр.

Қайрат Жарылқасынұлы басын қатерге тігіп, сарбаздың өмірін құтқарып, қиын жағдайда қалғанда ұлттық гвардия қолдау көрсетіп, демегеніне дән риза. "Мен Ұлттық Ұланның қолдауын әркез сезініп келемін" - дейді Қайрат Үмбетов.

"Отан қорғаушылар күні тек сарбаздар мен офицерлердің емес, елдің қауіпсіздігіне жауап беретін барлық құрамның төл мерекесі. Алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, басқа әскери құрамдарды, генералдар мен офицерлерді, келісімшарттағы барлық әскери қызметкерлерді келе жатқан мейрамдарымен құттықтаймын.  Дендерінне саулық, отбасыларына бақыт тілеймін!" - деп Қайрат Жарылқасынұлы ақ тілегін жеткізді.

Біз де өз кезегімізде батырды келе жатқан Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтадық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға