Қандастар Ассамблея

Динаның орындаушылық шеберлігі

Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл. Осы мерейлі датаға орай порталда дәулескер күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше мақала жарық көрді. Бүгін біз белгілі зерттеуші, композитор Ахмет Жұбанов бабамыздың зерттеу еңбегіне сүйене отырып, Дина анамыздың орындаушылық шеберлігі туралы кеңірек тоқталмақпыз.

«Орындаушылық дәстүрі халыққа көп тараған күйшінің бірі – Құрманғазы. Оның себептері толып жатыр. Басқаларына қарағанда Құрманғазы жиһанкез болған адам. Ол атының аяғы жеткенше көп жерді, елді аралаған. Кей кездерде өз еркінен тыс небір алыс сапарларға аттанып жүрген. Кей кездерде өз еркінен тыс небір алыс сапарларға аттанып жүрген. Басқаларға қарағанда Құрманғазының шәкірттерінің көп болуы да осы себептерден. Оның творчествосының әр кезде халықтың көкейкесті мәселелеріне арналған себепті кең тарауын былай қойғанда, орындаушылықтағы үлкен жаңалықтары дербес сөз етуге тұрады. Құрманғазы дәстүрінде домбыраның барлық техникалық дыбыстық мүмкіндігін түбіне дейін пайдаланған деуге болады. Дыбыстық деп отырғанымыз домбыраның түбін қысып отыру үшін емес, кей кездерде фортепьяноның педальдары есебінде пайдаланады. Күйдің боратқан дыбыс керек жерінде орындаушы шынтақты көтеріп жібереді де, сол шақта домбыра дыбысы дүр ете қалады. Ал дыбыстық баяу шығаруы керек кезінде жаңағы шынтақпен домбыраның түбін басқан кезінде тұншыға,фортепьяноның сол жақ педалі сияқты болады. Бұл әдіс тек Құрманғазы дәстүрінде бар, басқа ешкіммен біз осы күнге дейін көргеніміз жоқ. Шынтақтың бұлай пайдалануын бірінші рет Алматыға алып келіп көрсеткендер марқұм Уахап Қабиғожин, Төлеген Аршанов, Қали Жантілеуов болатын. Осы күнге дейін Қалидың домбыра тартысын зерттеген адам оның осы бір әдісті жақсы пайдаланатынын көреді. Құрманғазының орындау әдісінің салалары көп. Соның бірі – оң қолдың қағыс мәселесі. Күйлердің мазмұнына қарай үлкен арамалық шиеленісу,өсу,даму кезеңдерін беру үшін бұл дәстүрдің оң қол қағысында басқаларда кездеспейтін жайлар бар. Ол – қағыстың шеңберінің біраз кеңдігі және динамикалық күші»,- деп жазады автор еңбегінде.

Ахмет бабамыз «Домбырада дыбыстың күші тек қағыс арқылы болатынын орындаушылардың бәрі де біледі»,- дейді. Қағыс сонымен қатар ырғақтық өрнектер береді. Құрманғазы дәстүріндегі қағыс төретартыс әдісіндегілерге ұнай бермейтінін айтады. Олар кең шеңберді қағысты «тептек-қағыс» деп қажайды. Бұған дәлел ретінде «1933 жылы Алматының музыка драма техникумының жанындағы музыка зерттеу кабинетіне біріншілердің бірі болып келген асқан домбырашы, А.Затаевичке отыз шамалы күй берген Махамбет Бөкейханов Уахаптың, Қалидың, Ғабдұлманның, Төлегеннің қағыстарын жақтырмайтын. Оның себебі төрс-тартыста оң қолдың қағыс шеңбері «тар» болады. Мысалы, сол дәсүрдің дарынды домбырашысының бірі Науша Бөкейханов тартқанда, ең күшті, драмалы деген күйдің кезеңдерінің өзінде оның оң қолының саусақтары жазылмай, жұдырығы түюлі сияқты болып көрінетін. Құрманғазының домбыра тартқанын өз көзімен көрген Н.Савичев те, оның оң қолының қағыс күшін баяндай келе, ол қағыстың дыбыс динамикасын неше саққа жүгіртуде көрсеткен күшін баяндай отыра, ешбір қол «тентектігін» таппайды. Біздің 1936 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Құрманғазы» деген кітапшамызда күйшінің сақалын екі айырып, иығынан асырып тастап, домбыра тартқызып қойғанымыз да сол Махамбет Бөкейхановтың мәліметі бойынша болатын»,-деп жазады Ахмет Жұбанов. Ол кісі: «Құрманғазының сақалы аса ұзын болған. Сондықтан домбыра тартқанда оң қолының құлашы кеңдіктен саусақтары сақалын жұла берген соң, күй тартар алдында сақалын екі бөліп екі иығынан асырып тастайды екен », - деген болатын. Кейін 1937 жылдың күзінде Алматыға Дина келгенде біздің бұл жорамалымыз расқа шықты. Осы әңгімені Дина да қостады.

Автор Динаның оң қолының тентектігі күй атасынан асып түспесе, кем болғанын тілге тиек етеді. «Ол әсіресе Төремұратты тартқанда оң қолдың құлашы тіпті кеңейіп, сахнаға сыймай бара жатқандай сурет беретін. Сол жасы 76-да тұрғанның өзінде Дина оң қолының саусақтарын неше алуан түрлерге келтіріп, адамның ақылы жетпейтін штрихтар алатын. Жалпы оң қол қағысы, ойнау техникасының жақындағанынан Динаға Төлеген Аршанов жақын болатын. Төлегеннің «Балбырауыны» әсіресе техникалық жағынан өз алдына бір төбе болатын. Құрманғазының орындау дәстүрінде тағы бір айта кететін нәрсе - сол қол саусақтарының аппликатуралық тәртібі. Уахаптың, Қалидың тартыстарында бұған дейінгі біз көрмеген саусақ басу тәртібі бар. Олар домбыраның мойнының жоғары-төмен жүрісінде бірде терция, бірде квинта, бірде секунда алу үшін саусақ тәртіптерін нық ұстайды. Кейде олар параллельдік квартаны бір пернеде алу үшін шынашақты қатар басып алады. Бірінші және екінші сағада қос ішекті басып, унисон алу да осылардан келді»,-дейді зерттеуші.

Кейбір музыканттарға тағылық болып көрінетін Құрманғазы күйлеріндегі глиссандоларда орындау әдістің және тіл өткірлеудегі құралдың бірі екенін ұмытпау керектігін жазады. «Ол глиссандолар күйдің ішкі мазмұнымен тығыз байланысты. Құрманғазының төл күйлерінде көп кездесе бермейтін, бірақ күй атасының даңқты шәкірттерінің бірі Динаның күйлерінде кездесетін тағы бір жәйді айту керек. Ол – бұл дәстүрдегі кейбір күйлерінің үнемі өзгеріп отыратын ырғақтық жақтары Динаның «Байжұмасында» күйдің кіріспесінің өзінде, тіпті негізгі тұлғасы басталмай тұрып, ырғақ әлденеше рет өзгереді. Ал күйдің ұзына бойына ырғақтың құбылуы сансыз десе болады. Сондықтан бұл күй осы күнге дейін көпшіліктің орындауына «әл бермей» және сол бір ырғақ құбылулары арқасында оркестрге де түсе алмай келеді»,- дейді автор өз талдауында.

Автор ырғақтың жан құбылуы тек оркестр музыканттар үшін емес, дирежер үшін де аса қиын болатынына тоқтала келе, қазақ күйлерінің ырғақтық жайларымен таныс емес дирежер болса, ол тіпті аяқ баса алмайтынын жазады. Динаның қағысында тағы бір ерекшелік деп Ахмет бабамыз «ол басқа ешкімде де кездеспейтін, оң қолдың бес саусағын бірінен соң бірін кездестіре, пианистердің бір клавиште репетиция жасайтындары сияқты етіп қағу. Бірақ Дина ондай кезде басатын саусақтарын бір пернеде ұстап отырмайды, олар да қозғалып, мелодиялық, қос дыбыстық неше алуан суреттер береді.Бұл айтып отырған жәй Динаның «Төремұрат» күйінде кездеседі. Осы кездегі ол күйді тартып жүргендер, әрине, Динаның бұл қағысын қолданбайды. Ол арада жәй үйреншікті қағыстармен өте шығады. Шынында, біз әңгіме етіп отырған Динаның қағысы сирек кездесетін дыбыстық нәтиже береді. Әсіресе Құрманғазы дәстүрінен келе жатқан оң қол қағысының ең бір тентек түрі жас домбырашы Ғабдұлманда болатын. Ол кей кездерде, басқа кісілер медиатормен ғана тартатын бас домбыраны қолымен қағып, күйлер де ойнап жіберетін. Міне, сол кезде қағыстың күші көрінетін «Соқыр Есжан», «Мүсірәлі» күйлерін, «Перовский маршын» тартқанда тыңдаушыларды таңғалдыратын. Бірақ Ғабдұлман жастай Отан соғысында қайтыс болып, оның орындаушылық дарыны жететін жеріне бара алмай, үзіліп кетті. Осы сияқты Құрманғазы шәкірттерінің ішінде тағы ір ерекше адам Меңдіғали болатын. Оның қағатын қолы тіпті кең шеңберде еді. Қаққан кездегі шынтағының тұпысы Қалидың кейбір күйлерді орындағандағы тұрысына ұқсайды. Меңдіғали өзінше Құрманғазының орындау дәстүрін қатты сақтап, кейде Динаны сыртынан сынап та қоятын. Меңдіғалидің тағы бір айтқаны - Динаның тартысы жәйлі. Біз одан Дина сияқты Құрманғазы да домбыра тартқан кезде тыңдаушыны баурап алатын ба еді деп сұрағанымызда, ол: «Ей, шырақтарым-ай, «Өлі арыстаннан тірі тышқан деген ғой. Әйтпесе, Құрекеңнің алдында Дина домбыра ағаш емес, иі түскен қайыстай былбырап кететін еді ғой»,- деген болатын. Меңдіғалидің бұл сөзінің ойлаған кісіге мәнісі аса терең. Осы кезде Ойстрах скрипка тартқанда немесе Гилельс рояль тартқанда, сол аспаптарда ойнау тіпті оңай сияқты. Ал оның бәрі де сол шеберлердің аспаптарын толық меңгергенінен. Орындаған кезде ешбір күш салмай, саусақтың бәрі де еркін, өзінен-өзі жүгіріп тұрғанынан. Құрманғазы да домбыраны жете меңгерген адам. Ол домбыра тартқанда, Меңдіғали айтқандай, ағаш аспап әбден кожасына бағынып, иі түскен қайыстай икем болатыны домбыраны жете, түптей меңгерудің нәтижесі. Музыкада білімі жоқ, нотаны білмейтін, тек құдай берген өнермен жүрген Меңдіғалидің, осы бір жәйді, өзі білетін сөздер айналасында жеткізіп айтуына таңғаласың»,- деп жазады. Құрманғазы күйлерінде ұқыпты орындауды, ырғақты қатты ұстауды, керек жерінде екпінді боратып,ал кейде тіпті баяулап қалу кездеседі. Әсіресе күй атасының осы бір түйіндерін жақсы жеткізген Дина, Уахап болатын. Дина керек жерінде желпіндіріп, алақұйындатып алады да, кенет тіпті кідіргештеп, тоқтап қалған кісі сияқтанады. Динаның күйлерін орындап жүрген Әзидолла, Ғылман, Бақыт тағы басқалар күйші ананың ұл қағидаларын сақтамайды. Тек жылдам тартсаң Динаға ұқсаймыз деп, борандатып жөнеліп, сол айқаймен аяғына бір-ақ шығады. Мұның бәрінің де аты салақтық, ұқыпсыздық. Әйтпесе алдарына сондай барлық жақсы жақтарын меңгеруге тырысулары керек емес пе? Осылардың біреуіне мен өткен жылы осы бір жәйді айтып, түсіндіргім келгенде, оның маған қайтарған жауабы бұдан кейін ол тақырыпқа айналып соғудың қажеті жоқтығын сездірді. Оның үстіне біздің тағы бір жәйсіз жағымсыз концерт эстрадасына шығып домбыра тартқандар, не де болса, халықтың ішін пыстырмаймыз деп көбіне күйлерді тез екпіндіге тартады. Тіпті араларындағы баяу жерлерін де өздерінше тездетеді. Әрине, мұндай «интерпретацияның» шын музыка жасаумен ешбір байланыс жоқ. Құрманғазының орындау дәстүрінде оң қол мен сол қолдың координациясы мүлтіксіз болса, сол бір орындаудың, оның ішінде екі қолдың координациясына тиісті мән беруден шыққан. Әрине, ол тек көптеген себептердің бірі. Шынында жеке домбырашы болу үшін, ермек үшін емес, домбыра өнерінде жетістік тек еңбек арқылы болатынын түсінсе ғана болады. Оң қол, сол қолдың координациясы, сан алуан штрихтарды бірін біріне шатастырмай пайдалану, домбырашылардың, оның ішінде Құрманғазы дәстүрінен келе жатқан орындау әдістерін түгел қамту, күйлердің екпінін кім көрінген өзінше қолдану емес, шығарманың идеялық мазмұнына, техникалық жақтарына қарай оригиналдық күйінде сақтай отыру - біздің заманның орындаушыларын біраз сатыға көтеріп тастаған бола еді. Әрине, Құрманғазының орында дәстүрі жәйлі дербес зерттеу, бірнеше кітап та жазуға болады. Біз тек шолу ретінде басты - бастыларын ғана айтып өттік.

Ғажайып дарын

Дина Нұрпейісова – қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткерлерінің бірі. Оның есімі Қазақстанның түкпір-түкпіріне кеңінен мәлім. Халық Динаны күйлері ел арасына кең тараған дәулескер күйші әрі тамаша домбырашы ретінде біледі. Ұлы Құрманғазының қадірлі шәкірті, лайықты мұрагері. Дина - музыканттардың жаңа, жас буынына халықтың аспаптық творчествосының тамаша дәстүрін табыс еткен ғажайып дарын.

Осы очерктің авторы күйші өмірінің соңғы кезінде онымен жақын араласып, жиі сұхбаттасып, ғажайып домбырашылық өнерін тамашалап, Құрманғазымен кездесуі, болашақ күйші композитордың өнер жолындағы алғашқы қадамдары жайында өз аузынан есту бақытына ие болды.

Дина қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Оның бойына музыкаға деген құштарлық, ынта- ықылас домбыраны жап-жақсы тартқан өз әкесінен дариды.

Динаның домбырашылық қабілеті ерте байқалады. Қаршадай қыз 4-5 жасында-ақ қолына домбыра алып, белгілі бір күйлердің сазын өз бетінше пернеге түсіруге талпынып талаптанады. Тоғыз жасында Дина домбыраны жақсы игеріп алады. Осы кезде аса көрнекті халық композиторы Құрманғазы Динаның өнер жолындағы тұсауын кеседі. Алғыр қыз композитордың көп күйлерін үйреніп қана қоймай, сонымен бірге, оның орындаушылық тәсілдерін, мәнерін, оң және сол қолдарының қайталанбас ерекше қағыс-әдістерін бұлжытпай қағып алуға машықтанады. Дина Құрманғазының: « Домбыраны қолыңа алғанда оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал. Міне, осындай дайындықтан соң ғана домбыра тартуға кіріс» деген сөзінің өмір бойы өзіне бұлжымас заң, қағида тұтынады.

Бұл оқиға Динаның өмір бойы өшпей қалған еді. «Құрманғазы бізге жақын ағайын болатын. Біздің үйге жиі келіп жүргенде күйлерін талай тыңдадым. Бірде әкем Құрманғазыдан менің домбыра тартқанымды өз көзімен көріп, егер өнерім көңілінен шықса, қол ұшын беруін өтінді. Осыдан кейін той думандарда, жиындарда онымен жиі кездесетін болдым. Әрине, бала кезімнен Құрманғазының өнеріне тәнті болып, ерекше еліктегенмен, сол кезде оның күйшілік құдіретін, асқақ шабытын түбегейлі түсініп, тереңіне бойладым деп айта алмаймын», - деуші еді Дина шешей.

Елдегі бір ойын-тойда Құрманғазымен кездескенін Дина шешей былай деп еске алған еді: « Оның үні жігіттің дауысындай саңқылдады, ал домбыра оның сиқырлы қолына тигенде таңғажайып үйге бөленді. Мен күйшінің орындаушылық өнерінің құдіретті күшіне таңғалдым. Тойда шебер күйшілік пен әншілік сынға түсті. Мен мұндай өнер сайысына түсуге жүрексініп, бас тарттым. Бірақ қаумалаған көпшілік қойсын ба, еріксіз көндірген соң, Құрманғазы күйлерінің бірін тарттым. Ол мені зор ықыласпен тыңдап, күй біткен соң өзінің ризашылығын білдірді. Ұлы ұстазбен достығым он бір жылға созылды. Онымен әрбір кездесуім күйшілік өнерімнің өрісін кеңейтіп, жан - жақты байыта түсті. Жолыққан сайын мен домбыраның асқан шебері Құрманғазыдан әйтеуір бір жаңалық тауып, соңылыққа үйрене бердім. Мен домбыра тартқанда ол зор ықыласпен тыңдайтын және ең жақсы шәкірті ретінде бағалайтын. Құрманғазының әрбір ақыл-кеңесі, сілтемесі мен үшін бұлжымас заң болғаны ақиқат. Патша түрмесі мен жандармдардың қуғын -сүргіні мойыта алмаған, сақал шашы аппақ болса да, сергек те қайратты шәкірттерін өз халқын шексіз сүюге, оның арман мұңына құлақ түруге шақырды».

Асқан шебер күйшінің қажыр қайратқа, жігер күшке, динамикаға толы орындаушылық өнерін еркін меңгерген жас домбырашы өзінің күйшілік шеберлігін одан әрі дамытып, көп нәрсеге қолы жетеді. Талғампаз да қатал ұстаз шәкіртінің жетістіктеріне қуанып, мақтан етеді. Ол: «Менің оң қолымның, ал Динаның сол қолының шеберлігі күшті. Егер менің оң қолым мен Динаның сол қолының шеберлігі бір адамның бойынан табылса, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді », - дейді екен.

Ұстазының жарқын образы, оның айтқан ақыл кеңесі, Динаның үлкен өнер жолындағы жөн сілтер темірқазығы, сүйеніші болады. Ұлы күйшінің өзінің ескі домбырасын шәкіртіне табыс еткен кезде айтқан мына сөздерін Дина әрқашан ерекше толқып ризашылықпен еске алатын: «Домбыра менің өмірлік серігім еді. Ол ғұмырының ұзақ та қиян кескі қиын жолында сенімді серік, берік сүйеу болды. Енді осы қимас серігімді лайықты мұрагерім саған тапсырамын».

Осы бір оқиғаны тебірене есіне түсіріп отырып Дина: «Ұстазымның домбырасын ешқашан жанымнан тастаған емеспін, оны киелі дүниедей қастерлеп сақтадым. Күй шығарып толғанған, азапқа түскен шақтарымда ұстаз домбырасы маған ақыл кеңес еріп, дұрыс бағытқа сілтегендей болатын еді », - дейтін.

Дина бұда әрі Құрманғазы күйлерімен ғана шектемелмей, өз репертуарын Дәулеткерей, Соқыр Есжан, Баламайсан, Әлікей, т.б. аса көрнекті халық композиторларының шығармаларымен байыта, толықтыра түседі. Жас домбырашы сол кезде қазақ даласында дәстүрге айналған домбырашылар сайысына қатысып, атақты ер күйшілерден кем түспей, шоқтығы биіктей береді.

Домбырашылар сайысы туралы Дина кезінде мынадай естелік айтқан еді: «Осындай бір кездесуге елге аса белгілі домбырашылар бас қосқан еді. Олардың ішінде Дәулеткерей де бар болатын, бірақ ол бұл кездесуге төреші ретінде қатысқан. Сөйтіп домбыра тартысы да басталды. Әр рудың ақсақалдары домбырашылардың ең тәуір дегенін жарысқа салды, Ысқақ руынан Түркеш сайысқа түсіп, Құрманғазының «Терісқақпай» күйін тартты. Бұл орындауы жағынан өте қиын да күрделі күй еді, сондықтан оны Түркештен кейін қайталанып тартуға ешкімнің жүгері дауаламады. Жиналған ел: «Бұл күйді кім тарта алар екен», - деп елеңдесіп қалды. Жұртшылық күйді тартуымды қалады. Мен орындаған «Терісқақпай» оларға қатты ұнады.

Дина он тоғыз жасында күйеуге ұзатылады. Ескі салт, әдет-ғұрыптары бойынша, қыздың тұрмысқа шыққаннан кейін өнермен, әсіресе домбырашылықпен айналысуы ел арасында ұят саналатын.

Бірақ қаршадайынан өнер қуған Дина етектен тартқан ескі салтқа бағынып, бас ұрмайды. Ол алған бетінен қайтпай, бойындағы дарынын, домбырашылық шеберлігін асқан қайсарлықпен жетілдіріп, дамыта береді.

Динамен соңғы бір кездескенде Құрманғазы оған күй шығар деген ақыл береді. Ұстаз ақылын қабыл алған Дина әуелі белгілі бір күй тақырыбын қалап алып, соны импровизациялайды, оны өзіндік соны музыкалық образдармен байыта түседі. Оның жұртшылықты таңдай қаққызған табиғатынан бойына біткен асқан дарыны, орындаушылық шеберлігіне тән незік мәнер-айшықтар, штрихтық техникасының шексіз байлығы, міне, осы қасиеттердің барлығы өз күйлерінен ерекше көрініс табады. Жалпы,Динаның композиторлық творчествосы мен оның ғажайып орындаушылық өнері іштей біртұтас астасып жататын еді.

Дина домбырашылық өнердің Батыс Қазақстанда сол кезде қалыптасқан дәстүрлі екі бағытын, атап айтқанда, жігерлі де өткір әрі динамикалы Құрманғазы стилі мен жүрекке жылы тиер лирикалы, әсем сазды Дәулеткерей дәстүрін тамаша меңгерді. Дина өзінің күйшілік өнерінде асқақ шабыт пен отжалынға тоы жігер-күшті ерекше нәзіктікпен, әуезділікпен шендестіре отырып, тыңдаушысын таңғалдырды.

Динаның «Бұбұл», «Байжұма», «Жігер» атты тырнақалды күйлері шын мәнісінде халықтық дәстүрдік үздік нұсқалары болды. Бұл тұрғыдан алғанда жарқын да тамаша мазмұнымен, музыкалық образдарының байлығымен Бұлбұл күйі ерекше назар аударады.

«Бұлбұл» күйінің бір варианты домбырашы Махамбет Бөкейхановтың орындауында А.В.Затаевичтің жинағына да енген. Ойшыл фолькролист, домбыра музыкасын қатты қадірлеген А.В.Затаевич шығармаға былайша баға берді: «Халықтың үлкен өнерінің тамаша үлгісі. Пьеса өзінің тек шығысқа тән характердегі ойшыл речитативімен, жұмсақ, дірілді фонда пайда болатын біркелкі триольді кіріспе және интерлдияларымен ерекше поэтикалық және бейнелі рухқа бөленген. Жігерінің найзағай жарқылындай қуат-күші қандай десеңізші! Оңтүстіктің бұлбұл ретінде үніне балқыған сиқырлы түнінен ляззат алғандай рахатқа бөлеуі қандай ғажап! Шахерезада ертегісіндей жан дүниеңді ерітер мазмұнға толы бұл дүние тамаша «интермендосымен» алуан түсте құлпыру үшін өзінің Римский-Корсаковнын күтіп тұрғандай. Бірақ бқл халық музыкантының қос ішекті қарапайым домбыра арқылы берілген тамаша көңіл күйінің, жан дүниесінің, ғажайып үні ».

А.В.Затаевич мысалға келтірген «Бұлбұл» күйінің бұл нұсқасының Дина Нұрпейісованың күйімен интонациялық байланысы шалғайлау болса да, өзінде де тамаша домбырашының творчестволық ерекшелігінің қолтаңбасы айқын байқалады. Ал бұл күйде тамаша көрініс тапқан бұлбұл образын қаз қалпында жеткізе білу Динаның тек өзінің ғана қолынан келетіні сөзсіз. «Бұлбұл» күйінің шығуына байланысты халық арасына тараған мына бір аңызға назар аударайық. Қазақстанның батысында тумысынан дарын таланты ерекше, бірақ екі көзінен зағип болып, кемтарлық көрген жанның қайғылы тағдыры туралы Соқыр қыздың әні атты ән кең тараған. Жан дүниесі бай, бірақ тағдыр тәлкегі мен азабына тап болған сорлы қыздың образы тағдыр тәлкегі мен азабына тап болған сорлы қыздың образы қорғансыз құстың жай-күйімен парапар. Егер А.Жұбановтың: «Қазақ ауыз әдебиетінде табиғат образы үлкен адам күйініп, сезімнің психологиялық негізі сияқтандырылып беріліп отырады», - деген сөзін еске алсақ, Дина күйінің де ән авторының ішкі жан дүниесімен, терең тебіренісімен шабыттануы хақ. Дина Нұрпейісованың «Бұлбұлы» терең эмоциялық мазмұнмен суарылған, жарқып поэтикалық және образды дүлдүл күй. Ол адамның туған табиғат аясынан алған әсерін, қуанышты көңіл-күйін суреттейді. Күйдегі эмоциялық мазмұн жиынтығы домбыра техникасының ерекше үздік әдіс-тәсілдері арқылы шешімін табады. «Бұлбұл» күйінің метр- ырғағының әрбір екі такт сайын өзгеріп отыратын ерекшелігі, алуан характерлі әуендік үлгілердің байлығы, бейелі дыбыс элементтерін еркін пайдалану, екпіннің, регистрдің жиі алмасуы, міне, осының бәрі бұл шығарманы халық өнерінің терең мазмұнды туындыларының деңгейіне көтереді.