Шырша кескендер жазасыз қалмайды

20.12.2019 1026

Оларды өсіру үшін 15 жыл уақыт қажет 

Жаңа жылға санаулы күн қалды! Қызыққа толы бұл мереке, әсіресе, орманшылар үшін мазасыз кезең. Өйткені, бір күндік қызық үшін орман сәнін отайтындардың қарасы қалыңдайды. Табиғатынан баяу өсетін қылқан жапырақты ағаштарды кестірмеу үшін күзет күшейіп, қорықшылар күні-түні орман ішін торуылдайды. Тіпті, жасыл шыршаны сақтау жолында қаза тапқандар да бар. Осы ретте, El.kz тілшісі бағалы ағашты қорғау жұмыстары мен орманшылар қызметінің қиындықтарымен танысып қайтты.

(Суретте: 2005 жылы егілген шыршалар)

Еліміздің баға жетпес байлығы – ну орманы мен жануарлар дүниесі, аң- құстары екені аян. Сол үшін жасыл аймақтағы әр бұтаны қорғап, ерекше күту міндет. Орман-тоғай – адамзатқа берілген ерекше сый. Қысқасы, он сегіз мың ғаламның құт мекені – табиғат, соның ішінде орман десек, артық айтқандық емес. Сондықтан табиғатты қорғау мен оның қадіріне жету – адамзатқа парыз. Елімізде табиғатты аялау мен оның жан-жануарлар дүниесіне қамқор болып, жанашырлық танытуға, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан сақтаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз аң аулап, табиғат байлығын орынсыз пайдалануға жол бермеу – басты назарда. Еліміздегі орман шаруашылық мекемелері жоғарыда айтып өткеніміздей бағытта жұмыс жасап, көгал алқаптарын кеңейту мен жануарлардың, аң-құстардың қорғалуына білек сыбана кіріскен. Осындай шаруашылықтар Нұр-Сұлтан қаласында да жетіп артылады. Бас шаһардың іргесінде 8 орманшылық бар. Ақмола облысында 1 млн 58 мың 575 гектарды құрайтын орман алқабы тіркелген. Олардың барлығы ерекше қорғаудағы жасыл аймақтар. Ал «Қызыл жар» орманшылығында 1 желтоқсаннан бастап шырша күзету қатаң қолға алынған. Тәулігіне екі ауысыммен орманшылар шырша егілген жерлерді қадағалайды. Ол үшін арнайы пунктер қойылған.

(Суретте: орманшы Бейсенбай Жанбеков)

– Жасыл шыршаны егу де, оны өсіру де үлкен еңбек. Оның кемеріне келіп, жайқалып кетуі үшін ұзақ уақыт керек. Ал оны қырқып кеткендер жазаға тартылғанмен, қалпына келтіре алмасы анық. Әрине, Жаңа жыл мерекесін ерекше атап өткісі келетіндер болады. Егер 31-ін шыршасыз елестете алмайтындар болса, арнайы орындардан, базарларда шырша ағашы сатылатындығын білуі керек. Алайда олардың да шырша сатуға арнайы рұқсаты болғаны жөн. Жалпы, осы вагон ішіне келіп жылынып алып, орманшылықты қайтадан аралауға кірісеміз. Себебі, аз уақыт көзіңді тайдырсаң кейбір арам пиғылды адамдар сол сәтті пайдаланып, шыршаны кесіп кетуі мүмкін, - дейді орманшы Б.Жанбеков. 

Мұндағы әрбір түп ағаш «Шұбар» жобасы аясында егілген. Бас-аяғы 2 шебер мен 17 орманшы «Қызыл жар» орманшылығын қыстың көзі қырауда айналып шығады. Күніне 2 орманшы 1000 гектар жермен жаяу жүріп өтуге міндетті. Олар қажет болған жағдайда, орман алқабында жұмыстарының ретіне қарай қона-жатып табиғатты қорып, рейд жүргізеді. Шыршаға күтім жасайды.

– Шыршаны қорғау бұл бір түп ағаштың мәселесі емес. Бұл жерде әлемді алаңдатқан экология мәселесі тұрғанын ұмытпауымыз керек. Міне, қыстың күні шыршаларды күзетсек, күн жылы уақытта өрт шықпауын, аң-құстың жоғалып кетпеуін қараймыз. Қураған ағаштар болса, тысқа шығарамыз. Ал солған түптерге су құйып қайта тірілтіп жатамыз. Жалпы, орманшы күзетшінің де, бағбанның да қызметін атқарады, - деді Бейсенбай Жанбеков.

Өз міндетін терең сезіне білген мұндағы әрбір орманшының көзі үйренген күнделікті ісі осы. «Орманшы – табиғатқа қорғаншы» деген осыдан қалса керек. Жалпы, табиғат ұсынған әрбір дүниені оңды солды қолдану оның тепе-теңдігін бұзып, экологиялық тұрақсыздыққа әкеледі. Сондықтан мемлекеттің баға жетпес байлығы – табиғатты қорғап, көгалдандыруда орманшының алар орны бөлек. Ал мұны түсіне бермейтін кейбір жандарға орманшылар ескерту жасаудан жалықпайтындықтарын айтады.

– Қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршағандар кейде орманшылыққа келіп демалып жатады. Оларға орманның өз заңдары бар екенін ескертеміз. Мәселен, қоқыс тастауға, от жағуға, жасыл желекке залал келтірмеулерін қаперде ұстауды айтамыз, - дейді Бейсенбай Жанбеков.

Кейінгі жылдары шыршалардың ерекше қорғауға алынуы аталған мәселені біржақты ете бастаған. Себебі, соңғы үш жылда аталшым орманда шыршаларды кесу фактілері тіркелмеген.

(Суретте: Тұрақты бақылау пункттері)

– Қазір Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2019 жылдың жаңа жыл алдындағы кезеңінде қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғауды күшейту бұйрығы барлық талаптарға жүргізіліп жатыр. Заңсыз ағаш кесу фактілерін болдырмау және анықтау мақсатында облыс бойынша коммуналдық орман шаруашылығы мекемелері мен ұлттық парктердің мемлекеттік инспекторлары, ішкі істер органдарының өкілдерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бұған қоса, тұрақты бақылау пункттері мен постары орналастырылған. Егер сіз заңсыз ағаш кесудің куәгері болсаңыз, сізден Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына 8 (7162) 315588 телефоны бойынша немесе жақын жердегі орман шаруашылығы мекемесіне, олай болмаған жағдайда 102 телефоны бойынша хабарласуларыңызды сұраймыз - деді Ақмола облыстық орман шаруашылығы жануарлар дүниесі Нұр-Сұлтан қалалық инспекция бөлімінің басшысы Мұхит Рамазанов.

Осы түйткілді мәселеге қатысты орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз пікірін білдірген болатын.

– «Біреулер кескен шыршаны еш уақытта да сатып алмаймын. Меніңше бұл адамшылыққа жатпайды. Әкімдік қызметкері ретінде бір шыршаны өсіру үшін қаншама уақыт қажет екендігін білеміз. Негізінен қарағайды шабады. Бір шыршаны өсіру үшін адамдардың қанша еңбек кеткендігін елестетіп көріңіздерді. Шыршаны өсіру үшін 10-15 жыл уақыт кетеді, ал он 15 минуттың ішінде шауып сатады. Екі аптадан кейін адамдар оны далаға тастайды. Бұл экологияға да зиянды. Әрине, бізде оған тыйым салынбаған. Бір жақтан, мүмкін өзге елден әкеледі. Үйімде жасанды материалдан жасалған шыршаны пайдаланамын. Бір реттік емес, шашылмайды және бірнеше жыл пайдалануға болады», - деді.

(Суретте: Орманшы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің  Қаулысын көрсетіп тұр)

Айта кету керек, еліміздің құқықтық Кодексінің 340-бабында орман қоры жерінде заңсыз ағаш кескені үшін 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген. Қысқасы, шырша кескендер жазадан құтылмайтынын қаперде ұстаған жөн.