Қандастар Ассамблея

Үш облысты құру туралы Президент Жарлығы күшіне енді

08.06.2022 233
Фото: baq.kz

Бүгін Мемлекет басшысының Абай, Жетісу және Ұлытау облысын құру туралы Жарлығы күшіне енді. Осылайша еліміздегі облыстар саны 17-ге жетті, деп хабарлайды El.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа жолдауынан кейін Қазақстанда тағы үш облыс пайда болатыны белгілі болған: Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады.

Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді. Облыс орталығы Жезқазған қаласы болады.

Жетісу облысына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары және Талдықорған мен Текелі қалалары кіреді. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы болмақ.

Абай облысына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары және Семей, Курчатов қалалары енеді. Облыс орталығы - Семей болады.

4 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойды.

Жарлықта Алматы облысының орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына (Қапшағай) көшіру, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру және бір ай ішінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігі жазылған. Жарлық 8 маусымнан, бүгіннен бастап күшіне енді.

Ұқсас материалдар