Жаңалықтар

III.Шал ақын

Шал ақынның күнделікті өмір шындығынан арна тартып жататын өлеңдерінің тақырып аясы, суреткерлік тәсілдері сан алуан.
31.03.2014 11:22 7668

Шал ақынның күнделікті өмір шындығынан арна тартып жататын өлеңдерінің тақырып аясы, суреткерлік тәсілдері сан алуан. Ақынның айтар ойы да өлеңдердің тақырыбымен сабақтаса танылып, салмағы, маңызы тұрғысынан түрлі ыңғайда көрініп жатады. Дәлірек айтқанда, Шал ақынның өлеңдері өз замандасының мінезі мен іс-әрекетіндегі оғаштықтарды күлкі етуден адам өмірінің мәні, замана сипаты хақындағы философиялық ой-толғаныстарға дейінгі мәселелерді қамтиды.

Мәселен, ақынның «Құлетейге» деген өлеңінде ол өзге қойлардан бөлініп кеткен ешкісін сойып алған адамның ұрлығын былайша әшкерелейді:

Ешкім кетіп, қойымнан бөлінді, құл,

Малы жоқтың етегі өрім-ді, құл,

Оның несін бетіме салық қылдың,

Азар болса бір жылғы төлім-ді, құл. 

Ешкім кетіп, қойымнан ауысқаны,

Ажал жетіп, тағдырын тауысқаны.

Арам өлген ешкімнің етін жепті,

Құлетей – біздің елдің сауысқаны.

Бұл – ақынның күнделікті тірлікте кезіккен жағдайға байланысты шығарған өлеңі. Айтары қарапайым осы өлеңнің өзінен Шалдың ақындық суреткерлігі, сөз қолдану шеберлігі анық байқалады.

Өлеңнің бірінші шумағына зер салсақ, бұл сөздердің Құлетейге тікелей арналғанын көреміз. Ақын қолданған «құл» сөзі бұл тұста «еріксіз адам» дегенді білдірмейді. Дұрысында, бұл – «Құлетейдің» қысқарып айтылған түрі. Осы жәйтті еске ала отырып, шумаққа ден қойсақ, ақынның суреттегені Құлетей мен өзінің арасында болған қақтығыстың көрінісі екенін түсінеміз.

Алғашқы шумақтың екінші, үшінші, төртінші жолдарынан Шал ақынның тұрмыстық жағдайы мен мәрт мінезі танылады. «Оның несін бетіме салық қылдың» деген тармаққа назар қойсақ, Құлетейдің өз кінәсін мойындаудың орнына, ақынның кедейлігін алға тарта кемсітпек болған қылығын көре­міз. Болған оқиғаның нақты көріністерін қос шумақ аясында жеткізе білуі Шалдың ақындық суреткерлігі жоғары болғанын айғақтайды.

Күнделікті тіршіліктің түрлі көріністерін бейнелейтін осы іспетті шығармалар ақын мұрасынан мол ұшырасады. Ақынның мұндай өлеңдері қатарында «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің...», «Бақытыңа кез бопты долы қатын...», «Құдай артық жаратқан...», «Беліме жіп буындым белбеусізден...», «Қасыр-құсыр шайнайтын қайран тісім...» т.б. бар. Дегенмен, Шалдың ақындық тұлғасын кемелдендіре танытатын дүниелері ой-толғанысқа толы өлеңдері екені хақ. Ол қандай мәселені өлеңге арқау етіп, қандай құбылысты сипаттаса да, өмірлік шындықтан ауытқымайды. Ақынның адам болмысы, өмір мәні, замана сипаты хақындағы ойлы өлеңдерінің барлығы дерексіз ойларға бой ұрмай, өмірдегі жағдайлардан бастау алып жатады. Өлеңдерінің түп бастауында өмір шындығы жатқандықтан, ақын өлеңдерінің тақырыбы, көтерілген мәселелері де сан тарау болып келеді. Мәселен, Шал ақын өлеңдерінің бір үлгісі:

«Салақ әйел ауы да болар тесік,

Қолын тығып қасуға оңай десіп,

Тағдырда маңдайыңа жазған болса,

Табиғаттың ісіне амал нешік?» – деген мазмұнда келетін болса, енді бірі:

«Ашу – дұшпан болғанда, нәпсі – жауың,

Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.

Жүрекке ашу келіп толған шақта,

Денеңнің біле алмассың ауру-сауын. 

Ойласаң мың бір пәле тілден туған,

Шешендер топ ішінде тілді буған.

Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,

Жабылып мың бір пәле соны қуған» – деген үлгіде жырланып, терең ойларға жетелеп әкетеді. Аңдағанға бір ақынның екі өлеңіндегі идеялық мағынаның салмағы екі түрлі екендігі бірден сезіледі. Мұның сыры Шал ақынның шығармашылық болмысының сан қырлы болуында жатыр. Нақтылай айтқанда, мұндай ерекшеліктер Шал ақынның күнделікті тұрмыс-тіршілікте көзі көрген жәйттерді суреттей келіп, тағылымды ой айтуға да, адам болмысы мен өмірдің мың сан қатпарлы тереңіне ой көзімен дендей бойлап, философиялық түйін жасауға да шебер болғанын айғақтайды. Демек, Шал ақын болмысына шыншыл суреткерлік те, сатиралық уыттылық та, терең ойшылдық та етене қасиеттер. Кей тұстарда оның шығармаларында осы сипаттардың бәрі тел ұштасып кетеді. Соның бір мысалы төмендегі өлеңнен байқалады: 

Жаманға дәулет бітсе ауа айналар,

Жақсыға дәулет бітсе бақ айналар.

Басыңа жазатайым бір іс түссе,

Арасы дос пен дұшпан абайланар.

Өлеңнің алғашқы тармағында жаман адам бейнесі сатиралық тәсілмен берілсе, келесі тармақта шынайы бейне жасалып, соңғы тармақтарда алғашқы тармақтардағы бейнелерден өріс алатын философиялық ой түйіні ұсынылған. Әрине, бұл жағдай Шал ақын шығармаларының бәрі осы үлгіде танылады деген пікірге негіз болмайды. Өйткені оның өлеңдерінің әрқайсысы өзіндік мазмұнымен, сол мазмұнды ашатын образды қолданыстарымен, бейнелерімен дараланады. Осындай өлеңдердің бірі:

Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері. 

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері, – деп басталады.Өлеңде иман, ақыл, нәпсі іспетті ұғымдардың мәні, өзара байланыстылық сипаты және сол байланыстың мазмұны нақты бейнелер арқылы ашылған. Соның нәтижесінде дерексіз, абстрактіліұғымдар әр адамға түсінікті болып шыққан. Ал абстрактілі жәйттерді нақты образдар арқылы бейнелей түсіндіруі Шал ақынның суреткер философ ретіндегі қасиетін айшықтай танытып тұр. Шал ақын шығармашылығынан аңғарылатын осы үлгі кейінгі дәуір ақындарында кеңінен қолданылып, философиялық ой ұсынудағы көркемдік тәсілге айналғаны да белгілі.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға